• Руханият
  • 01 Қазан, 2012

Мүсілімнің мұрасы

Гүлжаһан ОРДА

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер

институтының бас ғылыми қызметкері,

филология ғылымдарының докторы

Үстіміздегі жылы көрнекті әдебиеттанушы ғалым, сындарлы сыншы, шебер аудармашы, әйгілі әдіскер, белгілі мемлекет қайраткері Мүсілім Базарбайұлы Базарбаевтың туғанына 85 жыл толып отыр. Ғалымның мерейтойы Мүсілім Базарбаев атындағы №138 гимназияда кеңінен аталып өтті. Мерейтойға М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижан бастаған бір топ ғалымдар қатысты. Ғалымның отбасы Мүсілім Базарбаев атындағы гиназияның үш үздік оқушысына сыйақы тағайындап, алдағы уақытта осы бастама алдағы уақытта дәстүрге айналатындығын айтты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Бердібай Шалабаев, биология факультеті деканының орынбасары, биология ғылымдарының кандидаты Зура Есімсейітова, және ғалымның жары, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлбараш Ізбасқанқызы, қызы, биология ғылымдарының кандидаты Жаннат Базарбаева, немерелері Лабара Базарбаева, Диана Ермекова сынды қонақтар Мүсілім Базарбаев атындағы гимназия оқушыларының мерейтойға деген дайындығына тәнті болды.

Гимназия түлектері үлкен ғалым, көрнекті тұлғаның атына кір келтірмеуге тырысатындығына куә болдық. Мұнда «Алтын белгімен» бітірушілер қатары жыл санап өсіп келе жатқандығы қуантты. Олардың қатарында 2008-2009 оқу жылында Малғаждарова Әсел, 2009-2010 оқу жылы – Базарбай Іңкәр, Бағашарова Арайлым, Сейдалиев Шыңғыс, 2010-2011 оқу жылы – Бабаева Меруерт, Молдахметқызы Алуа, Мирланова Айнұр сынды оқушыларды атауға болады.

Осындай шәкірттер тәрбиелеп отырған гимназия мұғалімдері 2011-2012 оқу жылында төрт семинар өткізіп, директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары А.Божанова қалалық «Директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары» байқауының І орын иегері, география пәнінің мұғалімі Ұ.Есназарова «Қазақстан физикалық георграфиясы» 8-сыныпқа арналған оқулықтың, «Түркі тілдес елдер географиясы» факультатив және таңдау курсына арналған оқулықтың авторы болса, оқушылардың да білім мен өнердегі жетістіктері жетерлік. Жыл сайын өтетін қалалық дәстүрлі пәндік олимпиадаларға, қалалық ғылыми жоба сайысына, ән-би байқауына, спорттық жарыстарға, бастауыш сынып оқушыларының «Балапан» телеарнасының «Зерде» интелектуалды ойынына, жоғары оқу орындарында өткен олимпиадаларға қатысқан оқушылардың көпшілігі жүлделі орындарды иеленген. 2011-2012 оқу жылында жоғары сынып оқушыларының ішінен 7 оқушы жоғары оқу орындарында өткен олимпиадалардан І, ІІ, ІІІ орындарды иеленсе, 6 оқушы қалалық олимпиададан жүлдері орындарды жеңіп алған. Қалалық ғылыми жоба сайысынан да бұл гимназия жоғары көрсеткішке ие болып, 5 оқушы жүлдері орындарды иемденген. Сонымен бірге «Зерде» интелектуалды ойынының нәтижесі бойынша 1-сынып оқушысы Г.Көккозова, 2-сынып оқушысы А.Байжанова, 3-сынып оқушысы Э.Абдрасилова, 4-сынып оқушысы Қ.Тогушаковалардың бірінші орындарды иеленгендігін айтатын болсақ, бұл мектептің білім мен өнерді қатар иегеріп келе жатқандығын байқауға болады.

ХХ ғасырдың 1950-1990 жылдарындағы қазақ әдебиеттану ғылымына белсене араласып, И.С. Тургеневтің «Ася», «Бекет үй», «Алғашқы махаббат», «Көктемгі тасқын» повестерін қазақ тіліне аударып  артында мол мұра қалдырған, 1954 жылдан бастап жарты ғасырға жуық 10-11-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығының тұрақты авторы болған  Мүсілім Базарбаев өмірі мен өнері аңызға айналған өр тұлға. Оның өмірі мен қызметін, азаматтық қырын замандастары Ж.Молдағалиев, Т.Молдағалиев, М.Рәш, Р.Ниязбеков, Ш.Сариев тәрізді ақындар жырға қосты. Аға буын ағалардың осы үрдісін бүгінде оның атындағы гимназия оқушылары жалғастыруда.

Ол туралы бүгінгі ХХІ ғасырдың ұландары не дейді екен? Осы сауалға жауап беру үшін М.Базарбаев  атындағы № 138 гимназия оқушыларының шығармашылығынан мысалдар келтіруді жөн санадық.

Тойға дайындық

Мектебімізді сұрасаң,

Мүсілім ата атында.

Бірер сөз айтсам деп едім

Осы бір тұлға хақында.

Деп айтады көргендер:

Ұста еді сөзге, ойға нық.

Қолыма алып суретін

Қарай қалсам жайланып,

Мүсілім ата елінің

Отырғандай қамын ойланып.

85-ке ата келеді деп,

Дайындалуда тойға жұрт.

Абыр-сабыр жиілеп,

Дайындық тұр тым үдеп.

«Заманның қалмай көшінен –

Тұрғандай ғалым: жүгір!» деп.

Әйгерім Әбеуова

8 «А» сынып оқушысы

Мүсілім атама

Сұлу мүсін, өр мінезді, сері көңіл, ақ жүрек,

Қазағымның маңдайына біткен алып бәйтерек.

Біз, ұрпағы, мұрасынан асыл таптық сарқылмас,

Тұр ғой ғалым биіктерге, белестерге жол сілтеп.

Бұл мектепке тағзым етпей, құрмет етпей өтпеңіз,

Ата алдында, ар алдында парызымызды өтерміз.

Еңсесі биік, бойына біткен ірілік болған қасиет,

Азаматтығыңыздан  күш алып ер жетеміз.

Абдрахмантегі Айдана

9 «А» сынып оқушысы

М. Базарбаев атындағы №138 гимназиядағы

Мүсілім Базарбаев мұражайы

Көрнекті қоғам қайраткері – М.Базарбаев

Өмірі ұрпаққа өнеге

Аға едің арманға бай, ақылға бай

Ақырын жана білдің лапылдамай.

Алдыңа жан салмадың адамдықта

Жүрдің сен жамандыққа жақындамай.

Осынау  Т. Молдағалиевтың өлең жолдарын оқыған сайын, бүгінгі күні аты аңызға айналған М.Базарбаевтың есімі еске түседі.1927 жылдың                               15 мамырында дүниеге келген осынау алып тұлға Сыр өңірі – жыр өңірі деген атағымен әйгілі Қызылорда обылысының Сырдария өңірінде дүниеге келген. Кіндік қаны осындай қасиетті жерде тамған М.Базарбаевты исі қазақ пір тұтатыны кездейсоқ  емес.

М. Базарбаев жан-жақты, сан қырлы адам. Қай тұрғыдан, қай саладан алар болсақ та, оның сынақтан сүрінбей өтетіндігі анық. Оған айқын дәлел – адами келбетінің асқарлығы,  ардақтылығы. Адамдығы мен адалдығы астасқан жанды сегіз қырлы бір сырлы десек, қателеспейміз.

Тән сұлулығы менен жан сұлулығы, әрине, ерекше ғой. Болса да, мен үшін ақыл-парасаттың нарқы биігірек. Себебі дүниені қозғаушы күш адам болса, адамның күші – ақыл - парасаты.Мүсілім атамыз да, ақыл ағынымен арман-қиялына жетті. Өмірлік кеме желкенін арманының бағытына қарай ақыл-парасатымен бұрып отыру да өнер ғой.

Мақсатына жетер жолда  адамның мінез-құлқының алар орны ерекше. Қанша жерден ақылды, білімді, білікті болсаң да, мінез-құлқыңның нашар болуынан бұл қасиеттердің барлығынан да айырылып қалуың мүмкін. Мүсілім атамыз жайлы ақын-жазушылардың жазғандарын оқығанда, ақкөңіл, мейірімді, қамқор екендігін аңғардым. Ешкімге қатты сөйлеп, теріс көзқарас танытпаған екен. Бұл – айналасындағы адамдарды қастерлей білгендігінің көрінісі.

М. Базарбаевтың ғалым екендігін бәрі де мойындады. Ғалым болуға лайықты деп ойлаймын. Себебі оның бойында ғалымға қажетті қасиеттердің барлығы табылады. Олар зеректік пен зерделілік, білімділік пен білгірлік, еңбексүйгіштік пен мақсаткерлік. Атам қазақ «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, жазған еңбегі, бүгінгі ұрпаққа қалдырғаны болмаса, оның несі ғалым? М.Базарбаевтың ғалым екендігін оның жазған еңбектері дәлелдей түседі. Тургенев шығармашылығынан аударған шығармалары – «Ася», «Бекет үйі», «Алғашқы махаббат», «Көктемгі тасқын», «Көрікті ойдан көркем сөз» атты өз еңбегі ірі құндылық болып табылады.

Әрбір ғалымның атын естігенде, өзінің бейнесімен қоса көз алдыма шәкірті де елестейді. Ғалым болған соң, көрген-білгеніңді өзгеге үйрету парыз ғой. М.Базарбаев осы парызын орындады. Себебі ол – ғалым әрі ұлағатты ұстаз. Ұлы даланың ұлы перзенті М.Әуезовтің шәкірті болған Мүсілім атамыздың мұндай азамат болуы таңқаларлық іс емес. «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» деген ойдың дәлелі осы шығар. М.Базарбаевтай шәкірт тәрбиелеген Мұхтар Әуезовтің ұстаздық арманы орындалды.

Байырғы заманнан-ақ ел басқару, қол бастау, көш бастау мамандық емес, қабілет екендігі мәлім. Мүсілім атамыздың бойынан бұл қабілет те табылады. Ол өзінің мәнді де сәнді ғұмырында ылғи басшылықта жүрді: 1956-1961жж. Қазақстан  Ғылым Академиясының  Тіл және әдебиет институты директорының орынбасары, 1961-1970жж. Әдебиет және өнер институтының директоры, 1976-1981жж. Сыртқы істер министрі, 1981-1986жж. Әдебиет және өнер институтында бөлім меңгерушісі болғандығы – ел басқару қабілетіне айқын дәлел.

Өзім М. Базарбаев атындағы №138-гимназияның оқушысымын.  Ғалым атындағы  мектепте білім алу – мен үшін үлкен мәртебе. Мүсілім атамыздың атына кір келтірмес үшін барынша тырысамын. Сабағымды жақсы оқып,            атамыздай ғұлама ғалым болу – ізгі арманым.

Жанар Мүсірманқұл

8 «А» сынып оқушысы

Мүсілім ата

Ұлы тілдің сөнбеуіне үлес қосқан мақтансың,

Сен арқылы алты алашқа мына ұрпағың мақтансын!

Қалдырған ісің мәңгілікке, өмір бақи өшпейді

Сені танып, білмгендер қалай ғана ақталсын!

Бағаланып еңбегіңіз, мектепке атың берілді,

Әрбір ісің ой-санама, жүрегіме егілді.

Мектебімді мақтан тұтып, барша жұртқа жаямын,

Мектебімді сезінемін құшағындай саяның.

Қайратқызы Назерке

5 «А» сынып оқушысы

Ұлы даланың нар тұлғасы!

Мүсілім атамызға бүгінгі таңда 85 жыл толып отыр.

Мүсілім атаның жазған еңбектерін оқи отырып, ғылымға деген құштарлығың арта бастайды. Маңдайы жарқырап, маңғаздана басып, алдыңнан шыға келетіндей көрінеді… Замандастары мен әріптестері айрықша қасиеттерін бағалап, шынайы бет-бейнесін са­ғынышпен еске алады. Халқына адал ұлдың ел тағдырына қатысты тебірене толғаған дүниелерінің қай-қайсысы­нан да қазақтың дарынды ұлдарының бірі екенін аңғарасың. Телегей теңіз­дей тереңдігі мен майдан қыл суырған­дай майда мінезімен, замандастарына, әріптестеріне деген шексіз құрметі мен шығармашылық әлемі ұштасып жататынын көзі көргендердің бәрі жыраудай толғайды… Танымдық, тағылымдық жағынан мәні зор еңбектерінде оқырманы­на ой салатын, айқын болашаққа жетелейтін айрықша сарыны бар жан еді. Жаны жаз, көңілі көктем, жүзінен ізгіліктің лебі ескен қаламгердің сырбаздығына тәнті болмасқа лаж да жоқ секілді.

Ділдә Тілегенова

8 «А» сынып оқушысы

Қоғамнан бөлінбеген

Адам табиғатын белгілі бір аралыққа сыйғызып, нақты кезеңмен ғана бағалап, уақыттың тар шеңберімен шектеу мүмкін емес. Сондықтан да, адам баласы өзі өмір сүріп жатқан уақыт тынысын сезінгені секілді, өткен дәуір мен болашақты да түйсіне алады. Көкірек көзі ашық әрбір адамның бүгінгісін ғана емес, ертеңін де ойлайтыны анық. Осыған дәлел ретінде, біз Мүсілім Базарбаев атамызды айтсақ – қателеспейміз. Оның бойында болашағының жарқын да баянды болуын қамтамасыз ете алатын парасат та, күш  те бар еді.

Сол кездегі жүйе бойынша жоғары оқу орындарын  үздік бітірген түлектерді өте жауапты қызметтерге жіберетін. М.Базарбаевты Қазақстан Ғылым Академиясының тіл және Әдебиет институтына қызметке жібереді. Мұнда ол аз уақытта институт директорының орынбасары қызметіне дейін көтеріліп, бұл жұмысын 1961 жылға дейін атқарады. Білімі, өнері, ұйымдастырушылық қабілеті жеткілікті М.Базарбаевты үкімет 1961 жылы Әдебиет және өнер институтының директоры етіп тағайындайды. М.Базарбаев бұл жұмысты да ойдағыдай атқарып 1970жылға дейін осы қызметте істейді. Өсіп келе жатқан дарынға бұл қызметтер де аз болғандай, оны нәтижелі еңсеріп кетіп жатқанын байқаған үкімет пен партия  дипломатиялық қызметке шақырады. 1970-1976 жылдары М.Базарбаев Мәдениет министрі, 1976-1981 жылдары Сыртқы істер министрі қызметін атқарады. Өмірін ізденіспен, еңбекпен өткізген ол – Ғылым, тарих, әдебиет туралы қалам тербеп, терең ойланып, тынбай еңбек еткен.

Жасының келіп қалғанына және денсаулығына байланысты ол 1981-1986 жылдары өзінің бұрынғы істеген Әдебиет және өнер институтын қайта басқарады. Ал 1986 жылғы Желтоқсан жаңғырығының әсерінен институт директорлығын беріп, осы институттың қазіргі қазақ әдебиеті бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Бұл қызметті 1995 жылға дейін абыроймен атқарған М.Базарбаев осы жылдың 11 қарашасында Алматы қаласында дүниеден озады.

М.Базарбаевтың есімі біз оқитын №138 гимназиясына берілген. Сондықтан біз үшін бұл кісінің аты, өмірі, үлгі болып, артына қалдырған ғылыми еңбектері әрқашан да маңызды. Біз М.Базарбаев атамызды мақтан етеміз!

Айгерім Үсенова

10 «ә» сынып оқушысы

Өнеге тұтар Мүсілім ата

Мүсілім Базарбаев –  20 үлкен зерттеулер мен монографиялар: «Әдебиет және дәуір»,  «Живые традиции», «Қазақ поэзиясындағы ұлттық дәстүрлер және жаңашылдық», «Эстетическое богатство нашей литературы»  және басқа да, 300-ге жуық ғылыми мақалалар авторы. Оқулық шығарумен қоса,өзінің «Көрікті ойдан – көркем сөз», «Казахская поэзия: художественные искания»  сияқты соңғы ғылыми еңбектерінде ХIХ—ХХ ғасырлардағы қазақ әдебиетінің өзекті проблемаларын қозғайды. Материалды қамту кеңдігі,пікірлердің айғақтығы мен әдебиетті ғана емес, біздің бүкіл өмірімізді де зерттеп ұғынудағы жаңа тәсілдері әдебиеттанушы - Мүсілім Базарбаевқа тән.

М.Базарбаев әдебиетті халықтың рухани шежіресі деп санайтын. Оның терең сенімі бойынша, Абай поэзиясы – халықтың даналығы мен философиясының іске асуы. Абай –  «бүкіл қазақ халқының мәдениетінің, дамыған әдебиеті мен өнерінің бастамасы».

Зерттеуші М.Базарбаев С.Сейфуллин, Ы.Алтынсарин, С. Торайғыров, С.Көбеев, С.Донентаев, М.Сералин, Х.Есенжанов және тағы басқалары жайында көптеген мақалалар жазады.Әскери проза мен поэзия да жазушының ғылыми қызығушылықтарының қатарына енген болатын. Оның барлық кітаптарында, мақалаларында зерттелуші шығармалардың авторларының стилі мен тілінің ерекшеліктеріне, композициясы мен сюжетіне, поэтикасына аса көңіл аударылады. М.Базарбаевтың зерттеулеріндегі көптеген пікірлер осы заманға сай болуымен ерекшеленеді.

М. Базарбаев 15 жыл бойы М.О.Әуезов атындағы өнер және мәдениет Институтының жетекшісі бола тұра, өзін жарқын ғылым ұйымдастырушы ретінде көрсеткен.1988 жылдан өмірінің соңғы күндеріне дейін осы заманғы қазақ әдебиетінің меңгерушісі болып істеген. Атақты ғалым ғылыми кадрларды дайындауға көп көңіл бөлген. Директордың ғылыми кеңесте сөйлеген сөздері қашан да нақты, шыншыл және жылы болатын.

Ата-анасының ізін басушы қыздары – Зейнеп пен Жаннат та ғылымды өмірлік іске балаған. Филология ғылымдарының докторы, профессор Зейнеп Базарбайқызы филологтар арасында өз еңбектерімен таныс.

Инабат Серікжан

9 «А» сынып оқушысы

905 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы