• Айтарым бар...
  • 30 Қаңтар, 2025

«БАЙҒАЗЫНЫҢ» АЖАЛЫ

(әңгіме)

Құдиярбек Ағыбаев

 

    Биылғы жаз жылдағыдан ыстық болды. Бозжусан бүрін жарып, басы қоңыр күрең түске боялып, шілдеторғай күні бойы көк жүзінде көтеріліп, көздің ұшында бір орнында тұрып алды. Бейне бір төбеден қыздырған күнмен ерегісіп тұрғандай, шырылдап ән салуын қоймайды. Аптап ыстықтан басым айналып, үйге келіп кіргенім жаңа ғана еді, есік алдындағы тысыр еткен дыбыстан далаға қайта атып шықтым. Көрші жатқан Майбұлақ ауылындағы нағашым Есен көкем науқастанып қалған соң, бір аптаға хал жағдайын біліп келуге кеткен Қалыш апам үйге келіп, есегін белдеу шарбаққа байлап жатыр екен. Үйдегі бар шаруаны мойныма алып, анамсыз бір күнімді өткізе алмай зарығып жүрген мен бара сап етегіне оралып, сағыныштан шыққан жасымды тыя алмастан жылап жіберсем керек. Апам айналып-толғанып, бетімнен сүйді де  мені қора жаққа апарды.
– Көкенайым, жарығым! Өзіңді сағынып, бір аптаға әзер шыдадым ғой.
Амансыңдар ма? Нағашың, сенің, биылғы оқу жылын үздік бітіргеніңді естіп қуанып қалды. Сосын өзіңе арнаған бәсіреңді оқуыңа «байғазым» болсын деп беріп жіберді, –  деді. 
– Байғазы?! – деп, қуанғаннан жан дауысым шығып кетті де, анамның аяғына жағаласып қораға кірдім. Мәссаған, өз көзіме өзім сенейін бе, әлде, жоқ па? Ашық қораның ішінде көзі жәудіреген, құлақтары тікірейіп, құйрық жалы желкілдеген кіп-кішкентай құлыншақ ертегідегідей, маған, мені көрдің бе дегендей, көзін алмастан жәудіреп қарап тұр. Осы ауылдың балаларының бәрінде бар ат менде ғана жоқ еді. Құдайдан, күнде, «менің бір құлыншағым болса, өзім-ақ асырап, күтіп-баптап өсірер едім» деп армандайтынмын. Құдайдың өзі сол тілегімді естігендей, дәл бүгін, ойда жоқта түсі қызғылт күрең, төрт аяғының да тобығында ақ жолағы бар, құйрық-жалы жібектей құлыншақты маған нағашымның байғазы етіп беріп жібергенін қарашы!
Құлыншақты құшағымнан босатпай жалын сипалап, маңдайынан иіскеп біраз тұрып қалсам керек, апам қолындағы дорбасын жерге қойып, аудара бастады. Ішінен жаңа туған күшік жерге домалап түсті. 
– Мынау құлыншағыңа серік болады. Қазақ ат пен итті жеті қазынаның бірі санаған, шырағым. Енді, осы екеуін көзіңнен таса етпестен бағып, өсіру сенің міндетің, –  деді апам. Аяғыма оралған күшікті көтеріп ап бауырыма қыстым. Көздерінің үстінде қара дағы бар, қазақы төбеттің тұқымы екен. Бір күнде екі бірдей қымбат олжаға кенелемін деп кім ойлаған. Мені осындай шексіз қуанышқа бөлеген нағашым Есен көкеме рақмет. Кіп-кішкентай кезімнен қиялымда жүретін асыл арманымды қалай ғана ол кісі сезіп қойды екен деп те таңғаламын.  
– Апа, енді бұл екеуіне ат қоюымыз керек қой! – дедім, бір сәтке, есімді жинап, жұлып алғандай.
– «Байғазы!..»  «Байғазы» деп атасақ жарасатын секілді. Ал, күшігіңді «Байтөбет» дейік!.. – деді апам, көп күттірместен тіл қатып. 
– Байғазы!.. Байтөбет!.. Екеуінің де, аттары қандай әдемі еді!.. – деп дауыстап жібердім. Қуанып кеткенім сонша, бұл аттарды маған біреудің өзі құлағыма сыбырлағандай естілді. 
Құдайдың құтты күні құлыншақ пен күшіктің құлағына «Байғазы, Байтөбет!» деп айғайлаймын. Жем-шөп, тамақ берсем де, баудың ішіне алып шықсам да аттарын дауыстап шақырамын. 
    Біздің баудың іші айналасы ат шаптырым орман тоғайы десе болғандай, сап түзеген алып теректердің ортасындағы алаңқайда алма, алхор, өрік ағаштары кездеседі. Күні бойы көкем жасап берген ұзын сабы бар шотпен көкпен таласқан теректердің жас бұтақтарын бұтаймын. Діңгегіндегі көлденең жас бұтақтардан арылған теректер тіп-тік боп бой түзеп, аспанмен таласады. Осы кеңдігіне көз тоятын жап-жасыл баудың ішінде құлыншағым, күшігім және мен үшеуміз күні бойы қуаласып, асыр салып ойнаймыз. 
    Бір класта оқитын достарым менің бір күнде тапқан құлыншағым мен күшігіме асқан қызығушылық танытып, әсіресе, «Байғазы, Байтөбет» деген әсем аттарын естіп таңырқасты. Енді екеуі де, өз аттарын атап шақырғанда елең етісіп, соңыңнан қалмай ілесетінді шығарды. 
    Қызылкүрең, төрт аяғының ұшында әдейілеп салғандай, ақ жолағы бар, құлақтары тікірейіп тұрған «Байғазы» құлыншақ әсіресе, менің ең жақын досым Әліпбекке қатты ұнап қалды. 
– Байғазың, үлкейгенде, Қобыландының Тайбурылындай тұлпар болатын шығар, –  дейді ол. 
Сонда Бурыл гуледі,
Табаны жерге тимеді.
Көлденең жатқан көк тасты,
Саз балшықша иледі.
Қарсы келген қабақтан,
Қарғып басып жөнелді.
Сеңгір-сеңгір таулардан,
Секіре басып жөнелді.
О төбе мен бұл төбе,
Бауыры шұбар көк төбе,
Онан да өтіп жөнелді... –  деп енді, Әліппек досым қиялына ерік берді.
Ат қашан да ердің қанаты болған ғой. Мен де қазақтың батырлары мінген пырақтарын түгендеп шығамын. 
– «Жоғарғы ерні жыбырлап, төменгі ерні қыбырлап, сырласа білетін», қажет жеріне қиналмастан, «бүктеле беріп жазылған, биіктен биікке бұлқынып гулейтін» Қара қыпшақ Қобыландының Тайбурылына, «бас иесінен басқаға, темір зынданға салса да, дес бермеген төрт аяғы тең болат» Алпамыс батырдың Байшұбарына, «құлында емген, тайда емген, құнан жаста арда емген, жер тепкілей желгенде, дұшпанның көзі қорқатын» Ер Тарғынның Тарланына тартып өссе, шіркін!.. – деп, Әліппек досыма  қосылып, өзім білетін «Батырлар жыры» кітабынан өлеңдете жөнелемін.
– Тайға дейін өсіріп, қолда баптасам, сосын «Байғазыны» жылқышы Серікбай көкемнің жылқысына қосып, Сүмбіліге жіберемін. Табиғаты әсем, суы таза, көк жайлауда жайылып, дөненге аман-есен жеткізсем, ары қарай көкпарға шабамын, –  дедім Әліпбек досыма мақтанып. 
 Таңертеңгісін тұра сала мектепке кеткеннен түсті әрең дегенде өткізіп, үйге жеткенше асығамын. Бүгін де есік алдында Байтөбетім құйрығын бұлғаңдатып, аяғыма оралып, қуанғанын білдіріп қарсы алды. Сөмкемді шарбаққа іле сап, қораға кіріп, тыпыршып тұрған Байғазыны мойнынан құшақтап, құлағының түбін қаси бастадым. Оның мені тағатсыздана күтіп тұрғанын білемін. Дорбаға сұлы салып мойнына ілдім. Сосын жемді жеп болған соң қорадан жетектеп алып шығып, ауыл сыртындағы Қарақұртсайға апарып, мөлдір қайнардан суғарамын. Құмары қанғанша ішіп болған соң жонарқасын тарақпен тарап, басындағы ноқтасын сыпырып, босатып жіберемін. Байғазы сай қуалап өскен тал-теректерді айнала шауып, кекілі желге желпілдеп, қасыма келеді. 
– Байғазы, шап!.. – десем, мені төңіректеп, айнала шеңбер жасап құйғыта жөнеледі. Байтөбет екеуі жарысып, бой жазып әбден шапқылап алған соң, менің соңымнан еріп үйге қайтамыз. Күнде түсте, кешке серуеніміз осылайша жалғасады. 
Байғазыны жетектеп үйге келсем, сыртқы қақпаның алдында ауылдасымыз шолақ Тінәлі тұр екен. Неге екенін, өзін бүкіл ауылдың адамдары ұнатпайды. Саяқ жүреді, біраз жыл бұрын әйелі қайтыс болған. Ешбір үймен араласып, ешкіммен басы қосылмайтын өмірі жұмбақ Тінәліні көріп, біртүрлі секем алып қалдым. 
– Жап-жас құлын болса да, тайға бергісіз, жорға шығатын мынауың асылдың тұқымы сияқты. Құйрық-жалы желкілдеп, төрт аяғына әдейілеп  өрнек салғандай  әппақ жолағы да өзіне жараса кетіпті, – деді Тінәлі, маған шегір көзін сығырайта қарап. Менің Байғазым оның көзін арбап алып қана қоймай, ішіне құрт болып түскендей. Оның сөзіне іштей ыза боп, «көзің тасқа тигір» деп іштей күбірледім де, Байғазыны жетектеп, ашық қораға кіргіздім. Байтөбет те, күшік болса да соңымнан ілеспек болған Тінәліге ырылдап, дөң айбат мінез көрсетіп, ішке кіргізбей қойды.  
– Ертеңгі күні дөнен шығып жатса, қыста қорада ұстауың қиын болмай ма? Үйірге қосып, далаға жіберіп, біраз қадамын ұзартарсың. Сонда, жас байталдарды көріп, солармен үйірге түскесін, асау боп, бұл сені танымай кетуі де мүмкін. Сондықтан, қазірден бастап, күнде бір түйір қант беріп үйрете бер. Жануар сонда сені көрсе алыстан танитын, ешқашан ұмытпайтын болады. Анау циркте, арыстан мен жолбарыстарды да үйретушілері қолдан тәтті беріп, айтқанын істетпей ме? Осыны ұмытпа!.. – деді Тінәлі кетіп бара жатып маған дауыстап. 
    Қанша жерден жек көріп тұрсам да жасы үлкен кісі болғасын оның айтқан мына сөзін көкейіме тоқып қалдым. Сол күннен бастап күнде үйдегілерден жасырып, Байғазыға қанттың бір түйірінен беріп тұратын болдым. Байқаймын, Байғазым да мені көрген сайын бірдеңе дәметкендей, мазасызданып, бас жібін сыпырып, еркіне жіберсем де, соңымнан еріп жүретінді шығарды. Маған бауыр басқаны соншалық ертоқым сап, бас білдіруім де қиынға түспеді. Бір-екі  тоңқып, ары-бері шапқылап, ақыры мойынұсынуына тура келді. Онда да сұмырай Тінәлінің айтқан ақылымен, Байғазының басын өрге қарай бұрып, әбден қамшылап едім, алқынып шаршаған соң төмен қарай жүргенде айтқаныма көніп, жуасып қалды. Енді күнде Байтөбетті ертіп, Байғазымен Шоқан төбені бір айналып жортып келемін.  
Жаздың қызыққа толы жайма-шуақ күндері қалайша тез өткенін сезбей де қалдық. Бір күні әкем ертеңгісін шай ішіп отырып әңгіме қозғады. 
– Балам, Құдай қаласа, келесі жазда өзің де оныншы класты аяқтағалы отырсың. Сосын Алматыға оқуға бару ойыңда бар. Алдымызда қылышын сүйретіп қыс келеді. Мына Байғазың күннен-күнге жоны жылтырап, тай боп  жетіліп қалды. Ертең-ақ, тайың дөнен шығысымен, жорғаның бәйгесін алар түрі бар. Ала жаздай тәулігіне екі мәрте таңертең және кешке сұлымен жемдеп, салқын қора, жаңа орылған жас жоңышқамен байлап қойдың. Бұлақтың суымен суғарып, әбден жетілдірдің. Енді қанша жерден құлағын қасып, жал-құйрығын тарасаң да, ол анау, Сүмбілідегі Серікбай көкең бағып жүрген совхоздың жылқысының үйіріне қосылып, жас байталдармен бірге шауып жүріп жетілмесе дөнен боп жарытпайды. Мен кеше Серікбаймен келісіп қойдым. Ертең көкең Сүмбіліге алып кететін болды, – деді. 
    Байғазыны назарымнан бір күн тыс қалдырмастан өбектеп өсірсем де көкемнің айтып отырған уәжіне қарсы шыға алмадым. Шындығында, үйірге қосылып, өзінен үлкен айғырларға жастай бауыр басып, тау мен сайын жазықта қос қолтығын жел үрлеп, еліре екілене шаппаса, ондай тайдан тұлпар шыға ма? Сыртқа шығып, Байғазымен оңаша іштей қоштастым. Қызылкүрең тайымды қорадан алып шығып, бауға босатып жібердім. Кеше ғана кіп-кішкентай құлдыраңдап шауып жүрген құлыншағым кәдімгідей жоны жылтырап, үп-үлкен тай боп жетіліп қапты. Ол біраз жерге дейін орағыта ағызып барып, кідірместен ызғыта жөнеліп, жалт бұрылғанда майда жүнді жонарқасы күн көзіне жалт-жұлт ете қалды. Анадайдан оқыс бұрылып қарады да, менің қолымды қалтама салғанымды байқап, жаныма шауып келді. Үйден алып шыққан қант түйірін бердім. Сондай бір құмарлықпен шықырлата жеп, басын кеудеме тықты. 
    Серікбай көкем өзгені білмесе де жылқы малының қыр-сырын бір кісідей-ақ біледі. Совхоздың жылқысын өз мойнына алып, бағып келе жатқанына биыл он жыл. Бір күн жылқының шұрқыраған дауысын естімесе құлағының құрышы қанбайды. 
    Түс ауған шақта әкем Байғазыны жетелеп қорадан алып шығып, бүгін таудан келген Серікбай көкемнің қолына табыстады. Байғазының да алдында жаңа өмір, табиғаты тамылжыған Сүмбілі, Аққуыс, Үкітас, Ақтас секілді жерлер, ондағы үйірдегі жылқылар, күтіп тұр еді. Байтөбет екеуміз Серікбай көкеме ілесіп, көз ұшында қарауытқан ирек таулардың бауырына дейін қимай-қимай қоштасып шығарып салдық. 
    Жылқышы Серікбай көкем биылғы бораны қатты келген қоян жылының қысын жылқы қосынында өткізіп, ауылға апталап, айлап соқпай кетті. Бәлкім анда-санда түн қатып үйіне келіп-кетіп жүрсе де біздің үйге ат басын бұрған жоқ. Көктем хабарын жеткізіп, құстардың алды ұшып келісімен ауылымыздың атақты шопаны бұрын қайтыс боп кеткен әкесіне ас беріп, соған көкпар шаптыруға лайықты көксерке іздеп жүр екен деген хабар естідік. Содан бері, менің де, Байғазыны күндіз де түнде де ойлап, мазам кете бастады. Әкеме шай үстінде өтінішімді жеткізім.
– Серікбай көкеме айтып, Байғазыны қолға алдырайық. Оның үстіне, алдағы жазда көрші ауылда үлкен көкпар шабады екен. Соған өзім барып шапқым келеді, – дедім. 
– Кілең сайыпқыран көкпаршылардың ортасына түссең майып болып жүрерсің. Байғазың да дөнен шығып, қазір бас ұстатпас асау бопты дейді, Серікбай. Екі-үш мәрте қолға ұстап, бас білдірмек болғанда, мойнына құрық салдырмастан, жанына жолатпай қойыпты. Көп ұзамай, үйірдегі кәрі айғыр орнын сенің Байғазыңа босататын түрі бар екен, – деп әкем мені сақтандыра бастады. 
– Әке, Байғазымен қалың додаға кірмесем де, көкпардың ішінде топты толтырып, қызығын тамашалағым келеді. Рұқсат етсеңіз, ертең Байтөбетті ертіп, Аққуыстағы жылқы қосынына барып қайтайын. Байғазы да мені ұмыта қоймаған болар, – дедім. 
    Әкем Байғазыны алып келуге рұқсатын беруін бергенмен көңіл түпкіріндегі ойын да жайып салды.
– Байғазы естуімше, нағыз бәйгеге шабатын жылқы бопты. Жарықтық, үйірге ие болғысы кеп, анда-санда жас байталдарға таласып, сондағы кәрі айғырмен тістесіп қалатын әдет шығарыпты. Әкеле алсаң, онда жақсы болар еді. Биыл мектебіңді бітірісімен сен де, Алматыға оқуға барамын деп отырсың. Байғазыға, енді, баптап-күтіп, бәйгеге қосар лайықты ие керек. Мен болсам қартайдым, балам. Сондықтан, оған көзі түсіп жатқандар 
әлден-ақ табылып жатыр, соларға сатып, ақшасын сенің жол-пұлыңа беремін, –  деп соңғы шешімін айтты. 
    Әке сөзі мен үшін бұлжымас заң, Байғазыны да қимаймын. Алматыға оқуға бару да арманым. Түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмастан ертеңгісін ерте ояндым. Байтөбетті ертіп, қолыма сұлы салынған ат дорба мен жүгенді алып, Аққуысқа тарттым. Қалтама, Тінәлі сұмырай айтқан, бірнеше қант түйірін де салып алуды ұмытқан жоқпын. 
    Ауылдың ортасын жарып ағып жатқан Балабөген өзенінің бас жағы Қапшағай деп аталатын үлкен аңғарға барып тіреледі. Сай табанындағы жалғызаяқ соқпақпен көкке шаншылған жалама тастардың етегін бойлап шуатыла жүріп, сол жағалаудағы Есекбел асуының арғы бетіне де шықтық. Қарт Қаратаудың теріскей бетіндегі тау қиясына барып тірелетін Сүмбілі деп аталатын кең аңғарындағы құйқалы қос қыраттың қақ ортасындағы қалқиып тұрған биік жартас Үкітас деп аталады. Алыстан көз тастаған адам оны шынында да үкіге ұқсататыны анық. Кең аңғардан бір үйір жылқы көзге шалынды. Үкітастың төменгі жағынан ағып жатқан Балабөген өзеніне сусынын қандырып, жылқылар біраз тұрды да, тура күннің шығысына қарай топтанып жүре берді. Арттарында үлкен керайғыр бір-біріне мойын бұрғызбастан күштеп айдап барады. Үйірдің соңынан бір мезетте қызыл қоңыр ат бөлініп шықты да, қайта үйірге барып қосылды. 
–  Байтөбет, әне... қарашы... Көрдің бе? Байғазының нақ өзі!.. Шап... жүгір!.. – деп, қасымдағы төбетіме айғай салдым. Байтөбет те Байғазыны тап басып танып қалса керек, үйірге қарай арсылдап, құлдыраңдай жөнелді. Жалғызаяқ соқпақтан шығып, жолсызбен үйір жылқыны бетке алып, екпіндей шауып келемін. Бір-екі рет жусанға аяғым шалынып, мұрттай ұшсам да, тұра сап үйір жылқы көзден алысқа ұзап кетпесе екен деген оймен жүгіріп келемін. 
–  Құрау, құрау!.. Байғазы... Байғазы... таныдың ба, мені?.. – деп, аптап ыстыққа қарамай, тамағым құрғап, дауысым қарлығып естілсе де, айғайға  басамын. Қызыл күрең бұл неткен таныс дауыс деген секілді түйсікпенен басын бір сілкіп алды да, үйірдің соңынан бөлініп, құйрығын қайшылап, мен жаққа қарап, елеңдеп қалды. Осы кезде құлдырай шауып, Байтөбет те Байғазының жанына жетті. Байтөбет қуанғанын білдіріп секіріп аяғына оратылса, Байғазы басын шұлғып, кісінеп, екеуі шұрқырасып табысты. Қалай дегенмен де, кішкентайынан бір-біріне бауыр басқандары көрініп-ақ тұр. Оншақты қадам жақындағанда Байғазы менің қолымдағы жүген мен мойнымдағы дорбаны көріп, жатырқап оқырынып, бір орнында айналсоқтап, не кетерін, не қаларын білместен тыпырши бастады. Енді бір қадам алға аттасам, кері бұрылып, үйірдің соңынан шаба жөнелгелі тұр. Есіме Тінәлі бәлекеттің айтқан қант түйірі сап ете түсті. Жан қалтамнан дереу аппақ түйірлерді алып, алақаныма сап, Байғазыны шақыра бастадым. 
– Келе ғой, Байғазы... жануарым, мә... мә!.. – деп, аяғымды ақырын басып жанына жақындадым. Байғазы қантты көріп, Құдайдың құдіреті дерсің, белгісіз бір сиқыр бар еркін билеп, бойын байлап тастағандай, бір орнында қаққан қазықтай тыпыршып тұрды да қалды. Қанттың түйірлерін бір-бірлеп аузына салып тұрып, жүгенді әзер дегенде басына кигіздім. Ендігі жерде оның еркіндігі менің қолымда еді. 
    Байғазыны жетектеп ауылға келгенімде бізді көріп, сұмырай Тінәлі былай тұрмақ, ауылға келген жылқышы Серікбай көкемнің өзі таң-тамаша қалды. 
– Ойпырмай, әбден асау боп, жалынан ұстатпақ тұрмақ, маңайына  жан жуытпаған дөнен, қыс, көктем, жазды далада өткізіп сені, қалай ғана ұмытпаған? Жануар, асыл текті екен-ау! – деп басын шайқаған. Тек сұмырай Тінәлі екеуміз ғана Байғазыны арбаған қант деген бір сиқыр болғанын іштей сезсек те, ешкімге білдірмедік емес пе. 
    Көп өтпей біз күткен көкпар болатын күн де келіп жетті. Мен де оған дейін  Байғазыны қолға үйретіп, барынша дайындадым. Жігітті шабандоз ететін оның астына мінетін аты ғой. Көкпардың ең қызық тұсы салымдар аяқталып, енді күні бойы қолдан-қолға өтіп, көкпарға тартылған серкені әр жақтан келген көкпаршылар өз ауылдарына қарай алып қашатын соңғы аса қызықты кезеңі келді. Көкпар тартылардың алдында ауылдың ең үлкендері бата беріп, сосын киелінің де, қыдыр ілесіп жүретін жолы болғыш сәттілердің де бастарына бақ қонатын, мол ырысқа кенелгендердің де бұл серкеге қолдары тиеді емес пе? Сол себепті, көкпарды ауылына тартып апарып, оның еті асылған қуырдағынан ауыз тию әрбір көкпаршы былай тұрсын, сол серкеш түскен үйдің де басына бақыт қонғандықтың белгісі болмақ. Осы көкпардың соңындағы ең қызықты сәтті бақылауға жүйріктің жүйрігі ғана ілесе алады. «Жорғаны жорға көрсе, аяғын сылтиды» деген бар ғой. Әбден қандары қызып алған көкпаршылар өліспей-беріспейтін деңгейге жеткенде, менің Байғазым да, додаға кіруге құлшыныс танытып, алға ұмтылады. Менің қабырғам қата қоймаған балаң жігіт екенімді байқап қалған бір ағамыз бір жерін мертіктіріп алмаса игі деді ме, Байғазының бас жібінен мықтап ұстап, қалың нөпірдің арасынан шетке алып шықты. 
– Әй, шырақ!.. Астыңдағы атың, арғымақ болардай-ақ аяқ серпілісі  жақсы екен. Өзің әлі буының бекімеген бала сияқтысың ғой. Майып болсаң қайтесің. Шеткеректе жүріп, сырттан бақыласаң  болмайтын ба еді? – деп маған сұсты жүзімен бұйыра сөйледі. Осы сәтте екі шабандоз серкенің екі сирағын тақымдарына қатарласа басып, біздің ауылға қарай бет түзеді. «Иә, әруақ!» десіп, ат үстіндегі қалың  нөпір олардың соңынан шаба жөнелді. Ышқынған екі жануардың ортасында қалған серке екі көкпаршының тақымында басып отырғандықтан, олардың аяқтары бір-біріне тиіп, аттардың арасы жақындай берді. Екінші шабандоз енді ғана ауылға қарай тартқан қарсыласының ойын түсіне қалып, аттың басын оңға қарай күшене тартты. Екеуі де серкені тақымдарына тас қып басып алып, қос сирақтан жабысқан қолдары да бір сәтке қатып қалған еді. Қайран серке осы сәт шыдас берместен бүкіл денесі артқы шатынан қақ айырылып, теңдей екіге бөлініп, қос шабандоздың тақымында кете барды. 
    Көкпаршылар бұған дейін болған талай көкпарда бұндай оқиғаны көрмегендіктен айғайға басып, дуылдасып, бір ғажайып көрініске куә болғандай ерекше әсерге бөленді. Астымдағы Байғазымен құйғыта шауып, осы бір керемет көріністі дәл қасынан өз көзіммен тамашалағанымды мен де  өмір бойы ұмыта алмаспын. Делебелері қозып қиқуға қиқу қосып айнала шауып жүрген шабандоздарды былай қойғанда, додаға түсіп жан алып, жан берісіп жатқан көкпаршылардың қамшысын аузына тістеп, ат үстіндегі қансорпа болған әрбір  қимылы, олар өзара серкеге таласып жатқанда жанындағы қолдаушыларының қарсыласының атын қамшымен сабалап, білдіртпестен аяғынан көтеріп, атынан аударып тастауға жасаған іс-әрекетін бақылаудың өзі бір ғанибет қой. Дүлей бір күш арқаңды қоздырып, қол созымдай жерде тұрғандай көрінген көк серкеге қолыңды тигізіп, бағыңды сынағың-ақ келеді. Бірақ, ат үстінде мығым отырған қайраты тау қопарардай жігіттердің дүлей күшінен қаймығып, одан қалса жарау аттардың өзі-ақ сені итеріп сыртқа теуіп шығарып жібереді де, додаға тым жақындау мүмкін емес екенін сезесің. Қалай десем де, Байғазы да осындай қиқу салған көкпарды өмірінде бірінші рет көріп, ерекше рақатқа бөленгенін сезгендеймін. Бұл көкпардан алған әсерім менің достарымның арасында өмір бойы жыр ғып айтып жүрер, естен кетпейтін оқиға болды. 
    Көкпар аяқталысымен үйге келсем, сыртқы қақпаның алдында өзімен өзі күбірлеп сөйлеп, жын соққандай есалаң Тінәлі, айналшықтап жүр. Байтөбет шарбақтың ішінен  ырылдап ызғар шашып, оны жеп қоярдай ішке кіргізер емес. 
– Байғазыңды ақыры таудан алып кепсің ғой. Анау Серікбай жылқышы құрық салдырмас асау боп кетті деп жүр еді. Өзің барып әкелдің бе? Атың дөнен шығып, нағыз бабына жетіп, жотасы жылтырап, жорға бопты, – деді. Оның сұқтана қарап, тамсана сөйлеген сөзінен секемденіп, тіл қатпадым. Байғазыны қораға кіргізіп, ерін алып, тері қатпасын деп үстіне алаша жаптым. 
    Үйге кірген соң да әкеме көкпардан алған әсерімнен бұрын сұмырай Тінәлінің есік алдында жүргенін, Байғазыға орынсыз көзін қадағанын жақтырмағанымды жеткіздім. Соңғы күндері сырқаты меңдеп бара жатқан әкем төсегінен басын көтеріп, тіл қатты. 
– Кеше анау Ақбастаудан сенің дөненіңе құда түскен жігіт Серікбайдан хабарын айтып жіберіпті. Таяу күндерде келіп, Байғазыны сатып алатынын айтыпты. Жорға шығып келе жатқан атыңа, мына ит мініп, ирек қамшылаған бейшаралар көз тастамай тұрғанда, ертерек иесіне табыстайық, балам, – деді. 
* **
    Сол жылы көктем де ерте шықты. Бір жағынан орта мектептің бітіру емтихандарын тапсырып, екінші жағынан шөп шабу, оны жинап, үйге тасып алу секілді жыл сайын қайталанып келетін қарбалас тірліктердің науқаны қабаттасып жатқанда жаздың қалай келгенін байқамай қалдым. Бүгін де ерте тұрып, Байғазыны ауыл сыртындағы Қарақұрт сайдың табанындағы сылдырап ағып жатқан Қарабастаудың суына шөлі қанғанша суғардым. Жал-құйрығын тарап, әбден құмары қанғанша құлақ түбін қасыдым. Менің Байғазымен тілдесіп, екеуара сөйлескенімді аңдып жатқан Байтөбет те орнынан ұшып тұрып, еркелеп кеп, аяғыма оратылды. Екеуі кішкене кезінен бір-біріне бауыр басқаны көрініп тұр. Енді бірнеше күннен соң Алматыға оқуға жүретінім есіме  түскенде Байғазымды тастап кететінімді ойлап, қатты уайымдадым. Күні ертең келіп, сені ат-түйедей қолқа сап, сатып алайын деп отырған жаңа қожайынға қиғым келмейді. Әйтеуір, оның ат жағдайын білетін кәнігі атбегі екенін естіген соң, оған да тәубе деп, шүкіршілік етемін. 
    Түн жамылып, жұлдыздар жамырағанша ашық қорада тұрған Байғазыны айналсоқтап, қасынан ұзап кете алмадым. Жемдеп болған соң жан қалтамдағы бір түйір қантымды бердім. Байғазы басын шұлғып, омырауымды иіскеді. Жонынан сипалап болғасын үйге келіп, түн ортасына ауа төсекке бас қойдым. Түс көріппін. Түсімде мал қайырып жүрген Байтөбетім жоғалып кетіпті. Соны іздеп, сай-саланы кезіп жүрмін. Қалыш анам қасыма келіп: «жақсы ит өлігін көрсетпейді» деген. Жазған, өте ақылды, малдың жағдайына қанық, үй-шарбаққа адал, қойдың кезегі келгенде отарды шашау шығармастан үйіріп, бір өзі ие боп жүруші еді. Жылама, Көкенайым» деп жұбатып жатқанда оянып кеттім. Құлағыма Байтөбеттің қыңсылап, алыстан үрген дауысы естілетін сияқты ма. Біраз тың тыңдаған боп жаттым да төсегімнен тұрып, терезеге қарасам, аспан бозамықтанып таң атып қалыпты. Желеткімді иығыма іліп, далаға атып шықтым. Айнала төңірек құлаққа ұрған танадай тыныштық. Есік алдында арсалаңдап келіп үстіме секіретін Байтөбет те көрінбейді. Қора жақтан пысқырып белгі беретін Байғазының да үні естілмеді. Жүгіріп жетсем, қораның сыртқы есігі айқара ашық тұр. Анадай жерде есігіне қойған белдеу ағаш жатыр. Байғазы орнында жоқ. Өздігінен бас жібін босатып, сыртқа шыққан болар дейін десем, шарбақтың есігін әлдекімнің қолмен ашып, сол қалпы тастап кеткені көрініп тұр. «Ұрлап кетті!..» деген суық ой әп-сәтте бойымды шарлап өтті. 
– Байтөбет!.. Байтөбет... Қайдасың? – деп жанұшыра дауыс бердім.
Арсалаңдап келетін итім де бұл жолы жоқ боп шықты. Үйге асыға кіріп, ұйқыда жатқан әкемді оятып, болған жайды баяндадым. Әкем осындай бір сұмдықтың болатынын бұрын да сезгендей:
– «Үй өзімдікі деме, үй артында кісі бар» деген, бұл тегін болмады, –  деп орнынан ілби көтеріліп, камзолын жамылып сыртқа беттеді. 
    Сол күні Байғазы үшті-күйлі жоғалды. Байтөбеттің өлігін баудың сыртындағы қырдың басынан, тастардың арасынан таптым. Қайран итіме аңдыған ұрылар, у қосып ет берген бе, алысқа кетіп, жантәсілім етіпті. Бір түнде жаныма жақын болған екі серігімнен айырылып, қатты жабырқадым. «Қайран Байғазым!.. Байтөбетім...» деп, төсекке жатып, өкініштен өзегім өртеніп, өксіп-өксіп жыладым.
Ауылымыздағы отыз шақты үйден ешкім де бұл оқиғадан хабар-ошар білмейтін боп шықты. Тек жылқышы Серікбай көкем ғана үйге келіп отырып, өзінің күдігін білдірді. 
– Көке, –  деді ол менің әкеме қарап. – Аз ғана ауыл үй отырып бір-біріне қастық жасамайды десек те, ұры алыстан келмейді. Тіптен, өзі ұрламаса да, кәнігі ұрыға жол көрсететіндер бар ма деп қауіптенемін. Байғазы дөнен шығып, жорға таныла бастаған асыл тұқымды жануар еді. Не болса да, обалына қалмаса екен. Ұры жақын маңнан, мына Қарағай, Ақтас, Ақбастаудан келсе, қолында ұзақ ұстап тұра алмас. Ал анау орыс-татарлары көп тұратын Байжансай руднигіне жөнелтсе, онда олар оны қолдарында бір күн де ұстамастан етке өткізіп жібереді, –  деді.
– Қарағым, атын атап, түсін түстемесең де, ұры алыстан келмейді деп тұспалдап отырсың. Сонда, кімнен күдіктенесің?.. – деді әкем.
– Көке, ұстап алмаған ұры-ұры емес, дәл басып айта алмайсың. Бірақ, бұрынырақта да осындай жағдай кезігіп, біз мына Тінәлі шолақтан күдіктенгеніміз бар болатын. Ол өзі ұрламаса да, сол Байжансай жақта сыбайластарына жол көрсетіп, малды қорадан шығарып береді деген сыпсың әңгіме бар, – деді. 
– Үйірде жүргенде құрық салдырмаған асауға қант беріп, басына жүген кигізген едім. Құлын кезінен «қант беріп өсірсең қолға тез үйренеді» деп маған, сол сұмырай Тінәлі, сан мәрте құлағыма құйған еді. Сол кездің өзінде-ақ, ол осыны алдын алып ойластырып қойған екен ғой. Иттің ғана, баласы!.. –   деп мен де ашуға булығып, қаным басыма шықты. 
– Не де болса, қолынан ұстап алмаған соң, енді  ешкімді де ұры деп айта алмайсың. Одан да, Байжансайдағы Нұрділлә, Болысбек көкелеріңе хабар жіберейік. Сондағы күдікті-ау дегендердің үйлеріне уақыт өткізбей, мілисасын ертіп барып, тінту жүргіздірсін, –  деп әкем сөздің түйінін айтты. 
    Көп уақыт өткен жоқ, бір аптадан соң, Байжансайдағы бір орыстың үйінің қорасынан Байғазының тобығында ақ жолағы бар төрт сирағын тауып, ұры қолға түсті. 
    Қайран, Байғазы!.. Қайран, Байтөбетім!..
    Балалық шағымның ең соңғы, ең қымбат екі естелігін бойыма бойтұмар етіп, бір айдан соң «есек пойызға» билет алып, Шымкенттен арман қуып, Алматыға жолға шықтым.  
 

3761 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы