• Айтарым бар...
  • 24 Желтоқсан, 2024

Ой – орман, орман – қорған

Жәди Шәкенұлы,

жазушы

ҚАРАБАЙДЫҢ ЕЛЕСІ ҚАРА ЕРТІСТЕ КЕЗІП ЖҮР

Қазақ әдебиеті мен тарихының тамыры тым тереңде болып, бір ғасырдан бері біз оны қанша бұтарласақ та, ашылмаған сырлары әлі көп. Сол телегей теңіздің бірі «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры төңірегіндегі әпсаналар.
Арғы бет әдебиетінде де оқтын-оқтын тілге тиек етіліп қалатын бұл тақырып әлі де болса зерттеуді қажет етеді. Біз сол зерттеулерге мұрындық болар деген оймен Қарабайдың Қара Ертістегі іздеріне азырақ үңіле кетпекшіміз. 
Осы тақырып аясында алғашқы сөз қозғаушының бірі – жазушы, тарихшы Асқар Татанайұлы. Ол кісінің 1987 жылы Шыңжаң халық баспасынан жарық көрген «Тарихи дерек, келелі кеңес» кітабындағы «Беген шабылған Қарасеңгір оқиғасы» (89-бет) атты мақаласында мынадай жолдар бар:
«Атадан қалған аңыздарда Қарасеңгір Сарыбай ханның мекені делінеді екен. Сарыбай ханның бейіті ол кезде құлаған болса да, ескі орны бар болғандықтан осы жерді таңдап алған Беген бай: «Сарыбай ханның сансыз малы сиған жерге менің мың сан қарам неге сыймасын?!» – дейді екен». А.Татанайұлы секілді ескі көздердің қалдырған дерегі бойынша сол дәуірдегі Өр Алтайға жеткен қазақ көшінің қариялары: «бұл жерде Сарыекең жатыр еді» деп жер болған ескі төбелерге құран оқып еді делінетін.
Жалпы, Асқар Татанайұлы тарихи шындық тұрғысынан жалған дүдәмалға бармайтын кісі. Көргенін, естігенін әлденеше қарияның айтуы арқылы, ескі жазбалармен бекітіп, екшеп, сұрыптап көпке ұсынатын. Олай болса жоғарыдағы әңгіменің мәні де бар, дәні де бар.
Айтылымдардағы айырмашылық – бұл өңірді біреулер Сарыбайға, енді біреулер Қарабайға телиді. Екеуінің жасаған жері ретінде де айтылады.
Біз аңызға толы Алтайда туып өстік. Сол аңызды өлкенің ескі хикаясында сақалы беліне түскен ұлы кәрілер: «Қарабай Ертісті өрлей көшкенде, Баянның әпекелері «Қозы соңымыздан іздеп келсе белгі болсын» деп қонған жұрттарына білезігін тастапты. Енді бір көшкенде жұртына алқасын тастапты. Қазіргі Алтайдың Қабасындағы «Алқабек», «Білезік» деген өзен аттары содан қалған екен. Буыршын деген өзен аты да Баянның буыршынын әдейі қалдырған жер екен» деседі. 
«Қозы Көпеш-Баян сұлу» жырында:
«Баян қыз көк буыршынға мінді дейді,
Сол өлген кісіні алды да жүрді дейді» деген жолдар кездеседі. Мұндағы буыршын – түйе түлігі емес, Баян мінген жүйрік аттың есімі ретінде де аталады. Алтайдың Жеменей-Сауыр өңірінде «Қырық құдық» деген жер аты болса, Алтай қаласына қарасты Қызылжар өңірінде «Қырық құдық», «Қурайты» аталатын жерлер бар.
Көктоғай ауданының Тұрғын ауылының Шалғыр деген жерінде «Қозы Көрпеш-Баян сұлудың бейіті» аталатын жерге айналған ескі қорымдар бар. Аталған қос ғашықтың бейіті делінетін жердің басында құстың суреті салынған қос құлпытас тұр. Тастың бірі тік тұр, биіктігі екі жарым метр, жалпағынан көлденең ені қырық сантиметр. Қыр ені жиырма бес сантиметр. Әр қырына қазақтың сыңар мүйізді өрнегі айшықталып, жалпақ бетіне бес құстың кеудесінен жоғарғы суреті түсірілген. 
Бұл жайында Шыңжаңдық әдебиетші, ғалым Бексұлтан Кәсейұлы «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты кітабының 1-том (Шыңжаң халық баспасы, Үрімжі, 1996 жыл) 441-бетінде, сол маңда туып өскен, халық ауыз әдебиетін, шежіре-деректерін көп жиып, жадына сақтаған фольклоршы Рабхат Ниғыметұлының жоғарыдағы деректерді айта келіп: «халық аңыздарында Қарабай «жетім қалған Қозыға қыз бермеймін» деп Арқадан ауа көшкенде, жолда қатты жұт болады. Сол жұттан ығып, көше-көше байыздаған жері осы Шалғыр жайлауы екен. Осы маңдағы мазардың жанында тегінде қалың қайың болған. Оны жұрт «Белқайың» деп атайды. Қарабайдың қойшысының таяғынан өскен қайың деседі. Бұл арада «Қарабайдың бейіті» делінетін ескі мола да болған. Қазір осы арадағы су қоймасының астында көміліп қалды. Ол жылқының жал-құйрық қылын қосып балшық илеп жасалған, аса мықты бейіт еді. Біреулер кезінде оны шабамыз деп сайманның тісін батыра алмапты. Алтайдағы бес қыл бейіттің ең ескісі сол еді. Осы ауыл маңында «Шоқ қамыс» деген қамыс болған. Ол Қозы мен Баянның кезігіп тұратын тұрағы екен. Ауылдың батысында биік шоқыдан тай қазанның үлкендігіндей тас қазан тас ошақта асулы тұр. Жұрт оны «Баянды іздеп келгенде Қозы сол тауда жатып ет асып жеген қазан» дейді» дегенін тілге тиек етеді.
Кейіннен аталған құлпытастың фото суретін жариялаған, жазушы-зерттеуші Баяхымет Жұмабайұлы да бұл деректерді растай түсіп, 1940 жылдарға дейін жылқы қылы араласқан көне зираттың қасынан өткен адамдар, аттан түсіп құран оқып, жоқ дегенде: «Ассалаумағалейкум, Қарабай ата!» деп сәлем беріп өтетінін жазады («Шұғыла» журналы, 1986 жыл, 8-сан. 125-126 беттер).
Бір қызығы зерттеушілердің пайымынша аталған екі ескі кешен де түркі дәуіріне жақын келеді екен. Және де бұл хикаяны шертушілердің көбі оқиғаны қазіргі ШҚО өңірінен қарастырады. Тіпті қытай Алтайы деген күннің өзінде бір өзеннің – Ертістің бас-аяғы ғана. Бір-біріне аса шалғай емес. Аталған дарияның оң қапталындағы ат аяғы еркін жететін 500-600 километр аумақта болғанының баяны көп. Соған қарағанда аңыз бен ақиқаттың арасы да бір-біріне жақын келеді.     
Мен (Жәди Шәкенұлы) «Қаралы көш» атты тарихи роман жаздым. Осы кітапты жазу барысында өте анық болмаған, бірақ аңыз түрінде әркімдер жағынан қайталанатын бір ескі әңгімеге қайран қалғаным бар. Атап айтқанда, 1895-1900
жылдар шамасы Бөке батыр Жырғалаңұлы қазіргі ҚХР-дың Чиңхай өлкесіндегі Көккөлдің (моңғолдар: «Көкнұр», қытайлар: «Чиңхай көлі» деп атайды) бойына келеді. Сонда ескі әңгіменің елесін қуған кәрілер көл бойынан керегенің ескі сағақтарын тауып алады. Біреулер мұны: «Уақ Еркөкшенің елінен қалған екен» десе, енді біреулер: «Қарабай мен Сарыбайдың ұрқынан қалған белгі екен» дейді. Осы өңірге осыдан кейінгі келген көлемді көш Елісхан Әліпұлының бастауымен 1937-1938 жылдар болған. Сол көш бойында болған үлкендердің айтуы бойынша кей жерлерден тасқа қашалған ескі араб, шағатай үлгісіндегі жазуларды көргені сөз болады. Әлгі жазулар да: «Біз Қарабайдың ұрқы едік. Кейінгі ұрпағымыз осы елге сіңіп кетті» деген мазмұндағы сөздердің бар екенін аңыз етісуші еді. Тіпті сол өңірдегі тұрғылықты халықтар арасында: «аталарымыз өзге жұрттан келген мұсылмандар екен» деп Құран Кәрімнің қиқымдарын көрсеткені де көп айтылатын.
Осы жайлар сөз болғанда Қытайдағы жазушы Шәміс Құмарұлы: «Ақсайлық жазушы Қабылқақ Күлмесханұлының айтуынша сары ұйғырлардың ішінде қазаққа жақын бір руы бар екен. Олар өздерін біз Қарабай мен Сарыбайдың ұрқымыз дейді екен. Бір қызығы оларда қазақ сөзі дерлікке жуық таза сақталған екен» дегенді айтады (Ш.Құмарұлы «Әдебиет және шындық», 1999 жыл, Іле халық баспасы, Күйтүн. 186-бет).
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы:
Әзіреттің тауынан аса көшіп,
Шолақ қорған Қара көл жерге кетті, – дейтін жолдарды еске алсақ, тамыры белгісіз болған талай тарихтың сорабы көрінеді. Әсіресе, мұндағы «Әзіреттің тауы», «Шолақ қорған», «Қара көл» деген жер аттары қазіргі Шыңжаң аймағының Шыңжаңның солтүстігінен ұйғырлар мекендеген оңтүстік Шыңжаң өңіріне, одан ары 
Гансу-Чиңхай территориясына өтетін жерлерге меңзес келетіні кісіні қызықтырды. Гансу мен Чиңхайдың шекарасында «Қаракөл» деген көл аты да бар.
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу жырының» енді бір нұсқасында:
Дамыл аял көрмейді көзі терлеп,
Өзге жақпен жүре алмас малы кернеп.
Дамыл жоқ та, тыным жоқ көше беру,
Өне бойы жағалап Ертісті өрлеп» – деген жолдар бар. 
Жоғарыда ауызға алынған «Қаралы көш» романындағы оқиғалар мен  Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел» дерегі бойынша қазіргі Шығыс Қазақстан аумағынан Ертісті өрлей көшкен көш осы өзеннің басына дейін барып, одан оңтүстікке ойысып, Бәйтік, Қаптық, Баркөл, Құмыл өлкелері арқылы Тибет үстіртінің бауырына дейін жылжиды. Енді қараңыз, аңыздағы Қарабайдың көші де осы ізді тұспалдап тұрғандай. Толық айғақталмаған дерек бойынша Қарабайдың елі сары ұйғырлар арасына сіңіп кеткен болса, кейінгі қазақ көші осы жолды басып өтіп, Гималай асады. Үндістан-Пәкістан арқылы Түркияға жетеді. 
1950 жылдан кейін оңтүстік Шыңжаң өңірінің Шәршен, Шақылық, Лопнұр, т.б. жерлеріне әртүрлі қызмет бабымен барған көзі қарақты кісілердің айтуынша, өздерін «қазақтардың ұрқымыз» дейтін ескі ауылдардың тарпы көп болған екен. Бірақ тіл, салт-дәстүр жағынан жергілікті халықтарға барынша сіңісіп, ұлттық ерекшеліктерінің дерліктей жойылғанын айтатын.
Жырда Баянды іздеген Қозының алпыс күндік шөлден өткені баяндалады. Қазіргі Аякөз өңірімен есептегенде ол маңда ешқандай 60 күндік шөл жоқ. Алтай өңірінен қарастырғанда бірі «Құбының құмы» аталатын Жоңғар ойпатына, екіншісі Такламакан шөліне ұқсайды. Такламаканнан көрі Алтаймен қанаттас жатқан Жоңғар құмдығы шындыққа бір табан жақын.
Енді бір аңызда Өр Алтайға көшіп келіп құм жайлаған ескі ауылдың хикаясы шертілетін. Сол ауылдың бір жігіті түйе киіктің киелі бурасын өлтіріп алып, бүкіл ауылы зауалға ұшыраған екен десетін. Құм төбенің үстіндегі бураның басы неше күндей боздап, сол өңірді жайлаған ел торғайдай тозып, қырылатыны қырылып, ауатыны ауып кетіпті десетін сол әңгімеде.
Осындай     сан тараулы аңыз-әпсаналарға қарағанда, қалай да елдің Алтайға қарай қайта қоныстана бастаған 1760-1800 жылдарынан көп бұрын, мүмкін, бірнеше ғасыр бұрын, осы өңірде қазақтардың болғанын көрсетеді. Олар Сарыбай ауылы ма, Қарабай ауылы ма, ол жағы беймәлім. Алтай, Тарбағатай өңірі жоңғардың өтінде болғандықтан аталған көшпелі ауылдардың оңтүстікке қарай ойыса көшуінің де себебін жоққа шығаруға болмас. Біздегі қазақ хандарының алғашқы кезеңдерімен сабақтасатын бұл оқиғаның түпкілікті мәнінің өзі көптеген соны, белгісіз, жұмбақ тарихқа жетелейді.
Сол көп сауалдың бірі Қозыға жау болған Қодар кім? – деген сұрақ. Қытайлық қазақтанушы ғалым Су Бихай өзінің «Қазақ мәдениетінің тарихы» (Шыңжаң халық баспасы, 2005 жыл, Үрімжі, 691-бет) кітабында: «... Мұны естіген торғауыт батыры Қодар Баянды алу үшін Қарабайдың малын шөлден құтқарады» дейді. Демек, Қодар – моңғолдың торғауыт руының батыры болғаны. Олай болса қазақтар мен торғауыттар қай жерде қоңсылас отырды? – деген тағы бір сауал қылаң береді де, тағы да «төсекте басымыз бір, төскейде малымыз бір» болған ежелгі түркілік дәуір еске түседі. Осымен үндес тағы бір жай В.В.Радловтың «Қозы көрпеш-Баян сұлу» кесенесін моңғолдар салған болуы мүмкін деген дерегі. Тіпті моңғол дәуірінен көп бұрын салынған деген күннің өзінде ол тағы да тамырласқан түркі-моңғол дәуіріне тура келеді екен. Онан тереңдегенде де арғы бабаларымыз сахарада бірге жасаған һұн дәуіріне тіреледі.
Осындай ойлардың жүлгесінде, жоңғарлар «бізді қуды, қырды-жойды» деген заманның өзінде солардың малшы-қосшысымен қоңсылас қазақ ауылдарының аңыз бен ақиқат арасында өмір сүріп, еркін көшіп жүруі сынды тереңдей зерттеу таппаған тағы бір тақырып бой көрсетеді.
Жырдағы жер аттары ғана емес, салт-дәстүр, тұрмыстық өзгешеліктер мен діни наным-сенімдердің өзі індетіп ізденуді қажет етеді.
Енді жырдың жазылуы мен таралуына азырақ аялдай кетсек, оның халық арасында кең тараған түрлерін айтпаған күннің өзінде «жыр тарихта қазіргі Ертіс бойындағы Алтай, Тарбағатай өңіріндегі қазақтар арасында көбірек жырланған және таралған» (Б.Кәсейұлы «Қазақ әдебиетінің тарихы», 1-том. 408 бет. Шыңжаң халық баспасы, Үрімжі, 1996 жыл).
Қазақстан жағында да жыр хақында талай-талай еңбектер жазылып, жырдың 16 нұсқасы барлығы сөз болады. Кейіннен зерттеушілер оның санын 26-ға жеткізген. Көбі 1827-1900 жылдар аралығында ел аузынан жазып алынғандар. Жырдың жазылу мерзіміне аялдағанда біреулер оны 1550 жылдар төңірегінде жазылды десе, енді біреулер 1700 жылдар ішінен қарастырады. Енді біреулер ежелгі түркі дәуірінде туғанын айтады. Соншама көп нұсқалылығына қарағанда межелерді терістеудің де мүмкіндігі аз. Соның ішінде қазақ хандығы дәуірінің алды-артында туғанына да құрметпен қараған жөн сияқты. Аталған жыр әлемнің жиырма неше тіліне аударылып, біз түгілі шетел әдебиетшілері мен зерттеушілерінің де назарына ілігіпті.
Шыңжаң жағында жырдың Жанақ ақын жырлаған нұсқасы 1980 жылы «Шалғын» (4-сан) журналында жарияланған.
Жырды зерттеушілердің барлығы оны қос ғашықтың еркіндігін, теңдігін іздеген адал махаббаты және оның құрбандары тұрғысынан қарастырады. Шын мәнінде бұл жерде ежелден келе жатқан дала заңының бұзылуына деген қарсылық та бар еді. Анығын айтқанда һұн, түркі дәуіріндегі көшпенділердің қатал заңын бұзушы Қарабай қызын бесікте атастырған, жетім Қозыға бермей қашады. Уағданы – заңды бұзады. Осы жолда арпалысқан екі жас опасыздыққа деген қарсылықты өз өмірлерімен көрсетеді. Кіршіксіз махаббатқа ұмтылу ғана емес, ата-бабадан келе жатқан ескі салтты қорғап құрбан болудай екінші мәні бар. Мұнда ежелгі түркінің жазылмаған заңдарының алтын парақтары жатыр. Және де мұсылмандыққа, исламға саятын тұстары мен шамандық белгілері де аз емес. Тағы бір жағдай Қарабай Қозыдан тек қана қызымды алып қоймасын деп қана қашты ма дейтін сауал. Мүмкін, Сарыбайдың буаз маралдың киесіне ұшырап пәлеге жолығуын, діни тұрғыда да аса қатерлі «кие атқан», «жын жайлап, пері соққан» деген секілді қарғыс жайлады деп білді ме, кім білсін?!
Тағы бір назар аударарлық түйін Баянның күймесі немесе шатыр жапқан арбасы хақында. Ежелгі дәуір көшпенділерінің, соның ішінде қазақтардың ата-бабаларының «шатыр жапқан арбаға отырған ұлт» аталғанын еске алсақ, қазіргі Тарбағатай, Алтай тауларында сондай жолдардың сорабының әлі жатқандығында. Біздің ауылдың кәрілері оны «Әмірсана құңтайжының арба жолы» дей салады. Кеңдігі жағынан қазіргі даңғылдармен парабар сол жолмен киіз үйлі арбамен көшетін болған. Сол ескі жолдың сорабы қазіргі ШҚО өңірінен бастау алып, Ертісті қиялай өрлеп, Қытай Алтайын басып, Моңғолия жеріне өтеді. Алтай тауларындағы жартастарда арбаның суреті әліге дейін тұр. Бұл арада Қарабайдың сонша ұзақ жол басып көшуі, Баянның күймемен жүруі, әрине, даңғыл жолдың болғандығын көрсетсе  керек. 
Баяндалған барлық жайларға үңіле отырып, бұдан бұрынғы зерттеушілердің «рулық», «феодалдық», «ғашықтық», «таптық» терминдері төңірегіндегі зерттеулерін қайта қарастыру керек деген ой туады. 
Осының бәрін сабақтастыра келгенде, Қара Ертісті өрлей көшкен Қарабай ауылының елесін көргендей боламыз. «Аспанда құдай, жерде түркі» болған бағзы территориямыздың картасы көлемінде көшіп-қонын жүрген қазақ байы – Қарабайға таңданудың да қажеті болмас. Кеңестік дәуірдің илеуіне көбірек түскен тақырып болғандығы себепті, жаңа қазақтың, мұсылман түркінің көзімен қарау қажеттілігі де туындайды. Мұның бәрі зерттеушілердің мойнына түсетін ауыр жүк.  

ҰҚСАСТЫҚ ПА ӘЛДЕ ҮНДЕСТІК ПЕ?

Ұқсастық пен үндестік жалпы әлем әдебиетінде көп кездеседі. Оның кейбірі қаламгердің ішкі әлемі мен дүниеге қаратқан таным-түйсігінің ұқсастығынан туатын жан жақындығы. Енді бірі оқып-тоқу және аударма арқылы қабылданатын шабыттық сезім. Үшінші бір топтағылар біреудің жазған дүиесіне тікелей немесе жанамалай еліктей отырып, сонымен үндес, желілес шығарма жазады. Жоғарыдағылардың қайсысы болмасын әдебиетте белгілі еңбек жарата алса да, оқушысы оның шығармасындағы басқалармен болған ұқсастық пен үндестікті оңай аңғарады.
Айталық, Мұхтар Әуезов АҚШ жазушысы Джек Лондонның (1876-1916) «Ақ азу» атты әңгімесінің орыс тіліндегі нұсқасымен ертеде танысқан екен. Кейіннен «Көксеректі» жазды. Екеуіндегі оқиға желісі өте ұқсас келеді. Канадалық жазушы Эрнест Сетон – Томсонның «Винипет қасқырының» да оқиға желісі осы сарындас. Алайда М.Әуезовтікі көшірме емес, қазақ өмірінен алынған көксерек суреті, оның сол дәуірді астарлап айтпақ ойы – бәрі-бәрі басқаша өрілген.
Орыс жазушысы Н.В.Гогольдің 1834 жылы жазған «Жындының жазғандары» немесе Испания жазушысы Сервантестің «Дон Кихоты» қытай жазушысы Лу Шұнның «Жындының жазғандары» («Есалаңның естелігі»), «АQ-дің ресми өмірбаяны» шығармаларында ұқсастық көрінісін табады. Алайда бұл да көшірме емес, Лу Шұн оны қытай қоғамымен байланыстырып, әрлеп, ұлттық бояу беріп мүлдем өзгеше жаңғыртады.
Михаил Шолоховтың «Тынық Донындағы» кейбір бейнелердің Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен терінде» қайталануы, Эрнест Хемингуэй шығармаларының кейбір белгілерінің Шыңғыс Айтматовтан табылуы, Шыңғыс Айтматов шығармаларында кезігетін жан-жануар, аң-құс өмірі арқылы берілетін шығарма құрылымдық ерекшеліктердің Шыңжаңдық жазушы Жұмабай Біләлұлын да кезігуі сынды ұқсастықтар мен үндестіктерге мысал көптен табылады. Алайда, барлығы да көшіріп алушыдан көрі, шабыт, алушыға, еліктеушіге көбірек ұқсайды да, өзгеше қырмен өрнек өреді. Өзгенің озық дүниесінен нәр, өнеге ала отырып, өз ұлтының әдебиетіне ерінбей еңбек етеді. Және де өздері діттеген мақсаттарына жете білгені көрінеді. Әлемдік әдебиетте көп ұшырайтын бұл құбылысты құлағынан тізе берсек, қаламға ілінер қаламгер саны аз болмайды.
Біз жоғарыдағы мысалдарда прозалық шығармаларға көбірек үңілдік. Ал поэзияға келер болсақ, оның ұқсауы да, еліктеуі де, өнеге тұтуы да оңай сияқты. Бастысы жанрдың көлемдік жағындағы шағындығынан да болса керек. Кейде, өлеңде «Махамбетке еліктеу», «Абайға еліктеу» сынды тақырыптарда ұшырайды. Бұған сөгіс жоқ. Мысалы: Лермонтовтың «Байронға еліктеуі», Некрасовтың «Шиллерге еліктеуі».
Осындай мысалдарға назар сала отырып, Шынжаң жағында жарық көрген Нұрсапа Аманжоловтың «Болсаң» өлеңі мен Мұқағали Мақатаевтың «Махаббат диалогы» өлеңдерін де мысал ретінде көрсетуге болады.
 Нұрсапа Аманжолов – 1950 жылдардың ортасында «Шетен қыз туралы аңыз» (баллада), «Дала табиғаты» (желілес өлеңдер) сынды көптеген тартымды лирикаларымен, баллада, поэмаларымен танылған Шыңжаңдағы алғашқы ақындардың бірі болған. Сол кезде «Дала жазы» атты өлеңдер жинағы да басылып шыққан екен. Оның «Болсаң» атты өлеңін оқиық:

Найзағай болсаң, мөлдір нөсер едім,
Ақша бұлт болсаң жел боп есер едім.
Арнадан аунақшыған толқын болсаң,
Жағаңда жапырақ боп өсер едім.
Шыңдағы болсаң бұраң шынар өрім,
Бұлбұл боп бұтағыңа шығар едім.
Жап-жасыл жан баспаған бақша болсаң,
Шық болып моншағыма шылар едім.

Ай болсаң түн сұлуы, көк еркесі,
Жұлдыз боп қарсы алар ем келер кеші.
Таң болсаң, тау болар ем заңғар биік,
Түспейтін әзәзілдің көлеңкесі.
(«Шыңжаң әдебиет искусствосы», қазіргі «Шұғыла» журналы, 1956 жыл 9-сан, 25-бет).
Осы жолдарды оқып отырғанда еріксіз Мұқағали Мақатаевтың «Махаббат диалогы» деген өлеңі есіңізге оралады. Ол өлеңнің толық мәтіні төмендегідей:
– Құс боп ұшып жоғалсам не етер едің?
– Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.
– Отқа түсіп өртенсем не етер едің?
– Күл боп бірге соңыңнан кетер едім.
– Бұлдырасам сағымдай не етер едің?
– Жел боп қуып ақыры жетер едім.
– Қайғы әкелсем басыңа не етер едің?
– Қойшы сәулем бәрін де көтеремін.
Жыл мерзімінен қарағанда Нұрсапаның өлеңінің бұрын жазылғандығының негізі басым. Алайда Мұқағалидай шалқар шабыт иесінің осы өлеңді өзгеше түрлендіріп «көшіріп» алуы тіптен мүмкін емес. Екеуі де екпінді жырдың иесі, ауыздықпен алысқан арда өлеңнің жалына жабысқандар. Сондықтан да мұндайға келгенде ұқсастық па, әлде үндестік пе? – деп біз де аң-таң боламыз, оқырман да аң-таң болады. 
Жоғарыдағы біз келтірген бірер мысал тұтас әдебиетке өкілдік ете алмайды. Көзімізге түсіп, көкірегімізді толқытқан ой үзіктері ғана. Арамыздан жалаң еліктегіш жастар табылып жатса, оларға алдын ала дабылды ескертулер жасағымыз келеді.  
Әдебиетте ұқсастық пен үндестік болып тұрады деп жұбаныш іздесек те, соныға із салып, өз соқпағыңды даңғылға айналдырғанға не жетсін деген оймен сөзімізді аяқтаймыз.

АБАЙДЫҢ ҚЫТАЙША СӨЙЛЕУІ

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» – Абай біліп айтқан десек, жұрт: «білмей айтқан сөзі бар ма?» дейтін шығар. 
Әуелі аят, хадис – сөздің басы,
Қосарлы бәйітсымал келді арасы.
Қисынымен қызықты болмаса сөз, 
Неге айтсын Пайғамбар мен оны Алласы.

Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын,
Қазақтың келістірер қай баласы?!.
Абай әлемге жол алуы үшін, жол ашуы үшін, «өлмеуі үшін» «қисынды, қызықты сөз» іздеді, тапты. «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» армандады, жетті.
Оның бір ғана мысалы Абайдың миллиард қытайға жетуі – «қытайша сөйлеуі». Қытайдағы қазақтар арасына Абай өлеңінің жетуі 1909 жылғы алғашқы жинағы жарық көргеннен кейінгі жылдарда екені белгілі. Ал, қытай тіліне аударылуы өткен ғасырдың соңғы жарымында, бертінде ғана жүзеге асты.
Абайды қытайға алғашқы танытушы қазақ емес. Онсыз да «қазақтан оңбай таяқ жеген» Абайдың бізге деген өкпесі қара қазандай шығар. Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін хан тіліне алғашқы тәржімалаушы Қытай еліндегі сібе ұлтынан шыққан Қабай. Шын есімі Ха Хуанжаң. Ол 1928 жылы ҚХР Тарбағатай жерінде туған. 1950 жылы ШҰАР инситутының орыс тілі факультетін бітіріп, 1973 жылға дейін Іле аймағының Күнес, Нылқы аудандарында әр- түрлі қызметтер атқарған. 1973 жылы Бейжіңдегі «Ұлттар баспасында» редактор, аудармашы болып жұмыс істеген. Қытай, орыс, қазақ тілдерін толығынан меңгерген.
Қабайдың Абайды аударуы 1950 жылдардың орта кезінен бастау алады. 1955 жылы ол Абайдың «Ескендір» атты поэмасын қытай тіліне аударып, Бейжіңде шығатын «Аудармалар» (8-сан) журналында шығарған екен. 1958 жылы Абайдың поэмаларының аудармасын топтап, «Абай дастандары» деген атпен «Халық әдебиеті баспасынан» кітап етіп шығарады. Сол жылы Үрімжіде шығатын «Тәңір тау» (8-сан) журналына «Қазақтың ұлы ақыны – Абай» деген мақаласын қытай тілінде жариялайды.
Осыдан кейінгі қытай қоғамында жүрілген «ұлтшыл-оңшылдарға қарсы күрес», «мәдениет төңкерісі» сынды қозғалыстар Қабайдың Абаймен айналысуына мұрша бермеді. Қытай қоғамындағы жылымық жылдары ол Абайды қайта тапты. 1982 жылы «Абайдың таңдамалы өлеңдерін», 1984 жылы «Абайдың қара сөздерін» жеке-жеке Шынжаң халық баспасынан қытай тілінде кітап етіп шығарды. 1993 жылы Абайдың 150 жылдық тойының қарсаңында «Абай шығармаларының толық жинағын» қытай тілінде аударып-дайындап, Бейжіңдегі «Ұлттар баспасынан» шығарды. Жинаққа Абайдың 168 өлеңі, 3 поэмасы, 45 қара сөзі, «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» атты еңбегі кірді.
Қабай ендігі жерде М.Әуезовтың «Абай» және «Абай жолы» еңбектерін тәржімалауға кірісті. 1997 жылы «Абайдың» 1-томы Бейжіңдегі «Ұлттар баспасынан» қытай тілінде жарық көрді. Ол мұнымен тоқтап қалмай, 1995 жылы қыркүйекте «Ұлттар баспасынан» «Абайды зерттеуге арналған мақалалар жинағын» қытай тілінде шығарды. Аталған жинаққа Абайтануға қатысты Қазақстандық қаламгерлердің еңбегі кірумен бірге өз тарапынан жазылған 14 мақаласы да енген.
Қабай аудармаларынан кейін де Абайды қытай тіліне аударушылар көбейе бастады. Абай қара сөздерін қытайдағы дұңзу ұлтынан шыққан жазушы, аудармашы Су Жоушиұң орыс тіліндегі нұқсқасынан қытайшалады. Әрі Абайға арнаған мақалалар жазып жариялады. Оның аударма нұсқасын қазақ жазушысы Әкпар Мәжитұлы қазақ тіліндегі нұсқасымен салыстыра отырып, редакциялап, өңдеді. Бұл аударма аталған екі қаламгердің тәржімасы ретінде «Ұлттар баспасынан» 1995 жылы қазақ-қытай қос тілде бір кітап болып жарыққа шықты. 
Бұдан басқа қазақтанушы қытай ғалымы Су Бихай өзінің «Қазақ мәдениетінің тарихы» аталатын еңбегінде «Қазақтың осы заманғы көрнекті ақыны – Абай» деген тақырыппен Абайдың өмір жолы мен шығармашылығына арнайы тоқталып, өте жоғары баға берген. Аталған кітап 1989 жылы Шыңжаң университетінің баспасы жағынан қытай тілінде, 2005 жылы Шыңжаң халық баспасынан қазақ тілінде жарық көрген. Айта кетерлігі, Су Бихай өмірін қазақ халқын қытайға танытуға арнаған үлкен ғалым. Оның аталған еңбегіне қазақ тарихына, қазақтың мәдениет тарихына қатысты көптеген құнды зерттеулер кірген. 
 Соңғы кездері Мұқағали Мақатаев бастаған қазақ ақын-жазушыларын қытай тіліне тәржімалаумен аты шығып жүрген қытайдағы көрнекті аудармашы, жазушы Қайша Табаракқызы М.Әуезовтың «Абай жолын» қытай тіліне аударып кітап етіп шығарды.
Қазақ тарихы мен әдебиетіне қатысты болған қытай тілінде жарық көрген еңбектердің көбінде Абай есімі мен еңбектері аталады. Абай Құнанбайұлының есімі «Қытайдың ірі сөздігі» аталатын энциклопедиялық томға да кірді. 2014 жылы 20-наурызда Абайдың ескерткіші ҚХР-ның орталығы Бейжің қаласында Чауиаң саябағында бой көтерді. 
Сөйтіп, бұл күндері миллиардтар еліндегі қалам ұстаған қауымның басым пайызы қазақтың Абайын танитын болды. Қытайдың қазіргі төрағасы Ши Жинпиңнің өзі 2015 жылы Астана сапарында Назарбаев университетінің студенттеріне дәріс оқыған кезінде және 2018 жылы Қазақ басшысы қытайда іс-сапарда болғанда Абайдың 37-қара сөзін жатқа айтып, жұртты таңғалдырғаны бар.
«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», «Қисынымен қызықты болмаса сөз, неге айтсын Пайғамбар мен оны Алласы», «Іші алтын сырты күміс сөз жақсысын, қазақтың келістірер қай баласы?!» дейтін Абай құдіреті осылайша тағы бір мәрте өзін танытты. Алладан келген құдіретті сөз өнері Пайғамбарымыз арқылы адамзатқа, Абайға жетіп, өлмейтін өнегесін берді. Абай осылайша өзі іздеген жұмбақ, сиқырлы, «дертпен тең» сөз киесінің кілтін тауып, «адамзаттың бәріне бауырым деп» ұсынды. Тарих бетінен, адамдар жүрегінен мәңгілік орын алды.

«ҚҰБА ДҮЗДІҢ ҚҰЛАНЫ» ЖӘНЕ АСҚАР МЕН МАҒАЗДЫҢ ШЕРІ

1989 жылы Үрімжі қаласына барып, Шыңжаң оқу-ағарту инситутына оқуға түстім.
Дәл осы шақ Бейжіңде, Үрімжіде «19 мамыр» оқиғасын еске алған демократияшылдар қозғалысының дүмпулері туған кезең еді. Әрі сол жылы жазушы Қажығұмар Шабданұлы «шетел тыңшысы, отан сатқыны» ретінде қамалған болатын. Үрімжі қаласында, әсіресе біз секілді жаңадан барғандарға, арнайы ашылған көрмелер көрсетілді. Соның ішінде «Қажығұмардың пайдаланған тыңшылық құралдары да» көрсетілген. Енді-енді ес жиып, етек жауып, көз жасын құрғата бастаған Шыңжаң зиялыларына бұл жағдай айтпаса да түсінікті рухани соққы болып еді.
 Сөйтіп, қаламгерлер қауымы тағы да «бір елі аузына екі елі қақпақ қойып» абайлап сөйлей бастады. Бұл расында зиялылар басындағы рухани бұғау болатын. Саяси сақтық пен қысым осылайша күшейіп тұрғанда «жоспарлы туыт» аталатын саясат та бас көтерген-ді. Анығын айқанда ханзу ұлты бір, аз санды ұлттар екі баладан артық бала көрмейді. Ауылды  жерлерде үш бала алуға болады. Көтеріп қалса, зорлықпен түсіреді. Бұл саясат та аз-шағын ұлттарға, соның ішінде қазақтарға көптеген қыспақ әкелді. Тіпті туудан шектелу жолын білмейтін жас келіндердің іштегі баласын мезгілсіз түсік қылдырып, жылап туған сәбиді суға тұншықтырып өлтірген сұмдықтар да белең берді. Бұл да манағы ұлт зиялыларының шарасыз, міскін күйімен қанаттасқан, қабаттасқан қасірет еді. 
Осындай қыспақ кезінде, яғни, 1989 жылы кеңес одағы мен Қытай арасында жылымық туды. Екіге бөлініп, қан жылаған туыстар қайта көрісу мүмкіндігіне ие болды. Роза Рымбаева және «Арай» ансамблі Үрімжіде концерттік сапарда болды. 1991 жылы тәуелсіздік жарияланбай тұрып-ақ, елдің Қазақстанға деген елеңдеуі басталды. Бірақ, жол жоқ еді. Арманы болғанымен дәрмені жоқ, «ұшарға қанаты жоқ» зарлы күйде болатын.
Аталған алмағайып күндердің ой тоғыстыруымен менің қаламымнан «Құба дүздің құланы» атты шағын баллада туды. Толық мәтіні төмендегідей:

Қағырлы алап сағымы елес пе еді? 
Жұпар лебі даланың неге еспеді?
Жортқан мынау жапанның жандысына,
Қай қылығы тағдырдың егескені. 

Бұйрат құмдар бұйыққан мылқау дала,
Көз ұшында көлбейді шырқау дара.
Шақырмайды шалқар көл жағасына,
Неге құшақ ашпайды бір Тау – ана.

Аспанында аңдыған құс қыраны,
Жанарында мергеннің сұсты жаны. 
Құрсағында тың тірлік бұлқыныста,
Құлағында оқ үні ысқырады.

Бұлаң қағып шықпайды қосағы алдан, 
Тұра алмайды тұсалған жоса қаннан.
Жапан кезіп келеді жалғыз құлан,
Тасалаған, талыққан, бошалаған.

Кең даланың кесікті тарлығы ма, 
Тарлан көңіл, талды аяқ, қалды мұңға.
Жаутаңдайды қос жанар, жоқ жанашыр,
Қақтап барад қара жер – жалын құм да. 

«Қинадың», – деп, – «ана жан, мұнша 
мені!», – 
Тепкілейді құлыны тұмса енені.
Қысып жанын, тынысын тарылдырып, 
Құлазытып жүрегін құмша егеді. 

Беу, құлыным, тыныш жат асықпа сен, 
Жапан дала – жалпақ шөл басып келем.
Бұл тірліктің несіне құмартасың, 
Көз бен сұқтан сені алып қашып келем!

Әурелеме құлыным, теппе мені,
Талай тірлік текке кеп текке өледі.
Қызығың не, қызыққан ғұмырың не?
Көресің ғой тағдырдан шекте мені!

Тірлігіңнің тілегін, біл ертеңін, 
Адамға олжа – бізге олжа күнелтер күн.
Енең таппай еш пана жортқанында,
Қайдан, қалай, сен мейір тілер едің?

Серік алып жаныма нұр сағымнан,
Құба түзде келемін құм сабылған. 
Жатқан жерің жаннат боп есептелсін,
Бұл даланы кең көрме құрсағымнан...  

Құба дүздің соны ойлап кер құланы,
Құлынына іштегі шер қылады. 
Тумау жөн бе, толса күн, туса үміт,
Бірақ, бірақ...
Белгісіз жер тұрағы. 

Ну орман ба, онда да ор қазулы,
Тау іші ме, онда бар зор азулы.
Көл бойында жүр мерген мылтық асып, 
Қағыр жондар тек қана құлазулы. 

Жас па, қан ба, қос жанар боталады, 
(Артта қанша біле ме жота қалды?)
Оңай екен даланың құлазуы, 
Қиын екен көңілдің жұтамағы. 

Дариға-ай, болат тұяқ не кешпеді, 
Жеңіл күнде жанары неге өшпеді.
Қайтер екен іштегі құлын жаны, 
Көз алдына шын өлім елестеді...
Балладаны сиясы кеппеген күйде «Шұғыла» журналының редакциясына жолдадым. Көп өтпей журнал ұжымы мені шақыртыпты. Онда редактор, ақын Сәли Садуақасұлының кабинетіне бас сұқтым. Ол кісі аталған балладаның қандай мақсаты, артқы көрінісі барлығы жөнінде егжей-тегжейлі сұрай келіп:
– Мұның бәрін сұрап отырғаным, өткен жылы Асқар Татанайұлының «Жоңғар жарнамасы» деген толғауын басамыз деп басымыз пәлеге қала жаздап еді, – деп біраз әңгіме қозғады. Айтпағы, қазіргі саяси жағдайларға байланысты партияның газет-журнал, баспасөзді қадағалап отыруы мен олардың «шиқанына тиетін» дүниелерден сақ болу керектігі жөнінде болды.
 Мен сол кездегі студенттік өмірдің сақтығымен өз шығармамда ешқандай астарлау, «бөтен көзқарас» жоқ екенін айттым.
 Сөйтіп, Сәли аға менің сөзіме сенді ме, әлде, расында «саяси астар» жоқ боды ма, әлде батылдық танытты ма, «Құба дүздің құланын» жариялауға уәде берді. Уәдесінде тұрып, шығарма 1991 жылы мамырда «Шұғылада» жарық көрді. Аңысы да жаман болмады.
Енді, А.Татанайұлының бұрын оқып көрмеген «Жоңғар жарнамасына» назарым ауды. Шыңжаңда «Жоңғар ойпаты» – «Жоңғар құмдығы» деген жер аты бар. Жоңғар даласы Шыңжаң өлкесіне қаратылып, жалпылық атау ретінде де айтылады. Сол дала хақындағы Асекеңнің толғауын тауып алдым. Оқыдым, толқыдым.

Жоңғар талай шаңдады,
Ұлы дүбір – тасырдан.
Тарғыл-тарғыл тасында,
Талай қан бар шашылған.

О, сары жон, сары дала,
Аңың қайда жүгірген!
Айрылыпсың гүліңнен,
Айрылыпсың түріңнен.
Қаралы бір жандайсың
Адамдардан түңілген.
Суық түспен қарайсың,
Апырау сен қалайсың?!

О, сары жон, сарғайып,
Қаламын ба демейсің,
Бара жатыр мүжіліп,
Жасыл дала, егей шың.
Орманыңа таласты,
Қорғаныңа таласты,
Алдағыңа таласты,
Арманыңа таласты,
Сенің ыстық қойныңа,
Суық қолын салады.
Жамылғыңды ап жап-жасыл,
Жалаңаштап барады...
Не айтасың заманға?
Не айтасың ғаламға?
Не істейсің, не дейсің, 
О, сары жон, егей шың!..., – деген жолдар бар еді онда. (Бұл толғау 1988 жылы жазылып, «Шұғыла» журналында жарияланған. 1991 жылы ақынның «Азамат үні» жинағына кірген).
 Мен «Құба дүздің құланын» жазғанда қытайлық цензурадан қорғалап, ұлт зиялыларының тағдырын, жоспарлы туудың қасіретін шағын балладама сыйдырған болып едім. Ендігі ұрпақтың ертеңі жанымды мүжіп, күйзеле күңіренген шарасыздықтың суретін жасағым келген. 
«Жоңғар жарнамасын» оқығаннан кейін, мен ғана емес аталарым мен ағаларымның да қабырғасын қайыстырып, ішін қайнатқан талай шерді аңғардым. 
Дәл қазіргі Қытайдағы қазақтардың, Шыңжаңдағы шағын ұлттардың қасіретін көз алдыңызға келтіре отырып: 
Орманыңа таласты,
 Қорғаныңа таласты,
Алдағыңа таласты,
Арманыңа таласты,
Сенің ыстық қойныңа,
Суық қолын салады.
Жамылғыңды ап жап-жасыл,
 Жалаңаштап барады...
Не айтасың заманға?
 Не айтасың ғаламға?.. дегенді қайталай оқысаңыз, көкірек көліңіз тағы да шайқалады, тұмандайды, қасірет, шер қалыңдай түседі, қабындай түседі.
Шыңжаң зиялыларының ауыр тағдырының шерлі мысалы ақын, жазушы Мағаз Разданұлынан да табылатын. 1970 жылы жазықсыз жалаға ұшырап, өзінің 20 жылға сотталғанын естігенде ақын:
Ер жасып мұңая ма ажырғыға,
Немене ауыр бейнет сабырлыға.
Жеті мың үш жүз түннің баста ұйқысын,
Жайлап сал төсегіңді абыржыма, –  деп кете барған екен. Бұлт айығып, ақталып, ауылына қайта оралғанда:
Сәлем саған Алтайым,
Тентегің сонша сағынды.
Жоғалып кеткен бір тайың,
Тарландап барып табылды, –  деп ағынан жарылыпты. 
 Кейіннен, яғни, 1994 жылы шілдеде Алтайдың Буыршынының әйгілі «Үштас» жайлауында өткен Алтай аймақтық 10-реткі ақындар айтысында Мағаз Разданұлының өз аузынан да талай жыр тыңдап едім. Соның бірі «Туған жер» аталатын өлеңі. 
Онда:
Алтын ба туған жердің топырағы?
Күміс пе талдарының жапырағы?
Мұжылған молалардың құлағында,
Алтайдың ақ иығы отырады,  – деп толғайтын ақын.
Кеңестік қызыл империяның қылышын жалаңдатқан кезіндегідей, қытайлық қызыл саясаттың бораны соғып тұрғанда ақын-жазушылар амалсыздан астарлап жеткізу, басқаша бейнелеу тәсілін қолданатын еді. Ашық жазған дүниені баспа да, заман мен заң да көтермейтін.
 Уақыт өтті, заман аунады. Қытайдағы тар заманда – «мәдениет төңкерісінде» оңбай таяқ жеген, шерлі көкірек қариялар бүгін жоқ. Асқар мен Мағаздың да арамыздан кеткеніне ұзақ жылдар болды. 
Дегенмен де, дәл бүгінгі күні Қытайда сол «мәдениет төңкерісінен де» ауыр тағы бір «мәдени емес төңкеріс» туды. Халық қан жылады, аузына қақпақ қойылған, басына тоқпақ ойнаған шағын ұлттар құлдыққа итермеленуде. Ежелгі мекеннің еңсесі түсіп, ертеңі бұлдыр тартты. Таулары бұғып, тағдыры тұманданды.
Енді, Арқадан алысқа, мұнарлы белдер мен бозғыл көкжиектің көмескіленген шалғайына мұңдана көз тастап, Алтайды іздеймін, ағаларды іздеймін.
 «Жоңғар жарнамасын» оқып тұрған алып Асқар да, «туған жердің тұғырында» отырған маңғаз Мағаз да жоқ. Олар бір рет «тозақ отынан» тірідей құтылып еді. Екінші «тозақты» көргілері де келмеген шығар. Бізден алыс, бейіштің төрінде шалқыды. 
Тек көз алдыңа қаңыраған, қан жылаған жоңғар даласының жетім жоталары келеді; бабалардың бағзы мекеніндегі мұжылған молалардың құлағында отырған Алтайдың ақ иығы келеді. Ұрпағын, ішіндегі құлынын қайда апарарын білмей, жан ұшыра шауып жүрген Жоңғар төсіндегі «құба дүздің құланы» келеді көз алдыңызға. 
Қос тамшы – жанарыңның бұлағы төмен сырғиды.
 «Туған жер, туған жер!..» деп әлденеше рет күбірлегеніңді де білмейсің. Мұның аты – жүрек шері, ғасыр қасіреті!
 

2607 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы