• Cұхбаттар
  • 28 Қыркүйек, 2023

Тақырыптас әңгімелер

Нұрдәулет Ақыш

Интернеттен іздедім...

жігітті

– Жоқ, – деді Жансұлу үзілді-кесілді түрде.
– Не жоқ?
– Сенің іздеп жүрген жігітің. Сен ондай ақ боз атты ханзаданы айналаңнан таба алмайсың, әуре болма.
– Неге таба алмаймын?
– Өзің ойлап көрші. Сағат таңертеңгі тоғыздан кешкі алтыға дейін жұмыстасың. Тыпыр етіп, ешқайда шыға алмайсың. Айналдырған екі демалыс күнің туған-туыстардың, дос-жарандардың арасында өтеді.  Жігітті қай уақытта табамын деп жүрсің сонда?
Мен ептеп дағдарып қалдым. Құрбымның айтып тұрғаны рас. Егер менің жігіт іздеу мүмкіндігім мұнан гөрі кеңірек болса, бүйтіп күмілжімес едім.
 –  Оның үстіне.., – деді Жансұлу бір-бірлеп шеге қаққандай нықтай сөйлеп. Мен кібіртіктеп, сипаланып қалған соң, маған біржола мат қойып, бір-ақ тыныштандырығысы келген сыңайы бар. – Оның үстіне біздің жұмыста... ер адамдар, оның үстіне жігіттер аз ғой. Солардың арасында бойдақтар бірен-саран ғана. Олардың кеспірлерінің қандай екендігін өзің жақсы білесің.
Дәлелді сөзге дауласуға қуатым жетпей,  жаңағы дағдарысым одан әрман күшейе түсті. 
– Сонда енді не істе дейсің маған? – деген кезде даусымнан лажсыздық  табы айқын аңғарылып еді. Ішімнен «Мына Жансұлу не деп отыр өзі? Сонда маған күйеу туралы ойлауды қой дегені ме?» деген сыңайдағы наразылық үні бұрқ-бұрқ етіп, бүлкілдей бастаған.
– Сен былай істе. Интернетке шық та, ниетіңді айтып, қысқаша хабарландыру бер... Табылады өзі. Мені ақыл айтып кетті деп ойламассың. Өйткені өзіміз көріп жүрміз ғой, қазір интернет арқылы танысуға болатынын.
Сонымен не керек, танысу сайтына өз профайлымды орналастырып қойдым. Сөйтіп құлағыма азан шақырып қойған «Ханшайым» деген есімнің орнына бадырайтып тұрып, «Айнұр» деп жаздым да, ең тәуір деген екі-үш суретімді қоса орналас-тырдым.
Арада бір сағат өтті ме, өтпеді ме, поштамды келіп ашсам, маған арналған хат тұр. Тиісті түймені басып жіберіп, оқи бастайын. Жүрегім кәдімгідей лүпілдеп әкетіп барады:
«Көп қыздың ішінен мен сені таңдадым. Өйткені сен сондай сүйкімді әрі әдемі көрінесің. Мен сені өз қанатымның астына рақаттанып тұрып алар едім. Сенімен жақынырақ танысқым келеді. Есімхан». 
Енді Есімханның папкасын ақтарып, қарай бастадым. Сөйтсем ол жасы қырық бірге келген ересек кісі екен. Ал мен небәрі жиырма үште ғанамын. Университетті бітіргеніме бір жылдан сәл ғана асқан. Бірден қызметке кірісіп кетіп, жұмыстан бас ала алмай қалдым емес пе. Сөйтіп жігітті қарауға да мұршам болмай кетті ғой.
Ал мына қырық бірдегі кісінің маған ешқандай да тең бола алмасына жаңадан алған компьютеріммен ант етейін. Тіпті оның жасы менің әкемдікіне жедеқабыл. Мен өзіме әке емес, кәдімгі күйеу болуға жарайтын жігіт іздеп жүргенімді сездіріп, әлгі қырқылжыңға сыпайы ғана жауап қаттым. 
Бұрын мұндайды кім басынан кешіріп көрді дейсің. Сонан менің поштама хат дегенің қарша борады да кетті. Күніне төрт-бес хат келеді. Әр жастағы адамдар, әр түрлі жігіттер. Солардың арасынан біреуінің хаты жылт етіп көңілімен қона қалғандай болды. Ол орысшалап былай депті:
«Сенің фотосуретің маған ұнады. Өзің бір сүйкімді қыз екенсің. Мен өзім романтикпін, табиғатты, серуендегенді, шет елдерді аралап, саяхаттағанды жақсы көремін. Кездесейік, бірге саяхаттайық. Тимур». Сұрастырып көрсем, Тимурым қазақшаға келгенде, тастақ жердегі тағасыз аттай кібіртіктейді екен. Орыс қолды ортада өскен кәдімгі қаланың баласы. Шамалы сөйлесіп көрсем, түсінігіміз екі жаққа тартып, ойларымыз қиысуға құлықсыз. Сонан оған да екеуіміздің жараса алмайтынымызды айтып, тағы да сыпайы түрдегі жауап жібердім.
Менің аздап назарымды аударған – «Айта қойыңызшы, сіз секілді әдемі қыз танысу сайтында не істеп жүр? Меніңше, сен сүйкімді, нәзік, қызықты әрі әдемі қызсың. Қане, танысайық. Бір-біріміздіге ешқандай өзара міндет жүктемей-ақ кездесіп тұрайық. Нұржан» деген мазмұндағы тағы бір хат.  Нақтырақ айтқанда, соның ішіндегі бір сөзі ғана. «Бір бірімізге өзара міндет жүктемеу дегенді қалай түсінуге болады?» деп жазып жібердім мен. Жауабы да көп күттірмей, лезде сарт етіп келе қалды. «Мен өзіме бірге уақыт өткізіп тұратын әрі көңілдес болатын сұлу да мейірімді қыз іздеп жүр едім. Уақытымыз табыла қалғанда, кездесе қалып, махаббатпен айналысып кете баратын...». 
Хаттың осы жеріне келгенде қанымның лып етіп басыма шапшығаны. Ар жағын оқуға шамам жетпей, ашуым бұрқ ете түсті. «Не деп тұр мына соққан? Мен өзімнің болашақ жарымды таба алмай, әуреленіп жүрсем, қалпағы қалай қарай қисаяды, ей, мына неменің?..».  Папкасын ашып қарап көрсем, үйлі-баранды жігіт. Жасы отыздың үстіне шыққан. Соған ашынажай болатын сұлу керек екен.
Жауап беріп, уақытымды шығындағым келмеді. Бір сәт өзімді соның келіншегінің орнына қойып көріп едім, көз алдым қарауытып, жүрегім лоблып ала жөнелгендей болды. Жоқ, күйеуіңнің көзіңе шөп салып жүргенінен артық жамандық болмайтын сияқты. Менің басыма келмей-ақ қойсын.
– Қалай? – деп қояды Жансұлу қызметтен қалт етіп қолымыз босай қалған уақытта. –  Жігіт іздеу жұмысы қалай жүріп жатыр?
Мен  өз поштамды ашып, кейде келген хаттарды оқытып қоямын. «Анау андай екен, мынау мынандай екен. Ішінде бір дұрысы жоқ» дегеннен гөрі  өз көзімен оқып, көңілін демдегені жөн емес пе?
– Сен уайым қылма. Бұл әлі басы ғой... Табылады дұрыс жігіт, – дейді ол оптимистік рухпен сенімді түрде. Сонан кейін «Ана қыз былай істепті. Бәлен деген қызға мынандай хат келген екен, ақыры екеуі табысып, дұрыс болып кетіпті» деген сияқты тарихтарды әңгімелеп кетеді.
Сонымен бір күні...
...Сонан бір күні...
Маған алғаш рет жазып отырған жігіттің хатын толық келтірейін:
«Қымбатты Айнұр! Мен сен іздеп жүрген жігітпін. Ерекше келбетті емеспін, бірақ мүлде кеспірсізбін деуге болмас. Бірақ түрім басқалардікіне онша ұқсай қоймайды. Мен  өзімнің болашақта жүретін қызымнан көп нәрсені күтемін және өзім де оған көп нәрсе ұсына аламын. Қызға нәзіктікпен қараудан тартына қоймаймын. Қандай мылжың болса да, айтқан сөзін бөлместен, аяғына дейін тыңдай аламын.
 Мен бұзықтармен төбелесе кететін білекті жігіт емеспін, бірақ керек болып жатса, сүйген қызымды қорғап бағамын. Тамақ жасап, үй жинстыруға да үйренген адаммын.  Қыз бақытты болуы үшін әр түрлі тартулар жасап, қызықтар көрсеткім келеді.
Енді осы жарнама жетеді десең, маған хат жазып көр. Сенің де кім екеніңді байқап көрейік. Бекен».
Па, шіркін, қалай-қалай майпаңдатады, ей, мынау! Сөздерді әдемілеп, келістіріп жазуын көрмеймісің. Құдай біледі, осы дәу де болса журналист немесе жазушы. Кейбір жерін дұрыстап түсініп алу үшін қайтадан оқимын. Қарашы, сөздері түйдек-түйдек: «Ерекше келбетті емеспін, бірақ мүлде кеспірсіз деуге болмас» немесе «Осы жарнама жетеді десең» деген сияқты сөздерді мен мың жылда да құрастыра алмаспын.
Қайтемін деп ойланып отырмай, дереу жауап жазып жібердім. Ол да көп күттіре қойған жоқ, маған арнаған хаты қолма қол келіп қалды. Бұл жолғы аяқ сілтесі де «Па, шіркін!» дегізерлік.
Ертеңіне жұмысқа келе салысымен, хатты  дереу көрсеткен адамым – баяғы бас кеңесшім Жансұлу. Ол – сөздің құдіретін түсінетін қыз,  Бекен есімді бейтаныстың жазғандарын бір демде оқып шықты.
–  Мынауың керемет қой, – деді сосын маған зер сала қарап. – Мә, осының бар ғой жазушы болып жүрмесін.
–  Мен де солай ойлаймын.
Жансұлу екеуіміз біраз әңгімелестік, сөз райынан байқағаным – ол өзі тіпті менің осындай жігітке жолыққаныма ептеп қызғанып та қалған сияқты. Өзінен сол жағын жіңішкелеп сұрап көріп едім, басын  изеді.
– Тек  сен жаман ойлап қалма, менікі, әлгі орыстар айтқандай, «ақшыл қызғаныш». Маған осындай жігіт кездесіп жатса, қарсы болмас едім. Қарсы болғаның не, екі қолымды жоғары көтеріп тұрып, қарсы алар едім.
Алдында  осылайша бірнеше күн хат жазысып жүрдік, сонан оның кездесуді белгілегені – екі аптадан кейін ғана. Не деген шыдамды жігіт десеңші. Басқалары болса, «Кездесейік те кездесейік» деп, қолды-аяққа тұрмай, жан алқымға алып, тыпыршып жатқандары. 
Сонан жолықтық. Ол маған бір буда гүл алып келіпті. Қымбат гүл емес, кәдімгі ақ хризантема. Ал жігітімнің бет пішіні ғаламтордағы суретінен гөрі жадағайлау болып шықты. Ескі заманның адамдарындікіндей бет сүйегі шығыңқы, көздері қысықтау. Еріндері алдыға қарай шошая шығып тұр да, керісінше иегі жұтқыншағына қарай тайқылана бітіпті. 
Сол тайқы иектің қырлана біткен жерінде аздап безеуі де бар екен. Неге қыр жағында, ол жағы да түсініксіз. Жақындап келгенде байқадым, бір тәуірі аузынан бөтен иіс шықпайды, үстіне жеңілдеу ғып ер адамдарға арналған жұпар сеуіпті. Жүріс-тұрысы ширақ, бірақ атлеттікіндей арпалысып, тепсініп тұрған бұлшық етті де байқамадым.
Сонысына қарамастан, адамға бір түрлі жұғымды. Тез-ақ шүйіркелесіп кеттік. Кейбіреулердей сызданып тұрып алмай немесе кекірейе қалмай, қас-қабағымды бағып, лыпып тұр.
Шынын айтайын, алғаш көргенде «Соншама көруге асыққан адамым осы ма?» дегендей Бекеннің сыртқы пошымын олқысынып та қалдым. Мені ептеп кідірткен – жаңағыдай елгезек мінезі болса, сонан кейін киім киісі.  Жаңағыдай түрі жадағай жігіттердің киім киісі де әдетте салдыр-салақтау болып келмеуші ме еді. Ауылдың жұмысшы жігіттері арзанқол киімдерді қалай болса солай иықтарына іле салып, жүре беретінін білем. 
Бекен ондай емес, жадағайлау түріне қарамай, үстіне ілген киімі бүгінгінің жастарындікіндей жинақы,  орынды. Алғашқы кездескен сәттен бастап-ақ,  Бекен менің езуімді жидырмады десе де болғандай.  Жазуы ғана емес, сөйлеген сөздері де қызықты, қазақ тілінің майын тамызады. 
Сонан екеуіміздің кездесуіміз жиіледі. Кейде тіпті араға күн салмай, дидарласып жатқанымыз.  
Қоярда қомай барғысы келген соң, бір жолы кездесуімізге Жансұлуды да ертіп алдым. Үшеуіміз біраз қыдырдық.  Бірақ артынан байқасам, қызметтес құрбым менің Бекенім жайындағы бастапқы ойынан айнып қалыпты. «Саппас қой мынауың» дейді маған ыржия қарап. Онысы «Артта қалған біреу» дегені.  Бірақ «Бұныңды қой» деп айта алмады. 
 Келе-келе тағы бір байқағаным – Бекеннің өзі айтпаған, еске салмаған тағы бір қасиеті – адалдығы екен. Бәз бір жігіттердей бойындағы кемшілігін жасыруға да мән бере қоймайтын сияқты. Бірақ Жансұлу екеуіміз де бір нәрседен жаңылысыппыз. Жіңішкелеп сұрап көрсем, ешқандайда журналист немесе жазушы емес, кәдімгі қарапайым мамандықтың иесі. 
Политехтникалық университеттің құрылыс жағын бітірген. Дипломын қолтығына қысқаннан кейін, жұмыс іздеп біраз жүріп қалыпты. Біреулерге жалданып істеген көрінеді. Бірақ қазір өзі, бүгінгі күні модаға айналып кеткен сөзбен айтқанда, жеке кәсіпкер. Өз нанын өзі тауып жеп жүр.
Енді мені таң қалдырған бір жай – осы уақытқа шейін қалай Бекенсіз жүргенім. Өмірімнің бір жағы  толып кеткендей, мәз-мейраммын. 
Айтпақшы, мен «Танысу сайтындағы» өз профайлымды өшіріп тастадым. Өзім ойлап тапқан Айнұр деген есім онда  жоқ. 
Баяғы Ханшайым қалпында Бекенмен бірге жүріп жатырмын. Аудандық АХАЖ бөліміне өтініш те беріп қойдық.
Ғаріп болған жігіт

Жүрегім бір түрлі болып кетті. Қоңыраулатып-ақ жатырмын,көтерсе, неғыл дерсіз... Қоңырауын жақсы білем ғой, қоңыр үнді қарапайым әуен емес, жастардың арасын да тарап кеткен соңғы хиттердің бірі. Әсем әуен телефонға еріксіз жақындататын сиқырлы күшке ие. 
Көтергенді қойып, толқын-толқын болып зуылдап барып тұрған қоңырауды екі-үш лекке жеткізбестен,  тыңқ еткізіп баса салады. Сонан отыра қалып, СМС-терді бірінен соң бірін зуылдатайын. Сәл кідіріп, мониторға үңілемін. Тырс еткен жауап болмаған соң, тағы сырғақтатып аттандырып жатырмын. Сонан ұзамай, «Жеткізілді» деген растама да қолма-қол жарқ ете түседі.   Бірақ маған ең құрығанда бір рет болса да, жауап бере салуды ескеріп жатқан жан жоқ.
 Жігерім әбден құм болды. Мұндайда қарадан қарап мойып, көңілін жасытатын адамың Меруерт емес. Асығыс-үсігіс киіндім де, тықылдата жүгіріп, көшеге жүгіріп шықтым. 
Көзге таған түсіп, ымырт үйіріліп қалған шақ. Күн батқаннан кейінгі бар биліктің өздеріне көшкенін айғақтағандай үлкен қаланың  түрлі шамдары жарық-жұрық етіп, көздің жауын алады. Сол құйқылжыған алабажақ сәулелердің арасымен зуылдай сырғыған такси межелі жердің төбесін көз алдыма лезде тоса қойды. 
Күтпеген қонақ беймезгіл уақытта салаң етіп жетіп келген кезде, айналасы бояуға қаныққан онсыз да шаралы көздердің бағжаң етіп барып, шеңберлене қалғанын көрсең. Әдеттегідей томпақтау жұмсақ бетінен шөп еткіздім. Ал оның  сәл қалыңдау  түрік еріндері бұрынғы қимылынан жаңылғандай селсоқ қана... Онысына мән берместен, асыға жалт бұрылған оның соңынан өзімен бірге бөлмесіне қабаттаса кірдім.
Есіктің сырт етіп жабылуы мұң екен, онсыз да шашылып жатқан диванның үстіне Тоғжаным екпетінен құлады. Құлады деймін-ау, өзінің сәл толықтау денесін дүңк еткізіп аяусыздықпен лақтырып жіберді. Сонан екпетінен жатып алып, ал келіп жыласын. Манадан бері іште  шиыршық атып тығылып жатқан жанартау бүкіл денеге тыныс бермей, солқ-солқ еткізеді. Қатты абыржып қалғаным сондай – ілкі сәтте аузыма жібі түзу сөз де түспей, ерінімді құр жыбырлата беріппін. Көмейімнен қырылдай шыққан тырнауық үнге құлақ тосып, сөзге қонақ бере қоятын Тоғжан байқалар емес.
Көріктей болып көтеріліп, басылып жатқан кеудеден шығатын: «Оһ, аһ!.. Уһ!..» деген күйінішті дыбыстар ғана. Құрбымның мына қылығына қарап, алғаш басыма келген ең ықтимал ой: «Жақын адамының біреуінен мәңгілікке айырылып қалған шығар» ғана болды. 
– Кім? Кім? – дей беремін, басқа шарам болмай. Атқалақтап ала жөнелген жүрегім тепкілеп кеудеме сыйяр емес...
– Сол!.. Сол!.. Бәрі... бітті. Уһ, жаныма-ай, енді қайттім! Құрыдым ғой мен... – деп ышқына шыққан сөздерді төбе құйқаң шымырламай, сабырмен тыңдап көр. Құрбымның басындағы ауыр ахуалдың, сейілмей, бүркеп тұрған қара бұлттың енді менің басыма ауып бара жатқанын байқадым. Енді менің солқылдап жылаған құрбыма қосылып, дуэт құруым ғана қалды. Аударып-төңкеріп, жұлқылап жүріп, ақыры тілге келтірдім-ау.
Сөйтсем... ешкім қайтыс болмапты. Ең жақын жандарының бәрі орынша екен. Тіпті тымауратып жүрген нағашы әжесі де сауығып қалған көрінеді. Әке-шешесі, бауырлары  дін аман. Оны былай қойғада, алыс-жақын туыстары мен ет жақын достары Тоғжанның бүйтіп қараңғы кештің апшысын қуырып, өгіздей өксіп жатқанынан мүлде бейхабар.
– Сонда деймін-ау... сонда... не болды? Айтсаңшы енді, адам баласын күпті қыла бермей...
Қадалған жерден қан алмасам, Меруерт болармын ба? Айтпасына қоймадым. «Айтпайын» деп отырған Тоғжан да жоқ екен. Тек жаңағыдай тегеуірінді өксіктен, күйзелісті жағдайдан кейін, тіл қатудың орнына ықылық атып, өзіне өзі келе алмай жатқан  ғой. 
Сөйтсем... Сіз тыңдамай-ақ қойыңыз, мен айтпай-ақ қояйын. Сөздің қысқасы, осы Тоғжан  ғашық болып, өз тілімен айтқанда «жақсы көріп» жүрген  ана Кенже бар емес пе. Жоқ, ол Кенже емес, әлгі облыстық теледидардың бетін бермеуге айналып жүрген әнші ше? 
Иә, иә, есіңізге түсті ғой деймін, талдырмаш денелі, сұңғақтау жігіт. Бет әлпеті ер адамдікінен гөрі қыздардың ұсқынына келіңкірейтін. Сонысына орай егер өңін көрмей, тек тыңдайтын болсаң, дауысынан қай жыныстың адамы екендігін ажырату қиынға соғатын өнерпаз ше? Осы соңғы бір жарым жылдың ішінде облыс көлемінде танылып қалды десем, тым мақтағандай бола қоймаспын. Сөздің қысқасы – әңгіменің кім жөнінде болып отырғандығын қапысыз білдіңіз-ау деп ойлаймын.
Енді сол Кенже мен біздің мына бұйығылау Тоғжанның арасында қандай жағдай болып еді дегенге келейік. Шынын айтқанда, әнші жігіттің  оны жәбірлейтіндей мүмкіндігі әлі бола қоймаған. Ол Тоғжанның мың теңгесін қарызға деп қағып алып, қайтармай жүрсе... Мас болып келіп, үйінің сыртқы есігін сындырып кетсе... Көшеде машинасымен қағып, жалпасынан түсірсе... тағы да сондай көптеген келеңсіз жағдайлардың бірі орын алса... Онда, әрине, бәріміз түсінер едік.
Сіздерге мәселені ептеп түсінікті болу үшін амалсыздан бір құпияның шетін жылт еткізуіме тура келіп тұр. Біреудің сырын  жалпақ жұртқа жайған жақсы қылыққа жатпайды. Әсіресе, көршілердің бәрі танитын, көбінесе ақ кофта киіп жүретін, мінезі тікбақайлау мына мен сияқты тықылдаған қызға. Бірақ жаңағы қанымызды ішкен өксіктің жайын сыртқа шығармай, қалай ғана безбүйректеніп тұра бермекпін? Қалай ішіме сыйғызбақпын? Мойнымда қарыз болып қалмасын, онан да лақ еткізіп айтып тастап, бір-ақ жеңілдемеймін бе? 
Шынын айтқанда, менің білгеніме біраз болған. Бірақ онша мән бере қоймаған едім.  Мән бермегендіктен де шығар, осынша тереңдеп кетер деген ой санамды төңіректеп те көрмепті. 
Тоғжан Кенжені  жақсы көретін. Тек жақсы көріп қана қоймай, өз сөзімен айтқанда, өле ғашық болатын. Теледидардан көріп жүріп-ақ, ынтығып қалыпты. Кенжені  танитынымды естіген сәттен бастап-ақ менің қыр соңымнан қалмай қойды. Сондағы қайталап айта беретіні: «Таныстыршы да, таныстыршы...». Қолдан келіп тұрған  шаруаға бола несіне бәлсінейін, ұйымдастыру шаруасына кірісіп кетіп, сәрсенбінің сәтіне ретін келтірдім-ау. 
Тоғжанның қуанышында шек жоқ. Томпақтау бидай өңі алабұрта түсіп, кездесе қалса, мені құшақтай береді. Жеке кездесті деп құдайға күнәлі бола алмаймын, бірақ топпен бірге  жүріп, анда-санда дидарласып қалғанының өзі-ақ құрбым үшін ауызбен айтып жеткізгісіз зор қуаныш, шексіз бақыт еді.
Ал енді бүгінгі өксіктің жайына келетін болсақ.... Құрбымның өз аузынына естігеннен кейін, не күлерімді, не жыларымды білмедім. Ол кездескісі келетінін емеуірінмен сездірсе, әнші жігіт уақытының жоғын бетке ұстап, жалтара беріпті. Сонан ақыр соңында қолы жетіп, уәдесін алған екен. Тоғжан байғұс барын киіп, бақанын іліп дегендей,  уағдалы жерге ертерек желпілдеп жетіп келмей ме? 
Әдетте мұндайда  жігіт күтіп,  санасынан сарғаюшы еді, бұл жолы сол рөлге еріксіз қыз кіріпті. Кірейін деп кірді деймісің, бебеу қақтырып, зарлатып әкетіп бара жатқан ана дерт емес пе? Дәл таптыңыз, сол дерт. Ғашықтық дерті. 
Әрі тосады, бері тосады, күткен адамының қарасы көрінер емес. Төзімі таусылған соң, бостан босқа ұялып тұрып алмай, ұялы телефонына звондаған екен,  уәделескен жігіті: «Бүгін реті  келмейін деп тұр. Кейінірек...» депті қызарып-қымсынбастан. «Осылай болып қалды» деп, кешірім сұрауды да қаперіне алмаған. 
Енді осыдан кейін жыламай көр, қорланбай көр. Үйге қалай жеткені де есінде шала-шарпы. Есіктен кірер-кірместен, булығып тұрған ішкі шерін ағытып кеп жіберген ғой. Жаны шырқырап жатқан адам телефонның шырылын, сыңсыған СМС-теріңді қайтсін. Тек менікін ғана емес, басқанікін де көтермеген. Менің киіне салып, дедек қағып жеткенім де дұрыс болған екен.
Құрбымның жан дүниесіндегі алай-түлей бұрқасынды жақсы түсіндім. Сонан кейін ғой екеуінің арасына дәнекерлік қызмет атқарып кеткенім. Бұл арадағы Тоғжанның басты бақыты – менің Кенжені жақсы білетіндігім. Өйтіп-бүйтіп жүріп, екеуін тағы жолықтырдым. Тіпті «Табыстырдым» десем, мақтанғандай боламын ба? Сөйтіп менің Тоғжан досым атақты әншінің айналысында  жүрген санаулы қыздардың тобына енді. Пәтеріне де барып тұрады. Сүйген адамыңмен дастарқандас, дәмдес болудан артық қандай бақыт бар? Ыдыс-аяғын жуып, киімін үтіктеп, әйтеуір маңайында төбе көрсетіп жүргеніне мәз.
Өткенде  Кенженің пәтерінде үшеуіміз ғана бас қосуымызға тура келген. Сонда бір жағдайды байқап, мен әнші жігітті танымай қалдым. Мен білетін баяғы сыпайы да мәдениетті Кенжеге не болған? Ол мүлде мұндай емес еді ғой. Әлденеге ашуланып, шырт ете түскен (бұл да оның бойында  жоқ тұрпайылық) жұлдызымыз ғашықтықтан салпақтап соңынан қалмай жүрген нәзік жанды осы бір бойжеткенді бетің бар, жүзің бар деместен, әке-шешесінен бері қарай тартып... боқтап жіберді. Тіпті көлденең көз тұр-ау, ыңғайсыз-ау деп менен де айылын жиған жоқ. 
 Қатты тіксіндім. Өзімді ұстай алмайтыным, қызбалығым лап етіп басыма тепті. Ұстап тұрған сүлгіммен қолынан сарт еткіздім. (Енді ойласам, оным дұрыс екен. Әнші қолымен ән салмайды ғой). Ойыма үйіріліп үлгерген ашулы сөздерді лақ еткізіп, қолма қол айтып тастадым.
Тоғжанмен қарым-қатынасының дөрекі екенін кейін де байқап қалдым. Құрбыма араша түсуден  қашан тартынушы едім. Сол арада-ақ атақты әншінің ит терісін басына қаптадым десем де болғандай.
Кейін құрбымның денесінен көгерген таңбаларды көріп:
 – Мынауың не? – деп сұрағанымда, Тоғжан қызарақтап, айтпай қойды. Мен оны Кенженің өз сөзінен ұстап алдым. Келесі ұшырасқанымда, топтан бөлектей беріп:
– Сен Тоғжанды белбеумен соғыпсың ғой, – дегенімде:
– Жоқ, итеріп қалғанымда, өзі орындыққа жығылған... – деп қара-ап тұр. Ең сұмдығы бұл емес, ең сұмдығы – қаншама таяқ жеп, боқтық сөз естіп жүрсе де, құрбы қызымның дөрекі әншіден ат-тоннын ала қашатын ойы жоқ. Маған қарап зорлана жымияды. Қайта өстіп жүргені өзіне бақытты сияқты.
– Жоқ, Меруерт, сен маған бола Кенжеге тиіскеніңді қойшы... Араласпашы біздің арамызға, – деген кезде, шалқамнан түсе жаздағаным.
Қазір мен екеуіне де жоламауға тырысамын. 

5377 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы