- Қоғам
- 23 Қыркүйек, 2025
Цифрлық дәуірге ұмтылыс
Жолдауда Президент өте ауқымды міндет қойды: 3 жылдың ішінде Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы тиіс. Бұл – ел дамуының жаңа деңгейін айқындайтын нақты бағдар. Бүгінде цифрлық технологиялар қоғамға дендеп енді – экономикада да, күнделікті тұрмыстық үдерісте де. Сондықтан дұрыс бағыт – артта қалмау, керісінше, әлемдік үрдістермен қатар алға қадам басу.
Өте маңызды әрі символикалық ұсыныс та айтылды – Жасанды интеллект пен цифрлық дамуға арналған жеке министрлік құру. Мұндай орган күшті бір арнаға тоғыстыруға, мамандарды біріктіруге және нақты жұмыс жүйесін құру үшін қажет. Өйткені, цифрландыру дегеніміз тек электронды мемлекеттік қызметтер мен онлайн қызмет қана емес. Бұл – медицинадағы жасанды интеллект, өнеркәсіптегі автоматтандыру, білім берудегі жаңа тәсілдер. Егер осының бәрі орталықтандырылып үйлестірілсе, нәтиже әлдеқайда айқын болады.
Қазірдің өзінде біз цифрлық трансформацияның алғашқы жемісін сезініп отырмыз. Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн қолжетімді, артық кезек пен қағазбастылық азайып отыр. Жаңа жүйелердің арқасында миллиардтаған теңге көлеңкеден шығарылды, яғни бұл қаражат ел игілігіне жұмыс істей бастады. Бұл жай ғана абстрактілі сандар емес, бюджет пен қоғам үшін нақты пайда.
Цифрландыру тақырыбы, әсіресе, жастар үшін аса маңызды. Бүгінгі жасөспірімдер мен студенттер жаңа дүниені тез қабылдайды, IT саласында еңбек еткісі келеді, өз жобаларын іске қосуға ұмтылады. Ал мемлекет оларға осыған қажетті құралдарды беруі тиіс. Бұл тұрғыда стартап экожүйесін дамыту, мектептерге жасанды интеллект бойынша сабақ енгізу, жас мамандарды қолдау бағдарламаларын іске асыру – артықшылық емес, шынайы қажеттілік. Алайда технологиялар өздігінен барлық мәселені шеше алмайды. Ең бастысы – цифрлық сауаттылық. Жаңа сервистер пайдалы болу үшін адамдар оларды қолдана білуі керек. Бұл тек жастарға ғана емес, ересек буынға да, мемлекеттік қызметкерлерге де, мұғалімдер мен дәрігерлерге де қатысты. Егер әркім заманауи құралдарды еркін меңгерсе, цифрландыру шын мәнінде жалпыға ортақ сипатқа ие болады.
Президенттің Жолдауы айқын, нақты бағдар берді: біз жылдам қимылдауымыз керек. Үш жыл – аса ұзақ уақыт емес, сондықтан әрбір министрлік, әрбір құрылым және бүкіл қоғам бұл міндетті шын мәнінде маңызды деп қабылдауы қажет. Әйтпесе жаһандық үдерістерден шет қалуымыз мүмкін. Дұрыс ұйымдастырудың арқасында бұл мақсатқа жетеміз, – деді Президент. Бұл орайда Қазақстан инновацияларды жылдам игеріп, енгізе алатынын әлдеқашан дәлелдеді. Енді бастысы – қарқыннан таймау және алға батыл қадам жасау екенін айтты мемлекет басшысы.
Қанат ӘУЕСБАЙ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің деканы
«Үркер» журналы, №9
Қыркүйек, 2025
1765 рет
көрсетілді0
пікір