• Руханият
  • 30 Қазан, 2023

Шығармашылық ғұмыры – детективтің тұғыры

Кемел Тоқаевтың шығармашылығына тоқталмас бұрын, өмір деректері-нен қысқаша ақпарат беріп кетудің артықтығы жоқ. Ол 1923 жылы 2-қазанда қазіргі Жетісу облысының Қаратал ауданында дүниеге келген. Отызыншы жылдардың зобалаңында әкесі хабар-ошарсыз кетіп, ағайынды  жеткіншектер Фрунзе (қазіргі Бишкек) қаласындағы балалар үйінде, одан кейін Шымкент қорғасын зауытының жанындағы жетім балаларға арналған мектеп-интернатта тәрбиеленіпті. 
Соғыс жылдары Кемел Тоқаев Фрунзе атқыштар училищесі жанын-дағы сержанттық курсты бітіріп, Сталинград майданы құрамындағы әскери бөлімде қызмет етті. Кейін Украина мен Беларусь майдандарында 7-гвардиялық танк полкінің құрамында соғысқа қатысқан. Ол 1945 жылдың 
21 қаңтарында Польша жерінде екінші рет жараланып, ұзақ емделеді. Бір аяғынан сылтып басатыны сол жарақаттың салдары. Соғыс майдандарынан І және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен, екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен және көптеген наградамен марапатталған Кемел Тоқаев ІІ топтағы мүгедек болып оралды. 
Қазақ ұлттық университетін бітірген соң, «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан» газеттері тәрізді республикалық мерзімді басылымдарда жұмыс істеді. Кейіннен Қазақ КСР Жоғары кеңесі «Хабаршысында» бас редактор, өмірінің соңғы жылдарында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасында әдеби кеңесші қызметін атқарған. 
Бұл кісі өз заманында марапаттан да кенде болмаған. Бірнеше үкіметтік наградаларды иеленіп,  құрметке бөленген. Атап айтқанда, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен, КСРО Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамотасымен, төсбелгісімен марапатталған. Сонымен бірге Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Ішкі істер министрлігі жариялаған бәйгелерде бірнеше мәрте жүлдегер болғаны тағы бар.
Қазақ прозасында детектив жанрының  қалыптасып, дамуына үлкен үлес қосқан жазушылардың бірі Кемел Тоқаевтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Осы жанрға еңбек сіңіру мәселесіне келгенде, шын мәніндегі бірегей тұлға болатын. Өйткені ол қазақ прозасында бүкіл шығармашылығын тек қана детектив жанрына арнаған бірден бір жазушы. 
Одан кейін де қазақ әдебиеті тарихында бұл жанрға қалам тартқан, тіпті бірыңғай детектив жазумен шұғылданған қаламгерлер кездесті, бірақ олардың ешқайсысы дәл  К.Тоқаев көтерілген көркемдік-эстетикалық деңгейге жете алған жоқ, соған орай даңқ биігінен де көріне алмай жатты.  
Бұлайша тұыжырымдама жасаудың  дәлелді себептері бірнешеу. Біріншіден,  аталған қаламгер жалына қол апарта бермейтін осы қиын жанрға қазақ прозасында алғашқы болып қалам тартты. Екіншіден, оның көркем шығармашылығы тек қана бірыңғай детектив жанрынан тұрады. Үшіншіден, одан кейін осы жанрда бағын сынап көрген қаламгерлер ол көтерілген  биік эстетикалық деңгейді толық бағындыра алмай жатты. 
Осыдан келіп Кемел Тоқаевтың феномені деген ұғым өзінен өзі келіп туады. Өз заманында жеткілікті  бағалана қоймаса да, ол шын мәніндегі бірегей еді. Бағалана бермеуінің бір себебі – жазушы сол кездегі қоғамның кейбір кемшіліктерін де ашып көрсете алды. Бұндай ұстаным кеңестік идеологияның талаптарына сәйкес келе бермейтін еді. 
Жазушының милиция өміріне арналған «Қастандық», «Тасқын», «Түнде атылған оқ», «Арнаулы тапсырма», «Соңғы соққы», «Сарғабанда болған оқиға», «Ұясынан безген құс» және басқа кітаптары өз заманында оқырманның қолдан қолға ауыстырып оқитын, қызықтылығымен назар аударған кітаптар болды. К.Тоқаевтың қызықты оқиғаларды құруға шеберлігі, өмір фактісін өзінің жазушылық қиялына орай ойната білетіндігі, оқиғаның немен бітетінін шығарманың соңына дейін құпия ұстайтындығы бұрын қазақ прозасында ұшыраса бермейтін көркемдік тәсілдер еді.
Жазушының повестерін оқи отырып, сюжеттің соңы немен аяқталар екен деп асыға күтесің. Кейіпкерлерінің қым-қиғаш әрекеттеріне қызығып, жәбірленуші тарапқа жаның ашып та отырады. Осы бағытта қаламгер психологиялық талдауға кеңінен орын беріп, оқырманның жүйкесін қытықтағандай әсер қалдыратын тұстары да бар.  Жалпы  оқырманды шығарма ішіне үйіріп әкетудің өзі жазушы шеберлігінің айқын көрінісі екендігі даусыз. Бұл жағынан алғанда Кемел Тоқаевты жанрын тапқан, шеберліктің биігіне көтеріле алған, сонысымен бірге оқырман құрметіне бөленген бақытты жазушы дер едік.
Детектив – оқырмандарының басым бөлігі үшін талғам тұғырынан түспейтін сүйкімді жанр. Оны барлығымыз үшін де сүйкімді деп үзілді-кесілді ой тұжырымдай алмаймыз, өйткені кейбір оқырмандардың тым парасатты тобы, әсіресе кейбір әдепті әдебиетшілер детективті жеңіл жанр деп қабылдайтыны жасырарлық емес. Олар «Детектив, фантастика, хикаялар миды демалдыру үшін ғана қажет, алдамшы дүниелер. Әйтпесе, бұл жанрлар арқылы терең философиялық тұжырым, жоғары өрелі идея айтуға болмайды» деп пайымдайды. Бұл пікірді жақтаушылардың ойынша қызықты жанрларға «интеллектілік деңгейі төмен, орташа ұғымдағы оқырмандар ғана есіл уақыттарын сарп етпек». Ең өкініштісі, бұл пікірді айтушылар арасында өзіміздің қазақ әдебиетшілері де көп. 
