• Руханият
  • 28 Сәуір, 2012

Қазақтың тағдыры – қыздардың қолында

Гүлсара Шалқар Аға іздеп жүрмін Жадыраған күлкімді шын бақытқа балайсыз, Шерлі соққан дүрсілді аңғармайсыз қалай сіз? Жанарымда сүйкімді жасырынған бар айғыз… Жаз жүзімде нұр тұрды, Нәзік жүрек солай…күз. Мейірім күткен ағадан қарындаспын. (Бұл – бір дау). Жарамасатын жағаға ағаларым «жындылау». ...Басқасын да таба алам, сәті түссе бір күні-ау. Арда емес абадан аға іздеп жүрмін-ау. Надандарға қосатын керек емес қырат тым, Аласадан асатын алып тауға құмарттым... Көкірегімді ашатын шыңдық айтып жылатсын, Еңсені езіп басатын иығыма жүк арттым. Бір құдайым қолдаса... Аға табам текті елден, Жақсылықты жолдаса, сол отырар тек төрде. «Бауырыңдай болмаса – өзге жатыр» деп келгем... Қарындасты қорласа, ол наданды жек көрем. Алса егер тілдесе, адам жаны керемет, Түсініспей жүрмесе, бірін-бірі демемек. ...Қыз қадірін білмесе, аға болып не керек? Шым жібекті жүндесе, нәтижесін бере ме? Маған аға болғыңыз келе ме?.. Ұлт (Қырғыз елінің жігітіне арналған ақ өлең) …Жақсы қызды жар еткіңіз келеді, Еліңізге келін болман, себебі: Том-тарихты ақтарғанда болашақ Қазақ болып қалу керек дерегім. Бастарында болғаннан соң бостандық, Қаншама қыз «өзге» жастық жастанды. Ел болмайтын «жиендерді» көбейтіп, Қазағыма жасамаймын қастандық... Зор білекті батыр тусам, қайтемін? Жар астында жасырынған жау болар. Дүр жүректі хакім тусам, қайтемін? Ел арасын алшақтатар дау болар. Өте білгір әкім тусам, қайтемін? Қарашадан дара шығып хан болар. Өткір тілді ақын тусам, қайтемін? Тамырына тартып текті жан болар. Жез таңдайлы әнші тусам, қайтемін? Өнер шіркін өзге ұлтқа жолданар. Шеберленген күйші тусам, қайтемін? Сатқындықтың сорақысы сол болар. Ұрпағымды сүйгенмен, Ұлтым үшін күйгенде, Белгілі ғой жұлдызымның жанбасы. Әйел-ердің қабырғасы білгенге, Бір қазағым «қабырғасыз» қалмасын. Үрдің қызы күтіп жүр-ау сізді де «Қабырғаңыз» болғасын. Достық туын желбіретсек... Достық сөзі киелі! (Адал дос деп сізге басты иемін). ...Өзге ұлтта алынбаған өшім жоқ, Өз ұлтымды «өзгешелеу» сүйемін. Сондықтан да, қазақ болсын күйеуім! Білмеппін Мен Оны қараңғы өмірге, Жарығын сыйлайтын Күн деппін, Қаяуды қалдырып көңілге Күн батты... Күнсізбін... Нұр кетті... Осылай боларын білмеппін. Мен Оны құлпырар мың түрлі Сұлулық символы – Гүл деппін. Қауызы жарылмай бір түрлі Гүл солды... Гүлсізбін... Гүл кепті... Осылай боларын білмеппін. Мен Оны шаттығы сезілген, Дүр рухты Жыр деппін. Боздатып кеудемде бозінген Жыр бітті... Үнсізбін... Құр кеттім... Осылай боларын білмеппін. Мен Оны сәулесіз болса да, Жұмбақты сақтайтын Түн деппін. Түнекке теп-тегіс жол сала Түн болды... Жүрекке Мұн кепті... Осылай боларын білмеппін. Ол Құйын, мен болсам Тыйым ем, Жүректер, тілектер бір деппін. Тағдырдың біздерге сыйы кем Екен ғой, білмеппін. Білмеппін, еш нәрсе білмеппін... *** Шырағым, Келіп тұр жылағым. Таусылған шығар-ау шыдамым. Шаттықпен қоштасып амалсыз, Қайғыға беттедім бір адым. Шырағым, Шаттығым-cыңарым, Ол бүгін егіліп жылады. «Неліктен? Неліктен? Неліктен?» Орынды сұрағың. Шырағым, Мас қылды сыра-мұң. Ой, ит-ай... (байқамай құладым). Бойымды әлсіздік жайлапты, Келіп тұр жылағым. Шырағым, Көздегі бұл ағын, Көңілдің қураған құрағы. Шаттық пен қайғысы кезектес Бұл-дағы – Алланың сынағы. Шырағым, (қарашы), жыладым. Себепкер – таусылған шыдамым. Мен бүгін жылайын... Ал ертең Қайтадан салтанат құрамын. ... Арасы бір адым. Мен саған ғашықпын Жауын тұр себелеп. Байқарсың. Көз жасым – әр тамшы... Мен саған ғашықпын, қалқам, шын. Жалтақтап жан-жаққа, алдан ба, Ойпырмай, маған да Көзіңнің қиығын салсаңшы, Жүректі тербетер ән қалсын. Жанымды түсінші... «Бәрінде сыйғызар кең дала». (Шығармын шын бәлкім мен бала), Жақыным көп менің... Арман ба? Жалғанда, Көңілі кең адам мен ғана, Тек мұны білмейтін сен ғана. Анықтап қарашы... «Гүлдерден сұлулық байқар жан». (Апыр-ай, басқалар байқаған). Өзіңсің – айтар ән. Үзіліп... Сызылып... Сен үшін гүл болып жайқалам. Зер салшы... «Бұл таулар – тәкәппар». Өтірік! (Шынымен отырмын өкініп), Басқаға асқақпын... Сенбегін, сен мейлі (Қолымнан келмейді) Шіркін бұл болса ғой өтірік, Шіркін бұл болса ғой өтірік... Сөзімді тыңдашы... «Бұл бақыт шын емес». Алдамшы өмірім бұл – егес. Тірілер мекені – төркінім, Өлілер өкілі – Мен мынау шын елес. Сыр емес. Жүрекке үңілші... «Тереңдік теңізде...» (Кеттім-ау теңеулер көп іздеп), Сыр-саңдық барлығын сақтаған, Ал, айтшы, жақсы адам Жүрегім теңізбен егіз бе? Сен мені қияли дегізбе! Мен саған ғашықпын, қалқам, шын, Көзіңнің қиығын салсаңшы... Тағдыр Білмеймін, бағым ба? Әлде, бұл сорым ба? Қазақтың тағдыры – қыздардың қолында. Ау, жазмыш, ал сөйле... Адамдар өмірдің қонағы. Бұл мұңды. Білесің, маңдайға жазғаны болады. Он екі үміт боп, Он екі жігіт кеп, Сезімін қиыла білдірді. Еліңді соңына тастап сен, Өзге елде жаңа өмір бастап сен, Күн кешем деп шешсең, (өз еркің) жол әні... Ау, жігіт, ал сөйле... Ешқашан сезімде болмайды шекара. Қос жүрек лүпілі – Қос тағдыр үкімі. Үлкендер үмітін ақтайды. Өзге ұлттың өкілі... Не шара?.. Не шара? Отанның жақұтын, Отбасы бақытына сатпаймын. ...Салтымды сақтаймын. Өзінің сезімін өзіне бақыт ғып, Күн кешкен бұл қыздар, Тәріздес жұлдыздар. Оларға кереғар Күн болып күлемін. Ел-жұртым, ал сөйле... «Қыздардың тағдыры – жат-жұрттық, Етегін ұста енді бір ердің». ...Білемін. Жат-жұрттық болсамда, жат елдік емеспін. Сүйемін ұлтымды, сүйемін ұлтымды. (Ертеңнен елші боп келіпті елес-күн) Кеудем тар болса да, Ең ұлы арманға жол сала, Титімдей жүрегім бұлқынды. Көп ұлдың анасы болу ол – қуаныш, Бір ұлттың анасы болу ол – зор бақыт. Бақытқа лайықты әркімнің таласы, Сүзгіден өткізер тек Уақыт. Апырай, Құдайым қалашы... Қыз деген – ертеңнің анасы, Болса да бүгіннің баласы. Жүрегім, ал сөйле... Тарихқа үңіліп қарашы... Бабамның ұрпағы мен қазақ болған соң, Баламның ұрпағы қазақ боп көбейсін. Болашақ ақ таңы атқанда, Мен көрде жатсамда, Қазаққа болады қорған ол, Таңірім, ал сөйле не дейсің?.. Білмеймін... Бағым ба?.. Әлде, бұл сорым ба?.. Адамның тағдыры – Алланың қолында!

540 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы