• Әдебиет әлемі
  • 19 Наурыз, 2019

Сенің атың сағыныш қой, сағыныш!

Насыр Махамбет

1991 жылы Өзбекстанда дүниеге келген. Қазіргі таңда Түркістан облысы, Мақтарал ауданы, Көктөбе ауылына қоныс аударған. Өлеңдері 2017 жылы «Жастық жалын жыр» атты жас ақындардың жинағына енген.

БЕУ АЛМАТЫ

Беу, Алматы, қандайсың... Пенделіктің пейілінен аумайсың! Алатаудың желкесіне шығып ап, Неге бізге назарыңды салмайсың... Ей, Алматы, қандайсың?!

(Менде ақының... маған ұқсас тауыңда, Таудай тірек болсам деймін ауылға...) Абыздарым: «оян қазақ» -дегені, Қамшы басқан секілденер сауырға.

Қайран өлең... торуылдар Кеңсайды, Көкжиегін мұнарлы мұң қоршайды. Үкіміңе қарай, қарай жасқана, Сырын бүккен, ала бұлт та қартайды!

Қайбірінің бағын аштың бес елі, Кімнің сенен қайтқан еді меселі? Бір алыбың арыз жазып кеткесін, Тас мүсін қып, беріпсің-ау көшені...

Пəк сезімі көгершіндей ұсынған, Ару қайда көз алдымда қысылған? Таңғы шықтай күн шыққанын хабарлап, Қара түннің зəре құтын ұшырған...

Аспан алып, жер пендеге мекен ғой, Кей шындықты айтпау шындық екен ғой! Сенің менде бір қалауың бар шығар... Мен сенсіз-ақ өмір сүріп өтем ғой... Бірақ , сені... сағынбау да бекер ғой!

P.S (Барлық ақын саған ғашық екен ғой...)

СЕНІҢ АТЫҢ...

Таң аруы ашып тастап көрпені, Дала күйін ұшқан құстар шертеді. Тылсым маған сенуді де үйреткен, Сенің атың ертегі ғой, ертегі!

Ізгі майдан, жүрегімде жарылыс, Еміренсең тұнық жырдан қанып іш. Шіркін маған сезуді де үйреткен, Сенің атың сағыныш қой, сағыныш!

Сабылдырды сылқым үнге сұраныс, Тасығанда теңіздегі бұла күш. Мұңсыз маған күлуді де үйреткен, Сенің атың қуаныш қой, қуаныш!

Алдырмайтын сияқтанған бекініс, Саған жетпей тұр-ау мендік, өтініш. Үнсіз маған төзуді де үйреткен, Сенің атың өкініш қой, өкініш!

Жапырақпен билесе де күз вальс, Бізде неге шақырымдар жүз қарыс? Отсыз маған күюді де үйреткен, Сенің атың қызғаныш қой, қызғаныш!

Кезергенде ессіз ерін, қаталап, Көңіл күпті, қайтыс болса шапағат. Тілсіз маған сүюді де үйреткен, Сенің атың махаббат қой, махаббат!

502 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы