• Әдебиет әлемі
  • 24 Сәуір, 2019

Шудасы мен бұйдасы шұбатылған дүние!..

Жарқынбек Амантайұлы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті, филология факультетінің түлегі. Павлодар облыстық жекпе-жек ұлттық спорт федерациясының президенті.

Ескі сурет

Өткен өмір тым тəтті тарта түсер, Ащы мұң кешкен сəтің көп болса да. Елесті іздеп еңсеңде артады шер, Ескі суретке айналып жоқ болса да.

Ескі сурет – бейнесі сағыныштың, Көмескі тартқан сайын жанды жеген. Отты көздер жүрекке шағылысты, Əдемі əн боп кеткен əңгімедей.

Сол кездің сезімімен тыныстаймын, Жүрегін мұңға тосқан мен ғана ма? Ескі ойменен жаңа күн жылыстайды, Талай жылдар түссе де енді араға.

Өткеннен қолға түскен үлесімдей, Ескі сурет ішінде қымбат жандар. Жылар ма едің жоқ əлде күлесің бе, Егер қазір барлығың тіл қатсаңдар?.. Демеспін дүниені кездім бекер, Өтуде шерді жазып шеткер күнім. Көне естелік сен өзің сездің бе екен, Кей бейненің мəңгі өшіп кеткендігін...

Ескі сурет бір парақ – өткен күнім, Одан көп болмайды екен жалын жастық. Көрсетті айна уақыттың өктемдігін, Сезім ғана қаларын жанымда ыстық.

Сурет – көктем, отырмын, жанарым күз, Қадірін қайран күннің ескеріп пе ең? Бір күні күліп қарап қаламыз біз, Дүниеге ескілеу естеліктен!

Қар аралас жапырақ

Көңіл неге таппайды тынышын бір, Арқам неге біртүрлі құрысып жүр. Естен тана құласам көз алдымда, Шыр көбелек айнала жыр ұшып жүр. Қайдан іздеп көрмедім жақсы күйді, Жүрегімде күз қурап бақ шіриді. Өлең саған енді есік жиі қағам, Өзің сілкіп шаңынан қақшы миды.

Биіктеген дүние, аласарған, Қабағыма мұң тірлік қала салған. Алғаш ғашық боп қалған бозбаладай, Жаңаша үміт керек-ау, жаңаша арман.

Біреу өлсем деп жүр ме айға асылып, Бір қыз кетсем деумен жүр байға шығып... Көзі тұман жастығым, сөзі былдыр Ес жиғызбай барасың қайда асығып?!

Көптен өлең өрмеп ем қызбаланып, Құламай-ақ тұрсайшы құзға барып. Алғашқы қар жаууда жапыраққа, Жатыр ма екен жонына сыз қадалып.

Құс қиялдың жыраққа ауғанда үні, Мəңгі ұйқыға кетеді баудан гүлім. Мен өлеңге осылай қайта оралдым, Қар аралас жапырақ жауған күні.

Хан көңіл жұрт, Хан шатыр

Сая болып көңілге тал терегің Теңселеді басында əр төбенің. Бүгін тағы жол тарттым өзің жаққа, Есенбісің, Елорда, мəртебелім?!

Есенбісің, Астана, əн сапырған, Есіл халқым, еңбекпен жан шақырған. Қам көңілдеу өмір бар етегінде, Хан көңілді, жұртым жүр Хан шатырда.

Хан шатырға қарайды қыр баласы, Қағар таңдай қалайша құрғамасын?!. Қайталанбас қазақтың болмысындай, Дүниеде теңдессіз бір ғанасың!

Бүркенішің бүлкілдеп жүрегімдей, Дулығасы даламның, тірегіндей. Қасарысып тұр əне сом арқандар, Қазақтың бір-бір сірі білегіндей.

Сөйлетер-ау тұлғаңды балша тілім, Арнап па екен жырдың да қанша түрін?.. Бойымдағы көшпенді ыстық қанның, Өшпей қалған рухындай – Хан шатырым.

Зымырандай аспанға қарсы атылған, Бөлек кетіп қоғамнан ар сапырған. Қам көңілдеу тірлігім ұмыт болып, Хан көңілмен отырмын Хан шатырда!

Кереку

Кереку! Жүзіне кіргізген таң шырай, Ай нұры балқытқан тамшыдай. Өзіңе сіңіріп жібердім, Жастықтың күндерін қамшыдай.

Әлі де, Сенімен егіздеп тілегім, Сәждеңе маңдайым тіредім. Дәл сенде тумады демесең, Осында оянған жүрегім.

Кереку! Кермесі пырақты өткеннің, Шырақты ұлдарды өткердің. Тереңнен сөйлейді жыр болып, Көмескі тартатын көп белгің.

Алаштан, Бөлінбей қашанда мұратың, Бөркіңнен бөрі исі шығатын. Ағарған «Арының алдында», Қасқайып тұрғанда бір ақын.

Үн-түнсіз, Шежіре күндердің сапары, Қанқызыл кештердің қаһары, Барлығын сіңіріп тұрсың-ау, Рухымның күмбезді шаһары.

Нұрыңды, Ертістің толқыны тербеткен. Татырдың тәттімен, кермектен, Мен де бір ақының, өлеңді Күндер мен түндерім сенде өткен.

Кереку, Жанарын жарыққа боятқан, Жүректі өзіңсің оятқан! Кеудемнен жыр құйып аларсың Тесіліп кетсе егер, ой оқтан...

Бір ақынды іздеймін... (Əміржан Болатханұлына)

Мұңды көзбен жымиятын ғаламға, Мұңды көзбен жадырайтын, қуанып. Бір ақынды іздеп жүрмін қаламда, Күздің жүзі солған кезде қуарып.

Көшедегі нөпір де оны ағызбас, Кер толқынға ұқсайтынды кескіні.. Солса да өзі, болса да өзі нағыз дос, Жырдан жуық жоқ болатын ешкімі.

Сондай еді, осындайды сипаты, Оны тану қиын емес көзінен. Қарашығын қара бұлтқа сипатып, Рухы өрлеп кетті мекен өзінен.

Шынымен де ұмытқан ба ел түгел, Сарғыш шамдар сағынбай ма шуағын?!. Болған еді əйтпегенде ентіге, Мені өзі іздей келіп қалатұғын уағы...

Бұл шаһардың жылымапты жүрегі, Іздеу сала суреттерін ілмейді-ау... Ақын өзі жоғалғанын біледі, Қала кімді жоғалтқанын білмейді-ау!

Бір ақынды іздеймін...

Күз күрең

Жел толқып, жапырақ жүздірер, Сізді де елітер ізгі рең. Сүйіскен жаныңдай қимастық, Қоштасу кешіндей – күз күрең.

Ал, Ертіс – үміті ғашықтың, Үзілмей мұхитқа асықты. Сәскеде оянған қиял күн, Шық мұңның жанарын жасытты.

Күзбенен қосылып күй түрлі, Қалада ашпассың ұйқыңды. Бұл шаһар түнімен дуана, Таң ата тартады сүйкімді.

Көрдім бе бүгінде түсімде, Көгала көлдерді ісінген, Күз енген орманды аңсадым, Пәктік жоқ парктің ішінде. Жел толқып, жапырақ жүздірер, Сізді де елітті ізгі рең. Күн сайын жаныңда қимастық, Күн сайын қоштасқан күз күрең.

Мен біреудің досымын!

Жұқалау қалтаң болса, Жауырлау арқаң болса, Жүзіңді жігер жылытып, Жаныңа қалған болса, Ол сенсің!

Ойылған қолың болса, Ой-қырлы жолың болса, Қазаның орталау болып, Мейманың толы болса, Ол сенсің.

Намысың биік болса, Қанатың қиық болса, Əлі ешкім түсінбей жүрген, Жаныңда күйік болса, Ол сенсің!

Ағаңды ағалай алсаң, Бауырды бағалай алсаң, Алаштың ары деп мінген, Атыңды тағалай алсаң, Ол сенсің!

Дүние баурамас болсаң, Езбенен дауламас болсаң, Ызғарлы көзбенен сөзге, Жүрегің жаурамас болсаң, Ол сенсің!

Тағдырға көнетін болсаң, Қылды қақ бөлетін болсаң, Қыл арқан шірітпей мойны, Қылқынып өлетін болсаң, Ол сенсің!

Жанарың жастанып жатса, Кей кеште аш қалып жатсаң, Аллаға серіксіз сеніп, Жайнамаз жастанып жатсаң! Ол сенсің!

Сенсің ол досым менің, Мен сенсіз көсілмедім, Мерейімді өсірмедім! Сен менің жүрегімде... Мен де сол төсіңдемін!

*** Апта сайын бір кісіні көмеміз, Апта сайын көнеміз. Жан дегенің шам жарығы секілді, Үф еткенде сөнеміз.

Бір ойменен ататындай таңсәрім, Солғын тартып сан сағым... Бізді көптен бөліп кету үшінде Керек дейсің қанша құм?!

Сүйеулі өмір сіреңкедей тірекке, Дір етпей ме, жүректер?.. Өтпестей боп көрінген бір ғұмырды Көмді кеше күректер. Бала күнім кетті, көшті түзде ойнап, Жан сағына іздейді-ақ, Қанша жасап жүрер дейсің ендігі, Отыздағы біз бейбақ!

Аңсайтындай мәңгі жасыл жаз үнін, Беу, жүрегім, нәзігім. Немді пана қылар екем қағылса, Қыр басына қазығым?!

Дүние

Қанжар көзбен жүзіңді тіліп кетер дүние, Қармақ тілмен жаныңды іліп кетер дүние. Тауың құлап жатқанда, жара аузына тұз сеуіп, Ту сыртыңнан қарқылдап күліп кетер дүние.

Көкжал сынды асыл ер қаңғып жүрген дүние, Торға түскен қыранға саңып жүрген дүние. Көл ішіне көбіктей сіңіп кеттім десең де, Ту сыртыңнан тұрқыңды аңдып жүрген дүние.

Көз жасыңды ащы бір кермекті етер дүние, Көзге ілінбес кей жігіт ерлеп кетер дүние. Қалғып кетсең бір сəтке, қабағыңыз ауырлап, Ту сыртыңнан құм шашып жерлеп кетер дүние.

Шудасы мен бұйдасы шұбатылған дүние, Босатарсың бір күні бұғатыңнан дүние. Сен біреудің бақытын тілеп тұрған шағыңда, Ту сыртыңнан бір мүмін дұға қылған дүние.

Қабағында паңдардың қалтыраған дүние, Жанарында бір қыздың жарқыраған дүние. Тасқа оранған көшеде тастандылау тағдырдың, Ту сыртыңнан күбірлеп хал сұраған дүние.

Армандауың тым асқақ - айып болар дүние, Табанымның астымен тайып барар дүние. Қарашығым ішіне сиып кеткен жарық нұр... Жанарымның ұшынан ғайып болар дүние. *** Бос бір күлкі жанымды бақытты ете береді, Бос көрінген сөз кейде батып кете береді. Басы биік көкелер шатып кете береді, Босаңсымас кейбір дос сатып кете береді.

Қолға түскен жақұтым еріп кете береді, Жолда күткен бақытым жеріп кете береді. Еленбейтін бір сезім еліктете береді, Өлең дейтін кермек сыр керіп кете береді.

Сұмдық ойлар санама сарып кете береді, Суық көздер жүзімді қарып кете береді. Жазылмайтын жараны жарып кете береді, Асау деген арманым арып кете береді.

Қанжығадан қанжарым қалып кете береді, Қалтарыста сенгенім шалып кете береді. Жігерімді жемтікке малып кете береді, Жүрегім мен білегім талып кете береді.

426 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы