• Айтарым бар...
  • 30 Қаңтар, 2025

Азапқа мынау көнермін, Мазаққа, бірақ, көне алман...

Зәуреш Сыпатаева

Періште боп адамдар жаралмаған, 
Пенделік қып бір-бірін көп алдаған. 
Жетесіздер толып жүр арамызда, 
Жетістігін біреудің көре алмаған. 

Жүндей түтіп, жүйкеңді жұлып бұлар,
Неше түрлі əйтеуір «қылық» қылар. 
Алға шықсаң аяқтан шала түсіп,
Ал, сүрінсең миықтан күліп тұрар.

Жіпке тізіп, несіне түгендермін, 
Жалғыз қалай оларды жүгендермін?.. 
Пиғылынан шошысам біреулердің,
Бір Алланы өзіме тіреу көрдім. 

Айтқан сөзің кеткен соң айдалаға-ай, 
Құтылмасың белгілі ойдан оңай.
«Мыңмен жалғыз алысқан» жалғыз өзі,
Мықты екен ғой кешегі қайран Абай!

Келмесе де досыңнан дұшпан күткің, 
Махамбеттің сөзінде сұс бар  – нық, тым!
Мұқағали келмеске кеткен жоқ па,
Кесірінен көре алмау  –  іштарлықтың?! 

Бара жатыр демеймін «тасым өрлеп»,
Алдау... арбау бүгінде «асыл» ермек.
Өкпелермін қалайша надандарға,
Өкініштің кеудемді жасы кернеп....
                               *** 
Егер мен АҚЫН болсам,
Өтер едім өлеңді сенше сүйіп.
Егер мен БАТЫР болсам,
Өкінбес ем ол үшін өлсем шейіт.

Егер мен БАҚЫТ болсам, 
Қонар едім бүгін-ақ бастарыңа.
Егер мен УАҚЫТ болсам,
Өтпес едім зымырап қас-қағымда. 
Егер мен ЖАҢБЫР болсам,
Болар еді жан-жағың жасыл əлем.
Егер мен ТАҒДЫР болсам,
Арайланып алдыңнан ашылар ем. 

Егер мен АСПАН болсам,
Сыймас едім көзіңнің торабына.
Егер мен ДАСТАН болсам,
Жазылар ем бір сенің парағыңа. 

Егер мен ЕМЕН болсам,
Дауылына заманның сынбас едім.
Егер мен ӨЛЕҢ болсам,
Тұманданып, тұнжырап тұрмас едім.

МАХАББАТ болсам егер маздар едім,
Сырларым жазылмаған аз ба менің. 
Мойыныңды бұрмасаң да,
Ей, дүние,
Мен сенің жанарыңнан жаз көремін!
                        ***
Қағаз, қалам шашып мұңды,
        шуақты, 
Қанша жанды жабырқатты,
        жұбатты. 
Қара сөзден жағамыз деп
         шырақты, 
Қанша жанның көзден жасы 
         шын ақты. 
Қасірет пен көтере алмай
         сынақты, 
Қанша жандар қияс кетті,
          лақты. 
Қанша бастан өткізгенмен ай,
          күнді, 
Қара тастай жеңілдетер 
          қайғыңды, 
Қауырсынмен жазған жырлар 
          қуатты!!!
                    ***
Жарытпас сыйлап жарық күн.
Көтеріп əне барады, 
Күнімді тағы табыт  түн...

Жабықты жаным, жабықты,
Жалғанның мəнін жаңа ұқты.
Қасірет жұтып ғаламда,
Қалғандай жалғыз қамықты. 

Көңілдің мынау емі не?
Тауысты бəлкім, жырымды.
Тəлкек қып жүр ме мені де,
Тыңдамай ешкім мұңымды. 

Көңілім шіркін қалған ба,
Кімдерге кінə артпақпын?
Кердеңдеп жүрген жандарға,
Керегі қанша жалғанның. 

Керегі қанша өлеңнің?
Күтеді нелер мені алдан?
Азапқа мынау көнермін, 
Мазаққа бірақ көне алман! 

Өтуде уақыт зымырап,
Көңілден бұлтым тарқамай.
Қасыма келіп бір уақ,
Қалымды білші қалқатай...
Қарап тұрсаң қаншама «қызықтар» бар.
Құдайын да ұмытып кетер кейде,
«Қызыл-жасыл» дүниеге қызыққандар. 

Дүниеге құнығып қызыл-жасыл, 
Ұлыңда үміт қалмады, қызыңда сыр.
Жасыратын несі бар,
Амал қанша? 
Дəл осындай болып тұр біздің ғасыр. 

Айтылған сөз атылған білемін оқ,
Түзу тірлік қашанда тілегім ед(і).
Қарауға да қорқамын бүгінде мен,
Адамдарға миы бар, жүрегі жоқ...

        ОҚЫҒЫМ КЕЛМЕЙДІ ЕШТЕҢЕ...

Оқығым келмейді ештеңе
(Таңертең, түсте де, кеште де)...
Бұл деген өмір ғой,
Өтінем,
Уақытты «керуен-көш» деме!

Жаныма таныс Күн, таныс Түн,
Уақытпен келмейді жарысқым. 
Күні-түн бір оймен табыстым, 
Күні-түн бір оймен алыстым...

Жазғырма, келмейді жазғым да,
Əлде мен ақылдан аздым ба?
Сен бəлкім, миықтан күлерсің, 
Мендегі күйкі осы наз-мұңға. 

Келмейді іздегім басқа күн,
Іздеме сөзімнің астарын.
Дəметкім келмейді өзіңнен,
Жанымды жұбатар асқақ үн.

Күн бойы сені ойлап езілдім, 
Түн бойы сені ойлап көз ілдім...
Білсең бұл мұң емес, 
Шын азап –
Шындығы көмілген сезімнің...

Азанда...
Түсте де...
Кеште де...
Оқығым келмейді ештеңе. 
Жазғым да келмейді ештеңе,
Не дерсің дəл мұндай «кещеге»...

3743 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы