- Айтарым бар...
- 24 Желтоқсан, 2024
«ІЗІ ЖОҚ ӨЛІМ»

Мүлгіген қала түнін полиция машинасының сиренасы бұзды. Қызылды-жасылды жарығы бір бәленің бастауын меңзейтіндей. Бұл безек қаққан жедел қызметтің суыт жүрісі «102» телефонына жылаңқы дауыспен көмек сұраған қыз қоңырауынан кейінгі көрініс еді.
– Она умерла, она умерла... Қабанбай, 12. Менің қатысым жоқ, она умерлааа!
***
Телефонның арғы бетінен тіл қатып тұрған Аяулым еді. Жылай-жылай дауысы қарлығып, есінен айырылатындай мазасызданады. Күні бойы жұмыста болған ол, кештетіп үйге келген екен. Әдетте қара құлып салынатын есік айқара ашық. «Лаура, үйдесің бе? Лаука, ты где?» – деп еді, ешкім қарсы жауап қатпады. Кезек-кезек бөлмелерді кезіп шықты, ешкім жоқ. Үй төрінде тұрған жуыну бөлмесіне жақындады. Ағып тұрған кран суының дауысын естіп, «Ой, сен осында екеңсің ғой, неге үндемейсің?» деп бөлмеге енді.
– Бл*ть, Лаука, ты че? Лаука...
Жылай берді, көз алдында тыр жалаңаш жатқан іздеген Лаурасының өзі еді. Нақтырақ айтқанда, өлі денесі су толтырылған ваннада жатыр. Қардай аппақ тәні су астында ағараңдайды. Қанқызыл рең жоқ, көкпенбек. Қос анарындағы үрпісіне дейін түссіз. Көзі аларған күйде кете барған.
– Жедел топ жетті. Жалғыз куәгер де, күдікті де – Аяулым. Шошытып алмайын деді ме, қос тергеуші кезегімен, үзіп-үзіп сауал қойды. Аяулым өксік қысқан қалінде білгенін баяндап берді. Бар айтқаны сол, жұмыстан келсе сұлап жатыр. Аяулымның білетінінде жанжалдасу, біреулермен жауласу деген болмаған. «Әзірше өз-өзіне қол жұмсау деп тіркейік, терең іс секілді», – деді Хамит. Асан да, үндемей басын изеді. Бұл екеуі академияны кеше бітірген жас тергеушілер еді. Екі шылымды қатар шегіп тұрып, біраз ақылдасқан болды. «Все, поехали! Завтра что-нибудь придумаем, әзірше шефке баяндайық. Әрісін өзі айтады», – деп, мақұлдасты.
***
Лаура – жеңілтек қыз. Көңіл күйі де сырдың желіндей. Бірде былай, бірде кері соғады. Жылауы да, күлуі де тез. Бұнысын көрген талайлар оңайдың өзі деп ойлаған. Алайда, адам баласының көңілін табуға келгенде тым шебер. Сонысымен ақылды, табыскер. Мансап жолы да соңғы жылдары өрге домалаған. Көрген адам мойынын бұрмай өте алмайтындай сұлу. Күн көрмегендей ақ денесі, қиылған көзі, сұңғақ бойы, төгілген төсі, үзілердей жіңішке белі, кең жамбасы, оқтаудай түзу аяғы еркек біткенді масайратпай тұрмайды. Жолында талай жігіт жорғалаған. Оны жақсы түсінетін бұл да, оларды талай керегіне жаратқан.
Қалаға алғаш келген жылдары үлкен орта ауыл қызын аса қонақжайлықпен қарсы алмады. Бірінші курстан-ақ оқудан шығып қалды. Түлкінің қызылдығы өзіне сор емес пе, бұны да құртқан сұлулығы. Көрсеқызар бір оқытушы қызға тиіскен, Лаура көне қоймаған. Басшылыққа болған оқиғаны бүкпей баяндап бергенімен, әлгілердің аузы бір болып шықты. Содан, «Қалауыма жығылмайды екенсің, көресіңді көрсетемін» деген әлгі ағайы ізіне түсіп алды. Ақыры оқудан шығарып тынды. Бұл Лаураның үлкен өмірдегі алғашқы алған сабағы еді. Алдында нендей зұлмат күтіп тұрғанын қыз білмесе керек. Елге қайта оралуға ұяты жібермейді. Ауылдағы ата-анасы, «Қызым оқуда, білікті маман болады» деп тілеуін тілеп отыр. Өзі де, «Не де болса осында күнелту керек. Шегінуге болмайды!» деп шешімге келген. Содан бері осы ұстаныммен баспаған тауы, бармаған бауы қалмады. Бір күн тоқ ұйықтаса, үш күн аш жүреді. Басынан сыйпайтын бір мұсылман табылмады. Еден жуды, ыдыс тасыды, даяшы да болды, базар кезді, жұмыс таппаған сәттерде көшеде көлік жуып, керек десеңіз жүк тасыды. Дегенмен, Құдай да сорлыны қашанғы сынасын. Әлеуметтік желі беттеріне жарыса жасаған бір жарнама қыздың өмірін түбегейлі өзгертті. Айтуларынша, оңай әрі демде дәулетті болуға шақырады-мыс. Көп ойланбай телефондады.
– Алло, жұмыс бойынша хабарласып тұр едім. Кіммен сөйлесіп тұрмын?
– Иә, болашақ миллионер, сізді тыңдап тұрмын…
Бұл қоңыраудан кейін желідегілер жүздесуге уағдаласты. Телефонмен тілдескен кісі Лаураға бәрін түсіндіріп беруге уәде етті. Айтуынша, командамен жұмыс істейді екен. Топқа адам тарту керектігін де айтты.
***
Арада бес жыл өтті. Баяғы бейшарадан сәл ғана бақытты Лаура қазір іскер әйелге айналды. Төрт құбыласы түгел, ұйықтаса түсінде көрмейтін кең үй, су жаңа көлік, ай сайынғы шетелдерге жасалатын саяхат дегендеріңіз үйреншікті тіршіліктің бір бөлігі ғана болып қалған. Досы да, жолдасы да көп жанында. Қам көңілдің бір кемшілігі – ауылға ат ізін салмағалы көп болды. Ата-анасымен арасында ғана телефонмен сөйлеседі. Сондағысы бұл байлықтың бәрі қайдан келіп жатқанын түсіндіруге қиналады. «Пирамида арқылы ақша табамын, жұртты алдап күн көріп жүрмін» десе, ауылдағылар бұны оңдырмайтынын жақсы біледі. Адалынан жеген астың тәтті болатынын әр кез айтып отыратын ауыл қазақтарының бұған көңілі көнши қоюы екіталай. Сондықтан, ағайыннан ауылын алыс тіккісі келеді де тұрады. Жақында жалғыздықтан жалықты ма, Аяулым деген қызды үйіне бірге тұруға алды. Бұл сыртта болғанда үй шаруасын өзі пысықтап қояды. Лаураға осының өзі жетіп жатыр еді. «Сен үйде тұра бересің, жинап, ара-тұра жейтін бірдеңе-сірдеңе істеп тұрсаң болды. Қалғанын я сама обеспечу. Ештеңе төлемей-ақ қой», – деді. Аяулымға да сол керек еді.
Бұрыңғы бойжеткен қазір мүлде толысып алған. Жас күніндегі сұлулық сол, күшеймесе, күші қайтқан жоқ. Әліге дейін жасын да, кәрісін де көз қиығымен-ақ құлатады. Еркек кіндіктіге зәру емес. Сәйкесінше, ақылды әрі сұлу қызға екінің бірінің қолы жете бермейді. Не Лаураның мақсаты жолында сіздік құндылықтар ұштасу керек, не болмаса қалтаңыз қонды болуы шарт. Қазір қасында бұл межеден мідірмей өте білген екеу бар. Біріншісі – Шолақ, қала базарларының иесі. Екіншісі – Марлен, әкесі – прокурор. Жай прокурор емес, баласы үшін бәріне даяр басшы. Енді Лаураның бұл екеуімен де ғашық болып, есі кетіп, сүйгендіктен жүрмегені белгілі. Өзі сөзінде, «Ай, сұлу әйелді сүю үшін оның каприздарын көтере алатындай болуың керек. Ондай болмаса сүюге қақың жоқ», – деп, қарқылдап күледі. Әлгі екеуі де Лаураны құлай сүйетіні шамалы. Құшқанды, тек нәпсі қалауын тояттандырғанды тәуір көреді. Қызық болғанда Шолақ жас ашынасын кеше түні Марленмен іс үстінен ұстады. Жас жігіт ауыздығымен алысқан айғырша енді бас сала бергенде кілт көзшесі кері бұралды. Аналарынан жаңа туылғандай жалаңаш екеуді көрген Шолақтың зығырданы қайнады. «Өзің алып берген үйде өзім деп жүрген ұрғашы өзге біреудің астында жатыр, мен ақымақпын ба?», – дейді. Бірақ амал аздау, аямайын десе ашынасы, қоя салайын десе қалағаны арамза болып шықты. Марленге де мәу дей қоятын шамасы жоқ. Өзін де, әкесін де жақсы таниды. Жұмыс жайымен талай жолығатынын біледі. Марлен десе бауыр етін бөліп беруге даяр прокурор баласының бір тал шашы түскені үшін базарымен қосып «Итжеккенге» айдатып жіберетінін де бұл жақсы біледі. Не керек, «Ай, қап! Қаншық, сволочь!» деп жүріп сабырға әрең келді.
***
– Тәк, дәйістер. Айтыңдар, не болған дейді?
– Господин начальник, кеше түнде қыз өлімі орын алды. Тырдай жалаңаш ваннада жатыр. Ешқандай белгі жоқ. Труп сап-сау. Ананы көрсеңіз, ақ денесі деген «оууу» ғой. Фигура деп соны айт. Біздің қыздардыкі жай... Қайтадан тірілетіндей болса қалағанын берер едім.
Асанның бұл аңғалдықпен айтқаны бастығының шамына тиді.
– Ей, тоқтат мына порнографияңды. Мен саған істі сұрап тұрмын. Не істеп жатсыңдар? – деді басшысы. Әрі қарай әңгімеге Хамит араласты.
– Шеф, қазір ақпарат жинап жатырмыз. Марқұмның есімі – Лаура. Өз үйінде өлі табылған. Соңғы уақыттары кіммен байланысты, зерттеп жатырмыз. Әзірше бірге тұратын Аяулым есімді қыз бар. Прокуратурадағы Жәкеңнің баласымен, сосын әлгі базардағы крутоймен тығыз қарым-қатынаста болған.
– Оқи ма? Жұмыс істейді ме? Ол жақтағылардан не хабар?
– Қаржы пирамидаларының бірінде екен. Бриллиант дей ме, бірдеңе. Ол жақтағылар, «Қызда бәрі жақсы еді», – дейді.
– Ана кемпір жайлы айтсай – деп Асан тағы шүйлікті. Хамит:
– Иә, олар бір кемпір жайлы айтты. Жақында офистеріне жылап-еңіреп кейуана келген екен. «Қызым, құлың болайын, баламның ақшасын қайтара көрші. Бұл көгергірге оқуыңды төле деп қорамдағы соңғы сиырды бұзауынан айырып, сатып едім. Бұл болса саған беріпті. Тағы бір-екі ағайыннан қарыз алған ба, сондай. Ауылға жүзімізді көрсетуден қалдық. Оқуынан ол шығып қалды. Сен де ана шығарсың, аналық ақ пейілімді берейін, қайтаршы ақшасын. Қарызын пұлдап келгендер күнде үйге келіп, аузына келгенді аталап кетеді. Үйлестіріп беріп, жалғызымның басын арашалап алайын», – деп аяғына жығылған көрінеді – деді.
– Тәк, бұл не деген?
– Шімірікпестен есік бетті нұсқапты.
– Ай, с*чка! Сомен?
– Әлгі бала ақшасын ала алмағандықтан бірдеңе ойластырды ма дейміз ғой.
Асан әңгімеге тағы араласып:
– Бірақ, бір де бір ұру, соғу секілді белгілер жоқ – деді.
Үшеудің кіші жиналысы осылай аяқталды. Әзірше күдікке қаржы пирамидасының құрбаны болған студент және Аяулым ілікті. «Асан, сен былай қыл. Әлгі студент баланы мамасымен қосып осында алдыр. Болған оқиғаға қатысты жазбаша түсініктеме аламыз. Аяулымға Лаураны өлтіретіндей себеп жоқ. Тегін үй, дайын ас кімге де болса керек. Әзірше осылай амалдайық», – деді Хамит.
Ертеңгілік бөлімшеге студент пен боздап оның шешесі келді. Зар илеген анасының даусы бүкіл бөлімшедегілерді тік тұрғызды. Баласының қарызы бүйірінен қысып, ішкені ірің, жегені желім болған бұның зары түсінікті еді. Енді жалғыз ұлын тергеуге шақырып тұр. Адам өліміне қатысты түсініктеме бересіз дегенде жағдай тіпті ушығып, төбе шашы тік тұрды.
– Апашка, қызда нең бар? Ақымақ балаңды тәрбиелеу керек еді. Анау өлді де қалды. Убийство үшін қанша жыл екенін білесің бе? Балаңа или саған хана. Айт, кім істеді, қалай істеді? – деді Асан. Мұның бұл ісі кәдуілгі тергеушінің сұрағы еді. Бәрін көзбен көріп, біліп тұрғандай төтелеп келіп қойғанда талай қандықол өз қылмысын мойындаған еді. Ал апасы әлгі сұрақтан кейін екі рет талып, тұрды. Айтуларынша, сол офисте жолыққаннан кейін көрмепті. Ана шіркіннің баласы дегенде жанын беретіні бар емес пе, Асан мен Хамитке, «Бір малым бар, соны қораларыңа байлап кетемін. Құлынымды құтқарыңдаршы», – деп, аяғына жығылыпты. Сондағы бір малым дегені әлгі сатқан сиырдың жетім бұзауы. Студент мардымды ештеңе айтпапты. Екеуін іс толық ашылам дегенше байланыста болуын талап етіп, жайына жіберді. «Анасына обал болды, мына баласы таза меңіреудің өзі ғой. Түсініктемесінде аты-жөнін қате жазды. Бұл адам өлтірмек түгілі, өз басын зорға алып жүрген біреу», – деді Хамит.
Келесі күні жауапқа Марлен тартылды. Жасы жиырма бестер шамасындағы жігіт әлі күнге дейін бір істі де ата-анасыз бітірмейтін көрінеді. Бөлімшеге шешесін ертіп келіпті. Прокурордың әйелі болу оңай ма? Әлгінің анасы есіктен енгеннен «Вы знаете, кто мой муж?», – деп айқайлай аяқ басты. Аутауық, «Сын, самое главное ты не переживай. Твой папа все решит» деп қояды. Бұл сөз тергеушілерге ұнап қалды. Асан мен Хамит, «Мәселені шешу үшін сол мәселеге ұлының қатысы болу керек қой, бір бәле шықса осыдан шығады», – дейді бір-біріне. Асан әдетінше:
– Марленчик, айтшы. Лаураны қатты жақсы көрдің ғой, – деді.
– Кто такая, Лаура? – деп шешесі киліге кетті.
– Я расскажу, сіздің ұлыңыз Лаура деген қызбен жүрген. Өзі такая красивая, енді это не важно. Сондай-ақ, оның тағы бір еркегі болған. Өлім оқиғасы болғаннан кейін көршілерінің айтуымен әлгі еркек пен сіздің балаңыз Лаураның үйінде кездесіп қалып, біразға барысқанын білдік. Екі оқиғаның арасы алыс емес. Сосын сіздің ұлыңыз Лаураны қызғанып өлтіріп қойыпты. Ал енді Марлен сен айт, қалай өлтірдің?
Анасының тым күйбелектенгені, әлгі, «Әкең бәрін шешеді» деген сөзі Хамиттің көңіліне күдік ұялатты. Әдетте бұл секілді ақшаға құныққандардың ессіздігі көп болады. Әкесінің облыстың прокуроры екенін пұлдап, ойына келгенін жасаған шығар деген күдік мазалайды. Жындының сандырағы келеді деген бар емес пе? Асанның айтқаны ойынан кетпей қойды. Базар иесімен болған жанжалдан кейін бұл жігіт Лаураға күш көрсеткен болуы да шындыққа жанасады ғой. Мәселе бойлаған сайын ушығып барады. Мұндайда екеуі шылым тарту бөлмесіне аяңдайды. Әңгімені Хамит бастады.
– Әкеңнің тап, қайдан тергеуші боламын дедім екен. Енді қайдағы қыздың өлімі неден болды деп, кім-көрінгеннің төсігін көтереміз бе?
– Братан, маған сенші. Марлен деймін. Қарасай, нағыз қылмыскер ғой. Мен академияда бұл секілділермен бірге оқығанмын. Әкелері чиновник, кез келген қуысыңнан суырып алады. Бұлар соған жақсы үйренген. Сондықтан ойланбай қалағанын қыртып жүреді.
– Асан, қойшы болды. Өткендегің анау, «Қыздың фигурасы андай, мына жері мындай», – деп бастықтың алдында жер қылдың. Шеф бұдан кейін маңызды істерді бізге тапсырмайды. Жүресің ит-мысықтың ұрлығын зерттеп.
– Шын айтамын. Марленді ұстап әкеп, подвалға бір түсіріп алайық. Кішкене таяқтың дәмін татқызайық, сайрайды. Білем ғой бұндайларды.
– Сен асықпа, әлі жауап алу керек адамдар бар. Әлгі базар басшысынан сөз суыртпақтап көрейік. Өзі қылмысқа қатысты болмаса да, маңызды бірдеңе айтып қалар.
Ертесіне азанымен қыз денесіне жасалған сараптама қорытындысы Хамит пен Асанның қолына тиді. Бастығы үшеуі отырып талқылады. Айта қоятындай өлімге қатысты ештеңе жоқ. Тіпті ажалы неден келгенін де таба алмаған. Бар білгендері Лаураның ішінде жана біткен шақалақ бар екендігі. Мәселе тіпті ушықты, бұл бала кімнен? Оқиғаға тағы біреу араласуы мүмкін бе? Бозбала Марленге, не болмаса бәйбішесінің ығынан көп аса қоймайтын базар басшысына некесіз ойнасынан ұрпақ өрбіту қаншалықты қажет? Сан сауалдан үшеуінің де мазасы қашты. Аңғал Асан жазғанынан жаңылмай, ойсыздықпен тағы да сандырақтады.
– Былай болған. Бала базарскийдікі. Ашынасының бойына бала біткенін білген ол, кері шегінерге жол жоқ екенін жақсы түсінген. Сосын оқиғаны, ойнас амалын айна қатесіз бәйбішесіне баяндаған. Әрі өзінің де сұлу тоқал сүюге аңсары ауған.
– Тәк, Асан, созбақтамай турасын айтшы. Не тоқал, не бәйбіше? Не айтып кеттің?
– Шеф, мәселе осы тоқал мен бәйбіше арасында болып тұрған жоқ па? Базар иесі ауқатты адам, ертең тоқалы туса, дүниеге бөліске түсетіндер көбейеді. Ал, ол бәйбішесіне керек пе?
– Шынымен?!
– Иә, бәйбішесі – қылмыскер. Дүниеқоңызданып Лаураны өлтірткен сол. Бір 50 мың доллар беріп, киллер арқылы өлтіртіп тастаған, зато бар байлық өз балдарына қалады. Артық ауыз кімге керек қазір?
– Ммм…
Өлім сәті қалай келгенін сараптама да анықтай алмай тұрған кезде киллер деген сөз бұларға майдай жақты. Іздің шеті көріне бастағандай. Әңгімеге біраздан араласпай, тек тыңдап қана отырған Хамит кірісті:
– Иә, бұны істеген кәсіби киллер болуы бек мүмкін. Қыз жалаңаш жатса да зорлық көрмеген. Көшеден кезіккен, келген біреу болса, нәпсіге ерік берер еді. Алдында тұрған сұлу қызды құшудан кім болса да бас тартпайды ғой. Қылмыскер артын тазалауға жақсылап кіріскен. Мұндай шаруа әккі киллердің қолынан ғана келеді – деді. Хамиттің бұл сөзін құптай кеткен Асан, «Так точно, мен болсам да солай жасаймын. Тіпті өлі денесінің өзін көріп ойым кетті. Тірі кезінде құшқандар қандай бақытты», – дейді. Диалог дүниеәуи бағытта өрбіп кеткеннен кейін бастығы шарт тыйды.
– Жетер, сендер осы өйститіндерің не? Тәк, Асан, сен сенімдісің бе? Ертең нақақтан-нақақ біреуге күйе жаққандай болмайық. Біреудің тағдырымен ойнауға болмайды.
– Шеф, мен білмеймін ғой. Бірақ киноларда көбіне осылай болады. Бәйбішелер құртады бәрін.
– Сен де қызықсың, профессионал маман емессің бе? Бізде бәрі кинодағыдай болмайды. Бірақ, айтқаның ойға қонымды. Ертең базар басшысын шақыртыңдар. Сөзін бағыңдар, аузынан әйелі жайлы сөз шықсын. Соның негізінде әйелімен де сөйлесіп көріңдер – деді тергеу бастығы.
Ел арасында «Шолақ» атанып кеткен егде жастағы кісі бөлімшеге келіп, кезекшіге Хамит деген азаматтың шақырғанын ескертті. Халық бір қолының білек тұстан жоқ екендігінен «Шолақ» деп айдар таққан. Күн көрістің қамымен қазіргі базарын саларда құрылыс алаңында қолынан айырылған. Содан бері жұрт Шолақ деп таниды. Шын есімі – Сенім.
– Сенім мырза, дұрыс түсінеді деген ойдамын. Бірнеше сұрағым бар, жауап бересіз, сосын боссыз, – деді Хамит. Көпті көрген Шолақтың алдында Асан тағы бірдеңелерді сандырақтап айтып қояр деген оймен бұл жолы оны тергеуге қатыстырмады. Өзіне жолданған сауалға қатысты Шолақ:
– Иә, жігіттер! Менің де, өздеріңнің де уақыттарыңды босқа алмаңдар. Не үшін мұнда екенімді түсінемін. Менен күдіктенесіңдер ғой. Лаура, марқұм өз-өзіне қол салған ба?
– Мәселе қым-қуыт, тым бұлыңғыр. Өз-өзіне қол салды деуге толық негіз жоқ. Сараптама нәтижесі де санаға сиятын көп дүние айтып отырған жоқ.
– Несін жасырайын, Аллаға да, адамға да Лаура екеуміздің жағдайымыз аян. Жақсы араластық, соңғы әлгі прокурорсымақтың боқмұрынымен ұстап алғаным болмаса, арамызда кикілжің болмады. Екеуміз де өз керегімізді алдық.
Әңгімені әрі қарай төте сұрақпен жалғауды жөн көрген Хамит басшысы айтқандай әйелі жайлы сұрауға кірісті. Тігісін жатқыза сөйлеп:
– Әйеліңізге көңіліңіз толмайтын ба еді? Неге жас қызға әуес болдыңыз?
– Лаураны танитын адамдар оның мақсатына жетуі үшін бәріне даяр екенін біледі. Іскерлігі тағы бар. Менен бутик сұрады. Таныстық солай басталды. Оған кәсіп, маған қызық керек. Жарасып кеттік, – деді базар басшысы. Одан кейінгі сұрақтар тергеу ісінің тәртібі бойынша, «Ол кезде қайда болдыңыз?», «Лаураның үйінде болмағаныңызды дәлелдейтін куәгерлер немесе факті бар ма?» деген секілді үйреншікті сауалдарға жалғасты. Оқиға Асан айтқандай кинодағыдай өрбімеген секілді. «Шал шынын айтып отыр. Оған Лаураны өлтіруге немесе өлтіртуге себеп жоқ. Екеуі де бір-біріне қажет болған. Марлен Шолаққа себеп емес. Бозбаладан қызғанып, кісі өлтіретіндей бұның да басы екеу емес шығар», – деді Хамит. Араға күн салып бұл екеуі басқаша амалдап көрді. Марленге Шолақты, Шолаққа бозбаланы жамандады. «Сізге қарсы дәйек беріп отыр, оның айтуынша сіз өлтірген екенсіз. Лаура сізбен арақатынасыңыз дұрыс еместігін, қатты қорқып жүргенін айтыпты, бұған» деп, бір-біріне айдап салды. Сасқан үйрек артымен сүңгиді дейді ғой. Дей тұрғанмен, амалдары көп нәтиже көрсетпеді.
Қыз өлімі болғанына бір апта уақыт өтті. Бұл кезде суыт хабар ауылдағы әке-шешесіне де жеткен еді. Шешесі қызының қазасын естігенде есінен айырылып, ауруханаға түскен. Әліге дейін толық өзіне келе алмаған көрінеді. Кейде бәрін ұмытып қалып, «Лаурам хабарласып тұр ма?» деп қал-жағдайын білуге барғандардан сұрайды екен. Әкесі де өлі мен тірінің арасында күн кешіп жүр. Жұрттан тасада көзін сығып алады. Естіген күннің
ертесіне-ақ қалаға тартып тұрған. Күнде тергеу бөлімшесіне келіп Хамит пен Асаннан мән-жайды сұрайды. Тергеушілерге:
– Айналайындар-ай! Ең құрығанда марқұм қызымның сүйегін беріңдерші. Ауылына, туған топырағына апарып, арулап көмейін. Әруағын сыйлаңдаршы. Қор болдың-ау, қарғам… – дейді.
– Көке, сабыр етіңіз. Әділеттілікке қол жеткіземіз. Қылмыскер жазасын алмай қоймайды.
– Тфәй, қайдағы әділет. Ақымақ басым-ай, «Папа, қалаға оқуға барамын. Жұмыс істеймін. Кейін бәріміз сонда тұрамыз» деп мойыныма асылғанда, ауылға сүйегін сүйретіп баратынымды біліп пе едім? – деп, маңдайын қос қолымен ұрғылайды. Хамит пен Асан үшін тергеу ісін жүргізумен қатар қан жұтқан әкесін жұбату да қосымша жұмыс болып алды. Кейде Асан ашуланып, «Осыныкі не, жалғыз қызынан айырылған осы ма? На самом деле қызы проститутка ғой нағыз. Обалы жоқ. Жұмысымыз аздай осы шалдың қас-қабағын бағатын болдық қой», – дейді.
Апта басында екеуін басшылары тағы жинады. Қатулы қабағынан бір келеңсіз жағдай болғанын байқау қиын емес. Мұртына дейін тікірейіп кеткен, ашулы.
– Тәк, былай қыласыңдар. Істі өз-өзіне қол салды деп жапқызыңдар. Қазір оқиға прессаның құлағына жеткен. Микрофонын таянған біреу бастыққа барыпты. Сұрақтың астына алған көрінеді. Маған айтпағаны қалмады, іс қозғалыссыз тұра берсе, менен бастап басқа жұмыс іздеуімізге тура келеді – деді. Асанға бұл ұнағанымен, Хамит қарсылық білдірді:
– Басеке, қалай жабамыз? Өзіне қол салатындай бір тамшы қан жоқ, асқазаны таза. Басқа да белгілер жоқ.
– Хамит, қысқарт! Ты че, герой болғың келеді ме, Шерлок Холмс?
Сұрақ жауапсыз қалды. Амалсыздан бастығының айтқанына көну керек. Сол күні екеуіне де демалыс берді. «Іс жабылады, бір күн выходной» дейді Асан, екі құлағы езуіне жетіп. Жұмбақ өлімнің жылы жабылатынына Хамиттің көңілі толмады.
– Жақсы Асан, ертең жолығармыз. Бүгінше мен демаламын. Үйде боламын, біраз өз-өзіме келіп алмасам. Қажытты мынауың.
– Бітті, бітті. Аздап ішесің ғой, ертең тұра алмай қалып жүрме – деді Асан. «Қылжақтық қаныңа сіңіп кеткен ғой», – деп Хамит та қоштасты. Жүрегі әлденені сезгендей, тілі «қан» деп қалғанда денесінен тоқ өткендей болды. Алайда ол кезде шешімнің бір ұшы шығып тұрғанын Хамит білмеген еді. Аяңдап, үйіне барды. Салқын ванна қабылдап, түскі ас ішті. Артынша академияда оқып жүргеннен келе жатқан әдетімен теледидар алдына жайғасты. Ол қолы босай қалса корей режиссерлары таспалаған детектив жанрындағы киноларды қарағанды жақсы көретін. Онда көргендерінің көбі өмірден алынып, нақты оқиғаға құралатындықтан бірнешеуін өзінің іс-тәжірибесінде қылмысты ашуға қолданған. Бұл жолы дәрі егу арқылы адамды жұмбақ өлімге ұшырату туралы айтып жатыр екен. Кәріс криминалисі құрбанның денесін бір апта уақыт өткеннен кейін ғана тексеруді кеңес етуде. Себебі организм жұмысын тоқтатқаннан кейін көп өзгеріс болады-мыс. Көзге көрінбейтін кіші жарақат орындары уақыт өте келе ұлғайып, байқалады екен. Оны өзінің практикасынан айтып жатыр. «Инемен егілген жерлерді көру мүмкін емес. Ал қайтыс болғанына бір жеті өткеннен кейін олардың орнын көру қиындық тудырмайды. Екпе орны ұлғайып, көгеріңкіреп тұрады», – деді. Естіген ол есеңгіреп қалды. Мұздай тер бұрқ ете қалды. «Рас, мүмкін солай шығар» деген ой келді. Көлігін шала қыздырып, Лаураның мүрдесі сақталған мәйітханаға асықты. Ол кезде сағат тілшесі сегіздер шамасында соғып тұр еді. Бүгін бару керек, әйтпесе ертеңгілік марқұмның денесі жақындарына беріледі. Одан кейін кеш болмақ. Іс тоқтатылды деген хабар мәйітханаға жетпеген болу керек. Қызметтік куәлігін көрсетіп, кезекшіден кіруге рұқсат алды. Жалаңаш қыздың денесін толық қарап шықты. Әлгі кәріс айтқандай белгілер жоқ. Үміті таусылып, тауы шағылды. Кенет көзі қыздың құлақ тұсына түсті. Әдетте адамның құлағының сыртқы беті көзге көрінеді, ал арты көлеңке бетте қалады. Әрі қыз баланың шашы жауып тұрады ғой деген ниетпен қарап көрді.
– Иә, бар! Бл*ть, бар. Мынау иненің орны ғой – деп айқайлап, мәйітхананы басына көтерді. Қылмыскерді анықтағандай қуанды. Бірақ бұл екпе орны өлімге әкелді деуге себеп жоқ. Ендігі жұмыс істі қайта көтерту үшін бастығын көндіру керек. Кеш қарайғанына қарамастан, тергеу басшысының үйіне тартып тұрды. Мән-жайды түсіндіріп, қайта қолға алуға рұқсат етуін сұрады. Алып-ұшып, жүрегін қолына ұстап барған мұны бастығы аса жақсы қабылдаған жоқ. «Жарайды Хамит, істі зерттеу уақытын создыруға жұмыс істеңдер. Алайда, қайдағы кинода көргеніңе сеніп, осы іс тағы ашылмай қалатын болса әрі қарай сені желкемнің шұқыры көрсін. Уволю! Еще сен менің бұйрығыма бағынбай мәйітті өз бетіңмен, криминалиссіз қарағаның үшін жазбаша сөгіс беремін», – деп шығарып салды. Бастықтан сөгіс алғанына балаша қуанған Хамит қана шығар. Ең бастысы рұқсат бар, енді денені қайта зерттеуге жіберу керек. Өзі әлгі ине орны өлімнің басты себепкері екеніне сенеді.
***
Хамиттің қызметі жоғарылады. Оның Лаураның өліміне қатысты зерттеуі туралы әңгіме ел арасында желдей есіп жүр. Тап бір бүгінгінің батыры ма дерсіз. Ал, бей-жайлығы үшін, яки кәсіби біліктілігі төмен деген себеппен сараптама жасаған мамандар мен экспертиза бөлімінің басшысы жұмыстан кетті. Бірақ, қылмыс ашылғанымен қылмыскер табылмады. Әлі іздестіруде.
***
Медицина сараптамасы шықты. Анықтамада «1995 жылы туған, «Қ» қаласының тұрғыны Лаура Жиенғалиқызының құлақ тұсында әлдебір кіші жарақат орны анықталды. Көрсетілген аймақты зерттеу арқылы құлағының артына екпе егілгені белгілі болды. Екпе қан құрамындағы эритроциттер мөлшерін көбейтуге себепкер дәрі құралы екеніне көз жеткіздік. Салдарынан қан түйіршіктері шамадан тыс көбейіп, қанның қоюлануына әкеп соқтырған. Екпенің құлақтың артына егілуі де жай сәйкестік емес. Бұл тұста ми қызметіне қатысты майда қан тамырлары бар. Қан қоюланғаннан кейін кіші тамырлар мен капиллярларға ену мүмкін болмай қалады. Сол себепті миға оттек жетіспеушілік мәселесі туындайды. Ми жұмысы бұзылғаннан кейін қалған ағзалар да әрекетін тоқтатып, адамды өлімге соқтырады. Бұған дейінгі сараптамаларда атаулы фактінің анықталмағандығы егілген дәрілік зат құрамы қан құрамымен бірдей болған себебінен байқау мүмкін болмады. Кейіннен ине орнының табылуынан біз осындай шешімге келіп отырмыз», – делінген.
Осы негізде қала дәріханаларында атаулы дәрілік затты жақын уақыттарда сатып алған 153 адам анықталып, барлығынан түсініктеме алынды. Алайда қылмыскер табылмады... Өлімнің өзі болғанымен ізі жоқ.

2593 рет
көрсетілді0
пікір