• Cұхбаттар
  • 30 Қазан, 2020

Әкімдерді рейтингпен бағалауға болмайды

Коронавирус кезінде бірлі-екілі депутат қана халық арасына шығып, жағдайға байланысты үн қосты. Басқалар ше? Өздерін «халық қалаулысымыз» деп
санайтын бірсыпыра депутат күрделі кезеңде жұрттың жағдайын өз көзімен көруге неге енжарлық танытты?
Бұл сауалымызды
Мәжіліс депутаты
Нұртай Сабильяновқа қойдық.

– Нұртай Салихұлы, еліміздің қай өңірін алсақ та, аурухана жетіспейтіні байқалды. Аурухананың өзінде тұрмақ, жансақтау бөлімінде оттегі аппараты немесе өкпені жасанды желдету құралы аз. Бұл мәселе Шығыс Қазақстан өңірінде де өткір секілді. Сіз өз тарапыңыздан қандай көмек ұсындыңыз?

– Бұл індетпен күресу Қазақстан үшін оңай болған жоқ. Денсаулық сақтау министрлігінің, өңір әкімдерінің әу бастағы дайындығы өз деңгейінде болмады. Аймақтарда ауруханаларда орынның, дәрі-дәрмектің  жетіспеушілігі, тиісті медициналық құралдардың тапшылығы анық көрінді. Әсіресе, оттегі баллондарының, өкпені жасанды желдету құралдарының жоқтығы кез келген өңірде бой көрсетті. Шығыс Қазақстан облысына келсек, мұнда да жағдай күрделі болып шықты. Бұл өңірге Ресейден 500-ге жуық оттегі концентраторы сатып алынды. Бұл – жанашыр кәсіпкерлердің, қарапайым халықтың ақшасы. Мысалы, жеке кәсіпкерлер жинаған қаржыға 127 оттегі концентраторы сатып алынды.

Соңғы деректерге сәйкес, қорға 2 млн теңге жиналған екен. Одан бөлек  «ҚазЦинк» ЖШС 85 млн теңге бөліп, 120 оттегі концентраторын алып берді. Осыдан кейін ғана облыстық Денсаулық сақтау басқармасы әрекетке көшіп, 200 оттегі концентраторын ауруханаларға таратты. Яғни, оған дейін облыста ауруханаларды медициналық құралдармен жабдықтау өз деңгейінде болмаған.

Өз тарапымнан «Халықтан – халыққа» қоры арқылы көмек беріп жатырмын. Аягөз ауданында «Аягөзге көмек» қоры құрылды. Мұнда да сол, қарапайым адамдар, жанашыр азаматтар өз еркімен көмек қолын созды. Оларға ешкім «Ақша жина!» деп айтқан жоқ. Бәрін көріп, қол қусырып отыра алмады.

– Денсаулық сақтау министрі А.Цойға ресми хат жолдап, ШҚО-дағы денсаулық сақтау саласындағы жайттарды жеткізіп, оны шешуге атсалысқаныңызды естідік. Министрлік нақты қандай көмек берді?

– Бұл індеттің алдын алуға жанкештілік танытып, тынбай күресіп жатқан дәрігерлерге, медицина қызметкерлеріне алғысым шексіз. Олардың ерен еңбегінің арқасында науқастардың беті бері қарап, жағдай реттеліп келеді. Бірақ Шығыс Қазақстан өңірінде әлі де індеттің беті қайтқан жоқ. Күннен-күнге өсіп жатыр. Басқа өңірлермен салыстырғанда, кей кездері індетті жұқтырғандар саны күніне 5 пайызға өскен. Басқа өңірде орташа есеппен 2,3 пайыз. Ең жоғарғы көрсеткіш – ШҚО-да.

Денсаулық сақтау министріне хат жазар алдында түйіткілді мәселелер бойынша талдау жүргіздім. Онда ШҚО-да жағдайдың ушығып тұрғанын, дәрі-дәрмектің жетіспеушілігін, ПТР-тесттің жоқтығын және азаматтардың тест тапсыруына мүмкіндік жасалмай отырғанын көтердім. Министр А.Цой мырзамен сөйлесіп, өңірдегі жағдайды жеткіздім. Министрлік тарапынан нақты тиісті шаралар қабылданды.

Біріншіден, дәрі-дәрмек жетпей жатқан ауруханаларға «СҚ-Фармация» арқылы қажетті препараттар жеткізілді. Екіншіден, ШҚО-ның бірде-бір ауданында коронавирусқа талдау жасайтын ПТР-зертхана болмаған. Осыған байланысты 4 ПТР анализаторын алып беруге шешім шығарды. Бұл шалғайдағы ауылдарға да жеткізілетінін айтты.

Сонымен бірге қала, аудан орталығындағы ауруханада амбулаторлық емделетіндер үшін мобилдік топтар құрылды. Міне, осы мобилдік топтарда дәрі-дәрмек мүлдем тапшы. Ал провизорлық ауруханаларға берілген дәріні мобилдік топтар қолдана алмайды. Бұл заң бұзушылыққа жатады. Халық өзінің сатып алған дәрілерін мобилдік топтағы дәрігерлерге беріп, көмек жасауда. Бұл негізі мемлекет тарапынан қолға алынуы керек. Одан бөлек «ИВЛ» аппаратымен қамтамасыз ету де өз деңгейінде болмады. ПТР анализаторы тұрмақ, компьютерлік томография ірілі-ұсақты 5 қалада болуы мүмкін, аудан орталығында жоқ.

Сонымен қатар, жағдайды бақылау үшін әр аурухананың төсек-орын жабдығымен толықтай қамтылуы, қажетті дәрі-дәрмектің қолжетімді болуына байланысты күн сайын мониторинг жасауды сұрадым. Мұнымен ДСМ келісіп, өңірлерге тапсырма беретінін айтты. Біздің үлкен қателік – әр аурухана, дәріхана бойынша мониторинг жасалмаған. Осының бәріне дер кезінде мониторинг жасалғанда, жағдай тым күрделі болмас еді.

– Ал рейтингте індетке қарсы белсенді күресіп, нақты іс атқарып жатқан облыстар тізімінің көш басында Шығыс Қазақстан облысы тұр ғой. Бұған не дейсіз? 

–  Ең бастысы, індетпен күресуге жергілік-ті атқарушы органдар Денсаулық сақтау мекемелерімен бірлесіп жұмыс істеуі керек. Ал рейтингке келсек, ДСМ облыстардың жүктелген міндетті орындауын 17 индикатор бойынша бағалауды енгізіпті. ШҚО соның 9-ын орындаған деген мәлімет берілген, ал 8-і орындалмаған. Шын мәнінде, ШҚО індетке қарсы күресте басқа облыстардың алдына шығып кетті дегенге сене беруге болмайды. Білсеңіз, ШҚО өзіндегі бар мүмкіндікті толық пайдаланған жоқ. Әйтпесе, облыстың бюджеті үлкен. Бірақ соны керексіз бағыттарға жұмсап отыр. Тіпті, медициналық  мекемелерге көмек беру жағдай тым ушыққанда  ғана қолға алынды. Оған дейін қандай да бір әрекет істеле қоймаған. Көбінесе мәлімет берумен ғана шектелді. Қысқасы, өңір індеттің алдын алуға да, күресуге де дайын болмады.

Әкімдерді рейтингке байланысты бағалауға болмайды. Кей әкімнің жанында танымал блогерлер болуы мүмкін. Олар әлеуметтік желіге жазып, жарнамалайды. Ал шын мәнінде жұмыс істеп жатқан азаматтар бар. Мысалы, бір облыстың әкімі халықпен бірге ауылды аралап, бар жақсылығын жасап жүрсе де, рейтингте соңғы орында тұруы мүмкін. Рейтингті өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланыс-ты жасау керек.

Айталық, ауыл түгел ауыз сумен қамтамасыз етілді ме, тұрғын үйге сұраныс қанағаттандырылды ма, жолы дұрыс па, аурухана жеткілікті ме, халықтың өмір сүру деңгейі жоғары ма, халықтың кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсетіле ме, міне, осының бәрін зерттеп, зерделеп, рейтинг жасаса құба-құп. Ал әлеуметтік желіде рейтинг жасау дұрыс емес. Өз басым әкімдерді рейтингке байланысты бағалағанға сенбеймін. Ішіне үңілсеңіз, кез келген облыста түйткіл жетерлік.

– Шығыс Қазақстан өңірінде соңғы жылдары жаңа аурухана, емхана салынды ма? Мысалы, кезінде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша неше аурухана пайдалануға берілді?

– 1992-2016 жылдар аралығында облыста 97 денсаулық сақтау нысаны салыныпты. Оның 6-уы – аудандық аурухана, 5-еуі – аудандық емхана, қалғаны – медпункт, дәрігерлік амбулатория және Семей мен Өскемен қаласындағы медициналық орталықтар. Өкініштісі, соңғы төрт жыл ішінде аурухана да, емхана да салынған жоқ. Екі жыл бұрын Өскемен қаласында 200 балаға арналған облыстық балалар ауруханасының құрылысы басталып еді. Әлі аяқталмады. Ал 2012 жылы Семей қаласында радиологиялық орталық салу жоспары бекітілсе де, 8 жыл өтті, бітпей тұр. Оған сол кезде 6 млрд теңге жұмсалған. Бірақ ол ақшаның қайда кеткені тексеріліп, мердігерлік компания жауапқа тартылып, сотталса да, тағы қосымша 6 млрд теңге бөлу қарастырылған. Сол сияқты Зайсан қаласында аурухана болса, емхананың ғимараты жоқ. Емхана балабақшаның ғимаратында орналасқан. Үржарда да сондай. Аудан орталығында аурухана бар да, емхана жоқ. Көптеген аурухана күрделі жөндеуден өтпеген, медициналық құралдар жеткіліксіз.

– Бір пікіріңізде өңірге бөлінген ақшаның діттеген жеріне жетпеуіне бірінші себеп – жемқорлық деген едіңіз...

– Мұны көзбен көріп қана жүрген жоқпыз, құжат бойынша да дәлел бар. Мысалы, Аягөз ауданы бойынша 5 ауыз су жобасына бөлінген қаражат талан-таражға салынған. Ол туралы тиісті құқық қорғау органдарының тексеру нәтижесі де, соттың шешімі де бар. Сол сияқты кейбір нысандарға берілген қаражат игерілсе де, оның сапасы өз деңгейінде емес. Қағазда керемет, өмірде басқа. Аягөз қаласында «кәріз жүйесі іске қосылды» деп қағаз жүзінде айтылғанмен, тұрғындар мұны теріске шығарып отыр. Көкпекті ауданы, Самар ауылындағы ауыз су мәселесін шешуге 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінсе де, нәтиже жоқ.  Жол салынады, бірақ сапасыз. Қаражаттың қайда кеткенін бақылау жағы кемшін. Мемлекеттен бөлінген қаражаттың мақсатқа сай тиімді жұмсалуын қадағалау керек.

Қазір облыста 300-ге жуық ауыл таза ауыз сумен қамтылмаған. 90-ға жуық мектепте спорт зал жоқ, 100-ге тарта мектепте асхана жоқ. Есесіне, өңірде үлкен нысан салу сәнге айналды. Мысалы, Семей қаласында 27 млрд теңгеге спорт аренасы салынды. Бір жыл болды, бұл ғимарат бос тұр. Қазір елде індет өршіп, қаражат үнемделу керек делінсе де, Өскемен қаласындағы күніне екі-ақ рет рет ұшақ қонатын әуежайды қайта жөндеу үшін 10 млрд теңге қаражат бөлінген. Бір айта кетерлігі, әуежай 6 жыл бұрын ғана жөндеуден өткен. Қаржыны орынсыз жұмсауды қысқартып, халықтың жағдайын түзеуге мүмкіндік жасаса болмай ма?

Сонымен қатар, облыста мемлекеттік сатып алуға қатысқан кәсіпкерлерден откат алу тоқтамай тұр. Откат дегеніміз – берілген ақшаның 15-20 пайызын шенеуніктерге қайтарып беру. Оны облыстың кәсіпкерлері жыларман күйде ашынып, ашық түрде айтты. Осының өзі-ақ ШҚО-ның жемқорлық бойынша алдыңғы орында екенін айғақтайды.

– Президент індеттің өршуіне байланысты әкімдерді сынға алды. «Әкімдер аса күрделі жағдайда жұмыс істей алмайды. Өзекті проблемаларды шұғыл шешуді, азаматтарға мемлекеттік саясатты дұрыс түсіндіруді білмейді» деді Президент. Шын мәнінде, қатаң қадағалауды кейін емес, алғашқы дерек тіркелгенде қолға алуға не кедергі болды?

– Әкімдер мәлімет берумен ғана, «бәрі жақсы» деумен ғана шектелді. Негізі – өңірлерде қаражат көп. Облыстық, қалалық бюджеттерді қайта нақтыласа, көп шығынды қысқартуға болар еді. Мысалы, Алматы қаласының әкімдігі бюджетін нақтылап, 60 млрд қаржыны індетке қарсы көмекке жұмсапты. Басқа өңірлердің де осылай істеуіне болмай ма? Яғни, күрделі жағдайда өңір әкімдері жұмысының нәтижелігін өз деңгейінде көрсете алмағанын мойындау керек.

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы ретінде 4 жыл бойы облыс, аудан әкімдерімен жұмыс істеп келемін. Қай өңірде не мәселе бар, жақсы білемін. Қай өңірде ауыз су жоқ, тұрғын үй мәселесі өткір, жолы сапасыз, интернетке қол жетімсіз, бәрі тайға таңба басқандай. Заң қабылданғанда осыны ескеріп, республикалық бюджеттен қолдау ретінде едәуір қаржы бөлінеді. Бірақ қаражатты тиімді пайдалану өңір әкімдерінің өздеріне байланысты.

Президенттің сыны да өте орынды. Одан әкімдер қорытынды шығару керек. Өйткені, қазіргі жағдайды халық біліп, көріп отыр. Ауылдағы халық мұңын шағып қайда барады? Аудан, облыс әкімінен көмек сұрайды. Сосын бізге, үкіметке жазады. Алайда  мәселені назарға алып, реттеп, жағдайды жақсартатын – әкімдер. Құр қағаз жүзіндегі есеп кімге керек? Оның бәрін қысқартатын уақыт келді. Шынын айту керек, олар қатаң тапсырма бергеннен кейін ғана қимылдап жатыр.

– Қалай десек те, Қазақстан індет жұқтыру бойынша алдыңғы қатарға шықты.Өлім-жітім де аз емес. Бұл індет елімізді қай жағынан «әйгілі» етті? 

– Халыққа  дер  кезінде  сапалы  медицина-лық көмек көрсетілмеді. Өздері емделейін десе, дәрі-дәрмек те тауып берген жоқ. Енді халықты аман алып қалсақ, соның өзі жұбаныш. Бұл індет жергілікті атқарушы органдарда, Үкіметте көп түйткүл барын көрсетті. Басқару жүйесінде де, кадр мәселесінде де түйткіл көп. Ұйымшылдық жағы әлсіз екенін көрсетті. Медициналық ахуалымыздың төмен екенін көрсетті. Ең бас-тысы, елде жемқорлықтың жайылып кеткеніне анық көз жеткіздік. Мемлекеттің қаражаты тиімді жұмсалмай, бақылаусыз кетіп жатқанын көріп, қынжылдық.

– Қалай ойлайсыз, індет кезінде әр азамат өз туған жерінің ғана қамын ойлап кетті ме, әлде бұл солай болуы заңдылық па? 

– Әр азамат ең алдымен туған елінің, жерінің жанашыры. Сондықтан, туған жеріне көмек беріп жатыр. Мұны қолдауымыз керек. Қазақ – бойында қайырымдылық қасиеті бар халық. Мынандай жағдайда бей-жай қарамай, бір-біріне көмектесуі – халықтық қолдау. Қайырымдылық жасау әркімнің мүмкіндігіне байланысты. Оны тәптіштеп айту, жариялау ыңғайсыздау болар. Жалпы, әлеуметтік желіде, ақпарат құралдарында жасаған жақсылықты жарияға салу ұят іс. Үлкен кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер көмектесіп жатса, атын атап айтуға болады. Ал жеке азаматтар жақсылығын жарнама жасамағаны жөн.

– Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан

Динара Мыңжасарқызы

80 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Құралай Халекетқызы: Мен бақытты адаммын

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ҮРКЕР №10

30 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы