• Cұхбаттар
  • 30 Қазан, 2020

Құралай Халекетқызы: Мен бақытты адаммын

«Өнер» деген киелі ұғымның өзіндік мінезі, жұмбақ ғажайыбы бар. Бұл қасиетті өлкенің қай саласын алсаң да жүрек қылын шертер әуезді, сәулесі болады. Адам дүниесін нұрландырар құдірет те осы болса керек. Осындай әлемнің ерекшелігін түрлендіріп жүрген жан, 2007 жылы Нұр-сұлтан қаласында «Қуыршақ театрының» ашылуына себепкер болған Құралай Халекетқызы Ешмұратова. «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» ордендерінің иегері, ел ықыласына бөленіп жүрген, мерейі үстем өнер иесі бұл күнде 75 жасқа толып отыр. Талай өнер тұлғаларының өнегесін бойына сіңіріп, салиқалы ғұмыр сәулесін театрға тарту еткен, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Қуыршақ театрының» көркемдік жетекшісі,
Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры Құралай Халекетқызымен аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Қуыршақ десе қызықпайтын бала жоқ. Бірақ есейе келе әдемі естеліктер ғана қалып, бала-жүрек далаға қарай елеңдейтіні анық. Сіздің осы өнерге ғұмыр бойы қызмет етіп келе жатқаныңыздың сыры неде?

– Мен өнерлі шаңырақта дүниеге келген адаммын. Отбасы мүшелерінің бірі театрда әртіс болса, бірі биші еді. Бұл киелі өлкеге бет бұруым да ата-анамның ықпалы болса керек. Бірақ талабың мен ниетің болмаса, қанша тыраштанғанмен халық жүрегін елжірете алмасың анық. Оның ішінде қуыршақ театрының көрермені – балалар. Бетперде киіп, бар өнеріңді салғанмен баланы жақсы көріп, сезіндірмесең, сендіре де алмайсың. Баланың тазалығына адал болуды мақсат еттім. Олар сенің жақсы көріп тұрғаныңды, қандай көңіл-күймен жүргеніңді біліп тұрады. Балалар – менің байлығым. Жұмысым – жанымның таңдауы.

– Жан-дүниеңізді тербеген сезімтал кейіпкер болды ма?

– Тамаша драматург  Н.Оразалиннің «Ақ құс туралы аңыз» пьесасындағы Меңсұлудың рөлі. Меңсұлу менің баламдай болып кеткен. Меңсұлудың образы менің жан-дүниемде сақталып қалды... Сөзбен емес, көзбен көріп, көңілге түйетін дүниемнің бірден-біреуі...

– Театрдың осы уақытқа дейін  бағындырған белді белестері қандай болды?

– 2012 жылы сәуір айында Душанбе қаласында өткен «Чодари хаел» III халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде туынды авторы һәм режиссері А.Салаева сахналаған «Менің салған суретім»  спектаклі  арнайы  диплом иеленді. Ал 2013 жылы қарашаның 25-29 жұлдызы аралығында Астана қаласында өткен «Ортеке» III халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде «Арыстан патша» атты шығармамыз ұсынылып, ол «Үздік спектакль» және «Ең үздік актерлік жұмыс» марапатына ие болды. Дәл осы жылы Ақтөбе қаласында өткен «Ассалаумағалейкум – III» халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде «Қаңбақ шал» қойылымымен қатысып, дипломант атандық. Ресейдің Астрахан қаласында болған «Каспий жағалауы» атты ТМД елдер арасындағы қуыршақ театрлары фестивалінде «Менің салған суретім» қойылымын көрсетіп, шығармашылық ұжым «Достық» номинациясын жеңіп алды. Түркияда өткен XVII Ыстанбұл театр фестиваліне қатысып, қарым-қабілеттеріміздің зор екенін тағы бір мәрте байқаттық. Және ең бастысы, 2014 жылы рес-публика бойынша театрлар арасында тұңғыш рет Италияның «Марионетка», Ыстанбұлдың «Қарагөз» театрларымен достық қарым-қатысты нығайтып, тәжірибе алмасу мақсатында меморандум жасастық.  2015 жылдың 29 маусым мен 2 шілде аралығында  I халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлар фестивалі өтті. Театр мерекесі қарсаңында 9 мемлекеттегі театр басшылары EURASIA PUPPET қуыршақ театрлар ассоциациясын құру меморандумына қол қойды. Аталған фестивальге Ресей, Татарстан, Италия, Болгария, Сербия, Румыния, Перу, Эстония елдері секілді 50 мемлекет театр-лары қатысқан еді.

– Режиссерлік қызметте әртістерден талап ететін басты шартыңыз қандай?

– Адамның өз өмірі мен жан-жағына қамқорлығы жауапкершіліктен басталады. Әрбір әртіс өз жұмысын сүйе білуі керек. Балаларды көрермен етіп, қинап отырғыза алмайсың. Егер ұнамаса, шығып кететін мінез оларға тән. Үлкендер сабыр сақтар. Баланы алдай алмайсың. Сондықтан, баламен бірге күліп, баламен сырласа білуі керек. Сонда ғана бала қуыршақпен бірге ойланып, бірге сүйсініп, бірге күйініп отырады.

– Адамның басты құндылығы қандай болуы керек?

– Еліне, Отанына қызмет ету. Менің бас-ты байлығым – отбасым, Отаным, жұмысым. Бәріне үлгеріп, үйлесім табу ішкі рухыңа байланысты. Жан-дүниеңде тазалық, мейірім болмаса, діттеген мақсатыңа жету қиын. Мен Аллаға шүкіршілік етіп, өзімді бақытты адаммын деп ойлаймын. Пенделікке салынып, тіршілікте су бетіне сіңген тамшыдай жоқ болып кету қиын емес. Ең бастысы, аманат өміріңді дұрыстап, мағыналы сүру. Ұрпағыңа тәлім-тәрбие бере білу. Басты құндылығың да, мұраң да осы болып қалмақ.

Динара Мәлік

 

6477 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы