• Руханият
  • 03 Қараша, 2012

Абылай хан мұрасы және бүгінгі насихат

Райхан Имаханбет

Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры,

филология ғылымдарының кандидаты

Алаш баласының басын қосқан Абылай ханның есімі Түркі жұртына ғана емес, бүкіл әлемге мәшһүр екендігін қазақ елі үлкен мақтанышпен айтады, әрі мұны өзіне зор құрмет тұтады. Абылай ханның аты – тарихта тұлғалық дара бейнесімен қатар, «Абылайдың ақ жолы» деген қанатты пәлсафалық мәнге ие болған афоризммен де ұрпақ жадында жатталуда һәм жаттала берері де хақ. Қазақ қазақ болғалы, қазақтан шыққан зиялылардың Абылай хан тақырыбына қалам тербемегендері кем де кем шығар. Бұған бұл күні бізге жеткен – айбынды тұлға Абылай хан хақында айтылған түрлі аңыз әңгімелер, жыр-дастандар мен азды-көпті жазылған тарихи зерттеулер, қаламгерлердің қолынан шыққан деректі көркем һәм тарихи туындылар айғақ. Қазақтың ұлы ағартушыларының бірегейі, ориенталист, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ ғалым Шоқан Уәлиханов (1835-1865) қазақ пен қалмақ соғыстары кезеңіне талдау жасаған зерттеуінде: «...Қазақ ішінде Абылайдың даңқы зор. Абылай заманы қазақтың ерлік заманы болып саналады» деген тарихи тұжырым жасаса, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің біртуар тұлғасы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы (1857-1931) да өз еңбектерінде Абылай ханға үлкен орын берген. Мәселен, М-Ж.Көпейұлы жинаған мол деректерде оның аузынан мынадай сөз қалған: «...қалмақтың құтын қашырып, Сарыарқадан аудырған, басына қара қан жаудырған Абылай хан екен. Абылайдың заманында дәуренді Қазақбайдың баласы Абылайдан бұрын Адам Атаға шейін көрген емес. Абылайдан соң бұл заманғаша көрген емес». Зерделеген адамға қос ғұламаның да Абылайдай ақиық ханнан алар өнеге келер ұрпаққа да оның ұрпағына жетер рухани азық екенін аңдатып тұрса керек.

Ұлы ағартушы Шоқан бойындағы ерекше дарын Жүсіпке де тән. Мәшһүр Жүсіптің де өз заманының дарабозы, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ болғанына оның артында қалған тарихи маңызы зор, шығармашылық мол мұрасы дәлел. Оның «қазақ жұртының ақ киізге отырғызып хан сайлаған айбынды Абылайы туралы» әрқилы нұсқадағы тарихи мәліметтерді жинап, жазғанын мұрағатта қатталған қолжазбалары Кеңес әдебиеті тұсында кейбір әдебиетшілер мен тарихшыларға ғана мәлім болып келді. Ал бүгінгі тәуелсіздік кезеңдегі әдебиеттану ғылымында мұндай тарихи маңызы зор туындылар «Алаш мұрасы» сериясымен өз оқырмандарына жол тартып, халықтың көзайымына айналып отыр.            Абылайдың айтқандары мен ол туралы айтылғандарды үнемі шығармаларына арқау еткен М-Ж.Көпейұлының «Абылай хан дәуірі», «Абылай хан жиырма жасында», «Абылай заманындағы орыс елшілері», «Абылайдың алғаш көзге түсуі», «Абылайдың тұтқын болуы», «Абылайдың бір жорығы», «Абылай аспаған сары бел», «Абылай мен Жарылғап», «Абылайдың қырғызға жорығы», «Абылайдың қырғыз, өзбекке жорығы», «Абылай хан түсі және өлімі», «Абылай хан (дастан)», «Абылай хан (тарихи дастан)», «Абылай ұрпақтары», «Абылай хан ұрпақтары», «Абылай заманындағы батырлар», «Абылайдан кейінгі хандар»т.б. танымдық мәні зор деректері том-том болып жарық көруде. Әлбетте, қазақ елінің тарихы қайта жазылып жатқан тұста, бұл тың туындылар бүгінгі тарихшылардың ғылыми еңбектеріндегі талдау-сараптауларына негіз болып, осы уақытта дейін бұрмаланып келген «Қазақ елінің қалыптасу тарихы» келешекте тура жазылады деп үміттенеміз.                                                                                                                   Енді М-Ж. Көпейдің көзін көрген, «Айқап» жорналы мен «Қазақ» газетіндегі  әріптес інілері – алаштықтардың  Абылай туралы туындыларға тоқталсақ. Мысалы, «Оян Қазақ» кітабының авторы Міржақып Дулатұлы 1912 жылы «Айқап» басылымына  «Алашұлы Азамат» деген бүркеншік атпенен «Хан Абылай» атты деректі әрі танымдық мақала жариялаған [3]. Бұл тарихи әңгіменің кездейсоқ жазылмағаны анық. Қазақ елінің өз дербестігін аңсаушы Алаш арысы Міржақып бұл мақаласында Абылай туралы ел аузында аңызға айнала бастаған деректердің тарихи шындығына тоқтаған. Абылайдай тұлғаның аңыз емес, өмірде болғандығы ХҮІІ-ғасырда өмір сүріп, қазақтың үш баласы: Ақарыс, Жанарыс, Бекарыстан тараған ұлыстың басын қосып, жалпақ қазақ еліне 48 жыл хандық құрған дәуіріне, оны елдің хан көтеруі, ал жаугершілік заманда Абылайдың ел басқаруы, оның түс көруі мен жоруы, артындағы ұрпақтары тіпті, өлімі туралы деректерді сөйлеткен. М.Дулатұлының мұнан басқа «Қазақ» газетіндегі 1913 жылы жазған  «Хазірет Сұлтан» атты мақаласы, онда: Қожа Ахмет Ясауи туралы және қазақ хандықтарының тарихы жөнінде мағлұматтар баяндалса, ал 1917 жылы осы үнбаспада жарық көрген «Тарихи жыл» деген мақаласында қалмақ пен қазақ арасындағы жаугершілік кезең: «Ақтабан шұбырынды, Алқа көл сұлама», Қазақ елінің Ресейге қосылуы, 1868 жылғы «Уақытша ереже» хақында тарихи мәліметтер айтылған. Міржақыптан қалған мол мұраның өткен мен өткелді таразылауға, бүгін мен ертеңді аңдауға тұспал болар тұжырымы жетерлік. Біз тек мұнда Алаш арысының Абылай мен қазақ тарихы хақында жазғандарының астарында «өткенсіз – бүгін, бүгінсіз – келешек жоқ» деген пайым жатқанын, ал шежірелі тарихтың орта жолдан жасалмайтынын, яки орта жолдан үзілмейтінін өз ұрпағына ғана емес, айналасында анталаған жат -жұрттықтарға да көрсеткен сес жатқанын құлаққағыс еткенді жөн көрдік. Қазақ халқының рухани көсемі, ұлт ұстазы, ұлттық ғылымының негізін салушы, реформатор-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының төл тарихымыздан алар орны ерекше. Ұлтына арымен қызмет еткен Ахмет туған халқын бай-кедей, жарлы-жақыбай деп бөлмей, тұтас қазақты қаз-қалпында қабылдаған, әрі оның ұлттық болмысын саф қалпында сақтауға жан-тәнімен қызмет еткен. Ол өз шығармаларына да, ұлт мектептеріне арнап жазған оқулықтарына да  қазақтың ғасырлар бойы қазанынан қайнап шыққан бабалар мұрасын негіз, шырақ етіп алған. Сол үшін патша заманында да, кеңес тұсында да қудалау көрді, соңыра «халық жауы» деген жалған жаланың құрбаны болды. Ақиқаттың жүзі алмас демекші, жарты ғасырға жуық Алаш арыстарының аттарын айтқызбауға күшін салған Кеңес одағының өзі құрдымға кетті, бірақ өзі қаралаған ұлдарын өзі ақтап кетті. «Дүние – кезек», «уақыт – таразы» деген өлшем сөздер осындай оқиғаларға қатысты айтылса керек.                                                        Енді А.Байтұрсынұлы мен Т.Шонанұлының 1927 жылы Қызылордада жарық көрген 3-4-ші сыныптарға арналған «Оқу құралы» атты хрестоматиялық оқулығына енген «Абылай», «Бекболат би мен Абылай ханның түйісуі» атты тақырыпшалардың мән-мазмұнына зерделеп көрсек. Ағартушы-ұстаз Ахмет «...әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған һәм мұны айналасындағылардан талап еткен. Бұған оның «Мектептің жаны – мұғалім», оқушының қандай болмағы, оқытушыға тәуелді екендігін айтқан қанатты сөзі дәлел. Мәселен, «Бекболат би мен Абылай ханның түйісуі» деген әңгімені аталған оқулықтың «Әдебиет, тұрмыс, еңбек» бөлімінде берген.  Мұнан байқайтынымыз: тарихи әфсананың өмірде шын болған оқиға екендігін, бала ұғымына жеткізе отырып, сөзге тоқтаған данагөй халқының айбарлы ханы мен төрелік айтқан биі болғандығын білдіруді мақсат тұтқан. Әрі әңгіме барысында хан мен бидің арасында өрбитін оқиғалар желісіндегі астарлы сөздердің шешуін тапқан Абылай ханның көрегендігін, ал Бекболат бидің тапқырлығын өскелең ұрпаққа өнеге етеді. Шындығында, би мен хан арасындағы қысқа әңгімедегі диалогта адамға қажетті сөз өнері, тұрмыстағы тірнегі, еңбектегі өтілі –  бәрі-бәрі шебер қамтылған. Шағын әңгіменің өн бойында тағылым жатыр.

Оқулықта «Көшпелі түріктердің соғысы», «Ақтабан шұбырынды», «Қоқанның ханына найман Жанкісі бидің айтқаны», «Абылай», «Кәрібоз бен Наурызбай», «Қара шекпен мен жұмысшылар төңкерістері», «1916-жылдың көтерілісі», «Тарихи күн», «Қазақтың жермен қоштасқаны», «Егіз үкімет жайында», «Еңбекшілер ұраны» атты деректі әңгімелер мен өлең-толғаулар топтастырылған. Бастауыш сыныпта баланың алған дәрісіне қарай дүниетанымы қалыптасатыны белгілі, бала жадында жатталған алғашқы танымды қанша жерден улағыңыз келсе де, ешқашан бұза алмайсыз. Ал тақырыптардың атынан көрініп тұрғандай, оқушының сәби санасына бабалар тарихынан дұрыс тағылым берсең, бұл оларға мәңгі рухани азық болары анық. Алаш арыстарының басты ұстанымы бабалар болмысымен алға жылжу болған. Әйтпесе, Ахаң айтқандай «сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» немесе «төл әдебиеті мен тарихы барлар ғана төрден орын алмақ» демекші, ұлт болып ұйысып, мемлекет болып іргеңді берік қалағың келсе «әу, бастағы шыққан түбіріңмен қалан, дамы, өркенде». Тамырсыз ағаш болмайтыны сықылды, тарихсыз ұлт болмайды.              Жалпы, тіл, әдебиет, тарихты бөліп-жарып, дара сала жасағанымызбен де, олар қазақтың қара қазанын қайнататын ошағының үш бұты сықылды. Кейде бірігіп, бүтін болғанды қалайды. Бұл күні, тіпті өткен ғасырда да тарихшылардың миссиясын мойнына алған тіл, әдебиет мамандары арамызда болған. Әлбетте, ойымызға бірінші болып Әлкей Марғұлан түсер еді, ұлттық археологияның іргетасын қалаған Ә.Марғұлан сияқты тіл менен тарихтың қос тізгінін тең ұстаған әмбебап ғалымдар қазірде жеткілікті. Атап айтсақ, І.Есенберлин, С.Әсіпов, М.Мағауин, С.Дәуітұлы, Т.Жұртбай, Д.Қамзабекұлы, З.Тайшыбай, тағы басқалары. З.Тайшыбайдың «Қазақтың ханы – Абылай» деген екі томдығы 2005 жылы жарық көргендігі туралы БАҚ-та жарыса жазды. Зерттеуде 500 құжат, олардың 200-ден астамы ғылыми айналымға алғаш рет енгізіліп отырғандығы, 2000-нан астам кісі есімдері, 300-ден астам жер, су атаулары қамтылғаны айтылады.Дегенмен бұл кітаптан бұрын жазылған еңбектер барын ұмытпаған жөн. Мәселен, жазушы Ұ.Доспамбетовтың «Абылайдың ақ туы» (1-кітап, 2004; 2-кітап, 2008), тарих ғылымының докторы Б.Нәсеновтің 2004 жылы Новосибирскіде басылған «Абылайхан» атты екі томдығы. Б.Нәсенов, тағы басқалардың да жоғарыда аталған кітапқа қарсы пікірлері жазылуда. Ия, тарих шежіресі жеке адамның қолында тұрған жоқ, десе де бір адамның мұрағат деректерін сөйлеткен ой-толғамдары белгілі бір ортаға ықпал етері сөзсіз.

Бүгінгі егемен елдің ғалымдарының алдында ұлт мүддесі үшін ұйысқан бір ғана мақсат болуы керек. Мейлі, ол тарихшы, тілші, әдебиетші, көсемсөзші, философ, тіпті, экономист, заңгер болсын олардың жазған зерттеу еңбектері туған Отанына, дербес мемлекетіне, бүгінгі һәм келешек ұрпаққа қызмет ететінін, ал қай-қайсысының да аузынан шыққан сөз «уақыт – таразының» елегіне түсетінін есте ұстанғаны жөн. Сондай-ақ, Қазақ елінің ұлт болып, мемлекет болып қалыптасуындағы тарих беттеріндегі «көлеңкелі» немесе «ақтаңдақ» тұстарды талдағанда біржақты бағыт ұстанып, оған баға беруге біздің хақымыз жоқ. Дұрысы, дерек қалай айтады,  сол қалпында беруге міндеттіміз. Тарихи деректі бұра тартып, өз тарапынан қандай да кесімді қорытынды шығару зерттеушілердің басты кемшілігі болып табылады. Өйткені, көпшілік оқырман, ең бастысы білім ордалары: балабақша, мектеп, институт, университеттерге арнап жазылған негізгі оқулықтар осы ғылыми зерттеулерге сүйенеді. «Әдебиет – ардың ісі» деген ғибратты ұлағат барша қалам ұстағандарға міндеттелген парыз десек қателеспейміз.

Бүгінгі күні мектеп пен ЖОО-на арнайы жазылған негізгі және көмекші оқулықтарды (Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті, әлеуметтану, философия, т.б.) айтар болсақ, мұнда Абылай хан хақындағы мәтіндердің мазмұны сын көтермейді. Кеңес тұсында хан Абылайды жағымсыз кейіпкер етіп көрсету жоспарлы түрде жүргізіліп, тарихшылар заман ауанына қарай амалсыз мұрағат деректерін бұрмалауға мәжбүр болды. Ал егемендікті алғаннан бері кеңес тұсындағы кейбір олқылықтар түзетіліп, мектеп оқулықтары қайта бастырылды. Бірақ бұл асығыс жүргізілгендіктен не арнайы мамандардың жетіспеушілігінен бе әйтеуір, кейінгі жазылған оқулықтардың ахуалы мәз емес. Қорыта айтқанда, білім беру мекемелерінің оқулықтарын, оның ішінде ең бастысы: «Қазақ тарихы» пәнін қайта жазу мәселесі – күн тәртібінен түспеген өзекті мәселе күйінде қалып отыр. «...Қолымды уақытынан кеш сермедім» деп ғұламамыз Абай айтқан күйініште қалмас үшін, тәуелсіздік кезеңдегі ұлттық ғылымның кем-кетігін тарихшылармен қатар бірге түгендейік.

1188 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы