• Әдебиет әлемі
  • 22 Желтоқсан, 2017

ЖЫН-ШАЙТАНДАР КӨШІ

Сабырбек ОЛЖАБАЙ 1957 жылы дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін сырттай бітірген. 1986 жылдан Журналистер одағының мүшесі. ҚР-сы Жазушылар Одағы жанындағы «Найзагер» қауымдастығының мүшесі, «Алтын қауырсын» сыйлығының иегері, 2005 жылдың қорытындысы бойынша облыстың ең үздік жазушысы номинациясының, ҚР Жазушылар Одағының облыстық филиалы белгілеген Садықбек Адамбеков атындағы сыйлықтың лауреаты, қоғам және мемлекет қайраткері Т. Рысқұловтың туылғанына 110 жыл толуына орай өткізілген «Тарих. Тағылым. Тұлға» атты республикалық байқаудың 1 орын иегері, ОҚ Журналистер Одағы тағайындаған Юрий Кунгурцев атындағы («Үздік публицистика») 2006 жыл бәйгесінің лауреаты.

(Әңгіме)

Төрткүл төңірек күлгін түске боялып түрленіп тұрар еді. Белуардан келетін балғын шөптің арасында Досжан мен иті Құтжол олай да бұлай асыр салып жүгіретін. Бәлкім, жастықтың буырқанған бұла күші ме екен, қанша жүгірсе де Досжан да, Құтжол да шаршау дегенді білмейді. - Досжан, а, Досжан, шаңқай түс болды ғой. Үйге қайта ғой, күнім. Тамағыңды іш,- дейді анасы Сақыпжамал итпен ит болып асыр салып жүрген ұлына елжірей қарап. Анасы қанша шақырса да Досжан ойын қызығынан шыға алмайды. Ол біресе үйдің батысындағы жотаға шығып кетеді. Ендігі бір мезетте көлге қарай құлдыраңдап жүгіріп бара жатады. Үйдің ұсақ-түйек күйбеңінен қолы босамайтын Сақыпжамал енді ашуға басады-ай келіп. - Әй, Досжан, осыдан әкең келсін. Қара да тұр, күні бойы үй бетін көрген жоқ деп айтпасам ба?- дейді қорқытпақ болып. Досжан мұндай қорқытулардың талайын көрген. Анасыныкі әншейін қорқыту ғана. Ал, кешкісін өрістен малмен бірге әкесі келгенде бәрі де басқаша болып кетеді. Әуелі әкесі Досымжан ұлын атына отырғызып, өзі шаруаторы бестіні жетекке алады. Малды жайғап болып кешкі тамақ үстінде әкесі мен шешесі Досжанды айналып-толғанып отырады. Таңның атысынан батысына дейін Досжанның соңынан айқайлай-айқайлай дауысы қарлыққан шешесі манағы ашуын тарс ұмытып кетеді. Әкесі мен шешесінің ортасында түрлі ертегілер тыңдаған Досжан маужырап ұйқыға кетеді. Ал, таңертең оянса әкесі бағана, таң қылау бергенде-ақ отарды өріске айдап кеткен болып шығады. Төсектен еріне тұрған Досжанның ауызына анасы қолындағы барын тосып, бәйек болады. Осы үйде үш ит бар. Алапар мен Бөрібасар үнемі әкесінің соңынан салпақтайды да жүреді. Құтжол Досжанға үйірсектеу. Екеуі алысып-жұлысып ертелі-кеш ойнайды да жүреді. Кешкілік Досжан үйге кіріп кеткенде «мені неге тастап кеттің?» дегендей, Құтжол екі көзі босағаға қарап телміріп жатады да қояды. Досжанға салса ол Құтжолды үйіне кіргізіп, қасына алып жатқызғысы бар. Бірақ, әкесі мен шешесі Құтжолды қораны күзетеді деп үйге кіргізбейді. Қалай дегенде де қырқадағы күндер қызықты еді. Бірақ, иә, бірақ, бір күні Дос-жан табан астынан сырқаттанып, түні бойы сандырақтап шықты. Бәленің бәрі осыдан бас-талды. Ауылдан едәуір қашық жайлауда болғандықтан, дәрігерге апару қиын соқты. Оқта-текте бір соғатын ферма басқарушысы да төбе көрсетпей қойды. Су таситын машина да қас қылғандай қарасын батырды. - Қой, бұлай қол қусырып отыра берсек, мына баланы өлтіріп аламыз. Бір әрекет ету керек,- деп Досымжан өнбойы от болып алаулап жатқан ұлына қарап дегбірсізденді. - Сонда не дейсің, шағыр-ау,- деп Сақыпжамал шарасыздық танытты. Болса, болмаса да ауру ұлды атқа өңгеріп ауылға жеткізе алмайды. Әншейінде әрі-бері ағылып жататын көліктер де қас-қылғандай қарасын батырды. - Мен ауылға барып келсем қайтеді?- деді Досымжан далаға қос құлағын түрген қалпы. - Мына құлан жортпас қу далада бізді қасқыр қырып кетсің дейсің бе?- деп Сақыпжамал шар ете қалды. - Атпен желдіртіп отырып, таң атқанша келіп те қаламын ғой. Дәрігерді алып келемін,- деп Досымжан далаға шығуға оқталды. - Ауру баламен бірге мені де өлсін дейсің бе? Балаға қараған сайын жүрегім жаншылады. Енді сен кетсең... -деп Сақыпжамал тілін жұтып қойды. Досымжан үйге бір кірді, бір шықты. - Әй, шал, мен бір амал ойлап отырмын,- деді Сақыпжамал әлден соң. - Ол қандай амал? Манадан бері соны айтпайсың ба, менің жанымды қуыра бергенше. - Мына адырдан аздап сора жинап келіп едім. Сол шөпті қайнатып беріп көрелікші. Бәлкім, ыстығы түсер, беті бері қарар,- деді Сақыпжамал. - Ойбай-ау, неге отырсың? Бағанадан бері мелшиіп? Тұр, шөбіңді қайнат,- деді Досымжан. - Сені ұрсатын шығар деп... - Бала сауығып кетсе неге ұрсайын. - Ендеше, мен шөп қайнатуға кірісейін. Сұлық жатқан Досжан қайнатпаны ішкен соң, өнбойы борша-борша болып ағыл-тегіл терледі. «Иә, сәт!» деп Досымжан Жаратқаннан медеп тілеп отырды. Ал, таңертең Досжан: - Апа, шөлдеп барамын,- деп оянды. - А-а, қара басып ұйықтап қалыппын ғой,- деп Сақыпжамал орынынан ұшып тұрды. Түске таяу Досжан құлан-таза жазылды. Әйелінің шипагерлігіне шаттанған Досымжан шопан отарды алысқа өрістетті. Кешке үйіне оралғанда құлдыраңдап ойнап жүрген ұлын көріп сүйсінді. Содан кейін бұл отбасы күлгін түсті шөпті дорбаға салып, кереге басына іліп қоятын болды. Қыстауға барғанда көрші-қолаң Досымжанның үйіне келіп, соғым жеп, «көк шөппен» шай демдеп ішіп, мәре-сәре болып тарқасатын. Көк шайды үлкендермен бірге ішетін Досжан енді керекті шөпті өзі таңдайтын болды. Сөйткен Досжан ауылдағы мектепке барғанда әкесі ұлан-асыр той жасады. Бастауыш сыныпта жүргенде-ақ тентек аты шыққан Досжан жоғары сыныпта маскүнем атанды. - Біздің бала ауылдың атаманы!- деп әкесі масаттанды. Атаман ауылдан ұзай алмады. Мектепті ілініп-салынып жүріп бітірген ол бұдан әрі оқимын деп талпынбады да. «Азар болса, мен сияқты қойшы болар, мал соңында жүріп те ешкімнен кем емеспін» деп Досымжан әуелі арқаны кеңге салды. Бірақ Досжан қой баққан жоқ. Үш айлық механизаторлар даярлайтын курсты бітірді де кеңшарға тракторшы болып жұмысқа орналасты. Бұл кезде Досымжан малын кеңшарға өткізіп, ауылға көшіп келген болатын. Жалғыздың жыры осыдан кейін үдеді емес пе? «Арақ ішуін тияр» деп құда түсіп, бір шүйкебасты үйіне кіргізіп еді, байғұстың басынан таяқ кетпеді. Арада көп уақыт өтпей Досжанның нашақор екені бүкіл ауылға аян болды. Тракторын қисалаңдатып көшемен келе жатқанда тұрғындар тығылатын жер таппай зәре-құттары қалмай жан-жаққа шілдей бытырап қашады. Сөйтіп жүріп ол тракторынан айырылды. Дос-жан далақтап далаға қарай қашатын жаман әдет тапты. Тауқыметіне көрінді ме, осы тұста Кеңес үкіметі күйреп, кеңшар да тарап кетті. Не жұмыс жоқ, не табыс жоқ, атақты шопанның шаңырағы шайқала бастады. Оның үстіне Досжанның елді дүрліктіруі тиылмады. Бірде Досжан үйге көздері құтырған қасқырдікіндей қанталап келді. Сақыпжамал айран беріп еді, қолын қағып жіберді. Айран ақтарылды да қалды. Сол күні оның бүкіл денесі сіресті де қалды. Демі тарылып, тыныс алуы қиындады. Кеудесін кере дем алғысы келгенімен, ауа жетпейтіндей. Оның өн бойын, сүйектерін әлдебір жегі құрт мүжіп, жеп жатқандай. Құлағы шыңылдап, миы солқылдап, қол-аяғы сұмдық сырқырағанда жанын қоярға жер таппай ыңырсыды. Әлден соң көздері аларып, есінен танып қалды. Сақыпжамал мен келіні Айнаш ауыл дәрігеріне жүгірді. Досымжан көзі аларып барып-келіп жатқан ұлының жанында состиып тұрып қалды. Ауыл дәрігері Сартай сырқаттың сырын айтқызбай түсінді. Досжанның білегіне есірткі егу ғана қалып еді. Ал, онда есірткі қайдан болсын! Ол амалсыз аурудың әке-шешесіне қарады. - Балам,- деді Досымжан,- мен кәрі қақпас, бәрін де білемін. Үйді тінтіп көремін. Мынаның дәрісі табылса, тамырына ек. Өліп кетпесін. Жалғыз тұяқ қой. Сосынғысын көре жатармыз,- деп шерлене жылап жіберді. Сартай тәжірибелі дәрігер екен, өйтіп-бүйтіп Досжанды тірілтіп алды. Бірақ, мұнан соң да Досжанның денсаулығы түзеліп кете қоймады. Бүкіл сүйегін құрт жеп жатқандай қиналатын кездері көп. Мұндайда көздеріне ештеңе көрінбейді. Қорадағы малды, үйдегі қолға іліккенді түгел сатып бітті. Есін жиғанда ауыл шетінен өтетін теміржол бойындағы бекетке барады. Онда өзі сияқты қаңғығандар көп. Ұрлық қылады, жалғыз-жарым жолаушыны тонайды. Сосын таудағы үңгірге келіп тығылады. Тапқан-таянғандарын осында ішіп-жеп кәйіпке бөгіп жатады. «Тауар» таусылғанда қорқау қасқырдай үңгірден шығады. - Бұл кеткен екен, адам болудан қалған екен,- деп Досымжан басын тауға да, тасқа да соққылады. Досымжан қарт күйіктен бүк түсіп жатып қалды. Артынша оны ағайындары ата-бабалары жатқан төбеге көтеріп бара жатты. Мына зар-запыран күйікке Сақыпжамал да шыдай алған жоқ. Шалының қырқы өтпей жатып жанына жетіп алды. Үрейлі үңгірде жатқан Досжан әке-шешесінің басына топырақ салуға келе алған жоқ. Бірде көрден тұрған адамдай сүйретіліп ауылға Досжан келді. Түрі әлемтапырық. Көздері ұясына кіріп кеткен, сұп-суық. Мұны көрген ауыл балалары үрейленіп, үлкендердің тасасына тығылды. Жүрегі кеудесіне сыймай кеткендері үйлеріне қарай қашты. Досжан тірі пенде жоқ үйіне кіріп, түкке түсінбей сенделіп жүрді де қойды. Оның семген санасына ештеңе де кірмеді. «Бұлар қайда жоғалып кеткен өзі?» деген бір ой алыстан қылаң бергендей болады. Бірақ, нені, кімді іздеп жүргенін өзі де түйсіне алмайды. Көз алдына еміс-еміс бір елес келгендей болған. Иә, иә, Айнаш бар екен ғой, ол қайда кеткен? Құлдыраңдап жүгіріп жүрген құртақандай ұлы қайда? Ол теңселіп тұрып-тұрып гүрс етіп құлап түсті. Миы солқылдады. Жер зыр айналып тұрғандай басы зеңіді. Көздері шапыраштанып, ауызынан ақ көбік атқылады. Бүкіл денесі солқ-солқ етті де, әлден соң қол-аяғы сіресті де қалды. Досжан енді денесін билей алмады. Көз алды қарауытып, белгісіз бір тұңғиық қараңғылыққа шым-шым батып бара жатты. Ол қасірет қақпанына құтылмастай болып түскен еді. Ауыл тұрғындары ұлыған иттің дауысынан шошып оянды. Досымжан қарияның үйіне қарай ағылған адамдар үрейлене кері қашты. Қан сасыған үйге батылы барып ешкім де кіре алмады. Ағайындар Досжанды арулап та жер қойнына тапсыра алмаған. Ауданнан келген ішкі істер басқармасының қызметкері оның мәйітін алып кеткен. Біреулер оның сүйегін өртеп жіберген деседі. Екінші біреулер мекен-жайы белгісіз қаңғыбастар жерленетін жерге көмілген деседі. Соңынан іздеп барған ағайын-туыс түңеріп қайтты. Ауыл шетіндегі шаңырағы ортасына түскен осы бір үй тым үрейлі көрінеді. Ымырт түсе ауыл адамдары бұл үйдің жанынан өтуге қорқады. Үй ішінен қиналған, ыңырсыған адамдардың дауыстары естілетін көрінеді. Ауылдың бір маскүнемі осы үйге кіріп арақ ішкен екен, көп кешікпей жынданып кетіпті. Кешкісін осы үй маңынан өтіп бара жатқан бір топ баланы белгісіз құбыжық қуалады деп шуласады көпшілік. Үрей билеген ауыл адамдары шошына бастаған. Олар ақылдаса келіп, ту-ту алыс аудандардың бірінен қара суды теріс ағызатын үлкен молданы тауып, қолқалап ауылға әкелді. Басына дағарадай орамал байлап алған молда «жауырыным мұздап бара жатыр» деп үйге жолаған жоқ. Жақын жердегі бір төбеге шығып алып, текемет үстіне жайылған көрпеге малдас құрып отырған молда Құранды ұзақ оқыған. Қасындағылардың шыдамдары таусыла бастағанда барып басын көтеріп: «Бензин әкеліңдер» деп әмір етті. Әлден соң үрейлі үйден лап етіп жалын көтерілді. - Қасірет қақпанынан аман қалдыңдар. Балаларыңа, үрім-бұтақтарына аманаттаңдар, ана қырсық шалған далаға барып сора термесін!- деп бетін сипаған молда есегіне мініп кете барды. Өртке жиналғандар оның көзді ашып-жұмғанша ғайып болып кеткенін көріп таң қалды. Сол түні ауыл иттері әлденеге шабалана үріп, ұлып шықты. - Басыңа көрінсің!- деп қарғады бүкіл кемпір. - Тыныш-тыныш! Ауыл іргесінен жын-шайтандар көші өтіп барады,- депті ауыл молдасы. Арада қанша жыл өтті. Бірақ алыс адырдағы осы бір оқиға жұрт жанында әлі де жаңғырып тұр... Иә, қасірет оңайлықпен ұмытылар ма?..

466 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы