• Қоғам
  • 22 Қыркүйек, 2025

Жасанды интеллектіні дамытуға баса мән берілді

Президенттің биылғы Жолдауы геосаяси ахуалға қысқаша шолумен басталды. Кейбір елдердің ішкі-сыртқы саясатында әсіре ұлтшылдық күшейгенін айтты. Батыстың дінаралық, ұлтаралық татулық дәстүрі дағдарысқа ұшыраған. Бұл жолғы Жолдаудың негізгі өзегі – цифрландыру мен жасанды интеллект тақырыбын қамтыды. Қаупі мен қатеріне қарамастан, жасанды интеллект көз жұма қарауға болмайтын шындыққа айналып бара жатқанын айтты. Өйткені, дүние «жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект дәуіріне аяқ басты». Жасанды интеллект халықтың мінез-құлқына әсер етуде. Президент мемлекет жағдайдың мұндай өзгеруіне дайын болып, батыл әрекеттер жасаудан басқа әбді жоғын ескертті. Әйтпесе артта қаламыз. Президент елдегі жаппай цифрландыруды 3 жылда тәмамдау межесін қойды. Банктер қызметіндегі цифрландырумен қабат цифрлық қылмыс, цифрлық алаяқтық өсіп отырғанын атап көрсетті.

Президент энергетика проблемасын айналып өтпеді. Жұқалап екінші, тіпті үшінші АЭС құрылысын құлаққағыс қылды... Осы арада Қытайды ауызға алды. Іле барлық державалармен АЭС құрылысына орай әріптестікке дайын екенімізді нықтады. Жер қойнауының заманауи картасы жасалмақ. Ауыл шаруашылығы да айтылды. Биыл мемлекет агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 1 триллион теңге бөліпті. Цифрландыру ауыл шаруашылығын айналып өтпейді. Жерді бөлуге қатысты шешімдер цифрлық форматта, конкурстар электронды болуы керек. «Жер тек оның қадірін білетін азаматтарға берілуге тиіс!» – деді Президент. Жер ресурстарының цифрлық картасын жасау тапсырылды. Көрсеқызарлықпен мол қып иеленгендерден мемлекетке қайтарылған жер қорын оған шын иелік қылатын егелерге тарату ісінде әкімдіктер шабандық танытып отырғаны айтылды. Президент жерді игеретін иелерге беру жұмысын келер 2026 жылдың ортасына дейін аяқтауға пәрмен берді.

Аумалы-төкпелі айналамызда транзит үшін бәсеке атқа қонып тұрғанын көрсеткен Президент бұл сала да цифрландырудың жетімсіздігінен зардап шегіп отырғанын жасырмады. Қазақстан жақында 8 шекаралық бекетті іске қоспақ. Заманауи емес, сапасы сын көтермей, елдің беделіне нұқсан келтіріп тұрған шекаралық дәліздер бары айтылды.

Президент жолдауында суға айрықша көңіл бөлінді. «Су ұлттық қауіпсіздік кепілі» екені, ирригациялық шалалық кесірінен бар судың 50-60% зая болып жатқаны атап көрсетілді. Су дипломатиясын жүргізуге қауқарлы мамандар дайындалуы керек. Қара нарықтағы су ұрлығы сөз болды. Президенттің айтуынша соңғы жиырма жылда жүргізілген шаралар арқылы Солтүстік Аралды сақтап қалу мүмкін болған. Президент ішкі көшіқонды реттеу туралы айтып өтті. Астаналықтар сәт сайын молайып барады екен. Бұған ел ордасындағы әлеуметтік қамтамасыз етудің жайлылығы әсер етіп отыр. Ірі қалаларға келіп жатқан халықтың үдесінен шығу үшін жыл сайын 15 мектеп салу керек болады екен.

Президент әлеуметтік сала мен білім беруге тоқталды. Әлеуметтік жеңілдіктер саны 100-ге жетіп қапты. Жалқаулық пен масылдыққа жол ашатын әлеуметтік жеңілдіктер қайта қаралуы керегі айтылды. Жолда жүру қауіпсіздігін күшейту де маңызды. Жыл басынан 22 мың жол-көлік оқиғасы орын алған. Президенттің тығыз, прагматикалық ұсыныстарға толы, пафосы аз биылғы жолдауында мемлекет басшысы парламенттік реформа жасау ниетін жария етті. Заң шығарушы органның жоғары палатасына тықыр таянғаны ауызекі әңгімеде, әлеуметтік желіде айтылып қалушы еді. Президент 1995 жылдағы саяси реалында қажеттіліктен туған Парламенттің жоғарғы палатасы керек пе деген сұрақты 2027 жылы жалпыұлттық референдумға шығаруды ұсынды. Сенаттың өзі тұтқасы жоқ чемоданға айналып, тастауға обал, алып жүруге ауырлығы сезілгелі біраз болған.

Президент бір палаталы Парламент тек партиялық жүйе түрінде сайлаудың жақтайтынын білдірді. Бұл орайда, Президент маңызды конституциялық реформаны жеке-дара жасамай, жеткілікті талқылаулар негізінде халықпен ақылдасып өткізуге бейіл екенін жария етті. Әрине, унитарлық мемлекеттің табиғатына жат заң шығару органының жоғары палатасын көп ешкім жақтай қоймас деген ой келеді. Алайда, жалғыз палаталы Парламентті партиялық тәсілмен сайлау талқы объектісі болуы бек мүмкін. Өйткені, көппартиялық жүйе тәжірибесі, тағылымы кемшін елде можаритарлық сайлау жүйесі аралас қолданылса, партияларды бөтенситін қауымның үнін жеткізетін жеке депутаттардың саяси билік тармағына келуін мүмкін етер еді. Мемлекет басшысы сөз соңында қоғам мораліне теріс келетін дөрекілік, шамқойлықтың жиілеуіне алаңдаушылық білдірді.

Еркін СТАМШАЛ, тарихшы

«Үркер» журналы, №9

Қыркүйек, 2025

1760 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER

01 Қыркүйек, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы