• Айтарым бар...
  • 24 Желтоқсан, 2024

АЛЫПТАРДЫҢ САРҚЫТЫ

Жалғасбек Бегіндіков

Жалғасбек Әмірханұлы Бегіндіков бүгінде есімі елге белгілі, еңбегі елеулі, тәмам жұртқа танымал азамат. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, даңқты дирижер, профессор, жүздеген талантты жастарды тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Ол атағы алысқа кеткен дарабоз дирижер Шамғон Қажығалиевтың құрметіне арналып өткізілген республикалық байқаудың ең алғашқы лауреаты.
    Жалғасбек Бегіндіков қазіргі Түркістан облысының Мақтаарал ауданында дүниеге келді. Кішкене кезден бастап өлең-жырға аңсары ауды. Суретшілікке де құмар болды. Бірақ, музыкаға құштар болғаны соншалық, мектеп қабырғасында жүргеннің өзінде нотаны жетік меңгеріп алды. Домбыра, балалайка, үрмелі аспаптарда жетік ойнай білді. Оркестрдің белді мүшесі болған жігіт Жалғасбектің бар арманы терең музыкалық білім алу болатын. Осы мақсат оны Шымкенттегі музыкалық училищеге жетелеп әкелді. Білім ордасында Мұхит Айтқалиев, Қасымхан Байтеменов, Сәнен Әжиева, Клим Рысқалиев және басқа да білікті, тәжірибелі мамандардан тәлім алып, оқу орнын үздік бітірді. Ұстаздары Жалғасбектің мұнымен де тоқтап қалмай, білімін Мәскеудегі Гнесиндер атындағы музыкалық институтта жалғастыруын қалап, жолдама береді. Бірақ әкесі Әмірхан ақсақал баласының алысқа кеткенін қаламайды, көз алдында, жақын жерде білім алғанын қош көреді.
     – Айшылық алыс жерде нең бар, 
балам-ау, оқимын деген адамға институт осы Шымкентте де құрып қалмаған шығар, – деп әкесі түпкі ойын бүкпесіз жайып салады.
    Жалғасбек үлкеннің сөзін жерге тастамайтын, тәрбие көрген бала емес пе, әкесінің айтқанынан шыққан жоқ. Ұстаздары да жағдайға түсіністікпен қарап, Жалғасбекке  Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына түсуге кеңес береді. Себебі бұл уақытта Шымкентте арнайы тереңдетіп музыкалық білім беретін жоғары оқу орны жоқ болатын. Сөйтіп, Жалғасбек Алматыдағы консерваторияға оқуға түседі. Бұл 1978 жыл болатын. Оның бағына қарай бұл уақытта Құрманғазы атындағы білім ордасында атағы дардай нар тұлғалар дәріс беретін.
    – Мен оқуға түскен жылы консерваторияның ректоры Кеңестер одағының Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Еркеғали Рахмадиев болатын. Ол кісіні жалпақ жұртқа таныстырып жату артық болар. Қазақ ұлттық музыка мәдениетінде өзіндік орны бар, шоқтығы биік асыл азамат еді ғой. Ол талай талантты жастың тұсауын кесіп, музыкалық әлемде шырқау биікке шығуына жол көрсетіп, демеу болды. Жаны жайсаң жақсы жанның шапағатын көрген адамның бірі мен, – деп еске алады Жалғасбек Бегіндіков.
    Еркеғали Рахмадиев студент жігіттің болашағы зор екенін аяқ алысынан-ақ аңдаған шығар, бәлкім. Сол себепті де қолдау жасап, сенім көрсеткен болар. Басқа емес, ректордың өзінің осындай көзқарасы мен демеуі құлшыныс пен күш-қуат берсе керек, Жалғасбек студенттік жылдардың өзінде халықаралық сайыстарда суырылып топ жарып, шығармашылық шыңдардан көріне білді.
    Оқу орнын бітіріп, Құрманғазы оркестрінде жұмыс істеп жүрген кезінде консерваторияға ректорлыққа музыка әлеміндегі тағы бір танымал тұлға – профессор, композитор Ғазиза Ахметқызы Жұбанова келді. Ол да жас дирижердің болашақта бағындырар биік белестері бар екенін байқаған болса керек, Жалғасбекке оркестрдегі жұмыс пен консерваториядағы оқытушылықты қатар алып жүруге мүмкіндік береді. Тіпті жас маманның үй-жайы, көңіл-күйі болмай туған жерге, ағайын-туысқа қарай қоныс аудармақ ниеті бар екенін естіген Ғазиза Ахметқызы оны шақырып алып: «Сенің орның осы жерде, Алматыда, ешқайда көшпе, шығармашылығыңды жалғастыра бер, баспана мәселесін шешеміз» деп күпті болып жүрген көңілін көтеріп тастайды. Ректор сөзінде тұрып, көп ұзамай жас маман Жалғасбектің жаңа шаңыраққа да қолы жетеді.
       Ал, Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі әлемінің дарабоз дирижері деген үлкен атаққа ие болған Шамғон Қажығалиев Жалғасбектің жарқырап көрінуіне жол ашқан кемел тұлға. Ол атақты өнер иесінің класында оқумен бірге Құрманғазы оркестрінде табаны күректей жиырма жыл тізе қосып, еселі еңбек етті. Бұл Жалғасбектің өміріндегі естен кетпейтін, оның шығармашылығының шарықтап, қанатының қатайып, дирижерлықтың қыр-сырына қанығып, тағылымды тәлім алып, тәжірибесі толысқан жылдар.
    – Шамғон ағадан үйренгенім көп. Мен ғана емес, ол кісімен қатар еңбек еткен талай өнер адамдары керемет мектептен тәлім алғанына ешкім таласа қоймас. Әсіресе, өнердің тазалығына аса қатты мән беретін. Жасандылыққа, көзбояушылыққа жаны қас еді. Оркестрді өзінің екінші үйі, шәкірттерін балалары ретінде санайтын. Концерттерге дайындық барысында ақ тер-көк тер болатынын талай рет көз көрді. Ұлттық дәстүрлі өнерді жетік меңгерумен шектеліп қалмай, еуропалық музыканы да терең меңгеру қажеттігін айтудан жалықпайтын. «Музыкант бір орнында тоқтап қалса тоқырайды, сондықтан ізденуден, үйренуден жалықпауларың керек» деп ақыл-кеңесін айтып отырушы еді. Бір ғана мысал айтайын. Оркестрдің құрамындағы сексен адамның қолында осынша аспап бар. Сол аспаптардың бірінің  екпіні төмен немесе жоғары болса, музыкалық шығарма тұтас алғанда дұрыс шықпайды. Үйлесім болмайды. Бұл сырт көзге соншалықты байқала қоймауы мүмкін. Шамғон аға бірден байқайтын. Сондықтан да дайындыққа көп күш-жігерін сарп ететін. Көңілінен шығатын деңгейге жеткенде ғана жүзі жадырайтын. Өнердің тазалығы мен құдіреттілігі дегеніміз осы шығар, – дейді Жалғасбек Бегіндіков әңгімесін одан әрі жалғап. – Шамғон аға дирижерлық жанкешті жұмыс екенін дәлелдеген адам. Кейбіреулер «Дирижер болудың не қиындығы бар, қолындағы таяқты оңды-солды сілтеп тұрса болды емес пе?» деп ойлайды. Бұл өте қате пікір. Өйткені, оркестрдің орындауындағы күйді немесе музыкалық шығарманы шашауын щығармай, әуен мен үнді үйлестіріп, тыңдарманның жүрек түкпіріне жеткізетіндей етіп басқара білу – бұл үлкен кәсіби өнер. Шамғон аға осы кәсіби дирижерлықтың негізін қалаған дарын иесі.  Ол кісі бұл қасиетті мамандыққа қол жеткізу үшін көп тер төгу керек екенін бірауыз сөзбен жеткізген адам. Оркестр алдында дирижер тұратын тұғыр «дирижер пульті» деп аталады. Шамғон аға «Дирижер пультіне бір аттап шығуға болады, ал сол бір аттау үшін қанша тер төгуің керек?» дейтін. 
    Оркестрді басқару бір басқа, одан бөлек дирижер сахна мәдениетіне де ерекше мән беру керек екенін бәріміз Шамғон ағадан үйрендік. Айталық, оркестрдің сахнаға шығуы, музыканттардың орналасуы, көрермендерге ілтипат білдіруі, жеке әншілердің ортаға шығып өнер көрсетуі және тағы да басқа сәттердің сахналық мәдениеті бар. Соның бәрі сақталуы керек. Ұсақ-түйек емес бұл. Шамғон аға осыны ұдайы айтып отыратын.
– Сөз реті келгендіктен сұрайын, кейбір әншілер «Оркестрмен ән айту қиын» деп айтып жатады. Мұның себебі неде?
– Бұл сауалға байланысты да Шамғон ағаның тәжірибесін алға тартқым келеді. Мәселен,  әнші әннің бір иіріміне келгенде созып немесе қысқартып жіберуі мүмкін. Сахнада мұндай жағдай көп болады. Сондай кезде әнші мен оркестр үндесіп кетуі керек. Ол үшін дирижер сергек болып, әп-сәтте, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, жұп-жұмыр етіп жіберуі керек. Шамғон аға осыған өте шебер еді. 
Жасыратыны жоқ, қазір әнді бұзып айтатындар, өздерінше түрлендіріп айтатындар көбейіп кетті ғой. Ондай әншілердің оркестрмен қосылып сахнада өнер көрсетуі қиын екені рас.
Жалпы, қазақтың кәсіби дирижерлік мектебі Ахмет Жұбановтан бастау алады ғой. Шамғон ағамыз сол кісінің шәкірті. Ісін жалғастырушы. Қазақстанда кәсіби дирижерлық мектептің қалыптасуына ерекше үлес қосқан дарынды, білімді тұлға. Өнер десе, музыка десе бәрін ұмытатын, жан-тәнімен берілетін, – деп  осындай бір  ерекше  сәттерді сүйіспеншілікпен еске алады Жалғасбек Бегіндіков.
Иә, Жұбановтың мектебін Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев жалғастырды. Олар – осы киелі өнердің алыптары. Қазақтың кәсіби дирижерлық мектебін қалаған сондай тұлғалардан тәлім-тәрбие алғанын Жалғасбек Бегіндіков әрдайым мақтанышпен айтады.
1993 жылы Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің шақыртуымен «Отырар сазы» мемлекеттік  академиялық фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары оркестріне ауысады. Бұл уақытта Жалғасбек Бегіндіковтің білікті дирижер ретінде қалыптасып қалған кезі. Сонда да болса алғашында аздап жүрексінді. Нұрағаңдай алып тұлғамен қатар өнер көрсету оңай болмаса да, атақты дирижерден үйренетіні де аз болмайтынын түсінді. Сырт көзге сұсты болып көрінетін Нұрағаның талабы мен тәлімі оны қайрады, алға жетеледі.
    – Шамғон Қажығалиев те, Нұрғиса Тілендиев те шығарманы оркестрдің орындауына дайындағанда нағыз дарын иесі екендіктерін еріксіз мойындауға мәжбүр болатын едік. Өйткені шығарманың шырқау биікке көтерілетіні соншалықты, керек десеңіз, авторларының өзі таңдай қағып, тамсанып жататын еді. Оған талай мәрте куә болдық. Нұрағаңның қатарлас досы Кенжебек Күмісбеков кейде өзінің шығармасын өзі танымай қалатын. Өйткені хас шебер Нұрағаң оның шығармасының бас-аяғын жұп-жұмыр етіп, шырқау шыңына шығарса, таңғалмағанда қайтеді? Міне, өнерге деген адалдық.
Кезінде Ахмет Жұбанов, Леонид Шаргородский туындыны оркестрдің нотасыз ойнауын қалыптастырды. Нұрағаң да осылай жасады. Біз де солай жасауымыз керек. Соңымыздан келе жатқан жас дирижерлардың да осылай жасағанын қалар едім. Негізі осындай мектептен өткенімді, Шамғон, Нұрғиса ағаларымнан бай тәлім-тәрбие алғанымды  әрдайым мақтаныш етемін, – дейді кейіпкеріміз.
Жалғасбек Бегіндіков ұстаздарының басқа да дирижерлық мектептерден тәлім алу жөніндегі ақыл-кеңесін жадынан шығарған емес. Үнемі ізденіп, білімін толықтырумен болды. 1987 жылы Ресейде, Жаңасібірде симфониялық дирижерлық тәжірибені профессор Арнольд Михаилович Кацтың класында өтеді. 1993-1995 жылдары опера-симфониялық дирижерлыққа байланысты аспирантураны профессор В.Д.Руттердің класы бойынша бітіреді. Осы білімі мен тәжірибесі Абай атындағы опера және балет театрында Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», С.Мұхамеджановтың «Ақан сері – Ақтоқты», Аданның «Жизнь» және тағы да басқа спектакльдерде дирижерлік жасау кезінде кәдеге асты.
    Ол Нұрғиса Тілендиевпен бірге бес жыл жұмыс істейді. 1998 жылы дарынды дирижер Нұрағаң дүниеден өтіп, Мәдениет министрінің бұйрығымен Жалғасбек Бегіндіков «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болып тағайындалады. Еңбегі зая кетпейді. Оркестрді академиялық деңгейге жеткізеді.
    – Қайталап айтсам артық болмас, дара дарын иесі Нұрағам да, ұлы дирижер Шамғон ағам да өзіндік мектебін қалыптастырған айрықша өнер адамдары еді. Біз осындай асқақ тұлғалардың шәкірттеріміз. Олардың жақсы істерін одан әрі жалғап, жалғастыруға тиістіміз, – дейді Жалғасбек Бегіндіков.
 Ол бұл сөзін ісімен дәлелдеп жүр. Шәкірттері жетерлік. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, дирижер, композитор Әли Алпысбаев, Атыраудағы Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің дирижері Рахила Құлсариева, Ақтау қаласындағы Абыл Тарақұлы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері Рахат Мәдіреев  және басқа да талантты шәкірттері Қазақстанның түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп, Жалғасбек Бегіндіковтің ісін жалғастырып жүр.                             
                                 
 

Ғалым Орынбасар
 

2601 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы