• Айтарым бар...
  • 24 Желтоқсан, 2024

Саяси сауатты болмай – салауатты қоғам жоқ

Әділетті, адамдардың бәрі теңқұқылы, демократиялық қоғамды аңсамайтын ел жоқ. Мемлекетте мұндай қоғам орнауы үшін ең алдымен жалпы сауаттылық және одан кейін адамдардың саяси сауаттылығы болуы қажет. Оның екі себебі бар. Біріншісі, саяси сауаттың кемдігі демократия   құндылықтарын, яғни ерік, теңдік, бостандық, сөз бостандығы ұғымдарын дұрыс түсінбеуге әкеліп соғуы мүмкін. Екіншісі, қазір әлемде «ақпараттық соғыс» жүріп жатқандықтан, әрбір адам айналасындағы ақпарат ағымына талдау жасай білуі, сүзгіден өткізе білуі керек. Әрине, саяси сауаттылықтың ауқымы бұдан да кең, оның ішіне сайлауға қатысу, бейбіт митингке шығу ережелері, саяси белсенділік те кіреді.   
 Негізінде саяси сауаттылық деген әр азаматтың мемлекетте болып жатқан оқиғаларға немқұрайды қарамай, саяси белсенділік танытып, ел жағдайын жақсартуға шамасы келгенше пайдасын тигізуін білдіреді.  Өйткені, Аристотель айтпақшы, «мемлекет – халықтың саяси байланысы» және ол байланыс сауатты түрде өтуі шарт. Саяси сауаттылық мәселесі Батыс елдерінде реттеліп қойғанымен, бізде әлі де өзекті болып отыр. Егер қазірден халықтың және ең алдымен жастардың саяси сауаттылығын көтерумен айналысатын болсақ, уақыт өте келе нағыз демократиялық қоғамның құрылуына жетуге болады. Өйткені жастарға құйылған инвестиция, жұмсалған күш кейін жемісін бермей қоймайды. 
Саяси сауаттылық туралы зерттеулер батыс елдерінде өте көп. Мысалы, Диана Хэсс пен Паула Макэвой атты авторлардың «Саяси сынып бөлмесі» деген еңбегін алып қарайық. Олардың пайымдауынша, мектеп қабырғасында алған білім мен машық-дағды жастардың белсенділігін оятуға түрткі болып, олардың қоғамдағы азаматтық рөлін түсінуге әсер етеді.  «Оқушылар, студенттер түрлі саяси тақырыптарды талқылап отырса, бұл тәжірибе ары қарай саяси және азаматтық белсенділікке әкеледі» дейді «Саяси сынып» кітабының авторлары.   
Қазіргі қоғамдағы саяси белсенділік туралы жазып кеткен тағы бір адам  – жазушы-журналист Жозеф Кан. Ол «Ғаламтордағы азаматтық өмір» атты кітабында азаматтық белсенділіктің өте қарқынды дамып жатқан сандық дәуірге өтуін зерттейді. Жозефтің басты идеяларының бірі – онлайн платформалардың жастар арасындағы азаматтық белсенділікке ықпалы. Ол әлеуметтік желілер жастардың өз пікірін ашық білдіретін, қоғамдық және саяси сұрақтарды талқыға салатын орынға айналуын қарастырады.   
Саясат туралы кітаптарды талдай келе түйгеніміз, саяси сауатты болудың басты маңызы – ақпараттық ағымдағы оқиғаларды дұрыс сүзгіден өткізу арқылы өз пікірін қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті білу және түсіну, сол арқылы даму жолына түскен қоғамға айналу. Егер саяси сауатты, азаматтық борышын түсінетін адам қандай десек, ол адам – билік органдарының құрылымын білетін, ақпаратты сыни тұрғыдан бағалай алатын және қоғамда белсенді азамат. Мұндай адам мектеп қабырғасынан бастап қалыптасады. Жалпы сауатты адам қалыптасуы үшін бірнеше фактор болуы шарт, олар: білімнің қолжетімділігі, медиасауаттылық, сыни ойлау дағдысы, саяси шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі. 
Біздің елімізде саяси сауаттылық деңгейі төмендігінің бір себебі – кеңестік тоталитаризмнен бірден демократияға аттап өтуімізде.  Халық демократияның не екендігін, ондай қоғам қалай құрылатынын түсініп үлгерместен, заман талабы болғандықтан бірден демократиялық даму жолына түсті деуге болады. Демократия сөзінің мағынасы «халық билігі» болғандықтан, ол жерде халық мүддесі бірінші орында тұруы керек. Алайда халық билігі орнауы үшін тура сол халықтың өзі саяси сауатты болуы қажет. Ал сауатсыздық белең алған жағдайда жалған ақпарат таралуы күшейіп, жікке бөліну белең алады.  Өз кезегінде бұл сайлау кезіндегі немесе билік органдарындағы әділетсіз шешімдерге әкеліп соқтырады. Өзіңіз ойлап көріңіз, тұтас қоғамға пайдалы шешімге келудің орнына, биліктен әрдайым мемлекет үшін тиімсіз шешімдер талап ететін қоғам күндердің күні құрдымға кетеді. Ал саяси және жалпы сауаттылық үстем болған жағдайда билік пен халық арасында байланыс орнайды. Яғни, саяси сауаттылық халық пен билік арасында тиімді байланыс орнату құралы деуге болады. Осындай қоғамда  азаматтар өз міндетін толықтай түсініп, саналы шешім қабылдайды. 
Мұның өзі мемлекеттік саясатты тереңірек түсінуге, белсенді және жауапты азаматтық ұстанымды қалыптастыруға ықпал етеді.  
Шынын айтқанда, қазіргі кезде кейбір саяси топтардың кім екенін, мақсаты қандай екенін түсіну қиын. Саяси бәсекелестік бар жерде саяси манипуляция да бар. Қарап отырсақ, бір ғасыр бұрын, Алаш автономиясы кезінде де сондай жағдайлар орын алған екен. Оған дәлел ретінде «Сарыарқа» газетіндегі «Кім дос, кім қас» деген мақаладан үзінді келтірейік. 
«Біздің Алаш автономиясы әлі жарыққа шыққан жоқ. Ресми ағлан етілсе, біздің басымызға да Түркістан, Сібір күні туа ма, ол белгісіз. Бірақ оларға жабылып отырған бізге жанаспайтынына көзіміз жетеді. Бізді басқаларға түсімізді бояп көрсетіп отырған өзімізден шыққан шағымшылар. Олар бүгін большевик болыпты-мыс. Қазақтан шын большевик шығып, халықтың мұңын-мұқтажын ойлаушы болса, арманың бар ма? Төрт-бес жұрттан шыққан сұмдар большевик болмақ түгіл, Тескентау өтіп кетсе де жолың болсын дер едік. Бірақ жұрт атынан сөйлеп, соңынан ерген он қазақтың баласы жоқ, жұрт адасып отыр. Соған күйінеміз. Кешегі қаһарлы патша заманында бірі шоқынып миссионер болып, бірі сатылып жандарм мекемесіне тыңшы болып, бірі ел алдап, бірі жол тосып, жолаушы тонап жүрген соғылғандар мынадай лайсаң заманда «большевик» бола қалып, ақ ордалы Алаштың ортасына от тастағалы отыр», – деп жазады Міржақып Дулатұлы «Мадияр» атты ныспымен жарияланған мақалада.  
Бұдан біз саяси бәсекелестіктің, саяси партиялардың қоғамға пайдасы тиюі үшін демократиямен бірге көпшіліктің саяси сауатты болуы керектігін түсінеміз. Өйткені, адамзат тарихындағы тирания, диктатура және басқа зардапты режимдердің пайда болуына сол қоғамдардың саяси сауатсыздығы әсер еткені белгілі. Сол үшін де Алаш зиялылары өз заманында «Қазақ»,  «Сарыарқа», «Қазақстан», «Айқап» басылымдарында қолдан келгенше  қоғамның саяси сауаттылығын арттыруға тырысып бақты. Алаштықтар кәдімгі ағартушылық пен саяси ағартушылықты қатар жүргізуге тырысты. 
Көптеген елдердің тәуелсіздік алғаннан кейінгі тарихи жолын қарасақ, бір саяси элитаны екіншісі алмастырғанын көруге болады. Бұл құбылыс көбінесе отарлықтан шыққан елдерге тән. Бір айта кететін нәрсе, отарлықтан шыққан елдердің санаулысы ғана дамыған елдер қатарына кірген. Ал қалғандары өркениетті елдер қатарына қосылып кете алмаған. Оған әртүрлі себептер бар, алайда ең маңыздысы – жалпы жұрттың саяси сауатты болмауы, бұрынғы отарлық тұсындағы элита сол қалпында, халықты жақсы жаққа бағыттамастан басқарып отыра беруі және ашық демократиялық қоғам құрмауы. Демек, халықтың саяси сауатты болуы қаншалықты маңызды болса, атқарушы биліктің де сауатты, саяси көреген болуы соншалықты маңызға ие. Қысқасы, саяси сауаты жоғары ел салауатты қоғам құрады. 

Даниал Имамбай, 
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық
 университетінің студенті

 

3311 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы