- Айтарым бар...
- 02 Мамыр, 2025
БОЛАШАҚТЫҢ ЕСІГІ

Өткен айда Бурабайда Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы өтті. Бұл жиында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелер талқыланды. Соның ішінде жасанды интеллектің (ЖИ) қоғамға әсері ерекше айтылды. Жиында Президент
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні барлық салаға кеңінен енгізу мәселесіне үнемі назар аударамын. Қазір қай елдің жаңа технологияларды өз пайдасына жарата алатыны, қай елдің көш соңында қалатыны анықталып жатқан шешуші кезеңге қадам бастық. Экономиканың барлық саласы және еңбек нарығы жасанды интеллектінің тікелей қатысуымен түбегейлі өзгеріп жатыр» деп атап өткен еді.
ЖИ технологиялары қазіргі таңда әлемдік державалар арасында стратегиялық бәсекелестіктің басты нысанына айналды. Бүгінде АҚШ, Қытай, Еуропалық Одақ елдері жасанды интеллектті ұлттық қауіпсіздік, экономикалық үстемдік және идеологиялық ықпал құралы ретінде қарастырады. «The Guardian» газетінің 2025 жылғы сәуір айындағы шолуында Еуропа одағы 20 миллиард еуроға жуық қаржы бөліп, ЖИ «гигафабрикаларын» салуды қолға алғаны жазылған. Бұл – ЖИ моделін өз жерінде өндіру арқылы дербестікке ұмтылу амалына ұқсайды. Себебі Google, Microsoft, OpenAI, Anthropic сияқты компаниялар әзірлеген модельдер негізінен АҚШ нарығына бейімделген. Өзінің мәдениетіне, тіліне, саясатына сай ЖИ үлгілерін жасау енді әр елдің амбициясы болуы мүмкін. Қытай болса DeepSeek деген ChatGPT-дің баламасын жасап, тілдік модельдерді қытайшаландырып қана қоймай, батысқа қарсы балама идеологиялық платформа қалыптастыруды көздеп отыр.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ЖИ экономиканың әртүрлі салаларында тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Ол үлкен көлемдегі деректерді жылдам өңдеуге қабілетті. Бұл әсіресе қаржы, медицина және көлік салаларында тиімділікті арттырады. Білім беру процесін жекелендіріп, әр оқушының қажеттіліктеріне бейімделген оқу бағдарламаларын ұсынуға мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау саласында ЖИ ауруларды ерте анықтап, емдеу әдістерін оңтайландырады. Сондай-ақ
ол мемлекеттік қызметтерді автоматтандырып, бюро-
кратиялық кедергілерді азайтады. Жасанды интел-лект бизнес процестерді бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен қайта қалыптастырады. McKinsey сараптамасына сәйкес, 2030 жылға дейін ЖИ әлемдік ішкі өнімге 13 триллион доллар қосымша табыс әкелуі мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, бұл орташа есеппен жаһандық экономиканың 16%-ға өсуі мүмкін екенін көрсетеді. ЖИ шығынды азайтудың емес, табысты арттырудың құралына да айналды. Тұтынушыларға қызмет көрсетуден бастап, логистика, өндіріс, қаржы нарықтарындағы болжамдарға дейінгі процестерде ЖИ адамның орнын алмастырып қана қоймай, жылдамдық пен дәлдікте жаңа стандарттар орнатты. Білім беру саласы технологиямен ең баяу интеграцияланатын сала еді. Алайда ЖИ бұл инерцияны бұзып жатыр. Оқушылардың оқу стиліне, есте сақтау қабілетіне қарай бейімделетін жаңа оқыту жүйелері пайда болды. Duolingo, Khan Academy сияқты платформалар GPT үлгілерін енгізіп, оқушыға нақты кері байланыс беретін диалогтық жүйелер жасады. ЖИ-ді білім беру саласына енгізу – оқытушыны алмастыру емес, оқушыны жеке дара дамыту, қызығушылық пен бейімділікке сай бағыт ұсыну. Бұл әсіресе Қазақстан сияқты көптілді, көпмәдениетті қоғамда тең білім беру мүмкіндігін күшейтеді.
Алайда осынша артықшылықтарына қарамастан, жасанды интеллекттің дамуы этикалық дилеммаларды да ала келді. Бүгінде әлемде deepfake видеолар, манипуляциялық алгоритмдер, ЖИ арқылы жасалған жалған жаңалықтар ақпараттық қауіпсіздік пен сенім дағдарысына себепкер болып жатыр. Сондықтан да Еуропа Одағы AI Act заңын қабылдап, ЖИ-ді бақылауда ұстау үшін жауапкершілік пен ашықтық талаптарын күшейтті.
Қазір әлемде Төртінші өнеркәсіптік революция жүріп жа-тыр. Алдағы 10–15 жыл ішінде жасанды интеллект (ЖИ) адамзат тіршілігінің барлық саласына дендеп еніп, күнделікті өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналатыны анық. Тіпті бүгінгі әлем білімді адамды емес, технологияны игере алатын адамды қажет етеді. Бұрын білім деген ұғым ақпаратты қорыта алу, есте сақтау, қайта жаңғырта алу қабілетімен өлшенетін. Ал бүгін білім – қолдағы мәліметті тиімді пайдалана білу, құралмен жұмыс істей алу, шешім қабылдай алу және үнемі өзгеріп отыратын ортаға бейімделе білу дағдысы. Жасанды интеллект дәуірі тек теориялық біліммен қарулануды емес, сол білімді алгоритммен ұштастырып, нақты нәтижеге бағыттай алуды талап етеді. Ащы болса да шындық – бүгінде технологияны қаншалықты игергенің, енді сенің маман ретіндегі құныңның басты өлшеміне айналып отыр.
Мәселен, инженер болу үшін енді тек математика мен физиканы білу жеткіліксіз, ЖИ модельдерін меңгеріп, мәліметтерді саралай алуың қажет. Дәрігер болу үшін анатомия мен диагностикадан бөлек, цифрлық құралдармен жұмыс істеу – кәсіби талап. Ал мұғалім үшін жай ғана білім беру жеткіліксіз, оқытуды дербестендіре алатын технологиялық шешімдермен таныс болу – жаңа міндет. ЖИ тек технологиялық жаңалық емес, жаңа өркениеттік даму бағыты болғандықтан бұл дәуірге бейімделу енді таңдау емес, тарихи қажеттілікке айналды. Сондықтан Қазақстан да бұл жаһандық көштен қалыс қалмауы керек.
Әнуарбек АҚЫНҒАЛИ

3353 рет
көрсетілді0
пікір