- Айтарым бар...
- 24 Қыркүйек, 2025
Браконьерлік: адамның әуелгі болмысы мен тыйымға құмарлығы
Адам және тыйым – ішкі құмарлықтың тамыры қайда жатыр?
Браконьерлік – жай ғана заңсыз аң аулау немесе балық аулау емес. Бұл – адам мен табиғат арасындағы ежелгі байланыстардың, адам мен заң, адам мен билік, адам мен шектеу арасындағы күрделі қарым-қатынас көрінісі. Оны тек құқықтық категориямен шектеу – бұл күрделі құбылыстың терең психологиялық, философиялық, мәдени және тарихи мәнін жойып, адам болмысының ішкі қайшылығын ескермеу болар еді.
Тыйым және еркіндік: Адамның ішкі диалектикасы
Адам – тыйым арқылы өзін танитын тіршілік иесі. Бір қызығы, тыйым салынған нәрсе адам санасында автоматты түрде «еркіндіктің нышаны» ретінде қабылданады. Неге? Себебі шектеу – адамдағы еркіндік инстинктін қоздырады. Фрейдтік психоанализде бұл құбылыс «тыйым салынған нәрсеге деген либидоның ауысуы» ретінде түсіндіріледі. Яғни, тыйым нәрсеге құмарлықты күшейтеді. Тіпті оны орындау – ләззат көзіне айналады. Жұмақтағы тыйым – осы психологиялық механизмнің алғашқы метафорасы. Адам ата мен Хауа анаға тыйым салынған бір ағаштың жемісін жемеу бұйырылды. Бірақ дәл сол жеміс олардың қызығушылығын оятты. Бұл жерде мәселе жемісте емес, шектеудің өзінде. Тыйымның өзі – адам еркіндігіне бағытталған шақыру секілді. Браконьер де осы терең психологиялық модельдің тасымалдаушысы. Заңмен қорғалған, «қасиетті» аумақтарға кіріп, қорғаудағы жануарды атып алу – шекараны бұзу арқылы «менің күшім жетеді» деген ішкі сенімін дәлелдеудің тәсіліне айналады. Бұл әрекет көбіне материалдық табыс үшін емес, өз күшін, өз батылдығын сынау, қоғам заңына қарсы тұру арқылы ішкі еркіндікті сезіну үшін жасалады.
Орта ғасырдағы Еуропа – шектеудің символы. Жер – ақсүйектердікі, орман – корольдікі. Кедейге еш нәрсе тиесілі емес. Бірақ кедей адам еркіндікті аңсады. Сондықтан ол жасырын түрде король орманынан аң атып, «заңсыз» әрекет арқылы өзінің өмір сүруге деген құқығын дәлелдеді. Бұл – алғашқы браконьерлер. Олар тек заң бұзушы емес, әлеуметтік теңсіздікке қарсы тұрушылар да болды. Қазақ қоғамында да «аңшылық» ерекше символикалық мәнге ие болды. Аң аулау – батырлықтың, еркіндіктің, табиғатты танудың көрінісі еді. Бірақ бұл әрекет рулық, табиғи шеңбермен реттелді. Киелі аңға тиіспеу, артық қырып-жоймау – дала этикасының бір бөлігі еді. Яғни, қазақ түсінігінде аң – ол тек тіршілік иесі емес, рухани кеңістіктің бір мүшесі болатын. Бүгінгі браконьерлік – бұл рухани дәстүрден ада, коммерция мен тұтынушылықтың туындысы. Бүгінгі адам аңды кие деп емес, құнды шикізат деп көреді. Бұл – тек моральдық құлдырау ғана емес, табиғатты рухани кеңістіктен шығарып тастаудың салдары.
Адам және табиғат: үстемдік пе, үйлесім бе?
Браконьерлік – адам мен табиғат арасындағы ежелгі дилемманы алға тартады: адам табиғатқа ие болғысы келе ме, әлде онымен үйлесімде өмір сүргісі келе ме? Бұл сұрақтың жауабы – адамзат өркениетінің қай жолды таңдайтынын көрсетеді. Табиғатты «меншіктеу» идеясы – өндірістік капитализм мен отаршылдық көзқарастың негізі. Осы тұжырым аясында жануар – ресурс, ал орман – шикізат қоры ғана. Керісінше, табиғатты тірі, рухани, тұтас жүйе ретінде қабылдау көптеген байырғы мәдениеттерде, соның ішінде қазақ дүниетанымында ерекше орын алған. Бүгінгі таңда бұл көзқарасты қайта жаңғырту – адам мен табиғат арасындағы бұзылған байланысты қалпына келтірудің жалғыз жолы болуы мүмкін.
Құмарлықтың түбі – еркіндіктің ізденісі
Браконьердің әрекеті – тек қылмыс емес, адам еркіндігінің шектен шыққан, басқарылмаған көрінісі. Бұл әрекетті тереңінен түсіну үшін тек заңмен шектеліп қалу жеткіліксіз. Біз адам болмысына үңілуіміз керек. Өйткені, адам әрқашан «бола алмайтын нәрсеге» ұмтылады. Жабық есік, күзетілген орман, қорғалған жануар – бәрі де адамның ішкі әлемінде ерекше орынды иеленеді. Бұл тыйымның құдіреті емес, адам болмысының шексіздікке ұмтылуының бір белгісі ғана. Қазақ даласы – байлық пен браконьерлік шайқасқан кеңістік. Қазақстан – табиғаты бай, флорасы мен фаунасы алуан түрлі ел. Тек біздің жерімізде ғана тіршілік ететін жануарлар бар: ақбөкен, құлан, қар барысы, арқар, дала қыраны және т.б. Бұл – тек биологиялық құндылық қана емес, ұлттық болмыстың, рухани дүниетанымның бөлшегі. Алайда соңғы онжылдықтарда елімізде броконьерлік жаппай сипат алып, экологиялық апат деңгейіне жетті. 1990 жылдардан бері ақбөкендер саны бірнеше рет күрт азайды. Сирек кездесетін аңқұстардың, әсіресе Қызыл кітапқа енген түрлердің жойылу қаупі күшейді. Қар барысы мен құлан – символдық мәні бар аңдар болса да, көбіне заңсыз аулаудың құрбанына айналып келеді.
Браконьерлер көбінесе ұйымдасқан топтар. Олар заманауи техникамен жабдықталған, жергілікті инфрақұрылым мен құқық қорғау жүйесінің осал тұстарын жақсы біледі. Көбінесе браконьерлік әрекет жемқорлықпен астасып, мемлекеттік аппараттың өзі бұл қылмысқа көз жұмып қарап отырған жағдайлар кездеседі.
Неге адам браконьер болады? Қазақстандық реалийлер
Браконьерлікке итермелейтін себептер кешенді және көпқабатты:
Экономикалық себептер. Ауылдық жерлерде жұмыссыздық, кедейлік, балама табыс көзінің болмауы кейбір азаматтарды заңсыз аң аулауға итермелейді. Заңның әлсіздігі. Ұзақ уақыт бойы браконьерлікке берілетін жазалар мардымсыз болды. Тек соңғы жылдары ғана жаза күшейе бастады.
Жемқорлық. Кейбір жағдайларда құқық қорғау органдары мен табиғат қорғау инспекциясы браконьерлікпен күресудің орнына онымен астыртын байланысқа түсіп келген.
Сана мен мәдениеттегі үзіліс. Қоғамда табиғатты киелі деп тану, аң-құстарға құрметпен қарау сияқты дәстүрлі дүниетаным әлсіреп кеткен. Табиғат тек пайдалану көзі ретінде ғана қарастырылады.
Тұтынушылық психология. Аң терісі, мүйізі, еті – табыс көзі. Қытай мен басқа шет елдерге экспортталатын жануар мүшелері (мысалы, киік мүйізі) – заңсыз сауда желілерінің басты нысанасы.
Құқықтық жауап пен жаңа бағыттар
2019 жылдан кейін, әсіресе табиғатты қорғау инспекторлары мен орманшыларға қарсы браконьерлер жасаған қанды оқиғалардан соң, Үкімет нақты әрекеттерге көшті. 2020 жылы Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізіліп, броконьерлікке жаза айтарлықтай күшейтілді. Қорғауға алынған жануарларды заңсыз аулау – ауыр қылмыс ретінде қарастырылады. Қарулы броконьерлік әрекеттер енді терроризмге немесе ұйымдасқан қылмысқа теңестіріледі. «Охотзоопром», «Қазавиақұтқару», Ұлттық парктердің инспекциясы сияқты ұйымдардың материалдық-техникалық базасы жақсарды. GPS, дрон, камералар, спутниктік бақылау сияқты технологиялар табиғатты қорғау жүйесіне енгізіле бастады. Халықаралық серіктестік те күшейіп келеді. Қазақстан бірнеше табиғатты қорғау конвенцияларына мүше (мысалы, CITES – Жойылып кету қаупі бар жануарлар саудасына тыйым салу туралы). Дегенмен, жаза ғана мәселені шеше алмайды. Заң қатайғанымен, сана өзгермейінше, бұл күрес – сыртқы қысым ғана болып қала береді. Алдымен адамның табиғатпен қарымқатынасын қайта қарау қажет.
Браконьерлік – тек қана заң бұзу емес. Бұл – адамның табиғатқа деген көзқарасындағы дағдарыстың белгісі. Адам өзін табиғаттың бір бөлшегі емес, иесі, билеушісі ретінде сезінген сәттен бастап бұл қарым-қатынас бұзылды. Абай 38-қарасөзінде былай дейді: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі виноват», – бұл тұжырымның контексіне қарасақ, броконьерлік те жеке адамның кінәсі ғана емес, оны қоршаған қоғамның, заманның, мәдениеттің бір көрінісі. Браконьер – қоғамнан бөлініп шыққан кездейсоқ қылмыскер емес. Ол – тұтынушылық пен пайда табуға негізделген өмір салтының жемісі. Яғни біз табиғатты тек «пайда көзі» ретінде қарастырған кезде – әрбіріміз ішімізде броконьерді асыраймыз. Біздің заманда табиғатпен қарым-қатынасты қасиетті, моральдық, рухани негізде қайта қарастыру қажет. Табиғат – адамға бағынатын объект емес, бірге өмір сүретін субъект. Қар барысы – тек аң емес, ол – үнсіз, бірақ тіршілік үндестігінің символы. Браконьерлікпен күрес – тек заңмен емес, рухани, мәдени жаңғырумен ғана нәтижелі болады. Егер адам табиғатты «өз үйі» деп сезінсе – ол бұл үйді тонамайды, бүлдірмейді. Сол кезде ғана шынайы өзгеріс басталады.
Тыйым мен табиғат – адам болмысының айнасы
Адам мен тыйым арасындағы күрделі қарым-қатынас – адамзат болмысының бастауынан бері жалғасып келе жатқан ішкі психологиялық, моральдық және философиялық арпалыстың көрінісі. Браконьерлік – осы арпалыстың нақты өмірдегі, физикалық кеңістіктегі бейнесі. Бұл – адам мен табиғат арасындағы терең диалогтың үзілуі ғана емес, адам мен өз болмысы арасындағы байланыстың да жоғалуы. Тыйым – адам еркіндігінің жауы емес, оның тәрбиешісі. Мақаланың бірінші бөлімінде қарастырылғандай, адам табиғатынан еркіндікке құштар. Бірақ бұл еркіндік – шексіз, анархиялық еркіндік емес. Ол әрқашан шекара арқылы, тыйым арқылы мағына табады. Тыйымның болуы еркіндікті өлшейді. Бұл тұрғыдан алғанда, адам баласының тыйымға қарсы реакциясы – тек биологиялық құмарлықтың көрінісі ғана емес, мән іздеудің символы. Бірақ дәл осы тыйымға қарсылық адамды өзін жоғалтуға да алып келуі мүмкін. Егер ол тыйымды жау деп қабылдаса, онда ол заңмен ғана емес, табиғатпен, мәдениетпен, қоғаммен қақтығысады. Браконьер – осы қақтығыстың тасасында тұрған жалғыз адам емес, ол – сананың, жүйенің, дүниетанымның жемісі.
Браконьерлік – тек экологиялық емес, экзистенциалдық мәселе екенін ұмытпағанымыз жөн. Екінші бөлімде талданған Қазақстандағы браконьерлік жағдайы – бұл құбылыстың бір ғана географиялық көрінісі. Бірақ оның тереңінде бүкіл әлемдік тұтынушылық жүйе, рухани құндылықтардың девальвациясы, адам мен табиғат арасындағы тарихи симбиоздың бұзылуы жатыр. Браконьер табиғатты тонайды, себебі оны ресурс ретінде көреді. Алайда бұл тонау сырттан басталмайды. Бұл тонау адамның өз ішкі кеңістігінде жүреді. Ол ең алдымен рухани экожүйені бұзады. Киелі аңды ату – сырттай қарағанда қылмыс, бірақ терең мәнінде бұл қасиетке қол көтеру, яғни өз мәдениетіңе, өз түп-тамырыңа, табиғатпен тұтастықтағы болмысыңа жасалған шабуыл.
Біз сананы заң арқылы түзетеміз деп ойлаймыз. Бірақ заң санаға қызмет етуі керек. Егер адам табиғатты түсініп, оны құрметтесе, заң – тек сыртқы шекара ғана болар еді. Алайда адам заңнан қорыққандықтан емес, табиғатты жақсы көргендіктен браконьер болмауы керек. Осы жерде руханият пен тәрбиенің, мәдениеттің, көркем әдебиеттің, ұлттық фольклордың, этиканың орны ерекше. Қазақ дүниетанымында табиғат – жай қоршаған орта емес, ол – тіршілік иесі, серіктес, тіпті әулие. Бұлақ көрсең, көзін аш; құс ұясын бұзба; киелі аңды атпа – бұлар заң емес, мәдениет кодексі. Бұл – сыртқы шектеу емес, ішкі тәртіп. Біздің бүгінгі міндет – осы ішкі тәртіпті қайта тірілту.
Жаңа парадигма: адам табиғаттың иесі емес, серігі
Адам өз орнын дұрыс түсінгенде ғана әлеммен үйлесімді өмір сүре алады. Табиғатты бағындыру идеологиясы – ХХ ғасырдың қателігі. Ендігі міндет – табиғатпен диалогқа оралу. Браконьерлікпен күрес – заңның емес, жүректің майданы болуы тиіс. Бұл – сана майданы. Егер біз әрбір аңды, әрбір құсты, әрбір бұлақты байлық емес, сенім деп қабылдасақ – онда оларды сатпаймыз, атпаймыз, қорламаймыз. Браконьерлікпен күрес – шын мәнінде адам мен өз болмысының арасындағы жоғалған байланысты қалпына келтіру. Бұл күресте философия, тарих, мәдениет, құқық, экология – бәрі бір мақсатта жұмыс істеуі керек. Егер адам табиғатқа дұшпандықпен қарайтын болса – ол өз үйін өртегенмен тең. Ал егер ол табиғатты тыңдап, түсінсе – онда адам өз жүрегінің дауысын естиді. Ал бұл – ең ұлы заң.
Роза ТӘЖІБАЕВА
«Үркер» журналы, №9
Қыркүйек, 2025
1755 рет
көрсетілді0
пікір