- Айтарым бар...
- 19 Қыркүйек, 2025
Жансерік ЖАҚСЫҒҰЛҰЛЫ, аралас жекпе-жек жауынгері: Ер жігітті жауапкершілік өсіреді
Аралас жекпе-жек – бүгінгі таңда тек спорт емес, жаһандық мәдени құбылысқа айналған үлкен индустрия. Әлемдік спорт нарығында өзінің айрықша орны бар бұл спорт түрі миллиондаған көрерменнің қызығушылығын оятып, мыңдаған жас спортшының арманына айналып отыр. Жекпе-жек философиясы – қайсарлық пен төзімділік, рух пен тәртіпті қатар ұстану. Қазақ халқы да ежелден жекпе-жек өнеріне жақын болған. Ат үстіндегі айқас, қазақша күрес пен ұлттық ойындарымыз – бүгінгі заманауи спорттағы төзімділік пен қайсарлықтың бастауы десек артық айтпаған болар едік. Бабадан жеткен бұл рух бүгінгі MMA октагонында да жалғасын тауып жатыр. Сол рухтың мұрагері, кәсіби спортшы әрі бүгінгі күні шәкірт тәрбиелеп жүрген жаттықтырушы – Жансерік Жақсығұлұлы. Біз бүгін онымен жекпе-жек өнерінің мәні, спорттық мансабы және шәкірт тәрбиелеудегі ұстанымдары жайлы әңгімелестік.
Жанқош Тұраровтың бір ғана қимылы өмірімді өзгертті
– Батыс Қазақстан облысында дүниеге келдім. Біздің өңірде жекпе-жек өнері аса дамымаған еді. Балалық шағымда спорттың ешбір түріне қатыспадым. Туған жерім Жаңақала ауданында бокс пен күрес секциялары болғанымен, жолым түспеді. 9-сыныпты бітірген соң, 16 жасымда Атырауға қоныс аударып, грантқа оқуға түстім. Сол кездері әлеуметтік желіден белгілі боксшы Жанқош Тұраровтың Лос-Анджелес көшесінде «көлеңкемен жұдырықтасып» (боксшылардың, ММА спортшыларының жаттығуы) жатқан бейнежазбасына көзім түсті. Оның қимылы мені бірден шабыттандырды. Сол сәттен бастап мен де көлеңкеммен жұдырықтасып, күнделікті жаттығуды әдетке айналдырдым. Жанқоштың жолын зерттеп жүріп, Ардақ пен Бейбіт Назаровтардың жекпе-жектерін тамашаладым. Осылайша спортқа қызығушылығым оянып, өмірімнің бағыты өзгерді. Алғаш боксқа бардым. Бірақ жаттықтырушы жасымды естігенде: «Сенен боксшы шықпайды. 9 жасыңда келуің керек еді, қазір кеш» деді. Соған қарамастан, жаттығудан қалмадым. Бір жарым жыл уақытымды арнадым, бірақ айтарлықтай жетістікке жете алмадым. Кейін қолма-қол ұрыс спортына қатысып, екі-үш жылдан соң аралас жекпе-жекке бардым. 2015 жылы ол жақтағы бапкер де «Сенен түк шықпайды» дегенде еңсем түсе жаздады. Бірақ мен ақшамды төлеп жүріп те жаттығудан бас тартпадым. Уақыт өте облыс чемпионы атандым, республикалық жарыстардан жүлде алдым. Дегенмен өзіме көңілім толмай, жеткен жетістігімді азсындым. Жаттығу мен жарыстар арасында уақыт зулап өте берді. Бір сәтте әскери борышымды өтеймін деп шештім. Бойым ұзын, түртұлғам сәйкес болғандықтан, әскерден кейін арнайы жасақ сапына қосылуды армандадым. Бірақ ол арманым жүзеге аспай, кәсіби спорт жолына түстім. 2018 жылдан бастап аралас жекпе-жектегі кәсіби мансабым басталды. Алдымен Атыраудағы MFC Mergen Fighting Championship лигасында өнер көрсеттім. 2021 жылы Octagon лигасында дебюттік жекпе-жегімді өткізіп, кәсіби MMA аренасына қадам бастым. Осыдан кейін Алматыға көшіп, спорттағы жаңа кезеңге бет бұрдым.
Аллаға тәуекел ету керек екен
Аллаға тәуекел ету керек екен. Сол тәуекелмен Алматыға келдім де, бірінші жекпе-жегімнен бастап-ақ ақша таба бастадым. Кейде ойлаймын, алдыңғы 6–7 жылымды зая жіберіп алғандаймын. Бірақ оған өкінбеймін. Өйткені сол уақыт – менің жаңа деңгейге өтуіме баспалдақ болды. Атырауда жүргенде жол көрсететін тәлімгерім болған жоқ. Әкесіз өстім, ағам да болмады. Балалық шағым қиыншылықта өтті, ерте есейіп кеттім. Әуелі Алла, сосын өз күшімнің арқасында жетіп келе жатырмын. Қиын сәтте де, маңызды шешім қабылдар кезде өз жүрегімді тыңдадым. Қазір 30-ға келсе де, атаанасының көмегімен үй алып, көлік мінген замандастарым бар. Ал менде ондай мүмкіндік болған жоқ, бәрі өзімнің мойнымда тұрды. Сондықтан қандай жетістікке жетсем де, оны еңбек пен төккен терімнің жемісі деп білемін.
Жекпе-жекке, жеңіске аш болдым. Материалдық жағдайым да мәз емес еді. Лига басшылығы қандай қарсылас ұсынса да, ешқайсысынан бас тартпадым. Өйткені ақша қажет болды. Солай Мавлонбек деген өзбек спортшысымен жекпе-жекке шықтым. Қарсыласым күреске өте мықты еді, ал менің күресім ақсап тұрды. Асығыстыққа жол беріп, ұпай айырмасымен жеңіліп қалдым. Кейін Асадбек Кохоров деген тағы бір өзбек спортшысымен кездестім. Бұл жолы дайындыққа ерекше көңіл бөліп, 2,5 ай бойы үздіксіз жаттықтым. Бірақ сол кезде түсіндім: спортта бәрі тек дайындыққа байланысты емес екен. Асығыстыққа жол берсең, қателік қайталанады. Ол жекпе-жек мен үшін ең ауыр сынақтардың бірі болды. Жеңілістен кейін ұзақ уақыт ес жия алмай жүрдім. Жүрегіме қатты тиді. Дегенмен осыдан соң аралас жекпе-жектің мәнін терең ұғындым. Бұл спорт сені тек физикалық тұрғыдан емес, рухани тұрғыдан да тәрбиелейді. Жеңісті қуанышпен қабылдауды ғана емес, жеңілісті де мойындап үйренуің керек. Өйткені талай спортшы жеңілістен кейін рухы түсіп, спортты мүлде тастап кеткен. Жарақаттың салдарынан мансабын аяқтағандар да көп. Тағы бір байқағаным: сен бір жерде сүрінсең, ақыл айтатындар көбейеді, ал биікке көтерілгенде солардың көбі сенен ақыл сұрай бастайды. Көп адам өзгелердің пікіріне тәуелді өмір сүреді. «Ел не дейді, мен туралы жаман ойлап қалмай ма?» деп алаңдайды. Ал мен үшін адамдардың пікірі маңызды емес. Өйткені ол күн сайын өзгереді. Бәріне бірдей ұнайтын доллар емессің ғой. Ең бастысы – өз бағаңды өзің білу. Маған біреу: «Сенің қолыңнан келмейді, қоя сал» десе, керісінше шабыт алып, екі есе қайраттана түсемін. Жақсы сөз жан семіртеді дегеніміз рас. Бірақ сын да мені сындыра алмайды, қайта қайрайды.
Аралас жекпе-жек – үлкен мүмкіндік алаңы
Аралас жекпе-жек, аты айтып тұрғандай, бірнеше спорт түрінің синтезінен құралған ерекше спорт. Оның басты артықшылығы – жылдам танылуға, табыс табуға мүмкіндік беруінде. Мәселен, күрес немесе бокс сияқты классикалық спорт түрлерінде жолың ұзақ: жылдар бойы жаттығып, ұлттық құрамаға өту үшін тер төгесің, халықаралық жарыстарда бақ сынап, талай сынақтан өтуің керек. Олимпиада чемпионы атану – көп спортшыға бұйыра бермейтін бақ. Ол үшін 10–15, тіпті 20 жыл уақытыңды арнауың қажет, ал чемпион атанарыңа ешкім кепілдік бермейді. Ал аралас жекпе-жектің жөні де, жолы да басқа. Мұнда мүмкіндік мол. Бес жылдың ішінде-ақ үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болады. Оның үстіне, бұл спортта «ерте-кеш» деген ұғым жоқ. 25 жасыңда бастап, 30 жасыңда чемпион атануың мүмкін. Жасың маңызды емес, бастысы – табандылық пен еңбек. MMA – өзін көрсеткісі келетін спортшылар үшін, танымалдығын арттырғысы келетіндер үшін, қомақты табысқа қол жеткізгісі келетіндер үшін үлкен алаң. Оған мысал – Еркебұлан Тоқтар. Ол кәсіби спортшы болмаса да, аралас жекпе-жек жанкүйерлері арасында кеңінен танымал. «Еркебұлан» десе, жұрт елең етеді. Бұл жерде «хайп» деген ұғымды да дұрыс түсіну керек. Иә, оның кері жағы да бар, бірақ оң қырын пайдалана білсең, ол да қару. Ақша табу үшін де хайп керек. Аралас жекпежек – сол хайп жинайтын, танымалдық әкелетін, соның арқасында табыс табуға болатын алаң. Өзім де осы қатардамын. Чемпион болмасам да, халыққа жарқын жекпе-жекпек көрсетіп, көптің көңілінен шығып жүрмін.
MMA – ережесіз айқас емес
Көбі аралас жекпе-жекті ұрып-соғуға құрылған, жауыздыққа құрылған спорт деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде олай емес. Бокста да соққы жасалады ғой. Бұл жерде «ереже жоқ» деген түсінік қате. MMA – ережесіз айқас емес, керісінше бүкіл әдіс-тәсілдің қосындысын жүйелі түрде қолдануға болатын спорт. Мұнда әр қимылдың өз тәртібі бар. Кейбіреулер аралас жекпе-жекті денсаулыққа ең қауіпті спорт деп санайды. Бірақ мен бұған басқаша қараймын. Шынтуайтына келгенде, денсаулыққа бокстың зияны әлдеқайда көп. Бокста спортшы күн сайын басынан соққы алады. Әр жаттығу сайын бастан ұру қайталанады. Жалпы есеппен алғанда, боксшының соққысының 85%-ы қарсыластың басына тиеді. Егер 15-20 жыл бойы осыны бастан өткерсең, оның салдары оңай емес. Ал аралас жекпе-жекте жағдай сәл басқаша. Мұнда күресті де, боксты да, басқа тәсілдерді де қолдануға болады. Яғни тек бастан соққы алып қана қоймайсың. Сондықтан бокспен салыстырғанда, MMA-да соққы көлемі аздау. Әрине, спортта оңай жол жоқ. Қай салада болмасын қауіп бар. Бірақ әр спорттың өз ерекшелігі мен артықшылығы болады. MMA-дың артықшылығы – түрлі әдіс-тәсілдің үйлесімінде.
Жақсы спортшы болу – табыстың кепілі емес
Өз саламды жақсы білемін. Көп адам бұл спортқа ақша табу үшін келеді. Бірақ өкінішке қарай, бәріне бірдей қомақты табыс бұйыра бермейді. Жақсы спортшы екенің – табысқа тікелей кепіл емес. Аралас жекпе-жекке қатысты айтарым: мұнда бәрі шамамен 50/50. Үздіксіз жаттығып, физикалық тұрғыдан мықты дайындалуың мүмкін, бірақ соның өзінде табысқа қол жеткізбеуің ықтимал. Бұл спортта мықты болу бір бөлігі ғана. Қалған бөлігі – өзіңді көрсете білу. Бұл – кәдімгі нарық заңы. Егер өзіңді дұрыс жарнамалай алмасаң, ешкімге ренжімеуің керек. Жақсы спортшы болғаның үшін ешкім саған ақша төлемейді. Атыңды жасап, жеке бренд қалыптастыру арқылы ғана қомақты табысқа жете аласың. Жеке бренд қалыптастыру да оңай шаруа емес. Ол үшін ұзақ жыл бойы еңбек етіп, көрерменнің есінде қалатындай айқастар көрсетуің қажет. Тек қана спорттық шеберлігің емес, харизмаң, стилің, тіпті октагонға шығардағы жүріс-тұрысың да брендтің бір бөлігіне айналады. Көпшілік менің тіземен соққы жасайтынымды жақсы біліп, есінде сақтап алған. Октагонға шыққанда бәрі менен соны күтеді. Осылайша MMA жанкүйерлерінің есінде Jaks MMA болып қалыптастым. Менің шын есімімді көбі білмеуі мүмкін, бірақ Jaks MMA десе, танып жатады.
Көрермен аралас жекпе-жекке нағыз жанкүйер болып баруы керек
Аралас жекпе-жек – көрерменге ерекше ләззат сыйлайтын спорт. Ешбір спорт жанкүйерсіз дамымайды. Спортшының еңбегін бағалайтын, есінде сақтайтын – көрермен. Ал сен өзіңді дұрыс көрсете алсаң, көптің көзайымына айналасың. Сол арқылы үлкен табысқа да жетесің. Октагондағы айқасты тамашалаған жанкүйер эмоциясын еркін шығара алады. Футболда гол соғылғанда стадион қалай дүр ете қалса, MMA-да да көрермен дәл солай айқайлап, толқып отырады. Ақыры айналып келгенде, адам көшеде біреуді ұрып-соғудың орнына осындай жарысқа келіп, сүйікті спортшысына жанкүйер болып, ішкі агрессиясын сауатты шығарады. Бірақ ол үшін міндетті түрде бір жауынгерге жанкүйер болуың керек. Бұл жерде бір нәрсені айқындап айту қажет: агрессия шығару – тек көрермен үшін. Жауынгерлер үшін бұл – жүрмейтін дүние. Өйткені MMA – жай ғана күш сынасу емес, ол өнер, философия әрі кәсіп. Мен бұл спортқа ең алдымен өнер ретінде қараймын. Әр қимыл, әр комбинация сахнадағы қойылым сияқты. Екіншіден, бұл – менің жұмысым. Жұмыс болған соң, оны 100% шебер атқаруға міндеттімін. Философия дегенде жекпе-жек жоспарын айтуға болады. Геймплан – жекпежекті жүргізудің алдын ала ойластырылған сценарийі. Мұнда спортшылардың да, қарсыластың да әлсіз және күшті тұстары ескеріледі. Жақсы жасалған геймплан жеңіске жету мүмкіндігін арттырады. Мұны әдетте жаттықтырушылар штабы жасайды. Олар спортшымен бірге отырып, әр раундқа жеке жоспар құрады. Қарсыластың стилін, соққы мен күрес дағдыларын талдайды, осал тұсын іздейді. Негізгі жоспар іске аспай қалса, қосымша жоспар дайындалады. Соның арқасында спортшы октагонға нақты түсінікпен шығады: не істеу керек, қалай қозғалу керек, қандай соққы жасау керек – бәрі алдын ала ойластырылады. Мен үшін бастысы – маған берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өз жұмысымды шебер орындау. Сол арқылы көрерменге де ләззат сыйлап, олардың қошеметіне бөленуге тырысамын. Өйткені MMA эмоцияға берілетін спорт емес. Эмоцияға ерік берсең, жеңіліс табасың. Мұнда бәрі тәжірибемен келеді.
Жауапкершілігі жоқ спортшы көп нәрседен ұтылады
Өмірде ер адамды жауапкершілік өсіреді. Әсіресе, спортшыға ең бірінші жауапкершілік керек. Жауапкершілік деген тәртіп. Онсыз адам өміріне бейжай қарайды. Жауапкершіліктен жұрдай жан спортта да, өмірде де көп нәрседен ұтылады. Шәкірт тәрбиелеп жүрмін. Неше түрлі балалар келеді. Бәрінің бойында жауапкершілік бар деп айта алмаймын. Ондай адамға сенім арту да қиын. Қысқасы, жауапкершіліктің ішіне бәрі кіреді: тәртіп, адалдық, мақсатқа беріктік.
Өзіңе сенуің керек
Еңбек пен төккен тердің арқасында жеткен жетістігім үлкен арманымның бірі – спорт зал ашуға ұласты. Мұндай зал ашу үлкен еңбек пен батыл шешімді талап етеді. Бір ғана спорт түрі өмірін спортпен байланыстырған адамға қаншама мүмкіндік сыйлайтынын өзім көріп отырмын. Соның арқасында отбасымды асырап, кәсібімді дөңгелетіп отырмын. Бүгінде Jaks MMA академиясында 11 бапкер, 400-ге жуық шәкірт бар. Бұл – үлкен жауапкершілік. Осы нарықта өз орнымызды алу үшін аянбай еңбек етіп жатырмыз. Мұнда спортшы болу жеткіліксіз, кәсіпкер ретінде де ойлана білу қажет. Ал кәсіпкер үшін ең бастысы – көшбасшылық. Көшбасшылық қасиет табысқа тікелей әсер етеді. Адамдарды жаныңа тарта алсаң, командаға сенім ұялата алсаң, үлкен нәтижелерге жетесің. Шын көшбасшы мақсатын анық біледі, сөзіне де, ісіне де сенімді болады. Өзіне сенген адам ғана өзгелерді соңынан ерте алады. Мен «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегенге келіспеймін. Қайсарлықпен еңбек еткен жанның үні де шығады, ізі де қалады. Өмірде мүмкін емес дүние жоқ, бәрі адамның өзіне байланысты. Бастысы – әр істі ақылмен, табандылықпен жасау.
Кім білсін, бәлкім кезінде ауылда отырып үлкен арманға сенген баланың қайсарлығы бүгінде өз жолын іздеп жүрген жас өренге де шабыт сыйлар. Кейіпкеріміздің өзі айтқандай, өмірде мүмкін емес нәрсе жоқ.
Сұқбаттасқан Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ
«Үркер» журналы, №9
Қыркүйек, 2025
1792 рет
көрсетілді0
пікір