• Әдебиет әлемі
  • 14 Тамыз, 2019

БІР ОТБАСЫНДАҒЫ ШЕНДІЛЕР

«Адамның қалыптасуы бала кезден бас-талады. Жақсылық та адам бойына нақ сол бала кезде егіледі. Ол жылдар өте өніп шығады. Жақсылық дәнінің өніп шыққаны немесе оны жамандықтың арам шөптері басып кеткені сонда ғана белгілі болады» - деген екен орыс жазушысы С.В.Михалков. Бұл ақиқатты күнделікті кісімен араласуда, етене жақын тани бастағанда байқап қаламыз. «Тәрбиенің тал бесіктен» басталатынын біздің қазақ әу бастан-ақ айтып кеткен. Содан болар өмір заңдылықтарын көркемдікпен, адал еңбекпен үйлестіріп жүрген жанды көрсек сүйсінеміз. «Неге біз де ұмтылмасқа?» деп жігерімізге рух, санамызға сәуле сеуіп қоямыз. Ең жолы болған жан - өмірлік жарының да өз ұстанымына қолдау білдіріп, таңдаған жолынан таудай үміт күтіп отырса керемет емес пе? Екі тұлғаның ойы көп жағдайда бір арнада тоғыса бермейтіні рас. Бір шаңырақтағы жұбайлардың да өз міндеті болғанымен, бір салада қызмет атқарып, соның салқыны мен ыстығына төзіп бір-біріне қолдау білдіріп жүруі көріне беретін көрініс емес. Бүгін ынтымағы мен берекесі жарасқан жаным сүйсінген отбасыны әңгімеме арқау еткім келіп отыр. Ол жиырма жылдан аса әскери салада қызмет атқарып жүрген 2177 ҰҚК шекара қызметінің әуе авиациялық база командирінің орынбасары подполковник Ернат Қырғызбаевтың жанұясы. Ернат Қанатұлы 1979 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Оның келешекке деген сенім мұраты да өз мамандығымен үндес болыпты. «Бала кезімде, Отан алдындағы борышымды өтеп, әскери киімдегі өзімді елестететінмін. Ең бастысы, қай маман иесі болсаң да өз ісіңе адал болу керек деген ұстаным болды. Әкеміз жалған сөйлемеуді, тәртіп шеңберінен аттап өтпеуді, білімді болуды, дене еңбегімен айналысуды үнемі қадағалап отыратын», – дейді Ернат. 1996 жылы орта мектепті тәмамдап шыққан соң, Ресей Федерациясы, Пенза қаласындағы артиллериялық-инженерлік инс-титутында білім алып, 2001 жылы Отанға оралған соң, ҚР Қорғаныс министрлігінің Тараз қаласындағы бөлімшесінде борышын өтеуді жалғастырады. 2001 жылы Тараздың Айсұлу есімді бойжеткенімен танысып, шаңырақ көтерген екі жас қызмет жолын да бірге бас-тайды. Бұл жерде Ернат табандылығының арқасында бөлімше командирі, рота командирі, батальон командирі қызметіне дейінгі міндеттер атқарады. 2009 жылы ҰҚК шекара қызметіне ауысып келген офицер Зайсан шекарасында, Астана, Шымкент қалаларында да басшылық қызметте болып, 2016 жылы Алматы қаласындағы 2177 әскери авиациялық база командирінің қару-жарақ және техникалық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы болып тағайындалады. Жұбайы Айсұлу екеуі, үш ұл бір қызды дүниеге әкеліп жарасымды, үлгілі отбасы деген жақсы атаққа ие болған. Айсұлу да әскери саланың қыр-сырын меңгерген. « Қай күні, қай мезгілде қандай шекараға жіберетінін білмейтінбіз. Көшіп жүру қонаққа бару секілді бір сөмке бұрышта дайын тұрады. Жолдасымыз тау кезіп, дала кезіп шекараның беріктігін бақылап кетеді. Қазір сол күндер маған керемет естеліктерімен қызық. Бізді әскери оқуда білім бергенде, Отан үшін, жер үшін қандай да бір қиыншылықтан тайсалмауға үйретті. Сол үшін ант бердік. Қолбасшының бұйрығын орындау, елдің тыныштығын қамтамасыз ету біз үшін маңызды. Үйдегі балаларымыз да тәртіпке бейімделген. Әрқайсысының қосымша сабағы, барып келу уақыты, спортқа қатысу үрдісі бар. Әрине қазіргі көп жас отбасылар қиыр шекарада тұруға шыдамай жатады. Меніңше, отбасын қолдап, Отанын қорғай білетін азаматы үшін мақтану керек» – дейді Айсұлу. Еліміздің ішкі тыныштығы, береке-бірлігі әскери қызметкерлердің назарынан тыс қалмақ емес. Бұл мен айтып өткен бір ғана отбасының өмірі. Жиырма жыл, қырық жыл сол салада жүріп талай ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсетіп жүрген азаматтар аз емес. Ажалдан қорықпайды, өз жұмысы үшін жалықпайды. Олар темірдей тәртіп пен анттың алдындағы адал азаматтар. Шекара шебінде жүріп, бұзып өткісі келетін қаскөйлермен алысып мертіккендер де қаншама. Бірақ бұл жерді қорғаймын деп серт еткен кағылез ұлдардың қайсарлығы. Отанымыздың төрт бұрышында, суында, тауында біздің заманымызды күзетіп, тәртіпті түзетіп жүрген сондай бауырларымыз жүр. Борыш деп сезінер болсақ, Қазақстанның әрбір азаматы да ел үшін титімдей жақсылық жасауға тырысса екен.

Динара Мәлік

405 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы