• Қоғам
  • 28 Шілде, 2025

Есірткі – «шекер» емес

Бүгінде есірткі тек атауын ғана емес, бет-бейнесін де түбегейлі өзгертті. Бұрын героин мен марихуана секілді есірткілер таралса, қазір олардың орнын лабораторияда жасалатын синтетикалық улар – спайс, «тұз», мефедрон секілді психостимуляторлар басты. Мефедрон – бір сөзбен айтқанда, заманауи у. 2003 жылы алғаш синтезделген синтетикалық есірткі небәрі төрт жылдың ішінде бүкіл әлемге жайылып үлгерді. Ең қауіптісі – мефедронды тұтыну қазір жастар арасында сәнге айналып келеді. Оның таралу қарқыны тыйым салуларға да, заңнамалық тосқауылдарға да бағынар емес. Синтетикалық есірткілерінің қаупі біз ойлағаннан әлдеқайда жоғары. Себебі олардың басты ерекшелігі – жоғары уыттылық. Аз ғана мөлшерінің өзі мидың жұмысын бұзады, жүйке жүйесіне ауыр зақым келтіреді. Қолданған адамда галлюцинация, паранойя, ашушаңдық, агрессия сияқты қауіпті белгілер байқалады.

Синтетикалық есірткі өндіру үшін зауыт қажет емес. Қауіпті заттар қарапайым жертөледе, тіпті жалдамалы пәтерде-ақ дайындалады. Ең сорақысы – бұл заттардың көпшілігі әзірге заңмен тыйым салынған есірткілер тізіміне енгізілмеген. Соның салдарынан құқық қорғау органдары олардың таралуын дер кезінде анықтап, тоқтата алмай отыр. Бүгінде синтетикалық есірткінің саудасы онлайн жүйеге көшкен. Telegram, даркнет, әлеуметтік желі – бәрі мұны сатудың арзан әрі бақылаусыз алаңына айналды. Яғни бұл бизнес толықтай цифрлық жүйеге ауысты. Ең қауіптісі – бұл жүйеде сатушы мен сатып алушы мүлде кездеспейді. Жүйе қарапайым, бірақ мұқият ұйымдастырылған. Алдымен сатып алушы арнайы анонимді ботқа тіркеледі. Сол жерде есірткінің түрлері, мөлшері және бағасы көрсетіледі. Қажетті затты таңдаған соң, төлем криптовалюта немесе электронды әмиян арқылы жасалады. Төлем расталған соң, сатушы немесе оның атынан жұмыс істейтін «закладчик» заттың жасырылған жерінің координаттарын жібереді. Сатып алушы сол нүктеге барып, есірткіні ешкіммен кездеспей-ақ, үнсіз алып кете береді. Барлық процесс виртуалды, ал байланыс толық анонимді түрде жүргізіледі. Бұл жағдай жастар үшін бұрын-соңды болмаған қолжетімділікке жол ашты. Сондықтан синтетикалық есірткі ең алдымен жасөспірімдер мен жастарды нысанаға алған. Өкінішке қарай, осы әлеуметтік топ қазір есірткі саудагерлерінің негізгі «клиенті» ғана емес, ең осал құрбанына айналып отыр…

ІІМ-нің «Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі төрағаның орынбасары Қуандық Жәні­бекұлының дерегінше, биыл алғашқы бес айда елімізде 3 320 есірткіге қатысты қылмыс тіркелген. Оның ішінде 991 сату дерегі анықталған. 165 жағдай аса ірі көлемде сақтау фактісі ретінде тіркелген. Жалпы көлемі 4 080 келі есірткі тәр­кі­ленсе, оның ішінде 476 келісі – синте­тикалық препараттар. Сонымен бірге 95 нарколаборатория жойылған. Оның 9-ы синтетика өндірумен айналысқан.

Мефедрон деген не және ол қалай әсер етеді?

Мефедрон – бүгінде кең таралған синтетикалық амфетамин тобына жататын есірткілердің бірі. Бұл зат жасанды жолмен синтезделеді және ағзадан толық шығу уақыты оны қанша уақыт бойы қолданғанына тікелей байланысты. Мефедронға тәуелді адам бұл күйден өз күшімен шыға алмайды. Себебі «ломка» кезеңін жеңілдетіп, ағзаны удан тазарту үшін науқас адамға тек кешенді медициналық көмек керек. Соның ішінде ең тиімді әдістердің бірі – УБОД (ультражедел опиоидтық детоксикация) деп аталатын ультражедел детоксикация. Бұл ағзаны есірткінің қалдықтарынан жылдам арылтатын заманауи тәсіл және ол тек арнайы клиникалық жағдайда жүргізіледі.

Мефедрон – ақ түсті ұнтақ түрінде кездесетін, кейде таблетка не кристалл пішінінде сатылатын синтетикалық есірткі. Есірткі тұтынушылар арасында ол «мяу-мяу», «меф», «кристаллиус» немесе жай ғана «тұз» деген атпен белгілі. Бұл зат – адамның психикасына тікелей әсер ететін қуатты стимулятор, ол қолданған сәтте себепсіз эйфория тудырады. Мефедронды қолданған адам шектен тыс ашық, көпшіл болып көрінеді. Қызығушылықпен тыңдайды, кеңес береді, қолдау білдіреді. Алайда бұл шын мәнінде жасанды түрде пайда болған жалған сергектік. Энергияның тосын, шамадан тыс тасуы амфетаминдерге тән құбылыс. Оның әсері бірнеше сағатқа созылғанымен, артынан адам міндетті түрде апатияға, депрессияға түседі.

«Шекер» немесе «Meow»

Бұл тақырыпқа қатысты «Salem Social Media» «Шекер» атты уеб-сериал түсірген еді. Сюжет бойынша басты кейіпкер Алдияр (ойнаған Азат Жұмәділ) бір апта ішінде 500 мың теңге ақша табуы керек. Әйтпесе оқудан шығарылмақ. Оқудан шығып кетсе, әкесінен таяқ жейді. Мұндай үлкен соманы аз уақыттың ішінде табу өте қиын екені белгілі. Жаны қысылған Алдияр досы арқылы осы іске араласады. Сериал барысында оның өмірі қалай өзгеріп, қандай қайғылы салдарға апаратыны көрсетіледі.

Осы тақырып аясында түсірілген «Meow» атты тағы бір уеб-сериал бар. Қылмыстық драма ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен НТК телеарнасы мен B.A.S Production компаниясының бірлескен жобасы ретінде түсірілген. Сериалдың бас кейіпкерлерінің бірі Манас – спортшы, күзет саласында жұмыс істейді. Ол – отбасының үлкен ұлы. Ал оның кенже інісі Мирас есірткі «закладчиктері» тобымен байланысып, біртіндеп қылмыстық ортаға тартылады. Уақыт өте келе өзі де есірткі тұтына бастайды. Әкелері есірткіден улану салдарынан көз жұмған соң, Манас анасына көмектесіп, ақша табуға, студент інісін көзден таса етпеуге мәжбүр болады. Манастың достары да – спортшылар әрі күзетшілер. Олар бірігіп, өз аудандарын есірткі саудагерлерінен тазартуға бел буады. Туынды мефедрон секілді синтетикалық есірткілердің жастар өмірін қалай құрдымға жіберетінін көрсету мақсатында түсірілген. Әлеуметтік-драмалық сипаттағы туынды тәуелділіктің шынайы келбетін ашып, отбасындағы үнсіздік пен немқұрайдылықтың салдарын тереңнен қозғайды.

Себеп пен салдар

Осы мәселенің психологиялық астарына тереңірек үңілу үшін психолог мамандарға сауал жолдадық. Психоанализ бағытындағы практик-психолог Арай Әбілқасымова тәуелділіктің психоаналитикалық тұрғыдан алғанда, есірткі адамның ішкі тірегінің орнын алмастыратын суррогат құралға айналатынын айтады.

– Қазақстанда, әсіресе ірі қалаларда, алаңдатарлық үрдіс белең алып отыр. Өкінішке қарай, синтетикалық есірткіге, оның ішінде мефедронға тәуелді жасөспірімдер мен жастардың қатары күн санап артып келеді. Бұл – қазіргі уақыттың нағыз індетіне айналды. Тәуелді адамның психикасын ішкі әлемі біртіндеп құлдырап, бөлшектеніп жатқан тұлғаның күйімен салыстыруға болады. Онда қорқыныш, бостық, үмітсіздік пен жан күйзелісі үстемдік етеді. Есірткі тұтынудың бастапқы кезеңінде бақылауда ұстау иллюзиясы, тасыған энергия, сенімділік пен шектен тыс еркіндік сияқты жалған сезімдер туындайды. Алайда мұның бәрі химиялық алдау ғана. Мұның уыты тез тарқайды. Әсіресе мефедрон сияқты заттар құрамы мен әсер ету ерекшелігіне байланысты тәуелділікті өте жылдам қалыптастырады. Психоаналитикалық тұрғыдан айтсақ, есірткі адамның ішкі тірегінің орнын алмастыратын суррогат құралға айналады. Ол бала кезде жетіспеген қауіпсіздікті, шексіз махаббатты, эмоциялық тұрақтылықты, жылулықты жасанды түрде толтыруға тырысады. Бала кезде адамға «жеткілікті жақсы ана» (Дональд Винникотттың теориясы бойынша) қажет еді. Бірақ мұндай ана болмаған жағдайда оның орнын адам есірткімен толтырады. Яғни есірткі – психиканың тірек іздеген, алайда қате жолмен тапқан жалған баламасы іспетті, – дейді Арай Әбілқасымова.

Психолог өзінің жұмыс тәжірибесінде кездескен есірткіге тәуелді адамдардың негізгі белгілерін атады:

Эмоциялық тұрақсыздық – кенеттен пайда болатын агрессиядан терең апатияға дейін;

  • Эмпатияның төмендеуі, отбасынан және жақындарынан алыстау;
  • Мазасыздық, параноидтық ойлар мен үрейлі қиялдар;
  • Кей жағдайда есту галлюцинациялары;
  • Ұйқының бұзылуы;
  • Паникалық шабуылдар;
  • Ішкі бос кеңістік, оқшаулану мен қажетсіздік сезімі;
  • Тұлғалық тұтастықтың бұзылуы: адам өзінің кім екенін, не қалайтынын, не істеуі керектігін түсінбей қалады.

Бұл симптомдар тек химиялық уланудың салдары емес. Олар адамның терең ішкі кикілжіңдерінің көрінісі. Көбінесе бұл кикілжіңдер балалық шақтағы психологиялық жарақаттардан бастау алады.

Арай Әбілқасымованың айтуынша, бұл тұзаққа ең жиі ілігетіндер – жастар мен жасөспірімдер.

– Жасөспірім шақ – әрқашан тұлғалық дағдарыс, өзіңді іздеу мен ата-анадан іштей ажырау кезеңі. Бұл уақытта ол кім екенін, қандай болғысы келетінін түсінуге тырысады. Егер отбасында эмоциялық байланыс болмаса, бала немқұрайлы қарау не керісінше, шектен тыс бақылау жағдайында өссе, өз сезімдерімен жалғыз қалған болса, онда ол ерекше әлсіз күйде болады. Сондай кезде достар, әлеуметтік желілер, субмәдениет алдыңғы орынға шығады. Сол әлем ұсынатын «сәнді» құралдардың бірі – ауыр сезіммен күресудің «тез әрі оңай» жолы. Міне, дәл осы тұста мефедрон сияқты синтетикалық есірткілер тиімді шешім болып көрінуі мүмкін. Алайда жасөспірімнің психикасы әлі де толық қалыптаспаған, жетілмеген. Ол фрустрацияны, яғни үміт пен шындықтың арасындағы қайшылықты көтеріп, өңдей алмайды. Сол себепті оның ішкі қысымға шыдай алмай, күйреп кетуі оп-оңай, – дейді ол.

Отбасында есірткіге тәуелді адам болса, не істеу керек?

– Отбасында есірткіге тәуелді адам болса, ең алдымен кінәламай, айыптамай қарау маңызды. Тәуелділік адамның таңдауы емес, ол – ішкі жан күйзелісінің, психикалық ауыртпалықтың белгісі. Сын айту, қысым жасау, жазғыру – тек ұят пен өзін кінәлі сезінуін күшейтіп, адамды одан әрі тұйыққа тірейді. Мамандардың көмегіне жүгіну басты қадам дер едім. Бұл жерде нарколог, психиатр, психоаналитик мамандармен кешенді жұмыс қажет. Егер қалада реабилитациялық орталықтар болса, бұл міндетті түрде қарастырылуға тиіс. Сонымен бірге, анонимді қолдау топтарына қатысу да өте пайдалы. Бірақ тек тәуелді адаммен емес, отбасымен де жұмыс істеу қажет. Себебі тәуелділік – көбіне бұзылған отбасылық жүйенің салдары. Отбасындағы шекаралар, эмоциялық ахуал, сенім мен қарым-қатынас деңгейі қайта қарастырылуы керек. Үйде жылы қатынас бар ма? Шынайы эмоциялық байланыс сақталған ба? Бұл жол – ұзақ әрі сабырды талап ететін процесс. Адам өз сезіміне, өз әлеміне қайта оралуы үшін уақыт керек. Бірақ түсіну мен қолдау болған жерде сауығуға да болады, – дейді психолог.

Мефедронды пайдалану – психикалық тәуелділікке апаратын төте жол. Кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің наркологиялық тәуелділікке түсу себебін психолог Жібек Жолдасовадан да сұрадық.

– Жасөспірімдер арасында өзін іздеу кезеңі белгілі бір психоактивті заттарды қолданып көруге тырысқанда басталады. Оған тек есірткі ғана емес, алкоголь де жатады. Әрбір жасөспірім бұдан кейін нәти-жесі ең жақсы психологиялық жайлылық сыйлайтын затқа тоқтайды, басқаша айтқанда, есірткі баланың бойындағы психологиялық тапшылықты толтырады. Мұның әртүрлі себебі бар. Мысалы, бір себебі ретінде отбасы мен ортасын айтуға болады. Отбасында ата-анасымен, өзге де туыстарымен ортақ коммуникация болмаған жағдайда бала үйден алыс болуға тырысады. Мұндай балалар оған қысым жасайтын, өзіне ыңғайсыз ортадан аулақ болғысы келгендіктен басқа ортаға барады. Сөйтіп зиянды әдеттерге ұрынып, тәуелділікке тап болады. Алғашында ештеңе байқалмайды. Бастапқы айда 1-2 рет қолданатындар, тіпті өте сирек қолданатын жасөспірімдер болуы мүмкін. Алайда психикалық тәуелділік адам санасына әсер етіп, есірткі қолдану жиілейді. Сонымен бірге, сабақтан кейін немен айналысарын, уақытын қалай пайдалануға болатынын білмейтін балалар да мұндай жағдайға ұрынуы мүмкін. Кей жағдайда үйдегі атмосфера жақсы, алайда баланың мектептегі жай-күйі мәз емес болса, ол да әсер етеді. Ал үйдегі қысым шектен тыс күшті болса, оған қарсылық ретінде есірткіге ұрынатындар да бар. Ең бірінші орында психикалық, эмоциялық жайлылық тұруы керек. Бала кез келген ортада өзін ыңғайсыз сезінбеуі, әрқашан жақын адамдарының қамқорлығы мен қолдауын сезінуі қажет, – дейді Жібек Жолдасова.

Оның айтуынша, есірткіге тәуелді адамға көмектесу уақыт пен мықты ерік-жігерді талап етеді.

– Нашақордың физикалық тәуелділігін кез келген нарколог емдеу шараларын жүргізіп жаза алады, дегенмен оны психикалық тәуелділіктен арылту қиынырақ. Ол 1-2 психотерапиялық сеанспен шешілмейді. Процес ұзаққа созылуы мүмкін. Оған өзі ғана емес, отбасы мүшелері де қатысуы керек. Себебі нашақор адам есірткіге тәуелді болса, ол үшін алаңдайтын, оның бұл жаман әдетін тастағанын қалайтын отбасы мүшелері де бұған тәуелді. Психология тілімен айтсақ, мұны ортақ тәуелділік дейміз. Олар құтқарушы рөлін сомдайды. Қысқаша айтқанда, психотерапевт маман мен нашақордың және оның жақындарының бірлесіп атқаратын жұмысы, – дейді ол.

P.S. ҚР Үкіметі бекіткен ел аумағында бақылауға жататын есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың ұлттық тізімі бар. Жыл сайын оған синтетикалық есірткінің жаңа түрлері енгізіледі. Себебі қылмыскерлер синтетикалық есірткілердің химиялық құрамын жиі өзгертіп отырады екен. Бұл тек арнайы мамандардың ғана емес, қоғам болып күресетін ортақ іс. Әртүрлі қылмыстық ұстаулар жалғасады, тыйым салынған есірткілер тәркіленеді, табылған зертханалар жойылады. Бірақ қылмыс сонда да азаймайды. Бәлкім мұның салдарымен емес, себебімен күресуіміз керек шығар. Ол отбасындағы тәлім-тәрбиеден, ата-ана мен бала арасындағы дұрыс қарым-қатынастан басталуға тиіс.

Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ

2840 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER

01 Қыркүйек, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы