• Руханият
  • 06 Қыркүйек, 2017

Мең-зең күйдің қайығында қалғимын

Мұратхан ОРЫНТАЙҰЛЫ

1984 жылы туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық Университетінің филология факультетінің түлегі. Өлеңдері мерзімді басылымдарда, республикалық «Жас толқын», «Жыр қағанаты Жұматай» атты ұжымдық жинақтарда жарияланған. Алматы облысының Ескелді ауданында ұстаздық жолда еңбек етеді.

Далам Тағы да түн басты, қоп-қою қараңғы, Соңғы нұр сәулесі жалын боп тарады. Көз алдым көк тұман, Сайтан бір сағыныш көлбеңдеп барады. Жатуға мұрсам жоқ, тып-тыныш бүркеніп, Аруақтай сүйретіп денесін. Бейуақта бетке алып барамын, Даламның мүрдесін. Оянып іңірдің бей-жайын жамылып, Санамда сан үрей, сан үміт. Барамын өзім мен өзім күбірлеп, Жанымды билеген тағылық. О, далам, қасиет өзіңнен аспаған, Тірліктің буына мастанған. Мен сені күндізгі күйбеңнен қызғанып, Түн бата бас салам. Ұйқыңды әлдилеп сырыммен, Сипалап тұрамын денеңді, Мен сені күзетем көз ілмей, Жұлдызға тіреу ғып төбемді. Тағы да түн келді, Жұлдыздар аспанда тайғанап, Барамын даламның құшағын, Сағынып аймалап. Тартшы әке, күйлеріңді Қаршадайымнан әкемнің тізесіне қонып алып күй тыңдап ержеттім, ертелі-кеш біздің үйдің отбасын думанға бөлеп, домбыра шанағынан толассыз төгіліп жататын қоңыр күйлер, есейе келе арманыма қанат бітірді. Тартшы Әке, күйлеріңді нөсерлетіп, Жан жарамды меңдетсін кесел жетіп. Өткен күнде көп менің өкінішім, Уақытқа ұлимын есем кетіп. Тартшы Әке, күйлеріңді қоңырлатып, Жүрегімді тербетсін өмір-бақыт. Сағынышты сарқиын сартап болған, Кетер бір күн өзіме өлім артып. Фәни-арқан, азаппен шалмалайды, Қайтейін мұң торлаумен қалған айды. Тыңдаймын да тым іштей жылап алам, «Құройнақ», «Телқоңыр» мен «Арман-ай» -ды. Өзегім отқа оранып онан сайын, Ерентауым, егіліп сені аңсаймын. Қарашоқы, Ортасай, Жанболатым, Ұлықпанның Шұрығы, Сиырсайым. Тартшы Әке, күйлеріңді тебірентіп, Өмір өтіп барады өмір өтіп. Таңылайын талықсып шанағыңа, Оу, киелі домбырам-қоңыр бесік. Тартшы Әке, Бейсенбінің күйлерінен, Жастайымнан күй тыңдап үйреніп ем. Шөлдеп жүрмін, жан әке, шөлдеп жүрмін, Күйзеліп күйсіз күннің күйбеңінен. Тартшы Әке, күйлеріңнен! Қар жауады Жасырып жаралы күз, сары даланы, Ақ бұрқақ қарашада қар жауады. Нәлет айтып есейткен жылдарыма, Шабынып шайқалтамын бар ғаламды. Қар жауып тұр, алғашқы сырғақ шашып, Жеткізбей шағала арман жырақ қашып. Ақ далада ұлимын аш қасқырдай, Өз жарамды асқынтып, тырнап-қасып. Ақ дала, айхай дәурен, боз бала күн, Қыс келсе суық сорып қозданамын. Қу бұтақта мөлтілдеп мұңлы құсым, Қай-қайдағы дертімді қозғамағын. Ессіз күн, есалаң ай тамұқ маған, Қар жауса жапалақтап шабыттанам. Қара кеште қамалып қалың ойға, Ақша қардың астында қалып барам. Мұңдасу Жауа бер ақша қар тоқтамай, Көркіңе кірейін жоқ қарай. Аязың арқамды қарысын, Көмейден құйылсын от борай. Ызғырық, ысқыртшы уілдеп, Кеудемді тұлпардай дүбірлет. Жанымды шайқалтып тартшы бір, Тым ескі әуеннен бір-бірлеп. Кірпікке қатырып мұз қырау, Жеткенше тұнжырап түн-жырау. Алайын ақшамға көміліп, Сергітіп ойымды мың құрау. Түн жетер түнекке шарпылып, Тіршілік тыныстар сарқылып. Бөрідей ұлырмын аспанға, Жоғымды жоқтауға талпынып. Жүректе нелер жоқ қатпаған, Еске алсам бәрі де жат маған. Туысты, досты да таппаймын, Сағыныш сары майдай сақталған. Қайтейін, арамыз тым алшақ, Мұң артып мүлгиді мұнар шақ. Көкжүзін көрпе ғып үздігем, Ақша қар, өзіңнен сыр аңсап. Ақпан Ақпаным тұр ақ боранын түтетіп, Ақ аязын тұрғаным жоқ місе етіп. Жігерімді жануштай жанитын, Кетер ме екен қыс өтіп?! Тереземнен төгіледі аппақ нұр, Тәңір тауға талпынамын жатқан қыр. Белес жылдар белін бүгіп мүлгиді, Қайтер екен, жиырма сегізінші ақпан бұл. Тұншығамын сезіміме шайқалып, Көргенім жоқ жаным бір кез жай тауып. Белдеуімде кісінейді құлын жыр, Көш жолына ерер ме екен тайпалып. Ақ маржаным, ақ әлемде қалықтар, Сүйінтеді жапалақтап жауып қар. Мең-зең күйдің қайығында қалғимын, Бұлдырайды бұлдыр-бұлдыр жарықтар. Сарноқайда Басымнан бір суық мұң кетпей қойды-ау, Күннің де күші жетпей қойған қардай. Жұматай Жақыпбаев Қыс өтті қытымырын жиі ұқтырып, Қалғандай көкірегіме күйік тұрып. Даңғаза тар ортаның тауқыметі, Жіберді мінезімді тұйық қылып. Арманымнан адасып жаңылдым ба, Жол ашып қапелімде қалың мұңға. Жатырмын мәре-сәре тірлігіммен, Әйгілі Сарноқайдың бауырында. Іздеген сор бақытын ай мүсіннен, Ақынның қайсысы бар қайғысы кем. Япырау, бұл сондағы Қаратал ғой, Жұматай сыр шертіскен Ләйлісімен. Сарноқай ақын пірі, ақ бас мекен, Басындағы қар ма екен, ақ тас па екен?! Жұма ағаң жиренімен желіп өткен, Сүрлеуді табар ма екем, таппас па екем. Сезіммен арпалысып өмір өтті, Жүрек мұң, сенім жара, көңіл кекті. Жұма аға, Сарноқайда жатқан қардың, Іргесі әлі күнге сөгілмепті. Талант  Оразалы Досбосыновқа От ауызды ақын ең орақ тілді, Бұл фәни сізді аз күндік қонақ қылды. Отқа оранып тудың да Ораз ақын, От боп сіңдің, жиекке жолақ тұрды. Тұрмыстың тарғалаңын тарпып басып, Тәкаппар талантыңмен қолтықтасып. Жырлаушы ең кестелі сөз, өткір тілмен. Сыз өтіп сырқаттанып архивті ашып. Айтыста орның қалды ойсыраған, Ұғар ма сөз мәнісін ойсыз, надан. Асыл жырдың мұқалмас наркескені, Жырыңды жатқа айтады қойшы-қолаң. Талаптылар, ортақол, басыбайлы, Елестетер тым жансар жарты айды. Таланттың тағдыры мүлде бөлек, Шолпан болып түнектен жарқырайды. Темекімен қоштасу Көк темекім көк түтіні көлбеген, Шаршағанда жанға дауа, ермек ең. Қара түнде қалтыраған халімді, Торыққанда түтініңмен емдеп ең. Көз алдымда көлбеп ұшып тұманың, Тартушы едім тарқағанша құмарым. Оңашада жұрт көзінен жасырып, Саған шақтым жүрегімнің мұң-зарын. Күзді күннің қабағындай түнерген, Ақ жаңбырым жаумай көкте түнеген. Шегіп-шегіп бір шықпадым шерімнен, Түтініңде өлді уланып мың өлең. Талай мәрте қоштастым да оралдым, Ашынғанда құшырлана қолға алдым. Көкжиектен ағып өткен жұлдыздай, Енді мәңгі қайырылмасқа жол алдым. Көк темекім, көк түтіні көлбеген, Торыққанда түтініңмен емдеп ең. Қасым тағдыр қайталанар түрі бар, Енді емделсем, таза ауамен емделем. Қош бол! Жәркен Бөдешұлына хат Жайырдың Жәркен Бөдеші, Теңеудің текті төресі. Запыран жырын қозғаса, Сөгілген сөздің көбесі. Ақиық аға, Жәркенім, Алатаудай алып, мәрт едің. Жүзге де жетіп толғаңыз, Жырыңа ащы тәнті елің. Жүрсеңде сәтке күліп бір, Көңілің жүдеу, сынық,кір. Болса да кеудең кеңсарай, Сарғұсын жел ұлып тұр. Айналаң тобыр, масалаң, Көлеңкең серік, бас аман. Арман жоқ сізде жан аға, Тарихын тасқа қашаған. Сораптап өмір жүлгесін, Ұзатып үнсіз жыр көшін. Отырмын түнде , жан аға. Мекендеп мезгіл түрмесін. «Құбылысты» оқып жастанып, Жындануға да шақ қалып. Сәлемде барып бере алмай, Есігіңізді ашып ене алмай, Пайғамбар ақын жар-аға, Сарноқай дейтін алаңда. Өзегім оттай өртеніп, Жатырмын жалғыз дерт еміп. Жапанда жалғыз ауыл Сайын Мұратбеков пен Ғали Орманов туған, әйгілі «Қоңыр» ауылына жол түскен күн. Дәриға-ай, таусылар ма жүректе арман, Тәңірім берді бүгін тілекті алдан. «Жусан иісі» бұрқырап далам жатыр, Әр қырында сырбаз сыр түнеп қалған. Жапанда гүл көмкерген омырауын. Сайын аға мекені – Қоңыр ауыл. Майда лебі жүзімді шарпып өтіп, Жанымның дір еткізді қоңырауын. Керім дала кеудесін керіп алдан, Маңғаз тау мамық гүлге белін малған. Қоңырқай ауылымның тірлігін-ай, Жатыр мұнда өріліп өмір – орман. Саумал нұр сарайды ашар күні балдай, Сан бояу сабынша еріп құбылардай. Күндізі көзі арбаған хас сұлудай, Апыр-ай, көрер ме еді, түні қандай?! Ой орманда адасып, қиял құшып, Құшақтайын кеудеме сиярмысың. Шалғын-төсек, жамылып жұлдыз – көрпе, Аз ғұмырдың бір түнін қияйыншы. *** Сиқыр жүзге сыйлағандай тәңір құт, Шақырсам да қам көңілді сабыр ғып. Мұң мұхитқа батып кете барамын, Толқындардың топанына қағылып. Асау ағыс жұтатындай жұтынып, Ақжал толқын, аласұрам тұншығып. Талмаусырап тал қармаймын жағада, Қан қызылға боялғанда күн шығыс. Теңіз шуы тентек иттей қабаған, Азынап жел құм үрлейді жағама. Езіп бара жатыр жанды жалғаным, Көшкен бұлттың құйрығымен сабалап.

435 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы