• Айтарым бар...
  • 24 Желтоқсан, 2024

ТОЛҒАТҚАН ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Нұрбек Нұржанұлы

Самсун қаласына ұшақ келіп қонды. Ескендір жалғыз сөмкесін асынып алып Роза жіберген уатсаптағы хабарлама адресі бойынша аялдамаға қарай аяңдады. Күткен автобусы да дер кезінде келіп жетті. Күздің қара суығы өне-бойын шымшылап жайсыз күйге түсіргені болмаса бәрі дұрыс. Былғары күпісінің жағасын көтеріп, барынша желден қорғанғанымен суық ызғар дес берсін бе, оның мойнынан кіріп арқа жонын қытықтап барады. Ішіне суық жылан кіріп кеткендей. Түркияға жұмысқа келген бұл бүгінде Анталия қаласының 3 жұлдызды қонақ үйінің уақытша әкімгері болып қызметке орналасқан. Өзінің жеткіншек шақтағы жақын бір танысы осы елде докторлық оқып жатқанын естіп, хат алмасып, хабар-ошар біліскен. Ақыры, міне, елде жүздесе бермейтін жандар шетелде бірі күтіп, бірі келген күйі осы. Роза, иә осы есімді атаған сайын оның көз алдына жаздың мамыражай кеші, ойсыз жастық пен алғашқы махаббаты есіне түседі. Одан бері қаншама жылдар өтсе де сол бір жазғы демалыс бұның есінде анық сақталып қалған. Бұл автобус терезесінен қарап отырып өзінің өткен өмірін көз алдына елестетіп бара жатты. Қазір аздан кейін кездесетін Розаның, бірнеше жыл алдыңғы өмірі, бейнесі көз алдына бейнелене қалды. 
Ескендір  тоғызыншы сыныпты бітіріп, өзін ересек адамдар санатына жатқызғаны сонша жүрісінен, даусынан өзімшілдіктің иісі аңқып тұратын. Одан қалды иықты, жұмыр денесі де оны өз жасынан әлдақайда ересек көрсететін. Танысқандары бұның жасын ести сала таңдай қағысып жатса, кейбірі әжуасы болар деп илана қоймайтын.  Ол аздай жазғы каникулда жұмысқа да орналасып алған-ды. Мұнысын тіпті мақтан көреді. Әрине, ішінде ата-анасына масыл болмай өз киімі мен өз тамағын тауып жатсам деген ойы да. Бірақ, қатарластары бұның жұмыс істейтінін естіп бірі ақшадан қысылып жүр деп мүсіркеп қараса, енді бірі қандай батыл азамат жұмыс істейді деп қызыға қарады. Дельфин деп аталатын аквапаркте балаларды қайықтарға отырғызып соларды қадағалап тұрады. Содан тапқан күндік пұлдың он пайызы  қалтасына түседі. Бассейнде жүрген бұған мұнда жұмыс істеу оңайға соқпағаны рас. Қайда қараса да шомылып жатқан қыз-келіншектерден қымсына түсетін. Нәпсісін қытықтаған қу сезім мұның жанын жегідей жеп, іштей кеміріп жататын. Ондайда от боп өртеніп тұрған тәні бой бермеген соң шыныдай мөлдіреп тұрған бассейнге қойып кетеді. Бір сергіп алады да осылайша есін жинап алады. Қауыздағы су бетіне түсіп тұрған күннің шағылысы айналадағы өткен-кеткеннің көзін қарықтыра түсті. Ескендір таңнан бері қалтасына түскен ақшадан өзіне тиесілі деген аз-маз тиынын есептеп, түскі асқа «Гиппо» бургер дүкенінен екі чизбургерге тапсырыс береді. Онысы он-он бес минутта келген соң, асықпай шизлонгқа жайғасып отырып түскі асын ішеді. Сондайда ойында ештеме жоқ бейқам халде күнделікті тірлігін бір сарында қайталап осылайша жүре беретін-ді. Ал бүгін ше? Бүгін өзіне не болғанын дөп басып айтуға себеп бар. Себебі кеше кешкісін бұл туратын ғимараттың бір пәтеріне бір бикеш басқа қаладан қыдырып келіпті. Иә, сонымен аулада танысқаннан бері  ұйқысы бұзылып, бүгін міне, түскі асын тәбетсіз ішіп отыр. Көкейінде екі ой. Екі түрлі сезім. Бірі бақыттан басы айналып отырса, енді бірі қолы жетпестей арман болып көңілін түсіріп отыр. Әрі бұны менсіне қояр ма екен деген қорқыныш та жоқ емес. Ағаштардың бұтақтары қауғалап, самала жарықтардың бағаналары төніп  тұрған аулада тұмса табиғаттың нақ өзіндей болып, ол үй подьезінен шыққан бетте бұның есіне ең алғаш оралған ой: мен мерт болдым деді. Расында оның қобалжығаны сонша аяқ-қолы дірілдеп, не істерін анық білмей сасып қалған-ды. Бұрыннан араласатын құрбы қыздың бөлесі екен. Оны енді байқаған жігіт аман-саулық сұрасқан соң танысып-білісе бастады. Осылайша араларындағы әңгіме-дүкен өрби берді. 
– Ескендір, сен сонда турникке бұлайша шебер тартылуды қайдан үйрендің? – дейді әлгі Роза бұның намысқа тырысып тартылып жатқанына таңдана қарап. Ол білеудей бұлшық еттерім көріне түссін, одан бетер таңғала түссін дегендей одан бетер әдеттен тыс көп тартылып алып жерге турниктен айналып түрлі тәсілдер көрсетіп барып бірақ түсетін. Роза бұның бұл әрекеттеріне таңғалған сайын бұл іштей масаттанып, тағы не істесем екен деп ойлана қалатын. Бірақ қол-аяғы шыли көп жұмсалғандықтан құрысып ауырып қалған соң, бір жағынан қызға білдіртпей, екіншіден демалып алайын дегендей дамылдай тұратын. Аздап демалып ала салысымен:
– Бала күннен спортқа жақынмын. Саулық – спортта, – деп қайта турникке секіреді де тартыла жөнеледі. Осылайша бұл қыз көзіне барынша жақсы көріну үшін қолдан келген бар өнерін салып бақты. Бұндайда адам өзгеге жақын көрінемін деп өзінің шын болмысын ұмытып қалатын болса керек. Қыз да кетары емес екенін білген соң тіптен өз өзіне деген сенімі ояна түсті. 
– Ескендір, жұлдыздар осы неге алыста?
– Сенің қарашығыңдағы жұлдыздар ма?
– Қумашы... – дейді сықылықтап күліп бұның иығынан итере. 
– Жалпы сұлулық атаулы алыста болғаны дұрыс шығар. Ол сонысымен сұлу, сонысымен бағалы. Ал жуықтап кетсе қадірі қашып, кірленіп қалатын болса керек.
Ескендір автобус аялдамасынан түсті де төменге ылдилады. Самсун қаласының қысынан күздің  салқыны еседі. Алыстан теңіздің шуылы құлаққа талып жетеді. Үй-үйлердің тротуарлары мен көшенің хақ ортасында тізілген әскер секілді өскен пальма, мандарин және лимон ағаштарында есеп жоқ. Қалтафонына қараса межелі жеріне келген екен. Тек Роза тұтқасын көтеретін емес. Өз кесірі. Таң азанмен кім келеді. Бұл Розаны ұйықтап жатырға балап осы адрес маңының ар жақ, бер жағынан бір асхана іздеуге бел буды. Сонда күтіп, жылынып әрі жүрек жалғап алса қатып кетер еді деген оймен көше бойлап жүре берді. Алдынан көшенің арғы бетінен шыққан қонақүйді көрді де қалтасы көтеріп жатса осында қонақтармын деп миының бір шетіне түртіп қойды да жолын жалғастыра берді. Қонақ үйден көп емес шылым шегім уақыт жүргенде кішігірім кафенің қарасы көрінді. Енді ашылып жатыр екен. Бүгінгі ең алғашқы клиенті боп қадам басқан бұл іштегі кассирден бастап даяшыға шейін амандасып шықты. Терезеге жақын орналасқан орындыққа барып үстіндегі былғары күпісін шеше бергені сол терезенің жақтауынан өтіп соғып тұрған ызғарға қарап ойланып қалды. «Жоқ, бұл жер жарамайды. Суықтап қалсам тағы» деген шешіммен ортадағы әлгі ызғар қанша тыраштанса да жете қоймайды-ау деген орынға барып жайғасты. Асықпай қолғабын, күпісін, бөкебайын, ол аздай жол бойы арқалап келген ауыр ойларын шешіп киім ілгішке іліп қойды. Қамсыз ғана, ас мәзірін ашып шұрылдаған асқазаны теңіз тағамдарын қалап тұрғаны бесенеден белгілі. Бұл тапсырыс берем дегенше даяшы шай алып келді. 
– Рақмет!
– Бейефенди, тағы бірдеме қажет пе?
Иә, осыған ұқсас бір дауысты бұрында естіген. 

***

– Мырзам, тағы бірдеме қажет пе?
– Маған жоқ. Ал саған ше, Роза?
– Маған кекс, бірақ, сосын, тамақтан соң, шаймен.
Яссауи көшесінің бойындағы «Ифтар» кафесіне бұлар жиі келгіштеп кетті. Мұндағы даяшылар бұларды танып та алған. Жұмыстан оралған сайын Ескендір бүгінгі тапқан-таянғанын Розаның көңілін табу үшін жан-жаққа шашатын. 
Жазғы демалысың қалай өтіп жатыр, ханым?
– Мені олай атамаңызшы Ескендір М-Ы-Р-З-А!
– Не ұнамай ма?
– Жо-о-о-қ, - кейде ол осылай еркелегісі де келетін 
Сонымен?
– Ау? А, иә, өте қатты ұнап жатыр, – дейді көзі ішінде жаны күлімсіреп. «Сені кездестіргелі демалысым да сондай тамаша өтіп жатыр» деп жатқандай жанары. – Болашақта қандай арманың бар?
– Президент болу.
– Шын ба? – деді қабағын шыта таңырқап. –  Менің інім де президент болғысы келеді. 
Әзіл ғой баяғы. Әзірге нақты басып айта алмаймын. Бірақ, шетелге шықсам деймін. 
– Рас па? Менің де бала күннен бергі арманым сол шетел көру. Әсіресе Еуропаны араласам, шіркін. 
– Несі бар, ол күнге де жетеміз. Ал мен Түркияны көргім келеді.
– О-о-о, Түркия десе ішкен асымды жерге қоятындай халдемін. Олардың атмосферасы, романтикасын айтсаңшы, ал теңізі ше? Сол теңізге өмір бақи қарап тұра беретін едім. Еш жалықпастан, шаршамастан. Теңізге қарап тұру дегенің – өзіңе қарап тұру ғой...
– Пәлсапашысын қара, пәлі!
– Не-е-е?
– Дұрыс айтасың, теңізге қарап тұру дегенің – саған қарап тұру, Роза.

***

– Бейефенди, тағы бірдеңе қажет пе?
– Ау?
– Тағы бірдеңе қажет пе? 
– Рақмет!
Терезелерге сүйеніп тұрған лимон ағашының жапырақтарына біткен шық тартылған тәспінің тастарындай кезек-кезекпен үзіліп жатты. Есік алдын торуылдап жүрген мысықтар, қарауылдап жүргендей аяқтарын маң маң басады. Иесін көре салысымен, бізге таңғы ас беруді ұмытпа дегендей мияулап қойды. Иесі де тілін түсінсе керек «қазір» деп басын изеп өте шықты. Қарама-қарсы үстелге бір қария келіп отырды. Өз ойыммен әуре болып отырып оның қалай ішке кіргенін аңғармасам керек. Ашылмаған қолшатырын дастарқанның бір бұрышына қойды да бұған қарап бас изеді. Бұл да ептеп ернін жыбырлатып амандасқан соң ол:
– Қыстың қаһары қатты. Жылынып алмасақ тоңып қалдық. – Даяшы оның алдына бір стақан түрік кофесін әкелді. Оның не ішетінін алдын ала білген пішінмен. – Күнде келемін, апта сайын, қысқасы жылдар болды. Келіп жүргеніме бірнеше жылдан соң менен бұрын келген клиентті бірінші рет көріп тұрғаным. Атым – Месут. Месут Чакыроғлу.
– Ескендір Ысқырық, танысқаныма қуаныштымын, мырзам. 
– Жалпы, адам жалғыз қалған сайын ойы тереңдей түседі екен. Ал сол терең ойдың тұңғиығына батсаң болды, шығуың тағы қиын. Жалғыздықты жақсы көретін қара басым осы жерге келіп күнде бірнеше жылдан бері дәл осы орында таңғы ас ішемін. Біз қарттар осындаймыз, жас бала. Бір нәрсені үйренсек болды соған үйірсек боп қалатын жаман әдетіміз бар.
Ескендір, алдындағы шайдан бір ұрттап, симиттен бір тістеді. 
– Ас болсын, мырзам!
– Саған да, жас өмір! – деді де ол тұңғиық жанарын терезенің ар жағындағы қаланың жаурауық көшелеріне қадап ұзақ отырды. Оған қарап отырып адамның жасы ұлғайған сайын жалғыздыққа құмар бола түседі екен-ау деп топшылайтындайсың. Сөмкесін ашып Кафканың «Миленаға жазған хаты» атты кітабын шығарып үстел үстіне қойды. Біршама уақыт кітапты ашар-ашпасын білмей бұл да қою қып-қызыл шай ішіндегі жүзіп жүрген самаға қарап, ойланыңқырап қалды.

***

9 қабаттық шатырда отырған екеу. Іңірді бойлап ұшып бара жатқан құстар легіне «мені де ала кетіңдер» дегендей Розаның кірпігі қауырсындай әнтек қана қағады.       
– Мына жерге не үшін ертіп келдің соны айтшы, Ескендір?
– Саған бейуақтың қандай сұлу болатынын көрсетейін деген едім. 
– Сен одан да біздің ауданға келсеңші. Бізде енді мұндай биік ғимараттар жоқ, сол себепті де күннің батқанын, кештің сұлулығын күнде көре аламыз. 
– Мырзам?
– Роза, мұнда біреу жүр ме?
– Мырзам, – деген жуан дауыс тағы да алыстан естілді. Есін жиып жан-жағына қараса әлгі қарама-қарсы орындықтағы егде кісі бұған сөйлеп тұр екен. – Ұйықтап қалдыңыз ба? Қандай кітап оқып отырсыз деймін? – Бұл алдындағы суып қалған шайын қайта ұрттап, кітапты қолына ұстады да мұқабасын қарияға көрсетті. 
– Ойбай-ау, оны маған несіне көрсетесің. Біздің көз бұлдырап көргелі қай заман?
– Бұл Кафканың хаттары, мырзам!
– Е-е-е, әлгі әкесіне өкпелеп өткен қаламгер ме. Соны сол бойы түсіне алмадым, шынында! Одан да, Асафты оқысаңшы. 
– Оқитын не көп, кітап көп. Саяхаттап жүргенде әйтеуір парақтап қоятын әдетім. 
– Ә, жөн-жөн.
Әсіресе жеткіншек  шақта қыз баласына бауыр басып қалған ауыр болатын болса керек. Роза өз қаласы мен ауданына қайтарда онымен Ескендір қимай-қимай қоштасты. Ол кезде қарағаш жапырақтары иіліп бұларды түрлі-түрлі ойлардан қалқалап-қорғап тұрғандай болған. Ол кезде жастықтың буы бүткіл өне-бойды кернеп тұрса керек, ғашық көзбен қараған тұмса табиғат аспап секілді көрінетін, жанарыңда жалт ете қалса немесе қолың тиіп кетсе болғаны кеудеңде ән ойнап,  күй төгіле кететін. 
– Жоқ болып кетпей хабарласып тұрыңыз, мырзам!
– Жолыққанша, жаздың жұпарлы Розасы. – деп соңғы рет сонда көрісіп-қоштасқан. Көзден кетсе көңілден кетеді деген сөз рас болса керек, кейін студент болды, ер жетіп, бой жетті. Бірақ, хабар-ошарсыз кеткен екеу көңілдерінде сонау жазғы көңіл-күйді көңілдерінен еш өшірген емес. Енді, міне соншама жылдардан соң Түркияда жолықпақшы. Бұл қалай болар екен деген алаңдаушылық жоқ та емес. Одан бері бәрі өзгерді. Тіпті, келгені үшін өкіне жаздап, өз-өзін сабасына әзер түсіре бастаған-ды. 
Әлгіннен бері бұртиып тұрған бұлт енді еңкілдеп жылағандай жауынын төге-шашты. Кафе терезесінен қарап отырған әлгі екі клиент көшеден олай бір, бұлай бір жүгірген жүргіншілерге қызықтап қарап қалды. 
– Бүгін жауын жауатынын білдім. Қолшатыр алғаным қандай жақсы болған, – деді ол назарын отырған орындығына іліп қойған қолшатырына назарын аударып. Ал терезе жақтауына тырс-тырс тамып жатқан жаңбыр тамшылары бұлардың кеудесіндегі жүрек соғысымен үйлесіп тұрғандай ақ. 
– Шай ішіңіз, құрметтім! – деді даяшы бұның алдына тағы бір стақан шай ұсынып жатып. 
– Рақмет, – деді бұл ып-ыстық шайды абайлап ұстап. Шәйдің буы ауада жорғалай көтеріле барып жоғалып кетіп жатты. Кенет, телефон шыр-р ете қалды. «Роза» есімін көрген кезде Ескендірдің әлгі жаңыр үнімен үйлескен жүрегі бір сәтке тоқтап қалғандай болды. 
– Келешек туралы көп айтасың, Ескендір! Бүгінмен өмір сүрсеңші, дұрысы. 
– Жоқ, сен сұрағыма жауап қатсаңшы, енді. Келешекте жолығып қалып жатсақ басқа қалада, жат көшеде, бейтаныстарша өзіңді қалай сезінер едің? 
...Осылайша бұлар сонау жаздың мимырт кешінде үнсіз ғана тілдескен-ді. Міне, енді сол келешектері аянға айналып отырған жайы бар. Ескендір өзінің шын мәнісіндегі маңыздылығын аңғартқысы келді ме телефонды аз-кем күттіріп барып көтерді. 
– Алло...
– Кешіріңіз, сізді күттіріп қойдым. 
– Ұйқыңыз қанды ма? Айтқандай сіз демеуші едіңіз ғой...
– Сіз де «сіз» демейтінсіз... Қош келдіңіз... Терезеге қараңызшы...
Ескендір ойында ештеңе жоқ терезеге басын бұрғаны сол, қолына ол шатыр ұстаған сол бәз баяғы Роза бұған қарап тұр. Тек киім киісі мен қабағында ғана сәл өзгеріс ар демесең сол жаздың жұпарлы Розасы болып қалған.  
– Сіз өзгермепсіз...
– Қайдан білесіз?.. Арамызда терезе тұр ғой...
– Енді, ішке кірсеңізші... 
– Жүр, жаным, телефонмен сөйлесіп болдың ба? – деп терезенің оң жақ қабырға бұрышындағы көзге көрінбей тұрған әлдекімге қолын созып жатты. – Саған айтқан жерлесім осында отыр, таныстырамын... 
Ол телефонын қалтасына салып жатып Розаның белінен ұстап мұнда беттеп келе жатты. Есік ашылған соң екі қараға қараған Ескендір Розаның шын мәнісінде қатты өзгерген екен деп ойлады. Оның келешекпен өмір сүруге болмайтыны секілді өткенмен де өмір сүруге болмайтынын аңғарғандай-ақ. Жаздың жайлы да жұпарлы кеші сол жылда, сол қалада сол кезде қалып қойған екен. Ол басқа ешбір уақытқа тиесілі емес екен. Ол мезгілді басқа шақтарға тасимын деп әуре болу бекершілік көрінеді. 

*** 

Ифтар дәмханасында отырған Роза мен Ескендір:
– Ағасы, бізге екі шай әкеліп беріңізші, – деді терезеден түскен жұп-жұмсақ, мақтадай мамық жаздың жайдарлы күн шуағына көзін қарықтыра көз тастап отырып. – Роза сәл пердені ысырасың-ау, көзге күн түсіп кетті. 
– Сонымен, келешекте қай мемлекетке баратын болдыңыз?

***     

– Даяшы, бізге үш стақан шай, – деді Ескендір жайғасып жатқан Роза мен сүйіктісіне назар аудармастан. Терезеден түскен алакөлеңке, жаңбырдың үздіксіз жақтауға түскен тырсылы мен әлгінде ғана танысқан қарттың кетіп бара жатқанына қарап қалған Ескендірді көңілсіздік басып қалғандай болды.   

2598 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы