• Руханият
  • 05 Ақпан, 2024

АСҚАР ТАУ АЛАСАРМАЙДЫ

Хасан Лөкетұлы Сағындық 1955 жылы Ресейдің Омбы облысында туған. 1974 жылы №1 Омбы медицина училищесін, 1982 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген. 1983-1986 жылдары Алматы қаласындағы №5 клиникалық аурухананың реабилитация кабинетінде жақ-бет хирургы, онан соң жақ-бет жедел хирургиясы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Ал Қазақстан тәуелсіздік алған жылы Хасан Лөкетұлы «Төменгі жақ сынықтарын емдеудің жетілдірілген әдістері» тақырыбы бойынша Мәскеу қаласында кандидаттық диссертация қорғап, медицина ғылымдарының кандидаты дәрежесіне ие болады. Осы жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бас стоматологы қызметіне шақырылып, осы министрлікке қарасты Орталық Әскери клиникалық госпиталының жақ-бет хирургиясы бөлімінің меңгерушісі болып жемісті еңбек етеді. 2011 жылдан күні бүгінге дейін «Астана медициналық университеті» акционерлік қоғамының стоматология және жақ-бет хирургиясы кафедрасының профессоры.
   Хасан Сағындық ғылыми және педагогикалық жұмысты қатар алып келе жатқан білікті де білімді дәрігер. Әсіресе, Қорғаныс министрлігінің гоститалында жауапты қызмет атқарып жүрген уақытта жақ-сүйек жарақатын алған жауынгерлерге жедел хирургиялық көмек көрсетуге байланысты өзінің бай тәжірибесін жас дәрігерлерге үйретумен бірге жаңашыл істерімен де көріне білді. Хасан Сағындық «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі». Ол өзінің осындай деңгейге жеткені әкесінің арқасы екенін алға тартады.

 

Хасан Сағындық айтқан әңгіме:  «Әкем балаларының жақсы білім алғанын қалады. Өйткені, өзі өмірде тар жол, тайғақ кешуді көп көрді. Жоғары білім алуға мүмкіндігі болмады. Бірақ, балаларының қатардан қалмай, жоғары білім алуы үшін ештеңеден аянған жоқ. «Білімді мыңды жығады» деген тәмсілді ұдайы санамызға құя берді. Сондықтан менің және балаларының жоғары деңгейге жетуіне жол салып берген әкемнің алдында бәріміз қарыздармыз». 
Кейіпкеріміздің асқар тау әкесі  Лөкет Сағындықов 1924 жылы Павлодар облысының Ертіс ауданындағы Жолболды ауылында туған. Әке-шешесінен оң-солын танымаған шақта жетім қалады. Бұл – кеңес кезеңінің сұрқия саясаты бойынша қолдан жасалған зұлмат кезең. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары оның әкесі Сағындық бай баласы деген жаламен репрессияға ұшырап, ату жазасына кесіледі. Барлық мал-мүлкі кәмпескеленіп, жетім қалған Лөкетті жақын ағайыны Олжабайдың атасы – Әнәпия және ағасы Серікбай бауырына алады. Бірақ, шаш ал десе, бас алатын жандайшаптар қайта-қайта маза бермеген соң  Лөкетті бауырына басқан ағайын-туысқандары Ресейдің Омбы облысындағы Ново-Варшав ауданына қоныс аударуға мәжбүр болады. Осындағы мектептің үшінші сыныбын да аяқтамастан Лөкет он жасынан бастап еңбекке араласады. 
Кәмелеттік жасқа толысымен Қызыл Армия қатарына шақырылады. Қан майданда ерлікпен соғысып,  Германияға дейін жетіп, маршал Жуковтың басқаруындағы 1-ші Беларусь майданы құрамында Берлинді алу операциясына қатысады. Ол – Рейхстагты шабуылдаушылар қатарында болып, оның қабырғасында қолтаңбасын қалдырған қаһарман жауынгерлердің бірі. Майдандағы ерлігі мен батылдығы үшін екі рет маршал Жуковтан алғыс хат алады, «Отан соғысы» орденімен және «Берлинді алғаны үшін» медалімен марапатталады.
1945 жылы алған жарақаттары салдарынан әскерден босайды да, қайтадан Омбы облысына оралады. Көп жыл сол жерде еселі еңбек етіп, Ресейдің қой шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосады. Омбы ауылшаруашылық институты өзінің ғылыми әзірлемелерінде оның қой бағудағы бірегей тәжірибесін пайдаланған. Кеңес заманының тілімен айтқанда, ол бесжылдық міндеттемелерін абыроймен атқарған, жүз саулықтан 140-150 қозы алып, оған ерекше күтім жасаудың үлгісін көрсетеді. Бірнеше рет Омбы облыстық жұмысшы депутаттары Кеңесінің депутаты да болып сайланған. Оның есімі облыстық кәсіподақтар комитетінің Құрмет кітабына енгізіліп, «Алтын қолды шебер» және  «Қой өсіру шебері» атанып, бірқатар мақтау қағазымен және алғыс хаттармен марапатталады. Омбыдағы Жеңіс бульварында Лөкет Сағындықовтың есімі басқа батырлардың есімдерімен бірге ескерткіш тақтаға жазылған. Енді Омбы облысының орталығында Лөкет Сағындықов атындағы «Батырлар аллеясын» ашу жоспарланып отыр. Ол алпыс жыл бойы абыройлы еңбек еткен ауылдың тұрғындары Лөкет Сағындықовты  «Платоновканың ар-ожданы» деп айрықша қадыр тұтады.
  – Ол  ұзақ уақыт бойы Ресейде өмір сүрді, артында жақсы із қалдырды. Ал оның туған жері Қазақстанда, Павлодар облысында.  Ол туралы білетіндер аз. Лөкет Сағындықовты  еске ала отырып, біздің кейінгі ұрпақ жат жерде жүріп ер атанған жерлестері туралы көбірек білгенін қалаймын,   –  дейді елге танымал ардақты азамат, еңбек ардагері әрі Еңбек Ерінің жақын ағайыны Олжабай Аралов.
Оның айтуынша, Павлодар облысының тумасы, Ресейге танымал Лөкет Сағындықов біздің елде де құрметке лайық.  «Павлодар көшелерінің біріне оның есімі берілсе артық болмас еді» деген ой айтады. 
    Хасан Сағындық айтқан әңгіме: «Әкемнің қан майданда ерлік көрсеткенін мақтанышпен айта аламын. Орден-медальдарын былай қойғанда, маршал Жуковтың өз қолынан екі рет Алғыс хат алғанының  өзі оның ерен ерлігіне айқын дәлел емес пе? Ал еңбектегі ерлігі тіпті ерен. Әкем озат шопан ретінде Омбы облысына өте белгілі адам болды. Екі жыл қатарынан Мәскеуде өткен Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын, күміс медальдарын жеңіп алды. Ал 1971 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының шешімімен  Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Әкем жайлы «Омбы облысы Ертіс өңірінің қазақтары» деген кітапта, авторы – Тұрсынов, жақсы баяндалған. «Лучшие люди России» деген энциклопедияда да әкем жайлы дерек бар. Ново-Варшав ауданының орталығындағы мұражайда батыр әкеме арналған бұрыш бар. Шарлақ кеңшарындағы орта мектепте оның мрамордан ескерткіші қойылған. Платоновка ауылындағы көше оның есімімен аталады. Ал өзінің кіндік қаны тамған жерде әкемнің есімі ардақталмай келе жатқаны өте өкінішті. Павлодар облысының белсенді азаматтарының бірі, ағамыз Олжабай Аралов осы мәселені көтеріп, Павлодар облысының әкіміне өтініш-хат та жазған еді. Оны басқа да ардагерлер қолдағанымен, өтініш-тілек жүзеге аспай келеді. Әкем Ресейде жүріп, қазақ азаматы қандай болатынын көрсете білді. Оны «Батыр» деп, «Еңбек Ері» деп көкке көтерді, бағалады. Өкінішке қарай, туған жерінде оның ерен ерлігі мен еңбегін туған-туысқандарынан басқа ешкім біле бермейді. Осы жағдай жанымызға батады. Ол кісі нағыз еңбек адамы болумен бірге өнегелі отбасының отағасы болды. Балаларының бәрі, әкем армандағандай, жоғары білім алып, әр салада лайықты еңбек етіп жүр. Әкем 2008 жылы өмірден өтті. Бірақ асқар тау аласармайды. Оны қазақстандық жерлестері де есте сақтап, қадір тұтса деген арман-тілегіміз бар».
                      

 Ғалым ОРЫНБАСАР,­
Павлодар облысы

 

2699 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы