- Қоғам
- 24 Тамыз, 2025
Өмір мен өлім арасындағы үнсіздік
Суицид – адам санасының ең терең, ең күрделі дағдарысы. Бұл құбылыс сан ғасырлар бойы философтар, жазушылар, психологтар мен дін өкілдерін толғандырып келген, алайда әлі күнге дейін нақты жауабы жоқ жұмбақ күйінде қалып отырған трагедия. Өзін-өзі өлтіру – тек жеке адамның ішкі күйзелісі емес, тұтас қоғамның дертін бейнелейтін үнсіз айғай, адам мен адамзат арасындағы диалогтың үзілуі. Бұл – мәңгілік сұрақ: адам өмір сүруі тиіс пе, жоқ па?
Суицид жайлы ең алғашқы философиялық пайымдаулар Ежелгі Грекия дәуірінен басталады. Сократ өзінің өмірінің соңын у ішіп аяқтағанымен, бұл шешім – тағдырдан емес, таңдауынан болған. Ол Афин сотының үкіміне бағынуды азаматтық парыз деп қабылдап, өз философиясына адал болып кетті. Плутарх жазғандай, Сократ өз өлімін қабылдағанда: «Өмірден гөрі ар-ұят қымбат» деген. Ал стоиктер мектебінің өкілдері – Сенека мен Марк Аврелий өмірге философиялық төзімділікпен қарағанымен, өлімді де табиғи процесс, кейде тіпті ақылдың таңдауы деп санаған. Сенека, тіпті, өзін-өзі өлтіруді еркін рухтың соңғы актісі деп бағалап, шексіз азаптан арылудың жолы ретінде қарастырды.
ХХ ғасыр басындағы экзистенциалистердің жарқын өкілі Альбер Камю «Сизиф туралы аңыз» атты еңбегінде философияның ең басты мәселесі – суицид екенін жазды. Оның ойынша, адам өмірінің мәнін жоғалтқанда, ол өзіне: «Бұл өмірді жалғастыру керек пе?» деген сұрақ қояды. Камюдің түйіні: адам өмірдің мәнсіздігін түсінсе де, абсурдпен күресу үшін өмір сүруі керек. Ол өмірдің шындығы мен ауырлығына қарамастан, тірі қалуды таңдауға шақырады. Камюдің бұл тұжырымы қазір де өзекті: мағынасыздық сезімімен күресу арқылы өмірге деген ерік пен батылдықты сақтау.
Суицид – тарихта көптеген ұлы тұлғалардың тағдырын шешкен күрделі шешім. Неміс жазушысы Генрих фон Клейст пен оның сүйіктісі бірге өз-өзіне қол жұмсаса, атақты суретші Винсент Ван Гог психикалық күйзеліс пен жалғыздықтан жапа шегіп, өзін атып өлтірді. Жапон жазушысы Юкио Мисима өз ұстанымына сай самурайлық ритуалмен сеппуку жасап, қоғамдағы рухани құлдырауға қарсылық ретінде өз өлімін таңдады. Эрнест Хемингуэй – өмір бойғы соғыс травмасы мен ішкі күйзелістің құрбаны. Ол да өз-өзіне қол жұмсады. Бұл тағдырлар – тек жеке өмірдің трагедиясы емес, сонымен бірге адам мен өркениет арасындағы қайшылықтың көрінісі. Ұлы адамдардың суициді – даналықтың да шарасыздыққа ұрынуы мүмкін екенін дәлелдейді.
Әдебиет пен кинематография да суицид мәселесін айналып өтпейді. Лев Толстойдың «Анна Каренина» романындағы Аннаның өлімі – әйелдің қоғаммен, моральмен, махаббатпен қақтығысының көрінісі. Бұл трагедия – жеке адамның күйзелісі арқылы әлеуметтік қысымды бейнелеу. Федор Достоевскийдің «Жерастыдан жеткен жазбалар» шығармасында да кейіпкердің ойлау жүйесі мен болмысындағы күрделі қайшылықтар – өмір мен өлім, абырой мен күйініш арасындағы қақтығыс ретінде көрсетіледі. Ал қазіргі кинодан «The Hours», «A Beautiful Mind», «Girl, Interrupted» фильмдері адамның психикалық күйзелісін, шынайы өмірден алшақтауы мен ішкі күйін шебер бейнелейді.
Көптеген философтар суицидті адам еркіндігінің шегі ретінде бағалаған. Жан-Поль Сартр: «Адам – өз таңдауының нәтижесі» десе де, бұл таңдау еркіндік және жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс екенін де ескерткен. Экзистенциалистік бағыттағы ойшылдар, әсіресе Камю мен Керкегор, адамның ішкі бос кеңістігін, мәнсіздік пен жалғыздық мәселесін алға тартады. Бірақ олар да, түптеп келгенде, өмірді таңдауға шақырады. Себебі адам – үміт пен ерік иесі. Тіпті, «еш мәнсіз өмірдің өзі – мәнді әрекеттерге жол аша алады» деген.
Франц Кафка шығармаларында тірі жүрген адам өзін өлі күйде сезінеді. Ол өзінің «Процесс», «Айыру» сияқты шығармаларында қоғамның адамды абсурдтық жүйеге енгізіп, одан шығар жол қалдырмайтынын меңзейді. Ал Жапонияның ұлы режиссері Акира Куросава өмірінің бір кезеңінде шығармашылық күйзелістен суицид жасауға әрекеттенген. Ол кейін тірі қалғаннан соң, бұл әрекетін: «Адам ішіндегі үнсіздікті ешкім тыңдамағанда, соңғы амал – шумен қоштасу» деп сипаттаған.
Жалпы айтқанда, өнер адамдары үшін суицид – жиі кездесетін трагедия. Робин Уильямс, Честер Беннингтон, Энтони Бордейн, Курт Кобейн... Бұл тұлғалар – бүкіл әлемге үміт, шабыт сыйлағанымен, өз іштерінде жалғыздық пен күйзелістен қорғана алмады. Олардың суициді – сыртқы жетістік пен ішкі дағдарыс арасындағы күресті бейнелейді. «Нирвана» тобының лидері Курт Кобейн хатында: «Өмір сүру оңай емес, ал сезімтал адамдар үшін тіпті мүмкін емес» деп жазды. Бұл – бүгінгі жас ұрпақтың ішкі жағдайын дәл бейнелейтін сөз.
Саясат пен философия әлемінде де мұндай оқиғалар кездесті. КСРО-ның ірі саясаткері Николай Бухарин Сталиндік қуғын-сүргін құрбаны ретінде атылғанға дейін суицид жасауға ұмтылған. Тоталитарлық жүйенің рухани қысымын көтере алмаған адамдардың бірі – венгр жазушысы Артур Кестлер. Ол өз шығармаларында коммунистік идеология мен адам рухының қақтығысын ашып жазып, кейін өзі де өмірмен қоштасты. Ал рим тарихшысы Тит Ливий көптеген патриоттардың өз еркімен өлімді таңдауы – «ар мен ұлттық рухтың сақталуы» деп бағалаған.
Философиялық тұрғыдан қарасақ, суицид жайлы көзқарастар әртүрлі. Стоицизм суицидті кей жағдайларда – абыроймен кетудің жолы деп қарастырса, діни танымда оны күнә деп таниды. Августин Аврелий мен Фома Аквинский өзін-өзі өлтіруді – «Құдайдың еркіне қарсы шығу» деп есептеді. Ислам діні де бұл әрекетті қатаң айыптайды, себебі адам өмірі – Алланың аманаты. Бұл діни-философиялық ұстанымдар адамның өмірге деген борышын және өлімге қатысты моральдық жауапкершілігін алға тартады.
Соңғы жылдары психолог Виктор Франклдің «мән іздеу терапиясы» (логотерапия) суицидпен күресте маңызды теорияға айналды. Ол фашистік концлагерьлерде тірі қалған тәжірибесін негізге ала отырып, адамның өмірі – мән арқылы тіршілік ететінін дәлелдеді. Франкл үшін өмірдің мәні – еңбек, махаббат, азапты жеңуден тұрады. Ол «адам бәрін жоғалтса да, соңғы еркіндігі – өмірге деген қарым-қатынасты таңдауы» екенін айтты.
Суицид мәселесіне көркем әдебиеттен алынған мысалдар да терең мағына береді. Шекспирдің «Гамлет» трагедиясында атақты монолог – «Болу ма, болмау ма?» деген сұрақ – тек жеке тағдыр емес, бүкіл адамзаттың рухани ахуалын сипаттайды. «Өлу – ұйқыға кету, бірақ ол ұйқыда қандай түстер бар екенін кім білсін?» дейді Гамлет. Бұл сұрақ – осы күнге дейін шешімін таппаған, шешімі болмайтын дилемма. Өлім – тыныштық па, әлде басқа қасіреттің басы ма? Ал Достоевскийдің шығармашылығы – адамның ішкі күйзелісі мен рухани дағдарысын, суицид мәселесін барынша терең әрі шынайы бейнелеген әдеби әлем. Оның «Жерастынан жеткен жазбалар», «Нақұрыс», «Қылмыс пен жаза», «Ағайынды Карамазовтар» сияқты романдарында кейіпкерлердің ішкі арпалысы, Құдайды іздеуі, күнә мен кешірім, өмір мен өлім арасындағы шекара – барлығы да экзистенциалистік тереңдікте өріледі.
«Нақұрыс» романында князь Мышкин суицид туралы тікелей сөз қозғамайды, алайда басты сұрақ – адам жанының нәзіктігі, махаббат пен сенімнің жоғалуы, рухани кемелсіздік. Мышкин: «Әлемді сұлулық құтқарады» дейді. Бұл фраза – ішкі күйзелістен құтылудың жолы ретінде рухани және эстетикалық ізденісті ұсынады. Ал «Қылмыс пен жаза» романындағы Раскольниковтың күнә мен ар арасындағы арпалысы – адамды моральдық күйреуге әкелетін ішкі дауылды дәл сипаттайды. Оның өз қылмысынан кейінгі психологиялық күйі суицидпен ұштасып жатады. Ол өзін өлтірмейді, бірақ рухани өлген күйде өмір сүреді. Достоевский бұл арқылы адамның тек физикалық емес, рухани күйреуін де трагедия ретінде көрсетті.
Сол сияқты, Лев Толстойдың өмірі де суицид идеясына қатысты терең күреспен өтті. Ол өзінің соңғы жылдарында өмірдің мәні мен Құдайды терең іздеуге беріліп, өз мүлкі мен отбасын тастап, соңында темір жол бекетінде көз жұмды. Бұл сырттай суицид болмаса да, рухани оқшаулану мен ішкі күйзелістің ауыр салдары еді. Ол өзінің «Исповедь» атты мемуарлық еңбегінде: «Мен не үшін өмір сүрем? Егер өлім бәрін тоқтататын болса, бұл тіршіліктің мәні неде?» деп жазады. Бұл сұрақ – мыңдаған адамның санасын жайлаған экзистенциалдық бос кеңістіктің көрінісі.
Австриялық ақын Райнер Мария Рильке де өмірінің соңында үнемі ажалмен сырласқан адам ретінде сипатталады. Ол поэзия арқылы өмірді, өлімді, жалғыздықты, адам жанын зерттеді. Рильке: «Өлім – әр адамның өзіне ғана тиесілі акт, оны біз басқалар арқылы үйрене алмаймыз» деген. Бұл – суицидтің ішкі даралығын, адам өлімінің ешкімге ұқсамайтын, оқшау акт екенін білдіретін ой.
Әйел жазушылар арасынан Вирджиния Вулфтың тағдыры суицид пен шығармашылық арасындағы нәзік шекараны бейнелейді. Ол өзінің психикалық ауруларымен өмір бойы күресіп, соңында аяғына тас байлап, суға батып қаза болды. Оның хатында: «Бұдан былай дауыстарды ести алмаймын. Олар қайтып келерінен қорқамын. Сондықтан тыныштықты өзім таңдадым деп жазылған. Бұл сөз – психикалық ауыртпалықпен жалғыз қалған адамның шынайы трагедиясы.
Сильвия Плат, америкалық ақын әрі жазушы, суицид туралы ашық жазғандардың бірі. Оның «Қоңыраулы шыны» атты автобиографиялық романы – депрессия мен болмысқа қарсы тұра алмаған жас қыздың ішкі дауысы. Ол поэзияда суицидті эстетикалық әрі философиялық ойлау нысанына айналдырды. Плат та өмірін өз қолымен аяқтаған. Оның шығармаларындағы «қараңғылықтан жарық іздеу» образы – үміт пен үмітсіздік арасындағы күрестің дәл көрінісі еді.
Жапон әдебиетінен Ясунари Кавабата мен Мисима Юкионың тағдырлары да бұл тақырыптың тереңдігін аша түседі. Кавабата – Нобель сыйлығының иегері, өмір бойы сұлулықты, тыныштықты жырлап келіп, өмірінің соңында өзіне қол жұмсады. Оның «Қарлы ел», «Мың қанатты тырналар» шығармаларында өлім – үмітсіздіктің емес, нәзік қайғының, рухани тазарудың бір символы. Ал Мисима – ашық түрде суицидті идеологиялық қару еткен жазушы. Ол дәстүрлі жапон құндылықтарының күйреуін көтере алмай, самурайлық салт бойынша сеппуку жасап, суицидін саяси мәлімдемеге айналдырды.
Мұндай оқиғалар – тек жекелеген трагедиялар емес. Олар – қоғам мен мәдениет арасындағы диалогтың үзілуі, адам мен өркениет арасындағы сенімнің құлдырауы. Сондықтан біз бұл тақырыпқа жеңіл-желпі қарамауымыз керек. Жоғарыда келтірілген жазушылар мен ойшылдар арқылы біз бір нәрсеге көз жеткіземіз: адам суицидке тек күйзеліспен емес, терең оймен, рухани тұйықтықпен келеді. Сондықтан бұл мәселе – тек медицина не психологияның объектісі емес. Бұл – философия, әдебиет, дін, өнер, білім, құқық сияқты барлық сала бірігіп күресетін ортақ әлеуметтік міндет.
Қазақстандағы қазіргі жағдай – бұл тақырыптың аса өзекті екенін дәлелдеп отыр. Жыл сайын жүздеген жасөспірім мен жас азамат өз өмірін қиюда. Олардың әрқайсысы – құрылмаған диалог, тыңдалмаған жан, еленбеген мәселе. Бұл статистика емес – бұл үнсіз қасірет. Әсіресе ауылды жерлерде психологиялық қызметтің жеткіліксіздігі, мектеп пен ата-аналар арасындағы сенімсіздік, психологиялық мәдениеттің төмендігі жағдайды күрделендіре түседі. Бұл ретте мемлекет пен қоғамның рөлі шешуші. Суицидтің алдын алуда құқықтық реттеу, ақпараттық қауіпсіздік, отбасылық қолдау, мектептегі психологиялық қызмет, жасөспірімдерге арналған сенім телефондары, интернеттегі деструктивті контентпен күрес – барлығы бір тізбектің буыны ретінде әрекет етуі керек. Жастар өздерінің бағалы, маңызды, сүйікті екенін сезінген кезде ғана өмірге қайта оралады. Өмірге мән мен үмітті қоғам ғана қайтара алады.
Француз философы Эмиль Чоран: «Адам өзіне қол жұмсай алатын болғандықтан – құдайларға ұқсайды» деген. Бірақ бұл – тәкаппарлық емес, жауапкершілік. Адам – таңдау иесі. Бірақ бұл таңдау үмітті емес, үмітсіздікті таңдағанда ғана, бүкіл әлемнің үнсіздігін естиміз. Абай айтқандай, «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» – адам өлу арқылы емес, өмір сүру арқылы ғана шын мәнін табады. Бұл – суицидпен күрестегі басты философия болуы керек.
Алайда бұл философиялық тереңдік қазіргі қоғамда жастар арасында байқалып жатқан суицид деректерінің ауқымын азайта алмай отыр. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің және Білім және ғылым министрлігінің мәліметтері бойынша, елімізде жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші жаһандық деңгейде жоғары көрсеткіштердің біріне жатады. Бұл – тек статистика емес, бұл – әрқайсысының артында шынайы өмір, жарқын үміт пен болашақ жатқан трагедиялар. Жастар арасындағы суицидтің себептері күрделі және көпқабатты. Бірінші кезекте – психологиялық тұрақсыздық пен жас ерекшеліктеріне байланысты эмоционалдық күйзелістер. Жасөспірім кезеңі – адамның қалыптасу сәтіндегі ең нәзік, ең алаң күйге ұшырайтын уақыт. Бұл уақытта жеке тұлғалық «Мен» толық анықталмаған, өзін қабылдау мен өзін бағалау арасында үнемі шайқалатын кезең. Егер дәл осы уақытта қолдау көрсетілмесе, түсіністік болмаса, жас адам өз болмысынан безіп кетуі де мүмкін.
Мектептегі қысым мен буллинг, құрдастары арасындағы алалау, кибербуллинг – суицидке итермелейтін негізгі факторлардың бірі. Қазіргі таңда бұл тақырып жабық күйде қалуда: көптеген ата-аналар мен мұғалімдер бұл мәселені білмейді немесе мән бермейді. Ал жасөспірімге мектеп – бүкіл әлем. Онда өзін қорланған, жек көрілген, керексіз сезінсе, ол өмірден безеді.
Әлеуметтік желілер мен интернеттің әсері де орасан. Көптеген жасөспірім виртуалды әлемде өзін идеалдармен салыстыра отырып, өз бойынан тек кемшілік көреді. Instagram, TikTok секілді платформаларда тек әдемі, сәтті өмірлер көрсетіледі. Ал ол – шынайы емес. Алайда оны түсінетін психологиялық дайындығы жетілмеген жас адам өзін «сәтсіз», «артық», «қажетсіз» сезіне бастайды. Бұл құбылыс психологияда «әлеуметтік салыстыру теориясы» деп аталады. Соның салдарынан, өзін қадірлемеу, өмірге сенім жоғалту – суицидтік ойларға әкеледі. Соңғы жылдары түрлі қауіпті интернет-ойындар мен «өлім топтары» да суицидтің жаңа түрін тудырды. Олар жасөспірімді психологиялық тұрғыда манипуляция арқылы «өлімге тәрбиелеудің» жүйелі алгоритмін ұсынады. Мұндай квазимәдени өнімдер жас сананы улап, оны өз еркімен «көндіру» арқылы өзін-өзі құртуға жетелейді.
Отбасылық ахуал да шешуші рөл атқарады. Эмоционалдық жақындықтың жетіспеуі, ата-ананың бақылауы мен қатысуының формалдылығы, балаға деген суық, сыншыл қатынас жасөспірімді одан әрі тұйықтайды. Кейбір ата-аналар баласының күйзеліске ұшырағанын байқамай да қалады. Бала үндемегенімен – бұл оның ішкі айғайы. Сол үнсіздікті ести білу – ата-ананың міндеті.
Қаржылық тапшылық, оқу үлгеріміне қысым, үлкен үміттер мен орындалмаған армандар, мемлекет пен қоғамға деген сенімсіздік – мұның барлығы жастарды рухани вакуумға итермелейді. Әсіресе ауыл-аймақтарда психологиялық көмекке қолжетімділік төмен. Қаладағы ресурстар жеткілікті болғанымен, көпшілік үшін олар жабық немесе беймәлім. Бұл – жүйелік мәселе. Сонымен қатар жастардың құқықтық сауаттылығы да жеткіліксіз. Олар өздеріне қандай көмекті қайдан, кімнен ала алатынын білмейді. Психологқа бару – әлі күнге дейін «әлсіздіктің белгісі» ретінде қабылданады. Қоғамда «жылама, шыда» деген уытты ерлікке табыну да суицидке апарар жолды жеделдетеді. Ал шын мәнінде, көмек сұрау – әлсіздік емес, өмірге деген талпыныс. Бұл түсінікті кеңінен тарату – мемлекет пен қоғамның тікелей міндеті. Мектептерде психологиялық қолдау қызметін нығайту, ашық диалог ортасын құру, ата-аналарға арналған тренингтер өткізу, жасөспірімдер арасында өзін-өзі тану, өмірлік дағдыларды үйрету – бұл күрделі дертпен күрестегі алғашқы және маңызды қадамдар.
Суицидке қарсы профилактикалық жұмыста үш негізгі бағыт болуы тиіс:
Білім беру – танымдық алдын алу: Оқушылар мен жастарға өмірдің мәні, қиындықты еңсеру, эмоциямен жұмыс істеу, психологиялық сауаттылық туралы ақпараттар беру.
Қолдау – психоәлеуметтік кеңістікті нығайту: Психологтардың қолжетімділігін арттыру, сенім телефондары мен чаттар, дағдарыс орталықтарын дамыту. Эмпатия мәдениетін қалыптастыру.
Құқықтық және медиа реттеу: Әлеуметтік желілердегі қауіпті контенттерді бақылау, кибербуллингпен күрес заңнамасын күшейту, блогерлер мен медиа тұлғаларды жауапкершілікке шақыру.
Жастар – елдің болашағы ғана емес, осы сәттегі ең маңызды ресурс. Олардың өмірі – кез келген заңнан, саясаттан, экономикадан биік тұруы керек. Бір жас өзіне қол салса – бұл бір ғана адам емес, бұл бір болашақ үміттің сөнгені. Сондықтан жастармен жұмыс – жай тәрбие емес, бұл стратегиялық құндылық. Мемлекет бұл бағытта нақты шешімдер қабылдап келеді, бірақ ол жеткіліксіз. Қоғамның әр мүшесі – ата-ана, мұғалім, дос, көрші – өз үлесін қоспай, бұл індетті жеңу мүмкін емес. Бір жас – бір әлем. Ол әлемді сақтап қалу – біздің бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз.
Шығыс даналығы адам өмірінің құндылығын әрқашан жоғары қойған. Имам Ғазали: «Адам – Алланың аманаты. Ол аманатқа қиянат ету – тек өзіңе емес, Жаратушыға да опасыздық» дейді. Бұл ой Ислам дініндегі өмірге деген қасиетті көзқарасты білдіреді. Суицид – тек физикалық акт емес, адамның рухани діңгегінің үзілуі.
Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындары» еңбегінде адамның жетілген қалпын тек ақыл мен ізгілік арқылы сипаттайды. Ол адам өмірінің мәні – тек тіршілікте емес, оны қалай сүргеніңде екенін айтады. «Адам бақытқа білім, ар мен адамгершілік арқылы жетеді» деген идеясы қазіргі жастарды өмірге деген жауапкершілікке жетелейді. Ал Жалаладдин Руми: «Көлеңкең ұзын болсын десең – жарыққа жақында, Жаның тыныш болсын десең – шындықпен өмір сүр» деп жазады. Бұл – ішкі үйлесімге жету жолының символы. Руми үшін өмір – үзіліс емес, біртұтас саяхат. Ал қайғы – тек рухани өсу сатысы. Оның: «Қайғы – жүрек есігін ашатын Құдайдың дауысы» деген сөзі – күйзелістен құтылудың рухани мағынасы.
Омар Хайямның рубаяттарында да өмір мен өлім, пенделік пен мәңгілік туралы парадокстар бар. Бірақ ол ешқашан үмітсіздікті насихат етпейді. Керісінше, «Бұл өмірге бір-ақ рет келеміз – демек, әр сәт мағыналы болуы тиіс» дейді. Оның: «Бір күндік өмірдің өзі – мың өлімнен артық» деген ойы – қазіргі жастарға үміттің символы бола алады.
Низами Гәнжауи, Сағди Ширази, Хафиз, Абай сынды ойшылдар да адам өмірінің қадірін махаббат, иман, білім, кешірім арқылы арттыруға шақырды. Бұл поэтикалық даналық бүгінгі жастарға да – үнсіз қолдау, іштей жұбаныш бола алады. Абай өзі де өмірде күйзеліс пен жалғыздықты бастан өткерген, бірақ соның өзінде: «Жүректе оты бар жандар ешқашан түнекте қалмайды» деген үміт ұсынды. Оның «Махаббатпен жаратқан адамзатты» деген жолы – ең терең рухани қағидалардың бірі. Махаббат – тіршілікті сақтайтын ең биік күш.
Сондықтан суицидпен күрес – тек медициналық немесе құқықтық емес, рухани әрі мәдени майдан. Бұл күресте Шығыс даналығы бізге ішкі үйлесімді, өмірге қайта сенуді, сабыр мен үмітті үйретеді. Біз осы ілімге оралып, жастарымыздың жан дүниесіне мейіріммен, парасатпен, жүрекпен үңілуіміз керек. Себебі әр жан – бір ғалам. Сол ғаламды сақтап қалу – адамгершіліктің ең биік формасы.
Роза АСПАНҚЫЗЫ
«Үркер» журналы, №8
Тамыз, 2025
2503 рет
көрсетілді0
пікір