• Әдебиет әлемі
  • 30 Қаңтар, 2021

«Үркердің» үздіктері – 2020

Көпен Әмірбек – сатирик, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

«Сайтанның сапалағы» атты мақаласы үшін дараланды. Мақаладан бір үзік:

«Немістің ұлы ақыны Гете бес рет министр болған. Қалай? Жыл сайын патшаны мақтап ода жазып қояды екен. Сондай бір одағайлау одасын оқыған ұлы композитор Бетховен айтыпты. Не деп? «Әй, Гетежан, – десе керек, –  мен сені ақындардың патшасы ма десем, патшалардың ақыны екенсің ғой!»

«Үркер», №11

Бағдат Мүптекеқызы – журналист, этнограф,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері.

«Бабын тапса, балапан қыран болар» мақаласы үшін дараланды. Мақаладан бір үзік:

«Ұлтымыздың арғы тегі болған түріктердің мәдениетінен тасқа жазып қалдырған Орхон ескерткіштерінің бір жолында:

«Шұғай құзында,

Қарақұмда отырушы едік,

Киік жеп, қоян жеп отырушы едік.

Халық тамағы тоқ еді,

Жауымыз тегіс жыртқыш құстай еді» деп жазылған болатын.  Ал, «Қорқыт ата кітабында»  да байтақ даланы мекен еткен аңдарды халықтың қажетіне жаратқаны туралы  баяндайды».

«Үркер», №11

 

Берекет Кәрібаев – Ұлттық Ғылым академиясының коррес-пондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

«Алтын орда – алтын тамыр, асқақ рух» мақаласы үшін дараланды. Мақаладан бір үзік:

«Алтын Орданың орыс мемлекетінің тарихындағы алар орны жеткілікті түрде айтылмай келеді деп ойлаймын. Бір орталыққа бағынған орыс мемлекеті құрылғанға дейін, орыс жерлерін сыртқы жаулардан Алтын Орда сақтап қалды, олардың өз ішінде біріге бастауы Алтын ордалық кезеңде жүрді».

«Үркер», №4

 

Сағатбек Медеубекұлы – ақын, публицист, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті,  журналистика факультетінің деканы.

«Әл-Фараби және музыкалық дыбыс» мақаласы үшін дараланды. Мақаладан бір үзік:

«Адам жан-дүниесінің құбылуынан туған әсерін сыртқа шығару  арқылы толқынды, әсерлі, әуезді дыбыстар тудырды. Мінеки, музыкалық дыбыс шартты түрде осылай өмірге келді. Шартты музыкалық дыбыс музыкалық аспаптың дүниеге келуіне бірден-бір себепші болды. Музыкалық дыбыстың шынайы дамуы музыкалық  аспаптардың  пайда   болуымен  тікелей  байланысты».

«Үркер», №6

Нұрғали Ораз – жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

«Тау тұлға», «Ақсақал және ақ теңіз», «Кернейдегі мұң», т.б. этюдтері үшін дараланды.

«Тау тұлға» этюдінен бір үзік:

«Шер-ағаң жайғасқан диванға қарама-қарсы беттегі қызғыш-қоңыр шкафтың үстінде кіп-кішкентай, дөп-дөңгелек сағат тұрушы еді. Ол кісі әлсін-әлсін оған да қарап қоятын-ды. Себебі, кіп-кішкентай сағат айдай әлемнің тамыршысындай сыртылдап, кезегімен таң атып, күн батып, өмір өтіп жатқанын үнемі еске салып тұрады.

Ақ тұманға оранған тау секілді, күндердің бір күнінде Шер-ағаң ғайып болды...

Тап сол сәтте қызғыш-қоңыр шкафтың үстіндегі кіп-кішкентай сағат та тоқтады. Оның тілі әлі күнге дейін кешкі 18 сағат 28 минутты көрсетеді».

«Үркер», №5

 

Жарас Сәрсек  – ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы-ның иегері.

«Енді қайтып келме сен» мақаласы үшін дараланды. Мақаладан бір үзік:

«Әркімнің өз тазалығы – өзіне» деп келгенбіз. Олай емес екен. Сенің тазалығың – отбасыңа, ортаңа да қорған екен. Дерт – өкшелей қуған жау. Жауды қасарысып та, қашып жүріп те жеңуге болады. Адамзат баласына соңғы тәсіл қажет. Өйткені, бұл жаудың  көзі байлаулы. Ал сенің көзің ашық. Өзің барып ұрынба. Ол үшін арнайы сабақ өтудің керегі шамалы. Сабақты үйде отырып та  оқуға болады, үйде отырып та сабақ беруге болады».

«Үркер», №10

 

 

Динара Мыңжасарқызы – журналист.

«Абай – әлем картасында» атты мақаласы үшін дараланды. Мақаладан бір үзік:

«Абай шығармаларын әлем халқы өз тілінде аударуға құштар. Абай – жасқа, ұлтқа бөлінбейді. Оның мұрасы ешқашан құндылығын жоймайды. Ұлы ақынның шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Ол келешек заман үшін де ұлттық құндылығымыздың биік шоқтығы болып қала береді».

«Үркер», №8

 

 

Гауһар Түстікбаева – журналист.

«Домбыра» мақаласы үшін дараланды. Мақаладан бір үзік:

«Халқымыз киелі домбырасын жанына серік етіп қана қоймай, оны тек қимасына ғана тарту еткен. Ұлттық аспаптан бір елі ажырамаған күйші Құрманғазы өзінің жас шәкірті Динаның күй тарту өнеріне тәнті болып: «Домбыра менің өмірлік серігім еді. Ол ғұмырымның ұзақ та қиян-кескі қиын жолда сенімді серігім, берік сүйеу болды. Енді осы қимас серігімді лайықты мұрагерім – саған табыстаймын, – деп өзі үнемі жанында ұстап, күйлерін шерткен асыл домбырасын Динаға сыйға береді».

«Үркер», №7

 

 

349 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Ай астындағы концерт (Әңгіме)
Келесі мақала Кеңістік – көзім, Жер болса – көзімдегі тамшы

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ҮРКЕР №2

07 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы