- Айтарым бар...
- 30 Қаңтар, 2025
Ауыр еңбек адамдарын бағалайық

Қандай мемлекет, қандай қоғам болмасын жұмысшы мамандықтары-ның, жалпы жұмысшылар мен қарапайым шаруалардың рөлі зор болған.Кезінде «жұмысшы табы» деген термин Маркстің сөзімен айтар болсақ «іріп-шіріп» бара жатқан капитализмнің ең жоғарғы сатысы – империализмнің іргетасын шайқап, әлемде социалистік қоғам мен система пайда болып, соның нәтижесінде ондаған социалистік мемлекеттер қалыптасқанын көрдік, білдік. Жұмысшылар мен шаруалардан құралған социализм дәуірінің өмірі ұзақ болмады. Оның себеп-салдарына талдау жасауды саясаткерлер мен экономистердің үлесіне қалдыралық. Керісінше, азуын айға білеген капиталистік елдерде жұмысшылардың әлеуметтік жағдайларымен санасу, оларға жоғары жалақы төлеу, жұмыс уақытын қысқарту сияқты нақты қадамдар арқылы заманауи капитализмнің жарқын беттері пайда болды. Нәтижесінде әлемдегі өркениетті капиталистік елдерде жұмысшы мамандықтарының рөлі артып, мемлекет, кәсіподақ тарапынан тамаша қамқорлықтарға ие болды...
Ал, іргедегі алып көршіміз Қытай Халық Республикасында керісінше «қатып қалған социализм» принциптерімен қатар әрбір азаматқа өз кәсібімен айналысуға мүмкіндік беретін саясат жүргізіліп, бүгінде бір жарым миллиардқа жуық халықтың еңбекке жарамды бөлігі шағын кәсіп арқылы өз күндерін өзі көріп қана қоймай, ел экономикасының қарыштап өркендеуіне зор үлес қосып отыр. Міне, қарапайым жұмысшы мамандықтары мен жеке кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілген нақты қамқорлықтың арқасында Қытай мемлекетінің экономикалық әлеуеті АҚШ-тан кейінгі деңгейге көтерілді. Демек, жұмысшы мамандықтарының заманауи талаптарға сай қайтадан реформалануы, белгілі дәрежеде қамқорлыққа ие болуы қажет екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Елімізде 33 жылдан кейін жұмысшы табына, қарапайым шаруа адамдарына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланды. Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында Қазақстан халқына жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланатынын айтқан еді. «Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», – деді президент Жолдауда.
Енді осыдан былай жұмысшы мамандықтарын даярлау үрдістері еліміздің нарығындағы нақты сұраныстарға сай жүзеге асырыла бастайды. Орта білім беретін оқу орындарына да артылатын жауапкершілік жүгі аз болмайды. Президент өз Жолдауында бұдан былай қарапайым жұмысшы мамандардың қоғамдағы алатын рөлін арттыруды, озат, білікті жұмысшылардың еңбегі әділ бағаланып, құрметті атақтар берілуі керек екенін айтты. Демек, жұмысшылар мен қарапайым еңбек адамдарының жалпы ел экономикасына қосатын үлесі мемлекет тарапынан тиісті бағасын алып, жақсы дәстүр жалғасын табатын болады.
Кеңестік дәуірде тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған сан мыңдаған зауыт, фабрикалардың жаппай жабылуымен бірге келмеске кеткен жұмысшы мамандықтары терминдері қайтадан қолданысқа келе бастауы бәрімізді қуантады. Өткен жылдың соңындағы деректер бойынша елімізде 53 мыңнан астам құрылыс компаниялары бар екен. Мұнда мыңдаған қазақ жастары түрлі мамандықтар бойынша еңбек етеді.Солардың көбі қарапайым жұмысшы (разнорабочий) екені белгілі. Болашақта құрылыс саласына арнаулы курстардан өткен арнаулы маман жұмысшыларды тартуды қолға алатын кез келді. Соңғы жылдарда құрылыс нысандарында түрлі жарақат алып, қайғылы жағдайларға душар болған азаматтардың саны арта түсуде. Жекеменшік басқа сала компанияларында құжатсыз жұмыс істеп, жалақысын уақытында ала алмай жүрген жұмысшылар да аз емес. Болашақта қарапайым жұмысшылардың құқын қорғайтын, арыз-шағымдарын қарап, тиісті қорытындылар шығарып отыратын аунаулы мекемелер құрылуы қажет. Жалпыға бірдей Еңбек Кодексінде заман талабына сай арнаулы баптар болуы шарт.
Сондай-ақ, аудандардағы шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпорындарда да сан мыңдаған түрлі жұмысшы мамандары еңбек етіп жатыр. Өкінішке орай солардың арасынан да жалақысын уақытында ала алмай, жылдар бойы зарығып жүрген жандарды да кездестіруге болады. Төленетін жалақы да мардымсыз болып жатады. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде қара жұмысшы болып тіркелудің өзі оңай емес. Мұның бәрі айналып келгенде жұмысшы мамандардың құқы заң жүзінде дұрыс қорғалмағанын растайтын көріністер. Болашақта еліміздің еңбек кодексіне де замана талабына сай өзгерістер енгізіп, қарапайым жұмысшылардың жұмыс берушімен арадағы қарым-қатынасын реттейтін арнаулы заңнамаларды бір жүйеге келтіру керек сияқты. «Ештен кеш жақсы» демекші, еліміздегі қарапайым жұмысшы мамандардың нормативтері мен мәртебесі халықаралық деңгейге сәйкес қайтадан қалпына келтіретін болса ел экономикасының қарыштап дамуына үлкен әсер етері сөзсіз. Ал, қарапайым азаматтар, әсіресе екі қолға бір жұмыс таппай жүрген жастардың проблемалары да оң шешімін табатын күн де алыс емес сияқты.Бақытын еңбектен тапқан азаматтар да еліміздің экономикасының өркендеуіне өз үлестерін құлшына қосар кез келді. Жұмысшы мамандықтары жылы атқарылар іс-шаралар жемісті болып, жалғасын табады деп сенеміз.
Жаңабай Шүкірханұлы

3756 рет
көрсетілді0
пікір