Әрине, бір кезде сонау Эдгар По, Уильям Коллинз, Артур Конан Дойл тәрізді атақты қаламгерлер творчествосынан бастау алған бұл жанрға дамыған елдердегі көзқарастың сәл басқашалау екенін, оның қоғамдық-әлеуметтік рөлі жоғары бағаланатынын ақ тер, көк тер болып дәлелдеп жатпай-ақ америка сыншысы Роберт Уинкстің «детективтік әдебиет қоғамның айнасына айналды» немесе Джордж Греллдің «өзге жанрларға қарағанда детектив кейіпкердің интеллектуалдық қабілетін жоғары қояды» деген пікірлерін мысалға келтірсек те жеткілікті болар.
Сөздің қысқасы, детектив жас адамға эстетикалық-адамгершілік тәрбие беруде басқа жанрлардан кем рөль атқармайды. Оның оқырман зейінін жылдам жаулап алатын қызықтырушылық қасиетін әдебиеттің жалпы мүддесі үшін пайдалануға әбден болады. Әрине, бұл жолда керекті факторлардың негізгісі шеберлік екені де сөзсіз. 
Құлағымызға сіңісті болған «Кемел Тоқаев – қазақ детективінің атасы» деген тұжырымнан шындық ұшқыны төбе көрсететіні сөзсіз. Неге десеңіз, қазақ қаламгерлері арасында шығармашылық жолын бірыңғай осы жанрға арнап, өмірінің соңына дейін сол бағытта жұмыс істеп кеткен  жазушы жоққа тән. Басқа жанрда еңбек етіп жүрген жазушылардың арасынан аракідік детективке қарай ат басын бұрып қоятындардың кездесіп қалатыны рас. Немесе бірыңғай осы жанрда жазғысы келген талапкерлер болса, көркемдік талаптарының тиісті деңгейінде көріне алмай, оқырмандар сүйіспеншілігіне бөлене алмай  жатады. Оның себебі белгілі – ондай қалам иелері өз шығармашылығын Кемел аға көтерген көркемдік биіктігін бағындыруға талант пен еңбек керек. Көркемдік талаптарына толық жауап беруге шамасы келмегендіктен де, ондай авторлардың даңқы Кемел аға жеткен асулардан аса бермейтін еді. 
Алғашқы әңгімелер жинағы 1954 жылы «Жұлдызды жорық»  деген атпен жарық көрген жазушының бұдан кейінгі кітаптарының бәрі де өзінің сүйікті жанрында жазылған дүниелерден тұратын. Атап айтқанда, «Қыс қарлығашы», «Болашақ туралы ойлар», «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға», «Таңбалы алтын», «Соңғы соққы», «Солдат алысқа кетті», «Ұясынан безген құс» тәрізді хикаят-романдарының қай-қайсысы да –  кезінде өз оқырмандарын тапқан шығармалар. 
Қазақ прозасында осы жанрдың бірден бір жоқтаушысы болған да – Кемел Тоқаев. Өйткені ол кісінің біз білетін барлық көркем туындысы – тек детектив тұрғысында жазылған. Және бүкіл шығармашылығын детектив  жанрына арнаған одан басқа кәсіпқой қазақ жазушысы жоқтың қасы. Ол кісінің көзі тірі кезінде бұл жанр тиіп-қашты болса да, кейде ауызға ілініп қалатын. Кемел ағамыз қалай дүниеден өтті, детектив жанры да жедел ұмытылып үлгерді. Бүкіл бір ұлт әдебиетінің заңды бір бұтағы болуға тиісті жанрдың жазығы не?
Тоқаев повестерінің сюжеттік өрбуі, компози-циялық құрылымы жанр ерекшелігіне толық жауап береді. Оқиға үнемі дерлік қылмысты ашу процесіне құрылады. Жүйелеп айтсақ, бұл процесс мынадай негізгі әрекеттерден тұрады: жасалған қылмыстың салдары, соған қатысты фактілер жинастыру, жиналған фактілерді салыстыру және қылмыскердің кім екенін табу. Әрекеттердің бұл төрт түрлі тобы – шығарманың бүкіл сюжеттік желісін құрайтын детективтің канондық үлгісі. 
Жазушының «Таңбалы алтын», «Қастандық» повестері – нақ осындай үлгідегі шығармалар. Тоқаев туындыларының тартымды оқылуының бір себебі де содан. Кейбір жекелеген кейіпкерлердің моральдық-адамгершілік бет-бейнелері, мінез қырлары тәп-тәуір ашылады. Мәселен, жазушының бірнеше шығармасында кездесетін милиция қызметкерлері Талғат Майлыбаев, майор Ділдәбеков, «Қастандық» повесіндегі Петрушкин Глафиро; «Сарғабанда болған оқидағы» Цой, Аймангүл, Нұржан; «Түнде атылған оқтағы» Жүндібай, Черноносов өзіндік бет-пішіні бар, оқырман көңілінде жатталып қалатын кейіпкерлер.
Тоқаев шығармашылығына тән басты көркемдік ерекшеліктер қандай дегенге жауап іздер болсақ, алдымен жазушының шығармасын қызықты оқиғаға құра білетіндігі дер едік.
Қылмыс жасаушының оқиғаның аяғына дейін кім екені белгісіз болып келуі – детективке тән жанрлық шарттың бірі. Осы шарт көптеген шығармаларында сақталып отырады. Аталмыш авторға тән екінші ерекшелік – нақ осы шарттың сақталмауына байланысты. Сюжет сәл ширыға бастағаннан кейін-ақ, оқырман қылмыс жасаушының кім екенін біліп қояды. Мәселен, «Сарғабанда болған оқиғада» Рахымға қастандық жасаушының Цой екені жөнінде емеуірін танылса, «Түнде атылған оқта» шекара бұзушының кім екені бірер беттен кейін-ақ белгілі болып қалады.
Сөйтіп жазушы детектив жанрына қалыптасқан дәстүрді бұзып, қылмыскерді ә дегеннен-ақ оқырманға ұстап береді. Бір қарағанда, мұндай жағдайда жанр өзінің мағынасын бәсеңсітіп, бояуын жоғалтуы тиіс қой. Назар аударатын жағдай сол – автор қылмыс иесін алдын-ала әшкерелеп қойғанымен, оқырманның шығармаға деген қызығушылығы еш әлсіремейді. «Сарғабанда болған оқиға» повесі Рақымның анасы Сәндібаланың жиырма жастағы жалғыз ұлының сауығып кетсе екен деген дұғасымен басталады.  Сарғабан ауылы қаладан қырық шақырым жерде орналасқан. Сәндібала ауруханаға бара жатқанда медбике Айда Глухова жолығып, ұлының сауығып кететініне сендіріп, тыныштандыруға тырысады. 
Енді сол қылмыскер қайтып ұсталар екен деген сауал туады. Оқырман назары біртіндеп милиция қызметкерлерінің шеберлігі мен батылдығына, іс жүргізу тәсілдеріне ауып кетеді. Оқиғаның даму барысында қылмыскер психологиясын бақылау күшейеді. 
«Сарғабанда болған оқиға» повесінің оқиғасы көп желілі, бірнеше шытырман сюжет қатар дамып кететін сәттері де бар. Кісі өлтіру оқиғасына ауруханадағы ұрлық, алтын сатушылардың араларындағы шытырмандар қосылады.
Қылмыскер психологиясын талдау ерекшелігі – жазушы шеберлігінің сыналар тұсы. Сол сыннан оның повестері көбіне ойдағыдай өтіп отырады. «Екінші сортты әдебиет» саналғандықтан да шығар, кезінде детективтік шығармаларға, оның ішінде Тоқаев туындыларына да әдеби сын назар аудара қойған жоқ. Бірақ соған қарамастан, қалың оқырман сол туындыларды іздеп жүріп оқыды. Сынның міндеті – оқырманның ынтасын әдеби тұрғыдан күшейте түсіп, барын бардай, жоғын жоқтай саралап беру емес пе.
Уақытында айтылмаған сынның әсері де шамалы. Алайда Тоқаев творчествосын айқынырақ тани түсу үшін және қазақ детективінің табиғатын білу үшін байқалған кейбір кемшіліктерге тоқталып өткеннің артықтығы болмас. 
Олар қандай кемшіліктер еді? Біздіңше, кейбір бейнелердің солғын шығуы, шұбалаңқылық және тіл қасаңдығы сияқты жәйттер. Жазушының жекелеген характерді даралауға күш сала бермейтіні рас. Бұл тұрғыдан алғанда, сөз жоқ, шетел және орыс детективтерінің үлгі етер, үйренер тұстары мол. «Жалпы жоғарыда аталған үш кемшіліктің бұл жанрда кездесуі заңды. Сондықтан детективке жоғары идеялық-көркемдік талаптар қоюдың қажеті шамалы» деушілер қатты қателеседі. Көркем әдебиеттің қай жанры болмасын, оған қойылатын әлеуметтік-эстетикалық талап ортақ, талғам айқын.
Тоқаевтың бояуын солғындатып алып, тілі қасаңдыққа, жаттандылыққа ұрынатын сәттері де бар. Бірақ шегесі босап жатқан орашолақ сөйлемдер, көңілге қонымсыз тіркестер сирек ұшырасады. 
Тіл дегеннен шығады, шетелдегі танымал детектившілердің тіл көркемдігі, көбінесе, оқырман талғамын қанағаттандыра бермейді екен. Мысалы, әйгілі «детектив падишасы» Агата Кристидің шығармаларын мұғалімдер ағылшын тілін жаңа үйреніп жүргендерге оқуға ұсынады екен. Өйткені творчествосының дүниежүзіне кеңінен танымал болуына қарамастан, бұл жазушының сөздік қоры тым тапшы, бейнелілігі аса терең емес көрінеді. 
Төл әдебиетіміздегі детективтің жағдайын шетелдік деңгеймен салыстыру үшін тағы да А.Кристидің кейбір кемшіліктеріне тоқтала кетейік. Егер байқасаңыз, атақты жазушы шығармаларының сюжеттері де, персонаждары да, қылмыскерлік ситуа-циялары да бір-бірін қайталап жатады. Тіпті сыншылар оның романдарында жекелеген ауытқулар мен шындыққа қабыспайтын детальдардың бар екенін де атап көрсетеді.
Сондай-ақ, Жорж Сименонның Мэгре туралы туындыларының тым жеңіл жазылғаны, көбінесе арзан диалогтардан тұратыны, т.б. кемшіліктері әр кезде сынға да ұшырапты. Бірақ оған қарамастан А.Кристидің де Жорж Сименонның да детективтері дүние жүзі оқырмандары арасында үлкен сұранымға ие. Сонда бұл қайшылықтың сыры неде?
Міне, осы тұрғыдан алғанда Тоқаев шығарма-шылығының кейбір кемшіліктерінің оқырман тарапынан еленбеуін түсінуге болады. Негізгі арқауы мығым шығарманың азды-көпті кем-кетіктеріне кешіріммен қарау – көркемдік қабылдаудың жазылмаған заңдылығы да шығар. 
К.Тоқаев повестері әрқашан да гуманистік сипатқа ие. Оқырманды тапқырлыққа, батылдыққа ғана емес, адамгершілікке тәрбиелеу жағы да ұмытылмайды. Олар әлі де өзінің тартымды қасиеттерін жоғалтқан жоқ. Тоқаевтан соң детективке ден қойған Жұмабек Еділбаев та бұл күндері арамызда жоқ. Жанрға еңбек сіңірген бұл жазушы еңбегі арнайы талдауға тұрады. 
Әсіресе ауылды жерлерде Кемекеңнің кітаптары үлкен сұранысқа ие болды. Бала кезімде өз басым колхоз жұмысшыларының демалыс сәттерінде жоғарыда аталған кейбір повестердің мазмұнын бір-біріне әңгімелеп беріп отырғанын да еститінмін. Кейін қазақ әдебиетінің классигі Оралхан Бөкей бір әңгімесінде:  «Тоқаевтың кітабын трактормен бірге алып жүріп оқушы едім» деп қалғаны есімде. 
Кеңес өкіметінің идеологиялық талаптарымен қарапайым оқырманның талап-тілегі үнемі үйлесе берген жоқ, оқырман қашанда өзінің рухани сұранысын сусындатуға ынталы. Осы жағынан келгенде Тоқаев кітаптары қолдан-қолға тимей, қызығушылықпен оқылатын. Таралымдары да мол болды.  
Детектив  дегеніміз – құқық қорғау қызметкер-лерінің өмірінен алынып, шытырман оқиғалы сюжетке құрылып жазылған шығарма болып табылатыны белгілі. Ал, Кеңес дәуірінде көркем әдебиеттің байыпты сыншылары, тіпті байсалды прозаны қаузап жүрген қаламгерлер де бұндай үрдіспен өмірге келген туындыларды талдап, сыни айналымға кіргізуге онша ықыласты да бола бермейді. Оған себеп – бұндай шығармалардың басым бөлігінде шытырман оқиға алдыңғы қатарға шығып кетіп, кейіпкер образының солғын суреттелуі, әлеуметтік-моральдық тартыстардың аздығы, идеялық-эстетикалық астарлардың жоқтығы, мәтін тілінің қасаңдығы, шынайы бейнелі суреттердің  кездесе бермейтіндігі.  Бір сөзбен айтқанда, негізгі көркемдік факторларының әлсіздігі.
Бірақ осындай шаблондық түсінікті алғаш бұзған – К.Тоқаевтың жоғарыда аталған туындылары. Олар детективтік дүниені тек бірыңғай қасаң сөздермен емес, көркем тілмен де өрнектеп жеткізуге болатынын дәлелдей алды. Жазушы туындыларының өзіндік сипаттары қандай деген мәселеге келетін болсақ, ең алдымен мынандай жайттарға назар аударамыз. 
Біріншіден, қызықты сюжетті дамыту барысында кейіпкердің адами болмыс-бітімі мен мінез-құлқының қоса ашылып отыруы. Оған дәлел – мына төмендегі бір мысал:
«Сұңғақ бойлы, арықша келген жас жігіт. Киімі де, жүріс-тұрысы да бірқалыпты, өзгермейді. Үстінде сәнмен тіккен жалпақ қалталы, қысқа пальто, алтын түйме қадалған ақ көйлектің жағасы пальто омырауынан көрініп, өңін ашып, тұла бойын жинақылап, жарасты көрсетеді» деген суреттеу арқылы кезекті кейіпкерді оқырманның танып алатынында сөз жоқ. 
Бұдан шығатын қорытынды – К.Тоқаевтың сөзбен сурет салуға да назар аударған, көркемдіктің  мәнін түсініп, игере білген жазушы екендігі.
Біз Кемекеңнің бір ғана шығармасы арқылы оның детективтік жанрды игеру барысындағы кейбір ізденістеріне ғана тоқталып өттік. Нақ осы айтылған жағдаяттарды «Сарғабанда болған оқиға», «Түнде атылған оқ», «Таудағы жаңғырық»,  «Таңбалы алтын», «Соңғы соққы» және басқа шығармалардың композициялық-сюжеттік құрылымдарына қарата айтуға болар еді.
«Ұясынан безген құс» шытырман оқиғалы детектіивтік роман болғанымен, моральдық мәселелер де алдыңғы қатарға шыққан. Мұнда  тараздан жеп дәніккен Шегебай есімді сауда қызметшісінің моральдық бет пішіні қоса ашылады.  Айналасындағы адамдарды жек көргендіктен түрлі кикілжіңдерді шығарып жүреді. Тіпті туысқандарын да аямайды. Бұл жолда әйелін де, тіпті анасын да тыңдамай, есіріп кетеді. 
Детективтік сарынмен жазылған пьесалары да бар екендігін біреу біліп, біреу білмес. Атап айтқанда, «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?» және «Сиқырлы сырлар» драмалық туындылары осындай леппен жазылған. 
Партизан жазушының жанында жүріп, әңгімесін естіп, көңіл күнделігіне түртіп жүріп, жаңа бір шығарманың тууына себеп болды. 
Кемел Тоқаевтың соғыс тақырыбына да біраз шығармалар арнағандығы көп айтыла бермейді. Жазушының «Солдат соғысқа кетті», «Арнаулы тапсырма» және т.б. көркем шығармалары Отан алдындағы борыш, адалдық, ерлік, партизандық күрес тақырыптарына арналады. 1962 жылы жазылған «Арнаулы тапсырма» повесінде Украинаның әйгілі партизаны әрі көрнекті мемлекет қайраткері Сидор Ковпактың бейнесі жасалаған. 
Осы арада айта кету керек, Кемел Тоқаевтың көптеген көркем шығармаларында белгілі бір дәрежеде өмірбаяндық элементтер бар. Бұндай сипат әр жазушының да шығармашылығында кездеседі. «Сарғабанда болған оқиға» әңгімесінің басты кейіпкерінің бірі – Рахым да, автордың өзі тәрізді ағасымен бірге балалар үйінде тәрбиеленген.
Ал «Солдат соғысқа кетті» романының оқиғалары Кемекеңнің соғыста болған жерлерінде өтеді. Шығарманың алғашқы беттерінен-ақ оқырманды соғыс туралы  шындықтың баяндалуы қызықтырады.
Кемекең кезінде Қасым Қайсеновпен бірге Украинаға да барыпты. Сонда олар партизан жүрген жолдармен жүріп, Борисполе, Переяслав-Хмельницкий аудандарын аралаған екен. 
Днепр жағасында тұрып, сол бір партизандық соғыс кезінде қандай ауыр шайқастардың болғанын Қ.Қайсеновтың майдандас жолдастары Кемел Тоқаевқа әңгімелеп беріп отырады. 
«Куәгер партизандардың өз ауыздарымен естігенде Кемел: 
– Ойпырым-ау, неткен ғажап ерлік еді. Сол ерлігіңізге батыр атағын қайтсем де алып беремін, – деп жарлық та, билік те өз қолында тұрғандай айбаттанып, қолымды қатты-қатты қысып еді. Адал жүректі, ақ пейілді асыл азаматтың айтқаны айдай келді. Елбасымыз «Ерлік ешқашан ескірмейді» деп кеудеме батырлық белгісі – Алтын жұлдызды ақыры қадады. Кемелдей тілекші қаламгер інімнің де көкейін өртеген ақ арманы түбі орындалды» депті Қ.Қайсеновтің өзі. 
Бір сөзбен айтатын болсақ, «Арнаулы тапсырма» повесі Халық қаһарманы, атақты партизан Қасым Қайсеновтің соғыс кезіндегі ерліктері  туралы.  
Кемел Тоқаев – детектив жанрын қылмыскерді іздеу тақырыбымен ғана шектеп қалмай, оның аясын да кеңейте түсуді көздеген қаламгер. Оған дәлел  – жазушының «Солдат соғысқа кетті» романының тақырыбы мен ондағы бір-бірімен қабаттаса дамып жататын оқиғалар тізбегі. Өзі де соғысқа қатысқан майдангер жазушы бұл шығармасында соғыс кезіндегі Кеңес жауынгерлерінің ерлік істерін суреттеуді мақсат етеді. Бірден ашып айту керек, басқа повестеріндегідей емес, осы туындысының тілдік тіні көркем басқа шығармаларына қарағанда образдылық жағынан жұтаңдау, бейнелі сөздер мен сөз тіркестерін қолдануға онша құлшыныс танытпаған тәрізді. Бәлкім, бұл асығыстықтың да ізі болуы ықтимал.
Бірақ романды оқу барысында соғыстың қатыгез кескінін көрсететін баталдық (соғыс эпизодтарының суреттері) көріністер оқырманды сол бір қанды жылдарға қарай жетелеп әкетеді. Қарапайым әскерилер мен командирлердің ерлік қимылдарын шиыршық атқан оқиғалар арқылы суреттеу соғыс шындығынан алшақ кетпеген сыңайлы.  Өйткені кейбір бояуы қалың туындылардағыдай мұндағы Кеңес жауынгерлері адам сенбес ерлік жасап жатпайды немесе өнебойы кеңестік идеологиямен суарылған мінсіз жауынгер болып көрінбейді. Кейіпкерлердің бойында табиғилық басым. Майдан рухын аңғартатын ситуациялар мен оқиғалардың дамуы  да логикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да сендіре алады. 
К.Тоқаев бұл туындысында да өзінің детективші қаламгер екенін еріксіз еске салып отырады, оқиғаны ширықтыруға қызмет ететін, былайша айтқанда бестселлер жанрына тән әлдебір жұмбақтау болып айтылатын үлгілер де жоқ емес. Оқырманның көз алдынан көлденеңдеп өтіп жататын – орта деңгейдегі командирлер мен қатардағы жауынгерлік құрамның ала-құла бейнелері. Қан майданда жүрген әр адамның «Өлмей, аман қалсам екен» деген тілегін жазушы кейіпкерлерінің адами писхологиясынан шығарып, ішкі психологиялық-моральдық тартыстың негізіне айналдыра біледі. 
Соғыс тақырыбына арналған прозалық туындыларымыздың басым көпшілігінде Кеңес жауынгері отанына шын берілген қаһарман әрі интернационалист болып суреттелмеуші ме еді. Бір қызығы Кемел Тоқаев кеңес адамдарының мінсіз бейнесін жасауға ұмтылмайды, жалаң интернационализмді насихаттаудан аулақ. 
Автордың бір батыл қадамы – шығарманың идеялық астарына соғыс жағдайындағы әділетсіздік көріністерін, ұлтаралық түсініспеушілік сияқты шетін мәселелерді де қаймықпай кіргізіп отыруы. Кейбір орыс әскерилерінің қыр елінен келген қазақ жігіттеріне үстем көзқараспен қарауы  – оқиғаны жалаң қоюлату мақсатында алынбаған, соғыс кезіндегі ұлтаралық, нәсілдік теңсіздікті білдіретін ащы да болса өмір шындығының ұшқындары. Мысалы, Власов сияқты кеудемсоқ, мақтаншақ жауынгердің Мейірманов деген қазақтың атып түсірген самолетін өзіне жазып алуға тырысуы, кейбір офицерлердің ұлты орыс емес жауынгерлерге, әсіресе түркі тектестерге күдікпен, астамшылықпен кемсіте қарауы романның мазмұнын байыта түспесе, жұтаңдатпайды. Қазақтың белгілі ақыны Р.Ниязбеков өз кезінде: «Ал, жазушы К.Тоқаев соғыстың осы бір шындығын шырқын бұзбай, астарлап шебер суреттей білуімен ерекше көрінді» деп жазды. Бұл пікірге қосарымыз – К.Тоқаев соғыс шындығын тіпті астарлаған да жоқ. Орыстардың шовинистік пиғылдарын мәймөңкелемей, сол қалпында бадырайтып тұрып жазды. 
Ол өз бетінше өсіп, жетіліп, қатарға қосылды. Және жай қосыла салмай, сөз алдас-панын көтерген алғыр жазушы болып шықты.
«Солдат соғысқа кетті» романында Мұхаммед Мейірманов деген қазақ мергеннің  самолетті атып түсірген еңбегіне Власов деген орыс ортақтасып, өзім аттым деп жар салады. Ұшқыштың қимылын бағып, мылтығын кезеп жатқан Мұхаммед самолет құлдилай бергенде ішін тартып, демін тоқтатып тұрып атып қалады. Жау самолеті жүгері алаңынан асып барып тоңқалаң асыпты. Жалын аралас қара түтін бұрқ етіп аспанға көтерілді. Власов жүгері арасынан куана жүгіріп шығып:
– Жолдастар, мен жау самолетін қираттым! Атып түсірген мына мен! Мен! – деп тұмсығымен жер тірей тоңқалаң асқан самолетке мойындарын созып қарап қалған солдаттарды кезекпен құшақтап өтіп айқайлайды.  
Ал шын мәнінде атып түсірген Мұхаммед болатын. Дау шыққаннан кейін, сол жерде жолдастары екі сарбаздың мылтықтарын тексеріп, Мейірмановтың оқ атқанына көздері жетеді. Әлгі Власов дегеннің мылтығынан оқ шықпаған, ұңғысы таза екен. Сержант Мейірмановтың винтовкасында дәрінің ізі де, иісі де анық сезіліпті. 
 Шындық ашылған сәтте де тайынбай, Власов өзінің бақталасына тісін көрсетіп, кек алмақ болады. Ақыры Мейірманов белгісіз жағдайда қаза табады. Власов өлтірді деуге дәлел жоқ, бірақ оқырман көңілінде сол деген күдік оянып, ақырын көкірегінде бекіп қалады.
Кеңес заманының қаны тамған идеологиясына пысқырмастан, осылай ащы шындықтың шырайын шығарып келтіруі – автордың батылдығы дер едік. 
Бұдан шығатын қорытынды – өзі детективші болғанымен, К.Тоқаевтың көркемдік ұстанымы реализм ауылынан алыс кетпей, үнемі дерлік шынайылық арнасынан табылып жататындығы.
Анда-санда қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының кенжелеп қалғаны жөнінде әңгіме  қозғалып келеді. Базбір сыншылар бұл сөздің жаны бар дегенге бас шұлғып, әдебиет кеңістігіне жіті көз сала бермейді. 
Осы арада  белгілі журналист М.Әкімжановтің «Кемел Тоқаев» атты естелігі ойға оралады. Онда автор К.Тоқаевтың  детективті шығармалары негізінен болған оқиғаларға, бұлтартпас деректерге сүйеніп жазылатындығын, түптің түбінде оқушы қауым осы тарихи-деректі кітаптарды оқуға басымдық беретінін айтыпты.  Автордың бұл пікірінің қаншалықты дұрыс екендігін өмірдің өзі көрсетуде.
К.Тоқаев өзге замандастары секілді жастай соғысқа аттанып, 26-атқыштар дивизиясында, кейін 7-гвардиялық танк полкінің құрамында майданның алғы шебінде жүрген. Сталинградты, Белоруссия, Украина жерлерін азат етуге қатысты. Жазушы адам соғыс жылдарына да шығармашылықпен қарап, көңілге түйгендерін туынды етіп жазуға арнаған. 
Тұңғыш әңгімелер жинағы 1954 жылы Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан «Жұлдызды жорық» деген атаумен жарық көрген екен. Одан кейінгі туындылары «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма», «Соңғы соққы», «Солдат алы¬қа кетті»  жұртышылық арасынан өз оқырмандарын тапты. Оқиғалары қызықты туындылардан жинақталған кітаптарының таралымы да мол болғанын жас кезімізде өзіміз де көрдік. 
Оның осы жанрда жасаған еңбеңгі жайында әдебиет сынышыларының басым бөлігі «Кемел Тоқаев – детектив жанрының шебері» деген пікірге қол қояды. Жауынгер жазушы Қалмұқан Исабай мен әдебиет сыншысы Шериаздан  Елеукенов К.Тоқаевтың «Соңғы соққы» романының тарихи материалы «Атаманның ақыры» деген фильмнің фабуласымен бірдей екендігін айтыпты.
Өз басым өткен ғасырдың сексенінші жылдарында Кемел ағамен Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында қатар қызмет еттім. Мен «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісімін, Кемекең одақта кеңесші. Өзі қан майданды кешіп, одан аман-есен келген Кемекең жарақат салдарынан бір аяғын аздап сылтып басатын. Сылдыраған бос сөзден аулақ, ешкіммен қақ-соғы жоқ, өзімен-өзі жүретін мінезі салмақты,  момын адам еді.
Сондықтан ба, оның қаншама қантөгісті бастан кешкен майдангер жазушы екендігін біреу біліп, біреу біле бермейтін. Аздап шешілетін кезі – «Қаламгер» кафесіндегі бір дастарқан басында ауқаттанып отырған уақыттарымызда. Сонда аңғарғаным – жазған шығармаларындағы оқиғаларды да, кейіпкерлерін де өмірдің өзінен алады екен. Ақырын басып жүретін қаламгер ағамыздың даусы да бәсең болатын. Сонда да көңілі түскен кездерінде жақсы әңгімелер айтатыны есте қалыпты.
Сонымен бірге К.Тоқаев шығармашылығы туралы сөз болған уақыттарда оның детективтік туындыларында басқа ұлт өкілдерінің жиі кездесетіндігі назарға алынбай жүр. Қазақтың өзге жазушыларына қарағанда, басқа ұлттың өмірлік ұстанымдары да айқынырақ. Оның қылмысқа қатысты туындыларының қазақ емес кейіпкерлерінің өзі бір шоғыр.  Мәселен, «Қастандықтағы» Петрушкин, майор Кузьменко, Джон Дрейер, Матрона Онуфриевна, Байкин, «Сарғабанда болған оқиғадағы» Цой, Самсонов, Глухова, Быстров, «Көшкен үйдің қонысы қайда?» повесіндегі Клава, Марфуша, Столетов, Евдокия Крилловна, Дуся, Марина Агафоновна және басқалары осы айтылған шоғырдың қатарында. 
Тіпті осы «Көшкен үйдің қонысы қайда?» повесінде қазақ кейіпкерлерден гөрі басқа ұлттан шыққан персонаждардың саны артығырақ.  Оқиғалар Қазақстан аумағында өтіп жатқанымен, автор байырғы тұрғындардан басқа диаспора өкілдеріне неге басымдық берген деген сұрақтың туындауы ғажап емес. Бұл арада біз сол заманның ащы шындығын аңғаруға мәжбүрміз. Жиырмасыншы ғасырдың Кемел аға суреттеп отырған кезеңінде Қазақстанда қазақтардың саны мейілінше кеміп кеткенін ескеру керек.  Бір мәліметтер бойынша, елуінші жылдардың аяғына қарай республикамыздағы қазақтардың саны 28 пайызға дейін түсіп кеткен екен. Бұндай жағдайда қазақ кейіпкерлер санының екінші қатарға қарай сырғуы заңды да.
Тоқаевтың детективтік повестеріндегі  айтпай кетуге болмайтын келесі бір жағдай – әйелдер образына қатысты. Әйел персонаждар ішінде мінез-құлық даралығы кездеседі. «Өңі жұқалау келген ақ құба әйел. Реңі бөтен емес. Қыр мұрынды әдемішенің өзі. Көк бас-тоннан белін қынамалап тіккізген пешпенті бар, етегі кеңдеу. Иегін көтеріп, қасын керіп, кербез сөйлейді» (18-б. Тоқаев Қ. Повестер. –Астана: Елорда, 2007. – 368 б.) деген қысқаша суреттеуде кейіпкер әйелдің тұрпаты оқырманның көз алдына тірі қалпында елестей алатындай деңгейде.
Сонымен бірге белгілі бір ұқсастықтардың да орын алғанын байқаймыз. Соның бір мысалы – жеңіл мінезді, ұшқалақ, еркекке үйір әйелдердің әр шығармасында да кездесетіндігі.  Бұлардың аты-жөндері бірдей болғанымен, бір-бірін характер, өмірлік ұстаным, дүниеге деген көзқарас, айналасына деген ықылас мәселелері жөнінде өзара туыстас. Тіпті аттарын өзгерткені болмаса, осы әйелдердің бірін кейде бір адам деп ойлап қалуға да боларлық. Бұл, әрине, автордың  олқылау соғып жатқан тұстары.
Мәселен, «Сарғабанда болған оқиға» шығарма-сындағы Айнагүл, «Қастандықтағы» Глафира және Анастасия, «Түнде атылған оқ» повесіндегі Ләтипа, Зина сияқты әйелдердің жалпы өмірлік ұстанымдағы ұқсастықтары, тіпті кейбір жағдайда іс-қимылдарының қайталанып келуі автордың жетістігі деп айта алмасақ керек.
 Бірақ кейіпкер ретіндегі бұлардың тағдырлары біркелкі емес. Кейбірі оқиға ушыққан жағдайда қайғылы қазаға ұшырап жатса да, енді бірі сүттен ақ, судан таза қалпы тіршіліктерін ары қарай жалғастырып, бақытты өмір сүру мүмкіндігіне ие болуда.
Тоқаев шығармалары сонымен бірге құқық қорғау органдарындағы интеллигенция өкілдерінің бейнелерін жасаумен де өзіндік арнасын тапқан. Жазушының осы жанрдағы бүкіл шығармашылығын тізіп шығатын болсақ, қорғау органдарындағы интеллигенция өкілдерінің тұтас бір галареясы жасалғанын байқар едік.
20-ғасырдың 60-70 жылдары бұл жанрда жазылған шығармалардың жазылуы жаңалық болып есептелгені жасырын емес. Осы айтылған фактілерді жинастыра келгенде – К.Тоқаев шығармашылығына тән көркемдік ерекшеліктерінің қандай екендігі біршама айқындала түспекші.
Кемел Тоқаев феноменіне тән ерекшелік – оның детективті шығармалардың атасы аталып, бірыңғай осы жанрға қызмет етуінде ғана емес. Оның повестері бір-бірінің органикалық жалғасы сияқты әсер қалдырады.Солардың бірі – образдар жүйесінің қалыптасуы. Мәселен, «Сарғабанда болған оқиға», «Қастандық», «Түнде атылған оқ» сияқты повестерінің ішінде капитан Талғат Майлыбаев пен полковник Дайыров қылмыстың ізін ашу жолында тізе қосып, бас қатырып жатады. Сондай-ақ, автордың басқа да повестерінде кездесіп отыратын Дайыров, Кузьменко бейнелерінің жасалуында да осы үрдістің жүйесі сақталған.
 Олар бір шығармадан екінші шығармаға бостан-босқа көшіп жүрген бояуы солғын кейіпкерлер емес. Олардың атқаратын көркемдік жүктері – олардың типтік образдарға айналдыру мәселесіне тікелей байланысты.
Талғат Майлыбаев бір повесте милицияның кіші лейтенанты шенінде көрінсе, («Қастандық»), екінші «Сарғабанда болған оқиғада» ол лауазым жағынан өсіп, капитандық деңгейге жеткен. Осылайша қайталанып келіп отыратын капитан Талғат Майлыбаев бейнесі әр шығармада әр қырынан көрініп, характерлік тұрғыдан шашырап кетпеген. Сол ұстамды да сырға берік, тұйықтау қалпы. Қай повесте болсын, ол өзінің біркелкі адами қасиетін, мінез даралығын сол қалпында өзгеріссіз сақтай білген деуге болады. Ол – өзінің жұмысына тиянақты, әрбір қылмыс барысындағы детальдарға жауапкершілікпен ғана қарап қоймай, оған тереңдікпен үңіле біледі, маман ретінде өсу үстінде екендігі ғана байқалады. Сөйтіп бастапқыда кіші лейтенант дәрежесінде көрінген ол, капитан шенін алған басқа бір повесте кәсіби қабілетінің де ұшталуымен көзге түседі. 
Мәселен, «Сарғабанда болған оқиға» повесінде оның қылмыс болған жердің әрбір ой-шұңқырын, іздерін жете зерттей білуі, соның нәтижесінде бір болмашы детальдарға көзі түсіп, оған  шұқшия үңілуі – кәсіптік деңгейінің жоғары екендігін білдіретіні сөзсіз. Сол үңілудің арқасында ол қылмыстың  қалай жасалғаны және қылмыскердің кім болуы мүмкін екендігі туралы нақты қорытындыға келеді. Осы повестегі шұңқырдағы қалған іздер қылмыс жасалған жерде бір аяғы ағаш адамның болғанын дәлелдейді және оның  салмағының ауырлығын да есептей біледі. Бұл турасында өзінің басшыларымен да пікірталасқа барып, логикалық тұрғыдан басым түсіп жатуы– оның маман ретінде өскендігінің айқын нышаны.
Басқа қылмыстарды ашу барысындағы капитан Талғат Майлыбаевтың ізденімпаздығы – осындай бір елеусіз детальдарды жандандырып, тірілтіп, қылмыстың шешілуіне үлкен септігін тигізетін факторларға айналады.
Бұл арада атақты Артур Конан Дойлдың Шерлок Холмс жайындағы хикаяттарында кездесетін криминалистикалық факторлар еске түседі. Дедукция мен индукциялық әдістер К.Тоқаевтың шығармаларында да көрініс тауып отырады. Қазақ жазушысының жазғандары қылмыс әлемін ашуға қатысты ізденімпаздықтың кейбір ұқсастықтарына оқырманды сендіреді. Бұл тұрғыда қылмысты ашу жолындағы алдыға шығатын – дедукциялық әлде индукциялық әдістердің қандай жағдайда қайсысы оралымды болатындығы. Яғни, бұлардың бірі – қылмыс жасаушының қылмыс орнындағы тікелей айғақтары болса, екіншісі – елеусіз қалатын сыртқы айғақтар. Міне,  қылмысты зерттеуші осыларды есепке ала отырып, екі әдісті де әдемі ұштастыра алатындығы Талғат Майлыбаевтың кәсіптік сипаттағы әрекеттері арқылы көрініс тапқан. 
Осы арада еске салатын кететін бір жағдай бар. Сол замандарда детективтік және шытырман оқиғалы шығармаларды қазақ жазушыларының басым бөлігі байсалды, парасатты дүниелер деп санаған жоқ. Түсінігі тайыз оқырмандар санатына арналған деген де көзқарас орын алыпты. Оқырмандарды қызықтыру үшін ғана жасалған әдебиеттегі жеңіл-желпі, шоу сияқты жалт-жұлт еткен көрініс деп қана ұқты.
Осындай тенденцияның салдарынан детективтік және шытырман оқиғалы шығармалар кәсіби әдебиеттанушылар тарапынан көп талқылана қоймады. Оларға екінші сортты шығарма деп қарағандықтан, зерттеу жағы да кемшін тауып жатты. Ал, алда-жалда біреу осы бағытта, осы тақырыпта әдеби сын жазып, өздерінше талдаулар жүргізсе, сыншы деңгейінің төмендігінің көрсеткіші сияқты қабылданағаны да жасырын емес. 
Өз кезінде К.Тоқаев шығармасына жете назар аудара алмай қалуының  себептері де осындай факторларда жатса керек. 
Бірақ, осындай самарқау көзқарастарға қарамастан, детектив жанры мүлде жоғалып кеткен жоқ. Тоқаевпен жарыса  кейбір замандас авторлар осы жанрға жекелеген туындыларын арнады. Атап айтқанда, олардың қатарында Жұмабек Еділбаев, Кәрім Баялиев, Тұрдыбек Алшынбаев, Әділ Дүйсенбек, Ерболат Жүсіпов және басқалардың қалам тартқаны тарихи факт. Олар дәл Тоқаев деңгейінде жазбағанымен, көркемдік-этикалық жүк көтере алатын повесть-әңгімелерін өмірге келтірді. 
Бірақ осындай қазақ детектившілерінің шығармалары өз кезінде нақ Кемел Тоқаев туындыларындай жаппай сұранысқа ие бола алмағандығы, осы жанр бойынша ол кісі шыққан көркемдік пен бедел биіктігін күні бүгінге дейін ешқайсысымыздың бағындыра алмай келе жатқанымыз тағы да шындық.
Бүгін біз осындай талантты жазушының туғанына 100 жыл толуын атай отырып, оның аруағына бас иеміз, кітаптарының  жас оқырмандардың да сұранысына ие бола алатын  әлі де өміршең екендігін әдебиет сүйер қауымның есіне саламыз. Кемел ағамыздың қай шығармасының да мазмұны  экшн фильм жасауға сұранып тұратын. Өкінішті жағдайдың бірі сол – өз заманында қазақ кинематографистері оларға назар аудармады, ден қоймады. Әйтпесе Кемекеңнің шығармаларын негізге ала отырып, детективтік жанрдағы фильмдер жасауға, сөйтіп үлкен аудиторияға шығарып, үлкен беделге ие болуға мүмкіндіктер бар еді. Рас, «Сарғабанда болған оқиғаның» желісімен түсірілген фильм жаман шыққан жоқ, бірақ жазушының идеялық рухын жеткізудің оңайға соқпағаны байқалады.  
Екінші жағынан алып қарағанда, ұтқыр, дарынды режиссер табылып жатса, әлі де сол шаруаларды қолға алып, қызықты повестерін экрандап жіберуге мүмкіндік бар, осы жағын да ескеріп, қолға алу керек-ау.
Осы 100 жылдық мерейтойға орай К.Тоқаев шығармашылығына қатысты мақалалар қатары күрт көбейді. Олай болуы заңды да сияқты. Кейбір пікір айтушылар Президенттің әкесі болғаннан кейін, солай баса көңіл бөлініп, мақала  жазушылар қаптап кетті деп жүр. Менің өз басым, бұл жазушының шығармашылығы жайында Кеңес дәуірінен бастап, бергі кездерде де бірнеше талдамалы дүниелер жаздым. Олардың ішінде «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланғандары – «Дерексіз кеткен детектив», «Халің қалай, қазақ детективі?» тәрізді әдеби сындар.  Жазғандарымның кейбірі ғылыми басылымдарға да шыққан болатын. Осы мақаламның аталған тақырыпты зерттеу нысаны етіп бұрыннан жазып келе жатқанымның негізінде өмірге келгенін қаперге сала кетсем, артық етпес деген ойдамын. 

Нұрдәулет Ақыш,
 М.О.Әуезов
 атындағы Әдебиет және 
өнер институтының 
бас ғылыми қызметкері

8997 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы