• Әдебиет әлемі
  • 30 Қазан, 2020

Махаббат миниатюралары

Сәбит  Дүйсенбиев

Мен ғашық емеспін

 Ол маған ұнады. Ал мен оған ұнауға тырысып жүрдім. Бірде екеуміз би алаңында кездестік. Оны көргенде қатты қуанып кеттім. Өйткені, біз әлі  таныспаған едік. Танысуға бұдан артық қолайлы сәт, сірә, болмаса керек.

Би басталған бойда-ақ ортаға шақыру ойымда еді. Бірақ реті келмеді.

Вальс ойналды. Адымдай басып, оған жақындадым. Менің шақыруымды қалай қабылдайды деп жүрексінбедім де. Алдына келіп, ізет көрсетіп, қолымды ұсындым. Ол мен бірдеңе ұсынып тұрғандай, қолыма көзін төңкере бір қарап:

– Билемеймін, – деді.

Бұнысы «берген затыңды алмаймын» дегендей болып әсер етті. Іс үстінде ұсталған ұрыдай созған қолымды қайда жіберерімді білмедім. «Жұрт көріп қойды-ау» деген суық ой келмегенде, осылайша қанша тұрарым белгісіз еді.

Әлдеқандай бір қыздың кеудемнен итергені. Ойласам, бетім дуылдап кетеді. Бөлмені ары-бері мың қайтара кезіп, байыз тауып отыра алсамшы. Қайта-қайта темекі тұтатып, оның көк түтінін құнығып жұтпай жатып-ақ, әлгі жай есіме оралып,  лақтырып  тастаймын.

Біз содан кейін де көшеде талай-талай кездесіп жүрдік. Неге екенін білмеймін, оны көргенде жүрегім ала бөтен өрекпіп тулап қоя береді. Сасқалақтап, бетіне тура қарай амаймын. «Енді көрсем сызданып, ашулы екендігімді білдірмесем бе?» деген ой жайына қалады. Тек ол қасымнан тербеле басып өте шыққаннан кейін барып өзімді жерден алып, жерге салам. Қалайда өзімнің ғашық екендігімді мойындағым келмейді. Мен ғашық болатындай, түнімен ұйықтамай ойлап шығатындай, ол соншалықты кім еді?

Осы ойлар бірте-бірте меңдеп алғаны сонша, енді ол қыз қасымнан өткенде, бұрынғыдай абыржымайтын болдым. Иығымды қомдап, кеудемді көтеріп, аяғымды барынша салмақпен басып, өте шығамын.

Бәрібір биге барғанда көңілімді қайтарғаны есімнен кетейді. Есеп 1:0. Қарымта қайтаруым керек. Есеп теңелгесін, ол да, мен де өз жөнімізбен кетеміз, бәрін де ұмытамыз... Оған ғашық болмасам үстіме жақсы киім кие қалған күндері, ол көрмей қалса, айнаның алдына неше барып, неше кеткенім есіме түсіп, күйінетінім неліктен? Егер оған ғашық болмасам, өстер ме едім? (Әлде мұным қыр көрсету ме?)

Біз содан кейін де көшеде талай-талай кездесіп жүрдік. Қарсыласым баяғыша шығыңқы  кеудесін көрсетіп, түзу, әдемі аяқтарын барынша еппен басып, өте шығады. Тіпті ол маған бола кеудесін кермейтін болар, кеудесін қос анары онсыз да керіп тұр емес пе? Ол менің осынша тыраштанып жүргенімді байқамайтын да болар.

Бірте-бірте қатты өшіге бастадым.Ол кердеңдеп қасымнан өтіп бара жатқанда, қолымдағы портфельмен жіберіп ұрғым келеді.

Күндер солай өтіп жатты. Достарым демалыс сайын қараларын көрсетпей, қыдырып кетеді. Бәрінің сүйген қыздары бар. Ал менің әлдекімнен қарымта қайтарамын деп, жүрген жүрісім мынау.

Бір күні кинотеатрға бардым. Свердловск киностудиясы шығарған «Фонтан жанында кездесейік» деген комедия жүріп жатыр екен. Билет алдым. Фильмнің басталуына әлі жарты сағаттай уақыт бар. Сыртқа қайта шықтым. Ондағы ойым – уақыт өткізу. Сәлден соң ішке кірсем, әлі сол жарты сағат тапжылмапты. Кинотеатрға жалғыз келуімнің соңы осы болсын деп түйдім ішімнен. Сол сәтте есіме бейтаныс қыз түсті. Бейтаныс деймін-ау, ол маған әбден таныс емес пе? Қазір қайда жүр екен? Мүмкін, жігітімен қыдырып жүрген болар. Олай емес, оның жігіті жоқ, ол қашан да мен сияқты жалғыз жүретін... Бойымнан қызғаныш сияқты бір нәрсенің оянғанын сездім (Әй, сенің жұмысың не, кіммен қыдырса онымен қыдырсын, сен оған ғашық емессің ғой, қызғанатындай). Сәлден соң, «сондай сұлу қыздың неге осы күнге дейін сыңары  жоқ,  олай болуы  мүмкін  емес  қой»  деп,  ойлана    бастадым. Үш қайтара қоңырау соғылғаннан кейін залға кіріп, билетте көрсетілген орынға жайғастым. Кенет оң жағыма қарасам, Ол отыр. Содан қайтып бұрылғам жоқ. Картина тым қызық екен. Бірақ екеуміз де сіресіп отырдық та қойдық. Жұрт шалқайып та күлді, еңкейіп те күлді.

Біз кинотеатрдан шыққанда күн кешкіріп қалыпты. Қар жауып тұр жапалақтап. Көлікке отырмай-ақ, жаяу барғым келді. Күртешенің жағасын көтеріп қойдым. Жапалақ қар шашыма қонып жатыр, қонып жатыр. Асығатын не бар? Әр қадамымды еріншектей, санап басамын. Бейтаныс қызбен арадағы болған жайларды есіме алып, жымиып қоямын. Басымды көтерсем, алдымда дәл мен сияқты еппен басып, бір таныс бейне кетіп барады. Сол ғой. Бүгін онымен қалайда татуласқым келді. Міне, мен оған таяп та қалдым. Қатарласуға батпаймын, тағы да бетім қайта ма деп қорыққандықтан болар. Олай емес сияқты (Енді не?).

Әлі жүріп келеміз, әлі жүріп келеміз. Сірә, менің соңынан ілесіп келе жатқанымды сезеді ау деймін, артына бір бұрылмады.

Жүрісі қызық өзінің. Тербеле баса ма, қалай? Өмірге ішпей-жемей мас болып жүрген біреу шығар. Оның осылай жүргенін көрсем, қарадан қарап тиіскім келеді. Қазір жетіп алып, қарға аунатып кетсем бе екен?.. Аяғымды қарыштай адымдап, оған жеттім. Әдейі қарды сықырлата-сықырлата басам, естімегенсиді. Сосын шыдамадым. Пальтосының жағасынан тартып қалып, жерге құлаттым. Сөйттім де, түк болмағандай, кете бердім. Апыр-ай, осы ісім қалай болды? Қой, барып тұрғызайын, кешірім сұрайын. Бұрылып қарасам, менің көмегімсіз- ақ орнынан тұрып жүріп келеді. Не айтады деп күтіп тұрдым. «Ұятсыз, ақымақ...». Әйтеуір осы сияқты сөздің бірін еститінім анық.

Ол түк болмағандай жанымнан өте берді. Жыным мұндай келмес. Жетіп алдым да, бас салып құшақтап, өзіме икемдеп, ернінен сүйе бердім, сүйе бердім. Ал ол көптен бері осыны күткендей, үндемеді. Жүрегім дәл баяғыша аттай тулап, кеудемде қуаныш нұры ойнап қоя берді. Көп тұрып қалыппыз. Бір сәт талай мәрте көзіне ілмей, қасымнан өтіп кеткені есіме түсіп, оны сол сәтте өзімнен ажыратып, жай ғана салмақпен:

– Мен саған ғашық емеспін, – дедім.

Ол қабағын қатайтып: 

– Мен де саған ғашық емеспін, – деді.

– Енді неге сүйістің?

Кенет ол шыдамай күліп жіберді. Мен де шыдамай, күліп жібердім.

 Сен сұлу емессің

 Соңғы кезде тым қызғаншақ болып бара жатқан сияқтымын. Оның бәрі бір саған ғана байланысты.

Сен маған басқа адам болып жүрген кездері (сен маған сол алғашқы көрген күннен бастап жақын адамсың, қасымда жүрмесең де ойымда жүретінсің) ерніңнен сүюдің өзі қол жетпес арман еді. Ол арманым орындалды. Әйтсе де, қызғаныш деген бір пәле күн санап өсіп, ойымды меңдеп алды.

Сенің өзге жігітпен сөйлесіп тұрғаныңды көрсем, соған көңілі ауып кетпеді ме екен деп ойлаймын. Тіпті, бірге жүретін дос қыздарыңнан да қызғанамын. Олар мені ұнатпай, саған басқа бір жақсы жігіттерді мақтауы да мүмкін ғой.

Әлемдегі ең сұлу қыз сенсің! Мен оны дәлелдеп, неше күн бойы сөйлеуден жалықпаймын. Әрине, айтқым келмейді-ақ, ішіме сыймайды, достарыма сенің қалай күлетініңді, қалай жүретініңді, екеуміздің қыдырғанымызды, сенің не дегеніңді, менің не дегенімді айтып берем. Бірақ олар немқұрайлы тыңдайды. Оларға қызық емес сияқты. Қайдан қызық емес болсын...

Әлемдегі ең сұлу қыз сен болсаң, онда әлемдегі бар жігіттер ғашық болады да. Ал мен ең мықты жігітпін бе?  Олай деп айта алмаймын. Ендеше...

Бүгін мен сені аялап тұрып, жүзіңе анықтап қарадым. Міне, жаңалық, сен сұлу емес екенсің! Қазақтың көп қыздарындай, қараторы, сүйкімдісің.

Солай болғаны жақсы. Сенің бойыңдағы құдіретті менен басқа ешкім сезбей-ақ қойсын. Сенің сұлу екеніңді өзім ғана білейін, өзім ғана мойындайын. Сен сұлу емессің!

 Таң

 Шіркін, тамыз түндері ай. Ұйқы бізден қайда қашқан. Айырылысуға қимаймыз. Әне кетеміз, міне кетемізбен түн ортасы да ауды. Жым-жырт, мылқау әлем. Құшағыма сені тартуым мұң екен, әлгінде ғана тіл, құлақтан айрылғандай көрінген дүние жанданып сала берді. Аяқ астымыздағы жер қозғалып, тербеле жөнелгендей. Алыстан талып жеткен үн бар сиқырымен баурап алды. «Мәңгілік әуен» (мен ол әуенді осылай атадым). Бұл әуен екеумізге ғана арналған. Оны ешкім білмеуге тиіс, біле алмайды да, ол – сенің жүрегіңмен менің жүрегімнің қосылып айтқан әні ғой.

«Мәңгілік әуен». Сен қандай күшті едің! Сені тыңдай-тыңдай шарап ішкендей масайрадық.

Таң атпаса, дүние осылай мәңгілікке мүлгіп кетсе екен деп тілегенбіз. Бірақ таң атып келеді, таң атып келеді бозамықтанып.

Таң.

Таң бізді екі айырды.

 

Сен соны сезесің бе?

 Саған дейін... Өзгелерден адамда  айтылмайтын бір құпия сырлар болады деп еститінмін (Ол қандай сырлар болды екен?). Өзімде сондай құпия неге жоқ деп налушы едім. (Сірә, мен кеудесінде тұнып жатар мұңы жоқ сезімсіз жан болармын ба?).

Енді, міне, сонау жан түкпірінен жарыққа шыққысы келгендей, саған  деген  сырларым  кеудемде бұлқынады келіп...

Саған дейін... Өзгелерден ғашық болған кезде, жүрегің бір жанның есімін айтып, дүрсілдете соғады деп еститінмін. (Ал оның жүрегі сен деп соғар ма екен?). Ұйықтар кезде, таныс бейтаныс қыздарды көз алдымнан өткізіп, жүрегім солардың қайсысының есімін айтып соғады екен деп, қиялға батамын. Егер өзіме салса, жүрегім олардың бір де біреуінің есімін айтып соғуын қаламаған болар едім. Өйткені, мен ойлаған жан, мынау айналамдағы қыздардың ешқайсысына да ұқсамайтын сияқты. Ол менің көзіме қашан түседі, мен оны көрген кезде қандай күйде болар екенмін?

Сөйтсем, сен өне бойы қасымда, бір-ақ аттам жерде жүріпсің. Алғашында аңғармадым.

Ал содан кейін үндемей жүріп, жүрегімді қалай жаулап алғаныңды байқамай қалдым. Енді келіп, сені алғаш қай жерде көргенімді, қандай күйде болғанымды есіме түсіре алсамшы. Шіркін-ай, бір көргенде ғашық болған шын мәнінде тамаша екен ғой. Күндер бойы бақытымды аспаннан салбырап түсердей күтіп жүрсем. Егер сен екеніңді білсем... (Шынымен ақ білсем, не істер едім?)

Күні кеше ғана өзгелерден айырмаң жоқ сияқты еді. Енді, міне, ерекшесің. Елдің бәрінен жақынсың... Енді тіпті түндер бойы ұйықтар алдында ойлайтын «ғажайып жанды» есіме де түсіргім келмейді. Оның орнын сен бастың...

Жүрсем де, тұрсам да сені ойлаймын. Түсімде де сені көремін. Сен дегенде кеудем күмбір-күмбір күйге толы.

Ал сен соны сезесің бе?

Сенімен әр кездескен сайын, осылардың бәрін бір ағыл-тегіл ақтарылып айтқым келеді. Мен бұған дейін сыр айтып көрген жан емен. Енді айтқым келеді. Жан түкпірімде бұғып жатқан, жаңа оянған ғажайып сырларымды тек саған айтқым келеді.

Мен саған сырымды айтам.

 

Сен мені сағындың ба?

 – Сен мені жақсы көріп қалдың-ау деймін...

– Қайдан білейін, әзірге жұбымыз жазылып көрген емес, мүмкін, екеуміз екі жаққа айырылыссақ, сонда ғана аңғаратын шығармын.

– Ендеше, сынап көрейік... Бүгін мен қонаққа жалғыз кетейін, ертең бір-ақ ораламын, ал сен кешкілік биге бар...

– Жарайды, келістік.

Қасымда сен жоқсың. Сыңарынан айрылған аққудай жаным жүдеу. Состиған көлеңкемнен үркемін. Сен қасымда жүргенде, мерейім қашанда үстем еді. Даланың тірі гүлі көркіме көрік қосқандай көрінетін. Дала гүлсіз қандай жүдеу болса, ер адам да әйелсіз соншалықты мүсәпір екен-ау.

Студенттік өмірде тойып бір жейтін тамақты аңсамайтын кезің аз ба? Ал бүгінгі бай дастарқанда менің тәбетім ашылар емес.Ау, бұл адамдар бос сөзбен таңды атырмақ па? Не әңгіме айтылып жатыр? Құлағым күңгір-күңгір. Менің ештеңеге зауқым жоқ. Бал шарап та көңілімді желпінтпейді. Қайта-қайта сағатыма қараймын. Түн ортасы. Ішінде оттай тіршілігі қайнаған думанды мекен тым-тым алыста қалғандай дәрменсіз күй кешемін. Кейде бір күннің ғасырдан да ұзақ көрінерін сезер ме едің?

Достым, сөзіме құлақ ассаң, жолдың қашықтығын да ескермей, жеткізші думанды ортаға. Сенің осы жақсылығыңды өмір бойы ұмытпауға әзірмін. Әйтпесе, мына түннің мен үшін өтер түрі байқалмайды. Қапаста тұншығып, жалғыздықтан жапа шегемін ғой. Бір ауыз жылы сөзің маған қаншалықты қуаныш сыйларын сезер ме едің?

Көңіл қандай жүйрік. Ол, сенсең, мына машинаның жылдамдығынан да мың есе артық. Мен көңілденейін дедім. Жол қысқарған сайын, бақытты қолмен ұстауға аз-ақ қалған жандай жайдарыланамын. Әзіл тастап, айналама шуақ шашамын. Менің тағатсызданғанымды сезгендей-ақ,  доңғалақтар да алға қарай өршелене ұмтылғандай көрінеді. Сезесің бе, менің құшағым толған қуаныш.

Міне, мен есігіңді айқара ашып, кіріп келдім. Ал сен тағдырға мойынсұнып, мүмкін дәл осыны күтпей, мұңайып отыр едің. Көздерің ұшқын атып, еркелене наздана:

–Той қалай өтті? – деп сұрадың сен.

– Білмеймін, мен тіпті тойға қатыспаған да сияқтымын.

–  Ал би ше? –деймін мен.

–  Би сондай көңілсіз болды.

– Сен мені сағындың ба?

– Мен мені сағындым.

 Сезім бүршік жарды

 Өзіңнен хабар алмағалы біршама уақыт. Құлаққа ұрған танадай тыныштықтан шошынып, арамызды алып бір өзен арнасы бөліп тастағандай-ақ, мазасыздана бастаймын. Сен мына ғаламат әлемге көзге көрінбес ноқат болып сіңіп кеткендейсің...

Сол бір шарасыз сәттен құтқарардай, алдымдағы қозыдай монтиған телефонға телміремін. Оның жаны бардай-ақ, жақ ашпай мелшигеніне өкпелеймін. Адасып түскен хабарлар менің үмітімді оятады.

Міне, безек қаққан шырыл дәл менің алып ұшқан жүрегімнің лүпілінен аусайшы. Телефонның арғы жағында – сен... Әттең, көзге көрінбейсің. Дәл бір тордағы құстай тыпыршимын. Қамаудан құтылып, саған қарай ұшқым келеді.

Сен:

– Біздің жақта қар жауып тұр, – дейсің.

– Сен неге далаға шықпайсың? – деймін таңданып. Иә, мен жоқ екенмін-ау. Найзағайлы аспан астында сақ-cақ күліп, шелектеп құйған су құлын мүшемізді айқындап, қызғалдақты төбеден қол ұстасып төмен құлаған сәттерді елестетіп, кеудемді сағыныш кернейді. Ал бүгін:

– Тал-терек бүршік жарды, – дедің.

Мен шыдай алмадым. Тірліктің бәрін де ысырып, саған қарай бет алдым. Өйткені. кеудемдегі бүршік жарған сезім атойлап алып ұшты.

Жапырақтағы жас

 Сенің түрің елеске айналды... Қанша азаптансам да, мен ол елесті ұстай алмадым. Жақында түсіме ендің. Тура өңімдегідей, шашыңды жайып, өз сұлулығыңа өзің сұқтанып, айнаға үңілесің.

Ал бүгін түсімде... Сенің бөлмеңнің алдында есігіңді қағып тұр екенмін. Атыңды атап, дауыстап та қоямын. Сөйтіп жатып, өз даусымнан өзім шошып ояндым. Әлгі түсті жайлап есіме түсіруім мұң екен... Ішім әлем-жәлем өртеніп қоя берді. Енді қайтып есігіңді қаға алмайтынымды ойлағанда, жүрегім сыздады. Төрт қабырға қысқан қапастан қалай құтыларымды білмедім.

Түн ортасы. Адамның дегбірін қашырған өлі тыныштық. Дәрменсіз күйде орнымнан әрең көтеріліп, телефон тұтқасына жақындадым. Міне, мен сенің телефон нөміріңді тере бастадым... Бесінші санды аяғына дейін тере алмай, қолым сылқ етіп түсіп кетті. Жоқ. Бейуақытта тыныштықтарыңды бұзуға қақым жоқ. Азаппен таң да атты. Сілем қатқан менің сонда ғана көзім ілінді.

Міне, мен сап-сары әлемді кезіп келемін. Екеумізге таныс тұстарды аралап қайтуға ұйғарғанмын. Біз қыдырған кезде бәрі де басқаша еді-ау. Міне, біз мына жолдармен қол ұстасып қыдырып, сырласып әңгіме айтатынбыз. Ал мына орындық біздің сүйікті мекеніміз еді. Жаңбыр шайған орындық бар қызығынан айрылғандай, тым жадау кейіпте. Тұнжыраған баққа ене бергенім сол еді, қатар-қатар алма ағаштарының арасынан сен жалт ете түскендей болдың. Өз көзіме өзім сенбей, алақтай жүгірдім. Сенің сыңғырлаған күлкің құлағыма жетіп, шырайлы жүзің бақ ішіне шуақ шашқандай көрінді. Мен емексіп, ұмтыла түстім. Әбден алаөкпе болдым. Кенет бақ іші қайтадан қара көлеңкеленіп сала берді. Әлгіндегі бұлт арасынан сығалаған күн сәулесі екен. Құр елесті қуып алданғанымды біліп, сылқ түсіп отыра кеттім. Алдамшы өмір-ай. Кеше ғана осы ара мың құбылып, құстар сайрап, есімізді алған. Өткен күннен қане белгі, айтыңдаршы? Бірақ сарыала бақ селт етпеді.

«Біздің бақытты күндерімізге куә болған сендер емес пе едіңдер?» – деп, алма ағаштың бұтағынан тас қып ұстап, сілки жөнелдім, ұялғандай, не деп жауап берерін білмегендей, бес-алты жапырақ қалбаң-қалбаң ұшып, жерге құлады.

Мен енді  соншалықты жалғыз-сырағаныма, жанымды түсінетін ешкім таппағаныма жапа шегіп, ағаш діңіне басымды сүйеп, бәрін де соңғы рет ой елегінен өткізгім келді. Тіпті, мен өзімді-өзім ұмытып, мүлгіп те кетер ме едім, кенет мойныма құйылған сұп-суық тамшылар бүкіл денемді тітіркендіріп, жон арқамнан төмен домалай жөнелді.

Оқыс басымды көтеріп алғанмын. Қызық-ау. Әбден жаңбыр жуған жапырақтар, неше түн жылай-жылай суалған сұлудың өңіндей ақжемденіп кетіпті. Ал қандай да бір құдіреттің күшімен бұтақта қонақтап қалып қойған екі-үш тамшы, дәл менің бетімді тілгілеген ащы жас-тай жапырақ өзегін бойлап жылжып, үзіліп түсіп жатты...

112 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Есімнен кейде тандырған, Сезімнің селдей екпіні...

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ҮРКЕР №10

30 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы