• Руханият
  • 25 Қараша, 2019

КЕҢ мен КЕМ

Қазақстанның демографиялық ахуалы туралы ой

Әрине, соңғы 28 жыл ішінде Қазақстан халқының саны едәуір өсіп, 18 миллионнан асты. Дегенмен, біздің ел жер көлемі (белгілі бір деңгейде, табиғи ресурс көрсеткіштері жағынан да) әлем бойынша 9-шы орында тұр. Мен, әрине, перфекционист емеспін, бірақ бұндай жағдайда аздап үйлесім жетпей тұрған сияқты. Келісемін, мемлекеттің жер көлемі мен халық саны бір-бірімен ылғи үйлесе бермейтіндігінің одан да жарқын мысалдары бар! Иә, Әлемдегі (жер көлемі бойынша 1-ші орындағы) ең үлкен Ресейдің жалпы бүгінгі халық саны тек 9-шы орында (146,78 млн.) екен (бір қызығы: 10-шы орында жер аймағы ықшамдау Мексика (126,57 млн.) тұр. Қазіргі таңда жер аумағы Алжирден де әлдеқайда кіші Бангладеш (халық саны 8-ші орында), Нигерия (7), Пәкістан (5) және Индонезия (4) әлдеқайда жоғары дәрежедегі халық тығыздығына ие боп тұр. Бразилия мен АҚШ-тың демографиялық және географиялық жағдайлары өз «берекелігімен» бір-бірімен үйлесіп тұр, дегенмен Әлем бойынша саны бойынша ең көп және өсу динамикасы бойынша ең қарқынды көрсеткіштер – Қытай (1 млрд. 394,5 млн.) мен Үндістанда (1 млрд. 343,2 млн.) Көріп тұрғанымыздай, бұл Әлемде парадокстар көп. Иә, Қазақстан жер көлемі жағынан мәртебелі 9-шы орында тұрса да, халық саны бойынша тек ғана «орташалау» 64-ші орында (18,55 млн.) ғана орналасқан. Адам саны бойынша дәл алдымызда тұрған (дегенмен, жер көлемі бізден көбінесе кішілеу) 10 ел: Чили (19,21 млн.), Сенегал (19,25 млн.), Румыния (19,53 млн.), Мали (19,65 млн.), Буркина-Фасо (20,87 млн.), Шри-Ланка (21,32 млн.), Нигер (23,31 млн.), Камерун (24,34 млн.), Аустралия (25,48 млн.) және Солтүстік Корея (25,66 млн.). Ал, біздің көршілес Өзбекстан (33,65 млн.) халық саны бойынша Ангола, Перу және Венесуэладан озып, тіпті 43-ші орында тұр. Украина соңғы бес жылдың ішінде орын алған өзінің күрделі жағдайына қарамастан, салыстырмалы түрде тұрақты түрде (41,84 млн.) 36-шы орында тұр. Дегенмен, жер көлемі бойынша бізден ірі Аустралия тек 54-ші сатыда, Канада - 41, Аргентина - 31, ал, бізден жер көлемі сәл ғана кіші Алжир - халық саны бойынша 33-ші орында тұр! Дегенмен түсініксіз әрі қызықты жайт бар. «Ауқатты», өркениетті елдерде жергілікті халық саны аз (баяу табиғи өсім) болса, ал, «сәл кедейлеу» елдердің халық саны (қарқынды табиғи өсім) көп. Бұл расында да өте құпия жағдай, себебі артта қалушы елдердің медицинасы да, тамақ өнеркәсібі, жұмыспен қамту деңгейі де, өмір сүру сапасы да, тіпті қауіпсіздік пен бейбітшілік деңгейі, жұмсағырақ айтқанда, «үздік емес» жағдайда болса да, жергілікті халық саны тұрақты түрде және жылдан-жылға өте қарқынды өсуде. Нағыз парадокс! Және де әлеумет үшін дәстүрлі отбасы және туысқандық құндылықтары әдетте өте биік деңгейде тұр. Демек, дерекке жүгінсек, экономикалық артта қалу – демографиялық жағдайға кері әсерін тигізіп тұрған жоқ. Бұл өте үлкен парадокс, себебі – логикаға сүйенсек – «өте жоғары өмір сапасы ғана адам санын арттыру керек» емес пе?! Қазақстан – дамушы елдерге жатады. Ұлыбритания, Норвегия, Швеция, Германия және Швейцариядағыдай экономикалары ең дамыған мемлекеттер санатында тұрмаса да, дегенмен көптеген Азия және Шығыс Еуропа елдерімен салыстырғанда әлдеқайда тыныш және қолайлы жағдайға ие. Қазақстан Республикасы үшін Әлемде адам саны бойынша «тек 64-ші орында» болу аздық етіп тұр, менің ойымша. Қуанышқа орай, Үкімет тарапынан дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қолдау, жас отбасыға пәтер алу үрдісін жеңілдету, аналарға жағдай жасау, жас кәсіпкерлерге және отбасылық заңды кіші кәсібіне қаржылық демеу көрсету іс-шараларын жалпы мемлекет деңгейінде қолға алып жатыр. Бұл тұста оралмандарды репатриация жасау да маңызды үрдіс екендігін атап өту керек. Тағы бір маңызды мәселе бар. Еуропада 2015-ші жылдан бері миграциялық кризис орын алуда. Тым көп миграннтар санын Еуропа «игере» алмай жатыр, екінші жағынан мигранттар жаңа қоғамға толыққанды мәдени әрі заңнамалық деңгейде сіңуге көбінесе бас тартуда. Үлкен қарама-қайшылықпен Оңтүстік және Шығыс Еуропа елдері тиімдірек айналысуда, дегенмен Батыс Солтүстік Еуропада бұл мәселе өте өзекті және тым терең қарама-қайшылықтарға толы. Бір шетінен, толеранттылық құндылық, екінші шетінен мемлекеттік қауіпсіздік деген де ұғым бар емес пе! Құдайға шүкір, Қазақстанда мигранттар көбінесе ішкі миграция өкілдері және басым көпшілігі өзіміздің адамдар – ауылдан кіші қалаға, ауыл мен кіші қаладан облыс орталығына, облыс орталығынан Шымкент пен Алматыға, барлығы да сосын Нұр-Сұлтан қаласына көшуге асығады. Бірақ бұл аздық етеді, себебі бар-жоғы 1,2 млн. адамы бар БАС ҚАЛА бүгінгі Ғаламдық стандарттар үшін тым аз. Оның үстіне, Елордамыз келешекте барлық көрсеткіш бойынша еліміздегі ең алдыңғы қалаға айналуы керек, қуатты алып «локомотив» болуы керек! Көші-қон тақырыбын жалғастырсақ, Қазақстанда шетелдік мигранттар көп емес, соның өзінде олар «өзіміздің» ғасырлар бойы бірге жақсы қарым-қатынаста боп келе жатқан, көрші елдерден келген әрі менталитет жағынан жақын тәжік, қырғыз, өзбек, армян, әзірбайжан, украин және т.б. азаматтары. Дегенмен, мемлекеттік қазақ тілін (және орыс тілі мен ағылшын тілін де), Қазақстанның тарих-мәдениетін, елдің Ата Заңы мен заңнамасын интеллектуалды және тәжірибелік тұрғыдан игерген еңбек мигранттарына азаматтық беру мүмкіндігі артық болмас еді. Сосын олар, әлбетте, барлық азаматтар сияқты барша инстанцияларға ресми және ашық тіркелуге мүмкіндіктері туар еді, салықты толық көлемде төлеуге, тарифтерді де, кредитті те, аренданы да, ипотеканы да ЗАҢ аясында(!) сауатты түрде төлеп тұруға әрі мүдделі, әрі міндетті болар еді. Яғни, бұл заңсыз еңбек мигранттарын және шетелден келген қылмыскерлер санын азайтар еді. Дегенмен, өзіміздің жергілікті жастарға «қара жұмысқа» шошымай баратындай барлық жағдай жасау керек. Әлеуметтік теңсіздік мәселесін шешу үшін ең төменгі жалақы нормасының сатысын жоғарылатып, табыс бойынша салықты енгізу керек. Миллионерлер табысына тікелей пропорционалды салық төлеуге қиналмас, қиналса – «бейресми» табыс бар екендігінің дәлелі болар еді, бірақ бұл антимонополияға қатысты тақырыптар. Ғаламдық урбанизация тақырыбы да өзекті. Қазақстанда жалпы қала халқы ауыл халқынан көбірек, ауыл мәселесі өзекті боп тұр. Қалалардың, әсіресе Елорданың халық санының өсуі әлбетте тамаша, дегенмен мықты ауыл – мықты аграрлық сектор ғана емес, мықты мемлекеттілік! Бұл мәселеге де қатысты Үкімет «дипломмен ауылға» жобасы және басқа да әлеуметтік-қаржылық жоспарларды жүзеге асырып жатыр. Ауыл инфрақұрылымын ғана емес, мәдениетін де дамыту керек, себебі кәсіби сауатты да мәдени өте жоғары дамыған ауылдар сайып келгенде ертең мәдениетті де тәрбиелі Қазақстанның, оның ішінде еліміздің барлық қалаларының да, Елорданың да өркениетті даму кепілі болар еді! Тағы да бір қызықты және табиғи-биологиялық тұрғыдан өте жұмбақ тақырып – түрлі мемлекеттер ішіндегі жыныстық құрамның әртүрлі болуы. Әлбетте, жауыр боп кеткен мәселе «неге төл Еуропада қарттар көп, ал, Шығыс елдердінде жастар басым» деген Ғаламдық тақырыпты қозғамаған күннің өзінде, Жер бетінде елу пайыз ер адам және елу пайыз әйел адам дегендей идеалды жағдайды жасау мүмкін еместігін түсінеміз! Бұл табиғи көрсеткіштер әр елде әрқалай. Мысалы, Қазақстан, Ресей, Украина және Белоруссияда әйел саны әдетте көбірек, ал, Түркия, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдерінде керісінше ер адам саны басым екен. Ең бастысы, Қазақстандағы бүгінгі әйел саны орташа есеппен алғанда ер адам санынан шамамен тек 8%-дан аспайды. Жалпы, қазіргі еліміздегі демографиялық жағдай белгілі бір деңгейде тұрақты болғанымен, күйеуге шықпаған қыздар санының сүр-бойдақ жігіттердің санынан көбірек болуы қарым-қатынастық-психологиялық ыңғайсыздықтар тудырып, кейбір адамдар арасында «қазақ қызы неге қазақ жігітін менсінбей, өзге ұлт өкілдер арасынан серік таңдап жүр?!» деген провакациялы, дегенмен орынды сұрақтарды тудырды. Жауап оңай, шамамен 25-35 жыл бұрын қазақ ұл-балалар азырақ туылды (қыздармен салыстырғанда). Сонда таза статистикалық табиғи тұрғыдан алғанда саны басым қазақ қыздары өмір бойы бойдақ күйінде отыра береді ме?! Жоқ, олар да тұрмыс құрулары керек болған соң, өзге ұлт өкілдерінен жар таңдауға мәжбүр әрі толық құқылы! Әрине, патриотпын десе де дәл бұл жағдайда мен шектен тыс «ұраншыл» сарынды сәл орынсыз, тіпті қауіпті деп ойлаймын! Бірақ тым жаһанданған, тым космополитті және тым батысшыл жастарды да құптамаймын. Жалпы, болашақта «ер адам аздығы» мәселесі одан да ауырлап кетсе (Құдай сақтасын!), келесідей ресми заң тууы ықтимал: «болашақ күйеудің тек ғана тұрақты әрі шын экономикалық мүмкіндігі жетсе, тек ғана шынайы жеке толық түсіністік, сенім және симпатия орын алған жағдайда және тек ғана барынша ерікті шешім жасау кезінде – екі әйел алуға болады»! Бұл бір болжам ғана! Менің негізгі өз болжамым басқа: біздің елде жақын арада демографиялық үйлесімдік пен тепе-теңдік белгілі бір деңгейде орнап, ешқандай даулы жағдайлар мүлде болмайтындығына, орын алмайтындығына сенемін!

Батырбек Үрістембеков

657 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы