• Cұхбаттар
  • 27 Маусым, 2013

КІМДІ, НЕНІ ОҚУ КЕРЕК?

 «Оқу ежіктеуден, өсу еліктеуден басталады» деп Қадыр атамыз айтқандай, әрбір адам кітап оқуға ерте кезден дағдылануы қажет. Шетел әдебиетін оқымай тұрып нені оқу керек?! Нені көңілге тоқу керек? Аз-маз сол жөнінде замандастарыммен өз ойымды бөліссем…

Кітап көп. Қайсысынан бастау керек? Ол үшін, әрине, талғам мен таным керек. Кітап оқу тұрғысынан біреуден кеңес алған артық етпейді. Кітапты көп оқыған адамның ақылына сүйенуіңізге болады. Бұл сізге уақытыңызды текке кетірмеуге септігін тигізеді.

Әп дегеннен классиктерге шаппаған дұрыс. Ең бірінші, балалар әдебиетінің бастауы болып саналатын халық ертегілерін, аңыз-әңгімелерін, қисса-дастандарын оқып алған жөн. Осылардың ішінде оқушы санасын өсіріп, оқуға ынтасын жоғарылататын ол – ертегі. Ертегі әр халықта бар. Соның ішінде қазақ халқының ертегілеріне жететін ертегілер кемде-кем. Жалпы ертегілерді әу баста біреу шығарып, өз ортасында айтып жүрген. Ғасырлар өтіп, жылдар жылжыған сайын әлгі ертекшінің есімі ұмтылып, ол халықтың дүниесі саналып кеткен. Және текстологиялық өзгерістер енгізіліп, көркемдік жағынан байып, кем-кетігі толып отырған. Міне, біздің ертегілеріміздің бір ерекшелігі осында. Ертегіден кейін аңыз-әңгімені оқуға кіріскен дұрыс. Біз білетін аңыз-әңгімелердің тамыры өте тереңде. Жетіқарақшыға, Ай мен Күнге, Аспан мен Жерге қатысты айтылатын Шоқан жазып қалдырған аңыз-әңгімелердің ұзын-ырғасы 500-ден асып жығылады. Аңыздың бір ерекшелігі, онда шындық пен қиял араласып жүреді. Екінші ерекшелігі, аңыздың көлемі ықшам келеді, яғни оқушыны жалықтырып жібермейді. Осыдан кейін ғана қисса-дастандарға түсу керек. Қисса-дастандарға батырлар жыры, ғашықтық жырлар, жоқтау мен толғаулар жатады. Осылардың ішінде өзім ерекше көретін батырлық жыр, ол – «Ер Тарғын» жыры. Қырғыздың «Манас» жырын да оқыған артық етпейді. «Манас» жырының Шоқан жазып алған «Көкітайдың ертегісі» деп аталатын нұсқасы көңілге қонымды. Сюжеттік желісі жақсы құрылған.

Осыларды жақсылап оқып, көңілге тоқып алғаннан кейін ғана балалар әдебиетінің екінші бір сатысы – көркем әңгіме мен повестерге бас қоюға болады. Бұл біз шығуға тиісті сатының ең төменгі жағы екенін естен шығармауымыз керек. Көркем әңгіме оқығанда кімнен бастаған жөн. Ең бірінші, көңілге қонымдысы – Абай атамыздың қара сөздері. Терең философиялық түрде жазылған ғақлиаларды оқыған адамның қор болмасы анық. Одан кейін Мұхтар Әуезовтің еуропалық әдебиеттің деңгейінде жазылған «Қорғансыздың күні», «Жетім» деген әңгімелерін оқу керек. «Көксерек» әңгімесін де оқуды естен шығармаған жөн. Бұл аталған әңгімелердің барлығы өте жоғарғы деңгейде жазылған шығармалар. «Қараш-Қараш оқиғасы» деп аталатын повесін де оқу көп пайда әкеледі. Тіпті повесть оқуды осыдан бастау керек секілді. Осыдан соң Сұлтанмахмұттың «Қамар сұлуын», Жүсіпбектің «Ақбілегін», Спандиярдың «Қалың малын», Есенберлиннің «Көшпенділерін», Шерханның «Қызыл жебесін» ізін суытпай оқыған жөн. Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызынан», М.Мағауиннің «Аласапыранынан» айналып кетуге болмайды.

Қазақтың маңдайына біткен біртуар жазушысы Мұхтар Мағауин атамыз туралы мынадай әңгіме бар. Жазушы «Аласапыран» роман-диолгиясын жазып жатса керек. Жазып отырып қара шайды тарта берген екен. Сонысын байқап қалған жұбайы: «Қара шайды неге көп іше бересің, асқазаныңды бүлдіресің ғой», – депті. Сонда атақты жазушымыз: «Аласапыранды» бітірсем, асқазанның қажеті жоқ», – деген екен. Мұны нағыз әдебиетке шын жаны ашитын, сол жолда өзін құрбан етуден де тайынбайтын адамның сөзі деп ұғуымыз керек. Роман оқуды осы Мұхтар Мағауиннің өзінен бастау керек сияқты. Ол кісі қазақтың ең мықты романшысы. «Аласапыраннан» кейін «Көкбалақ», «Қыпшақ аруы», «Жармақ» секілді романдарын оқып шыққан жөн. Бексұлтан Нұржекеев деген жазушымыздың да шоқтығы биік шығармаларын оқып алған артық етпейді. Ол кісінің «Күтумен кешкен ғұмыр», «Бір өкініш, бір үміт» сынды шығармалары өте тартымды.

Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповті де назардан тыс қалдыра алмаймыз. Сәбиттің «Өмір мектебі» романын міндетті түрде оқу керек. Одан қазақ зиялыларының өмірінен дерек аласың. Ғабиттің «Ұлпан» мен ана тақырыбындағы әңгімелерін оқып шығу да маңызды. Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» атты романын міндетті түрде оқуымыз керек. Ол шығарма мемлекеттік сыйлық алған.

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терін» екі қайтара оқып шығу керек десем, артық айтқандық емес. Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» деп аталатын повесін оқығанның ұтары көп.

Сондай-ақ сүйікті жазушым Бердібек Соқпақбаевты оқуға кеңес берер едім. Соқпақпаев сияқты жазушы сирек кездеседі. Бердібектің нәзік те сыршыл лирикалық туындылары, кейіпкерлердің дүниеге деген көзқарасы шығармаларында өте шынайы берілген. Шығармасынан бір сөзді алып тастай алмайсың, керісінше, бір сөзді қосқың да келмейді. Бәрі өз орнында тұр. Ол кісі шығармашылығына өте ұқыпты қараса керек. Балалар әдебиетіне қалам тербеуі де жайдан-жай емес. Бердібек жазған «Менің атым – Қожа» повесі қазақ әдебиетінде бұрын-соңды болмаған тың дүние. Сондай повесть, өкінішке орай, әлі тумай жатыр. Маған Бердібек Соқпақбаев не жазса, соның бәрін оқу керек сияқты көрінеді. «Өлгендер қайтып келмейді» деген романын өз басым екі рет оқып шықтым, үшінші рет қайталап оқып жатырмын. Ешбір жалықпайсың, қайта оқыған сайын ғаламат әлемге сапар шеккендей күй кешесің. Жазушы Еркін образын өте керемет берген. Көпшілік мән бере бермейтін бір нәрсе бар. Бердібек барлық шығармасын өз өмірінен алып жазған. Көбісі соған мән бере бермейді. Еркін, Қожа секілді кейіпкерлер аттары басқа болғанмен, түптеп келгенде, Бердібектің өзінің прототипі. Жазушы қаламынан туған тағы бір шығарма ол – «Қайдасың, Гауһар?» повесі. 50 бетке жетпейтін повесть романға бергісіз деп айтуға толықтай негіз бар.

Оралхан Бөкейдің шығармаларын да оқу парыз. «Қар қызы», «Өліара», «Апамның астауы», «Өз отыңды өшірме» секілді шығармаларын жастана жатып оқи бергің келеді. Қазақтың маңдайалды иронисі Дулат Исабековті де оқу керек. Қалихан Ысқақтың да әдебиетке бергені көп, әсіресе, тілдік қолданыс жағынан.

Сайын Мұратбековтің алғашқы әңгімелері мен «Жабайы алма» повесін оқысақ, таным-түйсігіміз толыға түсеріне сенімім кәміл. Жоғарыда аталған жазушылардың шығармаларын түгелдей оқып болғаннан кейін ғана шетел әдебиетін оқыған адам жерде қалмайды. Шетел әдебиетін оқуды Лев Толстойдан бастағанды қолай көрер едім. Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» деген романын оқып шығуды да тізіміңізге қосып қойыңыз. Сонымен қатар «Полковникке жазатын жан қалмады», «Қураған жапырақтар», «Ұлы шешені жерлеу», «Тура сағат 6-да келетін әйел», тағы басқа шығармаларын да айналып кетпеген жөн. Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз», «Килиманджаро қарлы тау» шығармаларын оқысаңыз өкінбейсіз. Орта ғасырлық жазушы Даниэль Дефоның «Робинзон Крузо» деген романын оқығанды да құптаймын. Шетел әдебиетінің ішінде жапон әдебиеті өте жоғары бағаланады. Психологиялық тұрғыдан жазылған жапон шығармалары әлемде айрықша орын алады. Бұған Ясунари Кавабата деген жапон жазушысының атақты Нобель сыйлығын алғаны дәлел бола алады. Жаңағы Ясунари Кавабатаның «Мың қанатты тырна» деген романы өте жақсы романдардың бірі. Жапонның Кобо Абэ деп аталатын тағы бір жазушысының да шығармашылығын әлемнің сыншылары жоғары бағалайды. «Құм құрсауындағы әйел», «Бөтен бет» романдары әлемде бұрын-соңды болмаған романдар деседі. Яғни құбылыс.

Франц Кафка. Бұл есім де әлемдік әдебиетте орынын ойып тұрып алған жазушы. Франц Кафканың бір ғана шығармасын оқыдым. Ол «Құбылу» деп аталады. Жақсы шығарма. Оқуға тұрады. Тағы бір орта ғасырлық жазушы Роберт Льюис Стивенсон. «Қазына аралы» романы керемет көркем дүние. Харуки Мураками, Рюноскэ Акутагава, Мопассан, Чехов, Пастернак, Камю, Стендаль, Лаксенесс, Бальзак… Осы аталған жазушыларды оқу оқырманның аңқасын ашып, ой кеңістігін кеңейте түсеріне сенімім мол. Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет», «Теңіз жағалай тентіреген тарғыл төбет» атты шығармаларын оқып алған жөн.

Аталған жазушыларды оқып болғаннан кейін болдым, толдым десе, ол кісі оңбай қателеседі. Тек қана көркем шығармамен өсу мүмкін емес. Тарихи тақырыптарға да ден қою қажет. М.Мағауиннің «Қобыз сарыны» монографиясы, «Алдаспан» антологиясын атар едім осы орайда. Лев Гумилевтің «Қиял патшалығын іздеу» атты тарихи-ғылыми еңбегін оқу керек. Шоқан Уәлихановтың көп томдық шығармалар жинағынан  ең құрығанда екеуін оқу қажет.

«Өзінің әдебиетін білмеген адамды зиялы санамау қажет» деген Мұхтар атамыздың сөзін есімізде бек сақтайықшы. «Әдебиет деген асыл сөз» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, төл әдебиетіміздің тұнығына қанбай, шәрбатынан бал татпай, шетел әдебиетіне қызықпау керек. Әлемдік әдебиетте қазақ әдебиеті де айрықша орын алады. Тек аталған кітаптармен шектеліп қалмау керек. Прозамен қатар поэзияны да оқыған жөн. Есенғали Раушанов, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Сабыр Адай, Светқали Нұржан, Серік Ақсұңқарұлы, Жұматай Жақыпбеков сынды поэзияның тарландармен қатар, жастардан Қалқаман Сарин, Ерлан Жүніс, Тоқтарәлі Таңжарық, Ұларбек Дәбей, Азамат Тасқара, Бауыржан Қарағызұлы, тағы басқа да талантты ақындарды қарай жүріңіз. Мен тізбелеп шыққан жазушылардың қаламының құдіретін сезінгіңіз келсе, оқып шығыңыз. Менімен келіспесеңіз, өзіңіз білесіз. Ең бастысы – әдебиет жайлы әңгімелесейік, пікірлесейік…

Жанайдар Болатбекұлы

 

 

566 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы