• Айтарым бар...
  • 24 Желтоқсан, 2024

«Аспаннан ақша жаумайды»

Ербол АЗАНБЕК, экономика, қаржы, бизнес шолушысы, «Іскерлік журналистика», «Инвестиция әліппесі». Ақшаны қалай көбейтеміз?» кітаптары авторларының бірі 

– Ербол мырза, халқымыздың қаржылық сауаттылығын 5 баллдық шкаламен қаншаға бағалар едіңіз?

– Қазақстанда қаржылық сауаттылық деңгейі 10, тіпті соңғы 5 жылмен салыстырғанда өскен. 2018 жылы ресми мәлімет бойынша 36% болған.           
2023 жылы 40,5% болды. 2024 жылдың қорытындысы әлі жарияланған жоқ. Бірақ 44-45% деңгейінде болуы мүмкін. Бұл цифрларды шындыққа жақын деп есептеймін. Соңғы жылдары қаржылық сауатты арттыруға бағытталған көптеген жобалар іске қосылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің «Финграмота» жобасынан бастап, екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдарының жекелеген жобалары, мектеп оқушыларына арналған арнайы курстар, Аманат партиясының «Қарызсыз қоғам» сынды жобалары нәтижесін беріп жатыр. Сонымен қатар цифрлық мүмкіндіктер дамып жатыр, қаржы өнімдері де бір орында тұрмайды. Бұрын депозит, кредит сынды стандартты банктік өнімдерді қолдануда қиналатын адамдар қазір жеке инвесторлыққа, қор нарығында сатып алып, сатуға ұмтылады. Ол да білімді, қаржылық сауатты талап етеді. Алаяқтар да көбейді. Оларға алданып аузы күйген адамдар да қаржыға мықты болу керегін ұғып жатыр. Сондықтан қаржылық сауат та артып жатыр. Бірақ артып кетті деп айтуға болмайды. Шамамен 3 баллға жетер-жетпес деп бағалауға болады.  

 –  Сіздер  жазған «Инвестиция әліппесі. Ақшаны қалай көбейтеміз?» деген кітап сұранысқа ие болды ма? Қаржы есебіне қызығатындар көп пе екен? 

–  Өте қатты сұранысқа ие болды. Әсіресе жастар ақшаны басқару, көбейтуге қатты қызығады. Бұл кітапты жазудағы мақсатымыз – дәл сол жастардың қаржылық сауатын арттыру болатын. Өйткені жастар көп оқиды, ізденеді. Стандартты банктік өнімдерді қойып, жеке инвесторлыққа көшкендері көп. Акция, облигацияларды сатып алғысы келеді. Алайда бұл нарықта да алаяқтар көп. Әсіресе шетелдіктер. Жалған ақпарат көп. Сондықтан жастар алданбасын, қаржылық сауатты болсын, инвестицияның негіздерін білсін деп қазақ тілінде жазып шықтық. 

–  Қай ағайынмен сөйлессең де экономикалық терминге шорқақ. Сондықтан акция, облигация, депозит дегенді ұқтыра кетсеңіз?

–  Өте қарапайым мысал, 4 адам бірігіп, 25 мың доллардан қосып, компания ашса, әрқайсысында 25% акция бар. Бір-бірінен сатып алып, сатып, үлесін азайтуға, көбейтуге болады. Акцияларының белгілі бір бөлігін қор нарығына шығарып, сатуға болады. Оны сатып алған адамдар тоқсан сайын немесе жыл соңында компания табысынан акциясының көлеміне сай дивиденд алады. Қазір кез келген адам қазақстандық немесе әлемдік ірі компаниялардың акцияларын сатып алып, сата алады. Ол үшін қаржы ұйымдарының акция сатып алып, сатуға мүмкіндік беретін қосымшаларын жүктеп алу жеткілікті. Бірақ есте ұстайтын нәрсе – ең алдымен оқып, зерттеп алу маңызды. Онсыз акция сатып алмаңыз. 
Депозитті білмейтін адам жоқ. Өте қарапайым, стандартты, тәуекелі аз банк өнімі. Ақшаңызды банктік депозитке мерзімді немесе мерзімсіз яғни өзіңіз қалаған уақытта алуға болатын мерзімге саласыз, банк белгілеген сыйақы мөлшерлемесіне сай ай сайын пайыз қосылып отырады. 
Депозитке мемлекет кепілдік береді. Мысалы, теңгедегі салымға мемлекет 20 млн теңге, теңгедегі карточкалар, шоттар депозиттің басқа түрлері бойынша 10 млн теңге, шетелдік валютадағы салымдарға 5 млн теңгеге, бір адамның бір банктегі жалпы салымының жиынтығы 20 млн теңгеге мемлекет кепілдік береді. Адамның қолында 
200-300 млн теңгесі болса, мемлекеттік кепілдік алу үшін 10 млн теңгеден банктерге бөліп салу тиімсіз. Бұл ретте облигацияны пайдалануға болады. Мұның кірісі акциядан аз, депозиттен көбірек болуы мүмкін. Тәуекелі аз. Өйткені сатып алғанға дейін кіріс көлемі, қайтару мерзімі бәрі анық көрсетіледі. Жалпы облигация депозитке ұқсас. Сатып аласыз, қайтару мерзімі келгенде салған ақшаңыз бен пайызын қосып қайтарады. Қалаған уақытта сатып жібере аласыз. Облигация ақшаңызды белгілі бір компания не мемлекетке белгілі бір мерзімге, сыйақысымен қарыз беру деп айтуға да болады. 

–  Одан қалай пайда табуға болады қазірде? Ақшамнан айырылып қаламын деген үрей негізсіз бе?
–  Депозиттен, акция, облигациядан да пайда табасыз. Депозиттен банк белгілеген, мысалы, қазір орташа жылдық 14% көлемінде табыс аласыз. Ешқайда барудың қажеті жоқ. Кез келген банктік қосымшада онлайн ашып, ай сайын табысыңызды санап отыруға болады. Жоғарыда айтқанымыздай қаражатыңыз депозиттің көлемінен көбірек, табысты да көбірек тапқыңыз келсе, түрлі компаниялар шығаратын немесе мемлекеттік облигацияларды алуға болады.  Мысалы, осы жазда банктердің бірі 20 млн купондық облигация шығарып, 4,5 млрд теңге қарыз тартты. 1 облигация құны – 1 мың теңге, сыйақы мөлшерлемесі 17,25 %. Қайтару мерзімі 2025 жылы. Сыйақысы депозиттен жоғары. Облигация алғысы келген адам KASE-тен қазақстандық компаниялардың корпоративтік облигациялар тізімін көрсе болады. 
Акция – тәуекелі жоғары нарық. Оған депозит, тіпті облигация сынды қарапайым қаржылық түсінікпен қаржы салуға болмайды. Алдымен зерттеу, оқу, шағын көлемде сатып алып, сатып көру керек. AIX-тің Tabys қосымшасын жүктеп алып, зерттеп көруге кеңес беретін едім. 

–  Ұлттық компаниялардың құнды қағазын алу туралы жиі айтылады. Ал қарапайым тұрғындар «Самұрықтың» үлескері боласың дегенге сеніңкіремейді, қорқады. Осы үрейді сейілту үшін не істеу керек?⁠

– Ең бірінші, қаржылық ақпарат та аз тарайды, оқырман да аз оқиды. Іскер ақпаратты күнделікті оқып, зерттеп жүретін адам 1-1,5 жылда қаржылық сауатты болуға, ақшасын басқарып, көбейтуге ұмтылады. АҚШ тұрғындарының шамамен 60%  жеке инвесторлар. Сондықтан олардың таңы іскерлік жаңалықтарды шолудан басталады. Өзі акциясын сатып алған компанияның жаңалықтарынан бастап, елдегі бизнес, қаржы, экономиканың ахуалын шолып, акциясын сату немесе сатып алу бойынша өзінше тұжырым жасайды. Қаржы туралы ақпаратты күнделікті оқитындықтан қай компанияның акциясын алу, алмау туралы шешімді  қабылдайды. Біз  ондай ақпаратты оқымаймыз, нарықтан хабарымыз жоқ, сондықтан әлеуметтік желідегі үшінші адамдарға  сенеміз.  Жеке қаражатты басқарғыңыз келсе  жеке өзіңіз шешім қабылдауыңыз керек. 

–  Бірақ елдің пайда тапқысы келеді ғой, әйтпесе қаржы пирамидаларына жем болмас еді? ⁠⁠

– Қаржы пирамидаларын күллі қазақстандық, тіпті аға буын да жақсы біледі. КСРО тарайтын тұстағы МММ, Мавродиді білмейтін адам жоқ. Қазір де күн сайын қаржы пирамидаларын құрушылар  ұсталды, сотталды дегенді оқимыз. Бірақ, соған қарамастан құрбандар саны азаймай тұр. Себебі – бірден байып кеткісі келгендер көп. Қаржы пирамидасының ең негізгі белгісі – пайызы өте жоғары сыйақы ұсынады. Мысалы, банктік депозит 14% болса, пирамидалар ақша саласыз, бірден 25% аласыз  дейді. Аспаннан ақша жаумайды. Сондықтан бірден байып кетуді ұсынатын кез-келген адамға, компанияға күмәнмен қараңыз. 

–  ⁠Ақшаны қалай еселейміз? Қандай жолдары бар? 

– Ең бірінші,  қаржы мамандары айтатын «алтын ереже» – жеке немесе отбасылық қаражатыңызды дұрыс басқару. Оны кіріс-шығыс есебін жүргізуден бастау. Бизнесте кіріс-шығыс есебі жүрмесе 3-6 ай көлемінде-ақ банкрот боласыз. Жеке немесе отбасылық бюджет те сол сияқты. Кірісіңіз аз, шығысыңыз көп, оның есебін білмесеңіз, кірісті көбейтіп, шығысты азайтып отырмасаңыз ақшаңыз ешқашан еселенбейді. Екінші қағида – «алдымен өзіңізге төлеңіз». Айлық табысыңыз аз болсын, көп болсын 10%-ын жинауды әдетке айналдыру маңызды. Үшінші  –  себепсіз қарыз алмау. Қазір дүкендерде қызыл-жасыл жарнама, адамды арбайтын нәрсе көп. Қолыңызды телефон болса да қызығып, жаңасын несиеге алып қоюыңыз мүмкін. Егер кіріс-шығыс есебіңіз жүргізіліп, ай сайынғы шығынның нақты межесі болса, бұған жол бермейсіз. Несие, басқа да қарыздар бойынша айлық төлем айлық кірістің 30% аспауы керек. Қарызды басқара білу өте маңызды. Оңтайландырып, жылдам қайтарып отырған жөн. 

 ⁠– Депозитке ақша салғаннан жастықтың астына жасырғанды дұрыс көретін отандастар баршылық. Олар қаржысын қайда салғаны жөн? Мәселен, банк акциясын алғаннан қандай табыс табуға болады? 

– Ақшаны жастықтың астында сақтаудың қаупі жоғары. Үйге ұры түсуі мүмкін, су тасқыны, өрт сияқты айтып келмейтін апаттардан ешкім сақтандырылмаған. Артық қаражатты үйде сақтау жүйкеге де салмақ. Оның үстіне үйде сақталған ақшаны күнделікті инфляция жеп, құны кеміп отырады. 100 мың теңгеңіз, сол күйінде қала береді. 1 жылдан кейін санасаңыз да сол 100 мың теңге. Бірақ, 1 жыл бұрын 100 мың теңгеге алатын затты дәл қазір ала-алмауыңыз мүмкін. Өйткені инфляция жеді, доллар бағасы өсті, зат бағасы да өсті. Депозитке салсаңыз, 14% болса да қосылып тұрады. Көбейіп кетпесе де, құнын жоғалтпайды, қауіпсіз жерде тұрады. Қалаған уақытта аласыз. Сондықтан үйде сақтағаннан көрі депозитте сақтаған жөн. Әрине, әр адам шешімді өзі қабылдайды. Егер қаржылық сауатыңыз жақсы, қор нарығында ойыншы болуға дайынмын десеңіз, акция сатып алсаңыз болады. Қазақстандағы қор биржалары AIX, KASE немесе лондондық  LSE, АҚШ-тағы NASDAQ-ты зерттеп, оларда орналасқан компаниялардың акцияларын сатып алу, сатуға мүмкіндік беретін банктердің қосымшаларын зерттеп, тіркеліп, аздаған акцияларды сатып алып көріңіз. Бұлардың ішінде қазақстандық ірі банктер де, компаниялар да бар. Дәл қазіргі уақытта NASDAQ-та сатылатын қазақстандық ТОП-3 компанияның акциясын сатып алуға болады. Өйткені бағасы көтеріліп келеді. Бірақ қор нарығының тәуекелі жоғары. Саудаға кіріспес бұрын мұқият зерттеңіз, оқыңыз. 

– Қаржы банктың депозитіне салынды дейік. Кепілдік бар ма? Мемлекет салымдағы  қаржыға кепілдік береді. Сол шама аз емес пе?

– Мемлекет әр банктегі жалпы көлемі 20 млн теңгеге кепілдік береді. Жоғарыда теңгедегі немесе шетелдік валютадағы түріне қаншалық кепілдік беретінін атап өттім. Қолыңызда 100 млн теңге болса, әртүрлі банкке 20 млн теңгеден салсаңыз, барлығына мемлекеттің кепілдігі жүреді. Қаржы ұйымы жабылған жағдайда депозиттерге кепілдік беру қоры қайтарып береді. Егер салымыңыз 20 млн теңгеден асып кетсе, кепілдік берген 20 млн теңгеден артық қаражатты  таратылатын банктің тарату комиссиясынан алуға құқылы. Бұл  «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген. Яғни салымыңыз 30 млн, оның 
20 млн-ын ДКБҚ төлейді, қалғанын жабылу үстіндегі банктің тарату комиссиясынан талап етуге болады. Бұған дейін банк салымын ала алмай қалу фактісін естіген жоқпыз. Сондықтан депозитке сеніммен қарауға болады. 

Әңгімеңізге көп рақмет. 
Сұқбаттасқан  Гүлжан Қызайбаева 

2702 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы