• Айтарым бар...
  • 02 Мамыр, 2025

Аумалы мына заманда, Сөздің де кеткен қадірі

Қайрат Бестібаев
 

Бүгін қай күн еді?..

Күні бар ма өлеңімнің өтпеген?
Дос та таптым осы жерден көптеген.
Ту сыртымнан сығалаған біреулер,
Кет демедім, өз-өзінен шеттеген.

Бұздым ба әлде біреулердің есебін,
Үйім бөлек, бөлек тағы төсегім…
Неге екенін түсінбедім иттері,
Үргіш келед(і) ақын жүрген көшенің.

Мияулайды жолды кесіп мысықтар,
Жатса дағы жаңбыр құйып, ұшып қар.
Сүрінгенде итеретін артыңнан,
Көп екен ғой бұл көшеде пысықтар.

Болмасам да көз тартатын көрікті,
Біраз адам мені жақсы көріпті…
Мейлі, біреу жатып алып даттасын,
Өздеріне беріп қойғам ерікті.

Қарсы алдымнан соға берді қара жел,
Жүріс өнбей, ауыр болып барады өр.
Тұлпар ма деп мініп едім шабытқа,
Көк есекке айналғандай қарагер.

Ұға алмадым неден екен себебі,
Біреулерге осы шығар керегі…
Неге, неге осы менің төбемнен,
Шыр айналып қарға ұша береді?

Жіберді де дәл төбеме саңғытып,
Аңқау басым, жүрген кезде ән күтіп.
Аяғыма тас байлаған секілді,
Жылжымайды-ау, жылжымайды шаңғы түк.
Күн де жақын көктем шықса көгерер,
Қара өлең-ау, сен де қалма, ере бер.
Тырмысайық сен екеуміз бірлесіп,
Алыс емес біз шығатын төбелер.

Ғасырға сыр

Адастырып жүр ме екен бір күш мені,
Көктесе де көп арман бір піспеді.
Қалықтаймын құс болып көк аспанда,
Қиял ма еді, жоқ әлде бұл түс пе еді.

Тыншымасым осымен айдан да анық,
Кімге барып мұң шағам, қайдан барып?
Қиялменен барсақ та айға жақын,
Жарқырап бір жұлдызға айналмадық.

Сырымды айттым айға да жұлдызға да,
Ай жылжиды, жымыңдап жұлдыз ғана..
Қыран болып мен қанат қаққанымды,
Бір құзғындар айналып жүр қызғана.

Қолым талды жазудан ғасырға сыр,
Қаным қайнап бойымда тасып жатыр.
Қозғалмаған құдды бір тас мүсіндер,
Селк етсе де жарқ еткен жасынға құр.

Жетер ме екен сыр мен жыр ғасырға шын?
Сағынатын қасымнан досым басым.
Кетсе дағы бұл дүние теріс қарап,
Қара өлеңім сен менің қасымдасың.

Қардағы із...

Қуаныш пен мұң осы, егіз бе еді...
Сен біреуді...
Біреулер сені іздеді.
Кеше жауған ақ ұлпа ақша қарда,
Көргің келген...
біреудің, кем іздері...

Жоқ іздері, теп-тегіс қарда бөтен,
Қиығымен көзімнің шарлап өтем.
Ақ ұлпаны құс ғана шиырлапты,
Қырғауыл ма, жоқ әлде қарға ма екен.
Сенде өмір ізім бар, шиырлаған,
Таразылау өткенді қиын маған.
Ақ қарды көру түгіл кейбіреуге,
Қара жерді басу да бұйырмаған..

Неге әкем айтпаған кетерінде?
Кете бардым уақыттың жетегінде.
Шыққанымды қалдым-ау, байқамай да,
Кеше ғана тұр едім етегінде...

Айналдырма уақытты теріс кейін,
Келіспейді. Жарайды, келіс дейін...
Қыналы қар жүргенім, күнгейінде,
Қары қалың... баспадым, теріскейін.

Көрмейсің бе сен мені, көресің бе?
Тұрмын енді мен таудың төбесінде.
Шиырлаған жолыма қарап қоям,
Шатастым ба? Қалмапты көбі есімде...

Бір қуантып, қалмады бір қинауың,
Қар аралас болып тұр, ылғи жауын..
Асықтырма сен мені, ойлап тұрмын,
Қалай болар екен деп құлдилауым..

Қуаныш пен мұң осы егіз бе еді,
Сен біреуді...
Біреулер сені іздеді...
Қанша биік болса да күні туса,
Толқынды толқын жұтар теңіздегі...

***
Не қылайын ақталып?
Кімге?  Неге?
Мәз болыппын шоқ салып үрлегенге.
Тегіс жерде сүрінсем қайтсін енді,
Бәзбіреулер жатып-ап күлмегенде.

Мейлі даттап жатса да, мейлі мақтап,
Бір ойымды бір ойым қимайды ақтап.
Көтерсе де біреулер төбесіне,
Өтіп жатыр бір күндер  шимай-шатпақ.

Ақталатын жайым жоқ бүгін менің,
(Жақсы болды-ау біреуге сүрінгенім)
Құлап жатып жалыңа жармасқанмын,
Мен өзіңнен ЕЙ, ӨМІР! Түңілмедім.
Жерде жоқты қайтейін көктен іздеп,
Көгергенді қалдым ба көк теңіз деп.
Болмаған соң қауқары селдетуге, 
Көк аспанда қара бұлт текке жүзбек.

Жар салыңдар, ал енді бар әлемге,
Тек уақыт болысар жарап емге.
Ала таңды ұйқысыз қарсы алып,
Шағым айттым тағы да қара өлеңге.

Сабыр жүрек

Сабыр ет жүрек, бұлқынба,
Бұлқына беріп қайтесің…
Пенде тұр сенің сыртыңда,
Өзінің сүйреп сай көшін.

Соға бер жүрек, мықтысың,
Өткердің талай дауылды.
Келтірмей өтем түк қысым,
Болса да күндер жауынды.

Қоясың әркез күрсініп,
Ұсқыны симай санаңа.
Қоғамға тұрсың тіксініп,
Айналған жындыханаға.

Атса да ақ боп таңдары,
Көңілді басар тұманы.
Шығарған қисық заңдары,
Сауды да жынды қылады.

Баға бер малды мыңғыртып,
Союға бірақ болмайды.
Қызыңды ұрып шыңғыртып,
Қатыгез қыздар қорлайды.

Қалмайды басқа шараңыз,
Алмасаң жазып таспаға.
Құлады дей саламыз,
Жабыла теуіп жатса да.

Қотырын қасып, жарасын,
Емдесін өзі ел мейлі.
Баласы елді тонасын,
Әкесі жауап бермейді.

Кінәсіз адам сотталар,
Ел менен жерім дегендер.
Бола алмас елі оққағар,
Өйткені «соқыр, кереңдер».

Керексіз мынау қоғамға,
Болса да қандай тап ірі.
Аумалы мына заманда,
Сөздің де кеткен қадірі.

Жүрек-ау бәрі ішіңде
Өтінем қойма кектене.
Енді сен салмақ түсірме,
Онсыз да жарым өкпеге.

Жар салдық сонда несіне,
Қулығы ма екен мыстанның.
Көрінбей көлеңкесі де,
Жаңарған Қазақстанның.

Бұлқынба жүрек, бұлқынба…

Қыс

Болмаса да бораны, дауыл күшті,
Тартатын кез бұл тонның бауын ішкі.
Биылғы қыс өзгерек былтырғыдан,
Ауылыма қар биыл қалың түсті.

Жайылым жоқ, мұз болып сіреседі,
Табиғат пен тіршілік күреседі…
Қатты қыстың деуші еді жазы жәйлі,
Жаратқанның бар шығар бір есебі.

Иіледі қар басып талған шынар,
Қарқылдайды қарғалар талға құмар.
Анау қырда әкем мен шешем жатыр,
Оларды да қар басып қалған шығар.

Қызылауыз тұр әне мұнауратып,
Сарытау ше? 
Шама жоқ сұрауға түк.
Біреу кетіп барады атшанамен,
Сақалы мен мұртына қырау қатып.

Атты кетті… төменгі көшеменен,
Басқан ізі сықырды еселеген..
Алдыңғы өмір сағымдай бұлдыр-бұлдыр,
Не көрсең де барлығы пешенеден.

           Қолшатыр

Ақындар боратса да, қарша жырын,
Айтса да махаббатын, қанша сырын.
Жаңбыр жауса есіме түсе берер,
Ық болған екеумізге, қолшатырым...

Бірде ашық, бірде жаңбыр, ауа райы,
Алматының орталық саябағы.
Біз де отырдық қайыққа, кезегімен,
Құйып кетті нөсері. Аямады.

Құйды жаңбыр, селдетіп асып-тасып,
Меніменен алғандай ақылдасып.
Қолшатырдың астында қалдық енді,
Бірімізге біріміз, жақындасып...

Жау-жау жаңбыр, жасағын судан құрақ,
Кетейікші алыстап, елден жырақ.
Ұнатпайтын жай күнде, осы жолы,
Жауса екен деп тіледім, ұзағырақ...

Іздеп келгем артынан, сегіз қырдың,
Қайдан ғана хор қызын, кезіктірдің?
Қолшатырда қолының дірілінен,
Жүрегінің лүпілін, сезіп тұрдым...
Кетем-ау бірін қойып, бірін айтып,
Оқырманның көздерін бақырайтып...
Жаңбыр жауып, қолшатыр қолға алсам,
Көз алдыма «хор қызы», келер қайтып...
     
Заман зары

Жылама мама, жылама!
Көрсетпе маған жасыңды.
Бұл билік мәңгі тұра ма?
Идіре алмас басымды.

Мен қайым болған шығармын,
Кісенін әкеп салғанға..
Жиырма мың қарақшылардың,
Жиырмасын таппай қалғанда.

Жылама мама, жылама…
Шығара берсін үкімін.
Біздің заң қырық құрама,
Таппайсың іздеп бүтінін.

Шырғалаң мынау қоғамда,
Әділдік ешкім күтпейді.
Залымдар жүрген заманда,
Зұлымдық деген бітпейді.

Жылама мама, жылама!
Түрмеде барлық батырлар.
Араша түспей бір аға,
Бүркеніп үйде жатыңдар.

Алданып арзан күлкіге,
 Той тойлап таңды атырдық.
Жігіті ез боп бұл күнде,
Қыздарға ауған батырлық.

Мақтанып босқа күшенбе,
Дүние улап сананы.
Нәп-нәзік қолдар кісенде,
Айгерім кетіп барады…

Жылама, мама! Жылама!

Алаң да алаң, 
алаң күн…

Жүрсек те өлмей дін аман, десек те елміз іргелі.
Көңілге кіріп бір алаң, қусам да кетпей жүргені.

Алаң да алаң, алаң күн, алаңмен кетті-ау қадірім.
Жерлесем деп ем алаңның, қаза алмай жүрмін 
қабірін.

Жұлдызсыз, айсыз қара түн, қалғандай бүгін 
тығылып.
Жаңбыры күздің жауатын, тұрғандай көкте ілініп…
              

Жер де алаң бүгін, тіл де алаң, босаға жақта тұр әлі.
Бұл заман неткен шырғалаң, бағытын күнде бұрады.

Дін де алаң бүгін, су да алаң, қайраңда қалса 
қайығың.
Ен далаң жатыр құрғаған, болғанмен Еділ Жайығың.
Алаңбыз күнде алаңбыз, қайырсыз байы көп кедей.
Көктем де жаз да жалаң күз, өтер ме өмір көктемей.

Ақсаған жолда тұлпар ат,  не болар екен ертеңі…
Ыңылдап күнде күйтабақ,
       Қорқыттың күйін шертеді.

Тісіндей өлең… кетіктің,  ұйқысыз өтті тағы түн.
Таң ата ұйықтап кетіппін, алаңдап түстің бағытын.

Алаң да алаң, алаң күн…
 

3365 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №3

14 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы