• Айтарым бар...
  • 24 Желтоқсан, 2024

Тәуелсіздіктің отыз үш жылы

Жаңабек ТОЙБАЗАРОВ

Қазақстан Республика-сының тәуелсіздік бесігінде тербелгеніне аттай 33 жыл болыпты. Отыз үш жыл тарих үшін көп емес. Бірінші Алланың қалауымен, екіншіден әлемдік саясаттың жылы ағысының арқасында Қазақ Елі Ресей империясының құрсауынан біржола  босап, өзінің ғасырлар бойы аңсаған азаттығына қол жеткізіп, терезесі тең елдер қатарына қосылды. Бауырына өз еркімен кірген алып империяның ықпалынан сытылып шығып, әлем картасында өзінің  мемлекеттігін жариялау қазақ халқы үшін үлкен сый, болашаққа деген керемет кепілдік болды, әрине... Тәуелсіздік – барша азаматтардың бірлескен күшімен қорғалып, нығайтылуы тиіс нәзік нәрсе екенін есте ұстаған жөн.
Тәуелсіздік – кез келген мемлекеттің басты байлығы. Түрлі халықтар төңкерістер, соғыстар, ұлт-азаттық соғыстар арқылы тәуелсіздікке әртүрлі жолмен жетеді. Қазақстан үшін 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы халықтың егемендікке, өзін-өзі билеуге ұмтылуының бастауы болды.
1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР-і Қазақстанның тәуелсіздік алу жолында маңызды рөл атқарған Республиканың мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны қабылдады.
1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылдады. Биыл біз басты мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күнін, «Қазақстан Республикасы» деп аталатын егеменді мемлекеттің құрылғанына 33 жыл толуын атап өтеміз. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халықаралық аренада танымал, өркендеген, дамып келе жатқан мемлекетке айналды.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданғаннан кейін Президент пен Үкіметтің алдында елдегі экономикалық және саяси жағдайды қалыпқа келтіру міндеті тұрды. Азаматтықты бекіту, мемлекеттік рәміздерді бекіту, дербес институттар құру, өз валютасын енгізу, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының нашарлауына жол бермеу, т.б. арқылы тәуелсіздікті нығайту сияқты маңызды шаралар жүзеге асырылды.
Тәуелсіздік алғанға дейін Қазақстанның көпвекторлы стратегиясын айқындайтын саяси шешімдер қабылданды, соның бірі – әлемдегі төртінші ядролық қару қоры – Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы 1991 жылғы 29 тамыздағы Президент жарлығы.
Қазақстанның ядролық қарусыз әлемге ұмтылатын қауіпсіз ел екенін әлем жұртшылығына паш етті. Қазақстанның бастамасымен 2009 жылғы 2 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының алпыс төртінші сессиясы 64/35 қарарын бірауыздан қабылдап, 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады.
Көпұлтты елімізде азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді сақтау мақсатында «Қазақстан халықтарының Ассамблеясы» құрылды. 12 жел-тоқсанда Президент Жарлығымен 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Қазақстандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауапқа тартылған азаматтар ақталды.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ), сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ), Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының толыққанды мүшесі болды (ТМД), Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО), Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) және басқа да ұйымдарға да мүше болып қабылданды.
1994 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі саяси және экономикалық себептерге байланысты астананы көшіру туралы шешім қабылдады. 1997 жылы еліміздің астанасы Алматыдан Астанаға (сол кездегі Ақмола) көшірілді.
Аз ғана уақыт ішінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) саммиті сияқты халықаралық экономикалық және саяси іс-шараларды, мәселелерді шешу жөніндегі келіссөздерді өткізетін ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» сыйлығымен марапатталған заманауи қала бой көтерді. Сириядағы жағдай, әлемдік және дәстүрлі діндердің бірінші съезі, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі ұйымдастырылды.
Елордада өткізіліп жатқан ауқымды іс-шаралар еліміздің имиджін нығайтуға, оның әлемдік қауымдастық арасында танылуына және беделіне ықпал етеді. Елордада да ағылшын құқығы жұмыс істейтін «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылды, бұл елге инвестиция тартуға септігін тигізеді. Астанада  Орталық Азиядағы ең үлкен мешіттің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Мешіттің жоспарланған сыйымдылығы 30 мың адамды құрайды.
Тәуелсіздік алғанға дейін ел тізгінін ұстаған Тұңғыш Президенттің еңбегін атап өтпеуге болмайды. «Тарихы бай, тамыры терең ел Қазақстан үшін бұдан асқан құндылық жоқ. Бұл ең қымбат қазына, ең құпия мүлік. Сондықтан біз ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздікті бағалаймыз. Егемендік – әр ұлтта бола бермейтін баға жетпес игілік. Тәуелсіздігіміздің шежіресі Тұңғыш Президентіміздің тарихи тұлғасы – Елбасымен тығыз байланысты», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінде Қазақстан – 21 миллионға жуық халқы бар көпұлтты мемлекет, экономикалық әлеуеті серпінді дамып келе жатқан, «Естіген мемлекет» тұжырымдамасын шындыққа айналдыруға, қоғам алдында есеп беретін кәсіби мемлекет болуға ұмтылған мемлекет...
 Тәуелсіздік туралы ойтолғақ кезінде көкейдегі «әттеген-айлардың» да арагідік атойлап қоя беретіні бар. Тәуелсіз елдің тәуелсіз жаршысы, тәуелсіз ойларды өзіне өмір бойы серік еткен қарапайым журналист, қаламгер ретінде өтпелі кезеңнің кейбір келеңсіз көріністерін, қателіктерін айтып өтуді дұрыс деп шештім... Егер де мұндай тарихи кезеңнің боямасыз көріністерін бүгін айтпасақ, ертең кеш болады...
Әлем картасында 200-ге жуық мемлекет болса, солардың қатарына «Қазақстан Республикасы» деп аталатын тәуелсіз мемлекетіміздің ресми түрде қосылғанына да 33 жыл болыпты! Әрине Қазақ Елі төлқұжатын қолына тигізу үшін жүздеген жылдар бойы күресті емес пе?! Қазақтың соңғы ханы Кенесарының, Алаш арыстарының, кеңес империясының қитұрқы саясатымен арпалысып өткен Бөкейханов, Дулатов, Байтұрсынов,Тәшенов, Ермеков, Рысқұлов, т.б. арыстардың арқасында қазіргі Қазақстан Республикасы деп аталатын алтын ұямыз, қасиетті Отанымыз әлем картасынан өзінің орнын ойып тұрып алып, көк байрағын биіктен желбіретті! Бабалар арманын ресми құжат жүзінде бекітіп, шекарамыздың қазығын қағып, ел іргесін бекітуде бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегін ешкім де жоққа шығармайды...
Алайда ширек ғасырдан сәл ғана асатын уақыттың ішінде ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның аяғы талатын, Алтай мен Атыраудың арасында созылып жатқан бәленбай Англия мен түгенбай Франция сыйып кететін ұлан-ғайыр Ұлы Даланың бүгінгі мұрагері «Қазақ Елінің»  қазба байлықтары неге жедел түрде  жекешеленіп кетті деген сауал әрбір қазақты, әрбір қазақстандықты мазалайтыны рас! Жекешелендіргіш пысықтар соншама қайда асықты екен? Өкінішке орай осындай өрескел қателіктер Назарбаевтың дәуірінде жедел түрде жүзеге асырылды емес пе?! Бұл тақырыпқа болашақ ұрпақ өкілдері талай мәрте оралатыны сөзсіз...
Өткен жылдарда «Forbes» журналының қазақстандық бөлімшесінде орыс, қазақ тілдерінде бір мақала жарияланды. Оқып отырып таңғалғаным соншалық, өз пікірімді сіздермен бөлісуді жөн санадым. Қазақстандағы жерасты мен үстіндегі қазба байлықтардың 55 пайызын бар-жоғы 162 адам иемденіп алған екен. Яғни, жеріміздің асты-үстіндегі қазба байлықтардың барлығы 162 адамның меншігіне өтіп кеткен! Онымен қоймай сол  162 адамның ішінде
саусақпен санайтындай бес-алтауы «супер байлар» деп жазады аталмыш журнал. «Биліктегілер мұны біле ме, білсе не дер екен?» деген ойда болдым... Қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін бұл жөнінде Президент 
Қасым-Жомарт Тоқаев та жан-жақты ашып айтқаны қарапайым халықтың көкейінде жүрген сансыз сауалға берілген жауап сияқты көрінді.Ендігі мәселе кезінде талан-таражға түсіп, шетел асып  кеткен қазақтың несібесін там-тұмдап болсын елге қайтару болып тұр. Бұл бағытта жақсы бастамалар жүзеге аса бастады. Алайда «сең қозғалғанмен» оны соңына дейін апару үшін ел тізгінін ұстаған билік өкілдеріне халқына және  өз ісіне деген адалдық керек сияқты... Сонда қалай, ғасырлар бойы қан төгіп, қазақ мемлекетінің іргетасын қалаған хандар мен батырлардың кешегі Алаш арыстарының асыл арманы қайда қалды?! Менің ойымша олар осыншама байлықты аздаған адамдар үшін емес, барша қазаққа мұра қылып қалдыруды армандап, сол жолда шейіт болып кетті. Ендеше, аталар аманатын аяққа таптап, халықтың бар несібесін бауырларына басып, бір-бірімен ырылдасып жатқан қазіргі заманның қорқауларын жөнге салып, халықтың еңсесін көтеруге жол көрсететін көсемдер мен шешендер  бар ма екен? Қазіргі жас ұрпақ өкілдері бұған не дейді? Біздер сияқты аға ұрпақ өкілдеріне «сіздер қайда қарадыңыздыр?» деп сауал тастауы да мүмкін ғой... Мен сол кейінгі жас буын өкілдері үшін ұяламын... Бұрынғы президент  Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» әл-ауқат ұлттық қорында жинақталатын қаражаттың барлығы халықтың құзырында, халықтың несібесі дегенді кезінде талай рет  айтты... Қаншалықты шындыққа жанасады, оны уақыт көрсете жатар. Ал, солтүстіктегі, Скандинавия түбегінде орналасқан Норвегия мемлекетінде де дәл осындай Ұлттық Қор бар екен. Бір қызығы сол, мемлекет тек қана мұнайдан түскен пайданың белгілі бір бөлігін халқына белгілі бір уақытта жеке есепшоттары арқылы дивиденд ретінде аударып отырады. Себебі біреу: ол мемлекетте Конституция бойынша  қазба байлықтардың негізгі қожайыны қарапайым халық болып табылады... Менің пайымдауымша, айналып келгенде бәрі ел басқарған, басқарысып жүрген көсемдер мен көсемшелердің ниет-пиғылына байланысты ғой деп ойлаймын. Алланың бұйрығымен ата-бабадан мұра болып қалған аста-төк халық несібесін жоқтау, түгендеу, қайда кетті, кімдердің уысында қалды деп сұрау – әрбір қаны да жаны қазақ адамның азаматтық парызы екені рас! Ал, оны кім қалай түсінеді, қалай талқылайды, ол – басқа әңгіме... Біздің мақсат – ұлы дала перзентіне тән қайсарлықпен, тексіздерді тезге салар «тентек» ойлардың тізгінін ара-тұра жіберіп тұру ғана...
Жаңа Қазақстан, әділетті Қазақстан деген жаңа терминдердің дүниеге келуіне себепші болған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен халықтың көңілінен шығатын көптеген жаңа бастамалар, игі шаралар атқарылып жатыр. Шетел асқан қаржы активтерінің елге қайтарыла бастауы, күн сайын сыбайлас жемқорлықпен жүргізіліп жатқан ымырасыз күрес соның айқын нәтижесі десек қателеспейміз. Қазақстан басшылығы  қазіргідей алмағайып заманда, жаһандық саяси соғыс ойыншыларының өзара кикілжіңдері мен қырғиқабақ соғыстары жағдайында сындарлы, байыпты саясат жүргізіп отырғаны елімізді мекен еткен барлық ұлт өкілдерін, бөле-жара атап айтқанда жер иесі қазақ халқын қуантады, болашаққа деген сенім мен үміт шырағын өшірмейді. Тарих біздің мемлекетіміздің маңдайына қырық құрау түрлі ұлттармен бірге тұруды, Ресей, Қытай сияқты алып империялардың ортасында өмір сүруді, сондай-ақ, әлемді аузына қаратып, азуын айға білеген АҚШ пен дүниенің түкпір-түкпіріне ғасырлар бойы үстемдіктерін жүргізіп  келген кәрі құрлықтағы өркениетті мемлекеттермен де достық қарым-қатнаста өмір сүруді жазыпты. Ең бастысы – Қазақ Елі әлем картасынан, әлемдік өркениеттен өзінің орнын ойып тұрып алған, тәуелсіз, бейбітшілік  сүйгіш, болашақ көкжиегі кең, әлеуеті зор тәуелсіз мемлекет.
Ежелгі Тұран даласында көк байрағы желбіреген, Ер түріктің мұрагері Қазақстан Республикасының келешектегі атауын «Қазақ Республикасы» деп өзгертсе еліміздің мәртебесі бұрынғыдан да жоғарылай берер еді. Яғни, «Қазақ Республикасы» атауы мемлекетіміздің унитарлы, біртұтас, негізін бір ғана қазақ ұлты құрайтынын әлемге паш етіп тұрар еді. Мәселен, Италия Республикасы, Франция Республикасы сияқты, ауызекі айтқанда, Қазақстан деп атауға да болады. Ал, ресми құжатта «Қазақ Республикасы» деп аталады. Сонда, қазақ халқының мәртебесі, статусы мемлекеттің негізін құрайтын титулды ұлт дәрежесіне көтеріледі. Сол сәттен бастап қазақ тілінің мәртебесі, қолдану аясының кеңеюі, ұлтаралық қарым-қатнастағы көзге көрінбей, жасырынып тұрған проблемалар оң шешімін табары сөзсіз. 
Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауда бізге тек қана батылдық керек. Біз сонда ғана тәуелсіздік тұғырын мәңгілік сақтап қаламыз.Бүгінгі ел тізгінін ұстаған билік басындағы азаматтарға айтарымыз – келер ұрпақ алдында жүзіміз жарқын, бірлігіміз баянды болсын! Алтын Орданың мұрагері, Түркі әлемінің, ұлы Тұранның түпқазығы – Қазақ Республикасы жасасын! Тәуелсіздік күні құтты болсын!


Алматы қаласы
 

3336 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы