• Cұхбаттар
  • 30 Шілде, 2012

Гүлбағда Көбеева: «Нұр Отан» ХДП «Заңғар» шығармашылық бірлестігінің төрайымы: «Кітаптан оқығаннан, ғаламтордан оқығанды жөн көретін жастарды құптамаймын»

– Гүлбағда, әр адамның жүрегінде өз отаны бар. Ол сол адамның туған жері, туған топырағы. Осы орайда өскен ортаңыз, отбасыңыз туралы айта кетсеңіз? – Отан, Отан Бәрінен биік екен Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем, – деп мұзбалақ ақын Мұқағали айтып өткендей, менің Отаным – Қазақстан. Осы бір сайран даланың перзентімін. 1991 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданында кіндік кестім. 1997 жылы сол жердегі Әліби Жангелдин атындағы қазақ орта мектебінің табалдырығын аттап, кейін облыс орталығы Ақтөбеге көшіп, әрі қарай №5 орта мектепте білімімді шыңдадым. Отбасымда әкем, анам, артымнан ерген қос інім бар. Әкем де, анам да қарапайым адамдар. Олар күнделікті күн көріп, нәпақасын біздің өсіп-жетілуімізге, білім алып, оқуымызға жұмсаған жандар. Аллаға мың да бір шүкір, қатарымыздан қалмай, сол кісілердің арқасында осы күнге жетіп келеміз.  – Болашағыңызды қандай мамандықпен байланыстырғыңыз келеді? – Мектепті бітірген соң, болашақ мамандықты таңдау қалай болады, жоғары оқу орнына түсемін деген сұрақтардың мазалағаны сөзсіз. Бала шағымда диктор, журналист болуды армандап, соның жолында облыстық, республикалық басылым беттеріне мақалаларымды жариялап отырдым. Толықтай тоқтамға келіп, ата-анам қарсы болса да, арман қала Алматыға жол тартып, өнердің қара шаңырағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының «Кинотану» мамандығына оқуға түстім. Бүгінгі таңда аталмыш мамандықтың 4 курс студентімін. Академия қабырғасында оқып-біліп, пішкенім көп болды. Негізі, мектеп оқушысы кезінде қоғамдық жұмыстарға, қалалық, облыстық олимпиада, байқауларға белсене араласып келдім. Жастар шығармашылығында, жастар саясатында өз белсенділігімді арттыра отырып, қазіргі уақытта «Заңғар» шығармашылық бірлестігінің төрайымымын. Ал болашағымды өнер саласымен де, саясатпен де байланыстырғым келеді. Өйткені мен үшін екеуі де егіз ұғым секілді. Кинода да саясат бар. Біздің елде кенжелеп қалған бұл кинотану саласына көп көңіл бөліп, кино сынының тұрақты түрде жүзеге асуына бар күшімді салғым келеді, саламын. Жалпы алғанда, өмірдегі мәдениеттілікті, өз-өзіңді ұстауды, адамдармен қарым-қатынас орнату сияқты ұстанымдарды өнерден – саясатта, саясаттан – өнерде ұстанса болатыны анық. Сондықтан мен, өз болашағымның іргетасын дұрыс қаладым деген ойдамын. Алатын асу, бағындырар биіктер әлі алда. Сол жолда, тек аянбай еңбек ету керекпін. «1% талантты, 99% еңбекпен» толықтыру керек. – «Заңғар» шығармашылық бірлестігі қандай жұмыстар атқарып келеді? – Бүгінгі күні жетекшілік етіп отырған бірлестік жастардан құралған. Осы уақытқа дейін көптеген іс-шараларды атқарып келеді. 2009 жылы өз іргетасын қалаған бірлестік 640 домбырашының басын қосып күй кешін, жас қаламдары енді ғана ұшталып келе жатырған тілшілер қауымының форумын, сонымен қоса, сұлулар мен серілердің байқауын, жас дарындарды қолдауда түрлі кештерді, «Хабар» арнасымен бірігіп, «Жастар жырлайды» телеайтыс жобасын жұртшылыққа ұсынып келеді. Сонымен қатар, «Қазақстан» телеарнасымен жақында еліміздің барлық аймақтарында орналасқан балалар үйінің өнерлі балаларының «Жан жылуы» атты концертін өткіздік. Әр өткізілген шараның мақсаты бар екендігі аян. Ал, біздің мақсат, ел мәдениетінің және өнерінің дамуына титтей болса да үлес қосу. – Жалпы, бүгінгі жастар туралы аз айтылып жүрген жоқ. Аға буын кейінгі буынға кейісе, жастар жағы өз аргументтерін алға тартады. Осы орайда, сіздің бүгінгі жастарымызға деген көзқарасыңыз қандай? Жаһандану заманында жастарымыз қандай жолмен жүргені дұрыс деп ойлайсыз? – «Салтанаты жарасқан қаласы бар, байтағы ұшан-теңіз даласы бар, аруақ қолдаған бабасы бар ел екендігімізді мақтан етейік!» деп Елбасымыз айтып өткеніндей, ендігі жүктің барлығы елдің болашағы саналатын жастардың қолында. Ел тізгінін ұстайтын жастармыз ғой. Ең алдымен біз білімді, мәдениетті, интеллектуалды, ақпараттық технологияның құлағында ойнайтын азамат болуымыз керек. Саналы ұрпақтың сара жолын қалыптастыруда мемлекетіміз көптеген игі істерді атқаруда. Шетелде оқимын десең, «Болашақпен» шетелге барасың. Елде қаламын десең, елде қаласың. Еркің өзіңде. Рас, аға буынның жастарға қатысты айтатын пікірлері өте көп. Еліктегіш заманның ұрпақтары, кітап оқымайды, күні-түні ғаламторда деген сөздерді күнде естиміз. Бірақ, жаһандану заманындағы жастар жан-жақты болу керек. – Еліміздің тәу етер киесі Тәуелсіздік туралы ойыңызды білсек деп едік. Осы Тәуелсіздік бізге не берді? Біз Тәуелсіздікке не бере алдық? – Батысында Еділдің төменгі ағысынан, шығысында Алтай тауларының етегіне дейін созылып жатқан осынау Қазақстан деген кең өлкенің, алып даланың иесі болған Алаш еліне таңданбаған, тамсанбаған, қызыға да, қызғана қараған халық көп. Бұл – тәу еткен Тәуелсіздігіміздің бізге, қазаққа сыйлаған ұлы сыйлығы. Иә, тәуелсіздік туралы, оның жиырма жылдығы төңірегінде толғансақ, тарихи шындыққа жүгінбей әсте өте алмаймыз. Ақиқатын ашып айтсақ, Қазақстан Тәуелсіз ел болғанға дейін өмірдің барлық сынынан өткен секілді. Сонау ертедегі тағдырлар тоғысында Керей мен Жәнібек құрған іргелі Қазақ ұлысы ел болып, еңсе түзеп, тәуелсіздік алғанға дейін талай сын сағаттарынан өтті. «Қазақпын» деп көкірек кере тыныстау үшін қаншама қиындықты бастан өткерді. Өр едің өліссең де беріспеген, Ел едің еншісін де бөліспеген. Зар-мұңның әні бар ма сен айтпаған, Тағдырдың зәрі бар ма сен ішпеген, – деп Сағи Жиенбаев ағамыз айтқандай, киелі еліміз талай-талай заман парақтарында қаншама қайғы сағаттарын көрді. «Ел басына күн туғанда, ереуіл атқа ер салған» ерлеріміз бастаған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 30 жылдардағы аштық, қазақтың маңдайына біткен ардақты азаматтарының «халық жауы» деген жаламен өлтірілуі – қасіреттің үлкені еді. Бірақ, тумысынан сабырлы, салмақты ойдың иесі қазақ халқымыз бұл тағдыр сынына мойымай, көшін түзеп, болашаққа сапар шеге берді. Дегенмен, 1941 жылы келген Ұлы Отан соғысы қазақ елінің қабырғасын қайыстырған, баланы жетім, ананы жесір қалдырған қанқұйлы соғыс еді. Осы соғыста апаларымыз бен ағаларымыз «Елім, жерім, Отаным» деп елін, жерін жаудан қорғап, жеңісті қолдан бермеді. Ел қорғау жолында талай батырдың тақымында тер кеппеді. Талай жыл халық жүрегіне қайғы мен зар тұндырған сұмдығы мол сұрқия соғыстың да ақыры жетіп, халық тыныш өмір сүрдік деген кездің өзінде де сонау Мәскеуден төнген қара бұлт қақ төбеден сейіле қойған жоқ еді. Киелі елім талай жыл басқаның боданы болып, жерінде еркіндіктің дәмін татпады. Тәуелсіздік үшін күрес бұрын да, кеше де, бүгін де жүріп жатыр. Тіпті арғы хандық дәуірдің өзінде де қақтығыстар болса, бергі кездегі Кеңес дәуірінде де отарлау саясатының озбырлықтарын көруге болады. 1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан компартиясының Орталық Комитетінің бар-жоғы он сегіз минутқа созылған пленумнен кейін, Алматыда жаппай толқулар басталды. Желтоқсан көтерілісі адамдардың көп жылдық үнсіздіктен соң өз ойларын ашық білдірген демократияға қарай жасалған алғашқы қадам болды. 1991 жылдың желтоқсанына дейін әлем картасында Қазақ елі деген дербес, шекарасы дәйектелген, егемен мемлекет айшықтай жазылған емес. Дәл осы жылы Тәуелсіз Қазақ мемлекеті – Қазақстан Республикасы өмірге келді. Одан кейін, Ата Заңымыздың орнығуын, аспанмен таласқан көк туымыздың желбіреуін, Елтаңба, Әнұранымыздың шырқалуын сыйлады. Дархан дала төсінде Ақ орданы салды. Ерлікті елге мұра, ұрпағына ұран етіп келген халықтың төл перзенті ұлт тарихын, мәдениетін, өнерін дамыту, оны әлемге паш ету мақсатында «Мәдени мұра» бағдарламасын құрып, ұлттың ұлы құндылығын дәріптеуде асқан даналық пен жанашырлық көрсетті. Әлемде ең бірінші болып ядролық қарудан бас тарту туралы келісімге қол қойды. Еліміздің дамуын жүзеге асыру жолында «Қазақстан 2030» стратегиялық бағдарламасын қабылдады. Міне, Тәуелсіздік бізге дербес мемлекет болып қалыптасуымызды берді. Ал, біздің Тәуелсіздікке бергеніміз, ол – сауаттылығымыз, ептілігіміз, ауызбіршілігіміз бен достастығымыз. Осылардың арқасында, біз әлемдік сахнада Қазақстанды танытып жүрміз. –Тәуелсіздік туралы да аз айтылып жүрген жоқ. Талай толғақты мақалалар, мақамды толғамдар жазылды. Дегенмен, осы Тәуелсіздікті сақтап қалуда жастар жағы қандай қадамдарға баруы керек? Қанша дегенмен ертеңгі елдің тізгінін ұстайтындар да жастар ғой? – Тұғырлы Тәуелсіздігімізді ойран еткісі келетіндер аз емес. Қоғамда түрлі қауесет таратып, адамдардың арасында арандатушылықты көбейтіп, бүк пен шікті айыра алмайтын дәрежеге жеттік біз бұл заманда. Ал жастар қашан да белсенді. Сол түрлі пікірлердің қалыптасуынан жастарымыз адасуда. Қазіргі жастарда намысшылдық басым. Өйткені, Тәуелсіздік алғалы ешкімге мойынсұнбай, жансақтанбай, пікірді дәл жеткізетін күйдеміз. Жастар үшін тәуелсіздікті сақтап қалу деген шеруге, болмаса белгілі бір атыс-шабысқа тірелмеуі тиіс. Керісінше, тәуелсіздікті сақтап қалуда жастар ел бірлігін басты байлығымызға балап, еліміздегі толағай жетістіктермен теңестіруі қажет. «Бас басыңа би болсаң, манар тауға сыймассыз, бас алқаңыз бар болса, жанған отқа күймессіз» – деген Абай хакімнің даналық тұжырымы бар. Шыныменде, елдің болашақ тізгінін ұстайтын жастарымыз, тәуелсіздікті сақтап қалуда «біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген тағы да Абай атамыздың сөзіне көбірек құлақ асуы керек. – Жалпы, бүгінгі жастарда білім деңгейі, санасы, көзқарасы қаншалықты жоғары? Шыны керек аржағында айтары жоқ жастарымыз да жеткілікті ғой... – Қазіргі жастардың, яғни замандастарымның бір кемшін тұсы бар. Олар ұсақталып барады. Қоғамдық орындарда көп жүретіндіктен, еліктеушілікті көп байқаймын. Құлағына сырға тағып, киген шалбарлары жерге түсіп кеткен жастарды көргенде іштегі көңілім тұз жалағандай болады. Бүгінгі қоғамымыздағы жастардың екі түрі бар. Біреуі – білсем, оқысам, ал екіншісі – ішсем, жесем дейтіндер. Кітаптан оқығаннан, ғаламтордан оқығанды жөн көретін жастарды өз басым құптамаймын. Себебі, қайткен күнде де ол сол ғаламторға байланып қалады. Ғаламтордағы кейбір деректемелер негізсіз болып келеді. Сол жастың тілі де, сөзі де, айтар ойы да сол ғаламтор болады. Шектеулі дейді ондайды. Білсем, оқысам дейтіндер, тек кітапқа емес, заманындағы көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымызбен қарым-қатынас құрып, болашағының іргесін қалайды. Бұндай жастардың да қатары көп. Сол қуантады бастысы. «Елім дейтін балаң болмаса, балам дейтін жұртың қайдан болсын» – дейді Ахмет Байтұрсынов. Сондықтан азат елдің айбынды ұрпақтарында азаматтық ұстаным мен биіктік болса екен деймін. – Ойлы сұхбатыңызға көп рақмет деймін. Сұхбаттасқан Жұлдыз Рысмаханова

50 рет

көрсетілді

1

пікір
Алдыңғы мақала «...керемет нәтижеге жетпей тоқтамаймын»
Келесі мақала «Жылы сөз аурудың кілтін табады»

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Медет

14 Тамыз, 2020

Керемет! Тамаша сұқбат! Маган ұнады))

ҮРКЕР №10

30 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы