• Қоғам
  • 15 Маусым, 2025

Волонтерлік: қоғамдық сананың айнасы

Қайырымдылықтың мәңгілік мәні

Қайырымдылық пен өзара көмек көрсету – адамзат қоғамының ажырамас бөлігі. Қазақстанда бұл дәстүрлер ежелден қалыптасқан: «асар», «жәрдем», «қол ұшын беру» сияқты ұғымдар халқымыздың рухани мәдениетінің негізі болған. Қазіргі таңда бұл ізгі амалдар волонтерлік қызмет арқылы жаңа деңгейге көтеріліп, қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуде маңызды рөл атқарып келеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп халқымыз босқа айтпайды. Қоғам болып атсалысқан ізгі істер қашан да өз нәтижесін көрсететініне тарих куә, уақыт дәлел. 

Қазақстанда волонтерлік қызмет соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. 2020 жыл «Волонтер жылы» деп жарияланып, бұл бағыттағы жұмыстарға жаңа серпін берілді. Қазіргі таңда елімізде 755 волонтерлік ұйым, 2 мың бастамашыл топ, 275 мың белсенді волонтер қызмет етіп отыр.

«Qazvolunteer.kz» онлайн платформасы арқылы волонтерлер өзара байланыс орнатып, жобаларға қатысу мүмкіндігіне ие. Мемлекет тарапынан да қолдау шаралары қабылдануда: 2021-2023 жылдарға арналған волонтерлікті дамыту жол картасы бекітілді, республикалық және өңірлік фронт-офистер құрылды, «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы да тағайындалды. Волонтерлікке мемлекеттік билік тарапынан бөлінген көңіл өз жемісін беріп келеді. Дегенмен елімізде әлі волонтерлік бағытты қарқынды дамыту үшін шетелдік тәжірибелерге де жүгінуіміз керек деп ойлаймын.  Шетелдік тәжірибелер және халықаралық ынтымақтастық жалпыадамзаттық деңгейде ізгілікке қызмет ету үшін алып құрал бола алады. 

Әлемде волонтерлік қызметтің терең тамыр жайған тарихы бар. Мысалы: АҚШ-та волонтерлер табиғи апат кезінде халыққа көмек көрсетеді, үйсіздерге, ардагерлерге қолдау білдіреді. Peace Corps атты бүкіл әлемге танымал еріктілер бағдарламасы бар. Францияда әрбір екінші азамат волонтерлікпен айналысады. Олар мәдени, әлеуметтік, және білім беру жобаларына атсалысады. Германияда еріктілік мектеп бағдарламаларына енген. Бұл салада тіпті зейнеткерлер де белсенді. Жапонияда ұлттық қауіпсіздік жүйесінің бір бөлігі ретінде волонтерлік бекітілген. Оңтүстік Кореяда әрбір студент міндетті түрде волонтерлік сағат жинауы тиіс. Ал Қазақстан БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдармен бірлесе жұмыс жасап, өз волонтерлерін шет елдерге жіберіп жүр.

Сонымен осы тұста маңызды сұрақ алдымыздан шығады. Волонтер болу үшін не істеу керек?
Көпшілік волонтер болу үшін үлкен дайындық немесе кәсіби білім қажет деп ойлайды. Бұл қате түсінік. Волонтер болу үшін ең бастысы – ниет пен жауапкершілік. Ал нақты қадамдар мынадай:
Қызығушылық бағытыңызды анықтаңыз
– Әлеуметтік жұмыс, экология, білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау – кез келген салада волонтер қажет.
Жергілікті немесе онлайн платформаға тіркеліңіз
– Қазақстанда: qazvolunteer.kz
– Халықаралық жобалар үшін: UN Volunteers, GoAbroad.com, Idealist.org
Ұйыммен немесе координатормен байланысыңыз
– Қандай міндеттер күтіп тұрғанын, уақытыңыздың қаншалықты сәйкес келетінін нақтылаңыз.
Жаттығу немесе дайындықтан өтіңіз (қажет болған жағдайда)
– Кейбір ұйымдар базалық оқыту курсынан өткізеді.
Тұрақты болыңыз, уәдені орындаңыз
– Волонтерлік – жауапкершілік. Қатыспай қалсаңыз, өзгелерге зиян келуі мүмкін.
Осыған орай сіздерге қосымша мәлімет ретінде әлемдегі ірі волонтерлік ұйымдар туралы ақпар бергенді жөн көріп отырмыз.
United Nations Volunteers (UNV)
– БҰҰ-ның еріктілер бағдарламасы. 150-ден астам елде белсенді.
Peace Corps (АҚШ)
– АҚШ азаматтары дамушы елдерге барып, білім, денсаулық, ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс істейді.
Red Cross and Red Crescent Societies (Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай)
– Төтенше жағдайлар, апаттар кезінде көмек көрсететін әлемдегі ең ірі гуманитарлық ұйым.

Voluntary Service Overseas (VSO)
– Британдық ұйым. Африка мен Азия елдерінде қызмет етеді.
Habitat for Humanity
– Үйлер салып, тұрғын үйге мұқтаж отбасыларға көмек көрсетеді.
AIESEC
– Студенттерге арналған халықаралық көшбасшылық пен волонтерлік ұйым.
WWOOF (World Wide Opportunities on Organic Farms)
– Еріктілер органикалық фермаларда жұмыс істеп, тәжірибе жинай алады.

Волонтерліктің философиялық мәні

Волонтерлік қызмет  – тек көмек көрсету ғана емес, адамның рухани және азаматтық дамуының көрсеткіші. Бұл қызмет арқылы адам өз қоғамына деген жауапкершілігін сезінеді, моральдық құндылықтарды ұстанады, өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтады. Волонтерлік – бұл адамның ішкі мәдениеті мен азаматтық ұстанымының айнасы.

Қазақстанда волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып келеді, бірақ әлі де көптеген мүмкіндіктер мен даму бағыттарын жетілдіре түсуі керек. Болашақта волонтерлік қызметті одан әрі дамыту үшін не істеу керек деген сауалға төмендегідей жауаптар таптық:
- Жастарды тарту
- Қоғамдық білім беру жүйесіне енгізу
- Цифрлық платформалар мен жаңа технологияларды пайдалану
- Шетелдік ұйымдармен ынтымақтастықты нығайту қажет.
- Мемлекет, қоғам және жеке сектордың бірлесе әрекет етуі – Қазақстанның волонтерлік мәдениетін дамытудың негізі болмақ.

Волонтерлік философиясы: Ұлы ойшылдар еңбегімен үндестік
Волонтерлік идеясы көптеген атақты философтардың еңбектерінде жанама түрде болса да көрініс тапқан. Олар адамның басқалар үшін өмір сүру, жақсылық жасау, ортақ жауапкершілік сынды қасиеттерін жоғары бағалаған.

Иммануил Кант: моральдық парыз
Неміс философы И. Кант адамгершіліктің негізін «парыз» ұғымымен байланыстырды. Ол былай дейді: «Адам өз әрекетін әмбебап заң болатындай етіп жасауы тиіс». Канттың категориялық императиві бойынша, адам басқаларға тек құрал ретінде емес, мақсат ретінде қарау керек. Волонтерлік қызмет те осы идеямен үндес: волонтер ешқандай сый күтпей, басқа жанға адам ретінде көмектеседі. Ол қоғамға моральдық жауапкершілікпен қарайды, бұл – нағыз этикалық еркін таңдау.

Аристотель: Ізгілік пен қуаныш
Атақты грек ойшылы Аристотель адам өмірінің мәні – еudaimonia, яғни гүлдену, толыққанды өмір сүру деп біледі. Ол адамды «әлеуметтік жануар» деп сипаттап: «Ізгі адам – өз қоғамына пайдалы адам», – дейді. Волонтер болу – адамның әлеуетін жүзеге асыруының жолы. Бұл процесс тек басқаларға ғана емес, волонтердің өзіне де пайда әкеледі: ішкі қанағат, адамгершілік, рухани өсім.

Жан-Жак Руссо: Азаматтық жауапкершілік
Француз ойшылы Руссо «Қоғамдық келісім» еңбегінде адамдар өз еркімен қоғам игілігі үшін әрекет етуі тиіс деп жазады: «Азамат өз еркімен қоғамның бір бөлігі болып, жалпы мүдде үшін қызмет етуі тиіс». Волонтерлер – осы идеяны жүзеге асырып жүрген азаматтар. Олар өз бос уақытын, күш-жігерін қоғамға арнау арқылы азаматтық келісімді нығайтады.

Конфуций: Рухани жетілу және риясыздық
Қытай философы Конфуций адамгершілік қағидаларын ұстануға ерекше мән берген. Ол былай дейді: «Өзгеге көмектесу – өзіңді тәрбиелеудің жолы». Конфуцийдің «Жэнь» – мейірімділік, ізгі ниет идеалы волонтерлік қызметтің рухани негізімен үйлеседі. Бұл жерде волонтер – қоғамның үлгі тұтар тұлғасы ретінде көрінеді.

Альберт Швейцер: Басқа жан иесіне деген құрмет
Медик-философ, Нобель сыйлығының иегері А. Швейцер волонтерлікпен айналысқан тұлғалардың бірі. Ол: «Өмірге деген құрмет – адам өмірінің түп негізі», – деп айтқан. Ол өзінің бүкіл өмірін Африкада медициналық көмек көрсетуге арнады. Швейцердің идеясы бойынша, волонтер болу – бұл барлық тіршілік иесіне деген сүйіспеншілік пен құрметтің көрінісі.

Ұлы философтардың идеялары волонтерліктің этикалық, рухани, әлеуметтік мәнін терең ашып береді: Кант – мораль мен парыз тұрғысынан, Аристотель – өзін-өзі жетілдіру мен қоғамға пайда келтіру, Руссо – азаматтық жауапкершілік, Конфуций – ізгілік пен үлгі болу, Швейцер – жанашырлық пен мейірім арқылы әрекет ету. Сол себепті волонтерлік – бұл жай қызмет емес, адамның адам болып қалыптасуының философиялық жолы.

Роза Тәжібаева

«Үркер» журналы, №6

Маусым, 2025

4700 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER

01 Қыркүйек, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы