• Cұхбаттар
  • 27 Қазан, 2011

Ізгілік

Қуандық Түменбай

Ізгіліктің үлкен-кішісі жоқ. Бұл бір арнадағы бір мағыналы сөз. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне» үңілсек, бүй дейді: «Ізгілік зат. Жақсылық, адалдық, ардақтылық». Демек, жақсылық пен адалдыққа бой ұрсаң ардақты атың қалады. «Лағнет атқыр шайтанға қарсы мұсылман баласын берік қорғайтын қорғандар бар. Бірінші қорған — адалдық» дейді мұсылмандык хадисі. Оның да түп-төркінінде ізгілік жатыр.

Қазақта, Құдайға шүкір, ізгі ниетті адамдар көп. 37-нің зобалаңында «оқ тілі — шолақ тіл» (Әуезов) тиіп опат болғандар, 41-дің қырғынында Ресейдің аржағындағы елін қорғаймын деп сүйегі далада қалған ер-азаматтың басқан ізінің бәрі ізгі. Онан кейін Байқоңырды бағындырамыз деп Сыр жұртында Гагариннен бұрын да, кейін де аты аталмай отқа күйіп кеткен ер-азамат қаншама. Бұлардың бәрінің жолы ізгі.

Ал енді елім көгеріп, көркейсін деп жанұшырып жүрген бір азамат – әңгімеміздің арқауы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Қалай десек те, тәуелсіздік Назарбаевтың есімімен қатар аталады. Тәуелсіздікті дайындаған – халық, іске асырған Назарбаев. Теміртау мен Жаңаөзенде толқып-лықсып жағаға жармасып, жабайы түрде тәуелсіздік аңсаған халық 86-ның желтоқсанында темір тетіктің саңлауын тапты. Тапты да «бас кеспек болғанмен тіл кеспек жоқ» деп, алапат билік машинасына қасқайып қарсы тұрды. Соңы тәуелсіздікке ұласты. Осының бәрінің өнбойында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мазасыз күндері мен ұйқысыз түндері, шарқ ұрып шамырқануы, бір шоқып, екі қарап, сезіктеніп секем алуы, ең соңынан, әбден майысып, бабына келген бас бармақпен тәуелсіздік тетігін басуы тұрды. Ол жаңылмай басты. Сол күн ізгіліктің тарихта қалған күні болды. Алғаш Елбасы тізгінін ұстар сайлау қарсаңында баспасөзіміз «Біртуар», «Теңдесі жоқ азамат» деген тіркестер жазды. Сонда Баспасөз министрлігінің Бас редакторы ретінде тапсырма бойынша мерзімді басылымдар басшыларына: «Бұл теңеуді қолданбай-ақ қояйық, қазақтай халықта Елбасы болатын біртуар жалғыз болуы мүмкін емес, бірақ тарих ұсынып отырған тұлға осы. Осы жағына назар аударып, оқырмандардың көңіліне қарайық» дегенім есімде. Қазақ – талантты халық. 37-де оқтың шолақ тіліне іліккеннің бәрі біртуар, бірақ олар жалғыз емес. Олардан кейін Қаныш, Шаһмардан, Евней, Өзбекәлі шықты. Міне, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы да осы киелі жолдың жалғасы.

Ал енді осы тарихи тұлға еліне несімен қымбат? Біз оның есімін не үшін ардақ тұтамыз? Ол қазақтай «мың өліп, мың тірілген» халықтың атын әлемге паш етті. Жер ресурстары арқылы баяғы Ғабең жазған жат қолында қалған байлықтың осынау қазақтай халыққа бұйырған несібе екендігін дәлелдеді. «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы ұлттық дәстүрімізді ұшпаққа шығарып, өлі мен тірінің алғысын арқалады. Ол Адам ресурстарын дамытуды өзінің басты бағдарламасы санайды. Өйткені, біздің іске асқанына он жыл болған Ата Заңымыз да «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – Адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп басталады. Демек, Адам, оның жақсы өмір сүруі  – Елбасының ұдайы назарында. Ол сол үшін күреседі. Биылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Тегін дүние мен жатыпішерлік құндылықтардың бәсін түсіріп, еңбектің мәнін кетіреді, адамды босаңсытып, оның өміршеңдігін төмендетеді» дейді. Демек, жатып ішер жалқаулық, арамзалық пен кісі еңбегін қанау – бізге жат қылық. Ақсақалдар айтпақшы «Хасанның иті Асанның үйінен ас ішіп, Бошанның үйін қорымаса болғаны». Ел билеп, тоқсаннан асып өмірден өткен атам: «Атқамінерлер Сталин заманында қарнын шығаруға қорқып, қайыс белдікпен сыптай ғып тартып жүретін. Қарны шыққан басшы мемлекетті ішіп-жеп жатқан басшы боп көрінетін» дегені еске түседі. Жолдау да масылдыққа ашық шабуылға шыққан құжаттай көрінеді, оның әрбір жолынан «Адам – еңбегімен көрікті» екендігі көзге ұрады. Бұның авторы – біз сөз етіп отырған ізгілік иесі Нұрсұлтан Назарбаев. Жолдау тағы бүй дейді: «Кейбір мұнай өндіруші елдерде жаңадан дүниеге келген сәбиге банкілік есепшот ашылатыны туралы бізде талай рет айтылған-ды. Бірақ өзімнің жакындағы Сауд Арабиясына сапарым кезінде мен мұның олай емес екеніне көз жеткіздім. Оларда масылдық көңіл-күй жоқ. Батыста да бала кезден еңбекке деген құрмет, өзінің күнкөрісіне, ата-аналары мен елінің әл-ауқатына қарамастан қаражат табуға деген ұмтылыс бойға сіңіріледі». Бізде де жаңа мұнай құбыры атқылаған күні қуаныштан шаттанып, бір-бірінің бетін қара алтынмен айғыздап тұрып «әр сәбиге жеке есепшот ашамыз» дегенді естиміз. Біздер сәбиге есепшот ашпай-ақ, оның дұрыс білім алып, түпкілікті маман атануына жол ашсақ, бұдан артық жақсылық жоқ. Өйткені, ақылы оқу білімнің құнын кетіруде. Оның төлемі жылдан-жылға өсіп барады. Сондықтан оқудың ақысыз болуына көп көңіл бөліп, терең білімге даңғыл жол ашпасақ, білім болашағы көмескілене түседі. «Барахолка» базарында жүк тасып жүрген Мәскеу мемлекеттік университеті мен Бауман атындағы Жоғары техникалық университетті бітірген қазақ жігіттерін көргенде білімді маман неге өз орнын таппайды деп таңғаласың. Біздің бір байлығымыз – білімді мамандар болып, болашақ бағдарламасына берік енуі керек.

Мәдени саясатта да білместіктер бар. Әдебиетке қамқорлық, баспа мен кітап шығару ісі және қаламгерлерге қаламақы төлеу, мерзімді басылымдардың мұқтаждықтары – мәдени саясаттың мәнді бөлігі боп қала бермек.

Божыны қағатын біреу де, қалғандары мойны қылқиып арбакештің арқасын бағып, жауырын бүлкілін аңдиды. Біздің қоғам да солай. Патшада тоғыз адамның ақылы болғанмен бәріне қайдан үлгерсін. Шын жанашыр божы ұстаушының құр босқа жауырын бүлкілін санамай халықтың көзіндей қағілез серігіне айналмақ. Халықтың көңілді күлкісі мен күпті көңілін айтып жеткізетін де солар. Солардың назары төмендемей қырағылығы артып, Елбасына елдің тыныс-тіршілігін дұрыс жеткізіп тұруы керек-ақ.

«Ізгіліктің он түрі бар, тоғызы үндемеуге саяды» дейді. «Өзінде бармен көзге ұрмай» көріну – атасалт, бір сөзбен дауды шешу – дағды болса, біздің Елбасымыз да осы қасиеттерді әбден бойына сіңірген маңғаз мінез сарабдалдың өзі.

Абайдан артық айтқышымыз бар ма? 37-ші сөзінде: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» депті ғой сабаз. Ізгілікті жүрекке түйген біздің Елбасымыз да адамдықтың қарызын өтеу үшін халқының алдында ебіл-дебіл боп ертеңді-кеш бір тынбайтын мазасыз жан.

Ізгіліктің нұрлы жолы ізгі істерге жетелей берсін!

669 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы