- Айтарым бар...
- 24 Желтоқсан, 2024
Сөз тапқанға қолқа жоқ

Зеберкүл Шардарбекова
(Бастауыш сыныпқа арналған сахналық қойылым)
Қойылымның мақсаты: Ұлтымыздың ғасырдан-ғасырға тіні үзілмей келе жатқан құндылықтарының бірі – мақал-мәтелдерді балалардың түсініп жаттауын, керек жерде қолдана алу дағдыларын қалыптастыру. Көркем сөйлеуге және қажет кезде сөйлеуге үйрету. Сынып оқушыларын сөйлеу мәдениетіне, ынтымаққа, татулыққа, еңбекке баулу.
Қатысушылар: 3-5 сынып оқушылары.
(Сахнада үйдің ішкі көрінісі. Зейін кітап оқып отыр. Ол жайлаудағы атасының үйінде біраз болып келген. Үйге сыныптастары Айзере мен Сафия кіреді)
Айзере: – Амансың ба, Зейін? «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем берер» – деген, өзіңе сәлемдескелі келдік. Атаңның ауылынан қашан келдің?
Зейін: – Кеше келдім. Өздерің қалайсыңдар?
«Адамдықтың белгісі
Иіліп сәлем бергені,
Шын достықтың белгісі –
Көп кешікпей келгені». – Келіңдер, жоғары шығыңдар, төрлетіңдер. (Сафия мен Айзере төрге шығып, әдеппен жайғасады).
Сафия: «Жақсы тай атқа үйір, жақсы бала қонаққа үйір», – деген осы болар, рақмет, Зейін. (Сырттан екі қыз, Әсел мен Айша кіреді)
Екеуі қосарлана: – Сәлеметсіңдер ме, құрбылар?
Әсел: – Ат-көлік аман-есен келдің бе, Зейін?
Айша: – «Жақсы келді дегенше,
Жарық келді десейші.
Жақсылықтың уытын,
Алып келді десейші», – Зейін, атаңның ауылында қандай қызықтар бар екен, не жаңалығың бар?
Зейін: – Келіңдер, қыздар. Сендерге айтар әңгімем аз емес,
«Биік төбеге шықсаң, көзің ашылады.
Жақсымен сөйлессең, көңілің ашылады», – дегендей, өздерің де ел жаңалығын айта отырыңдар.
Қыздар: – Иә, иә. «Жақсыда жаттық жоқ» ниетіңе ризамыз.
Зейін: – Иә, айтқандай. «Қу шөппен аузын сүртіп» демеңдер, дастарқан жаяйын.
Айша мен Әсел (қосарлана): – Біз көмектесейік.
Айзере (қолында Зейіннің манағы оқып отырған «Асыл сөз» кітабы):
«Кітап оқығандыкі,
Білім тоқығандыкі», – көркем әдебиетке құмарлық қандай жақсы.
Сафия (құптап): – «Ақыл азбайды,
Білім тозбайды».
Əсел: – «Білім таппай мақтанба,
Өнер таппай баптанба», – депті Абай атамыз.
Айша: – Ал, Ыбырай атамыздың айтқаны ше?
«Сауысқанның тамағы,
Шоқуменен табылған.
Өнер-білім – бəрі де,
Оқуменен табылған», – деп аталарымыз айтқандай, бос уақытыңда кітап оқығанға не жетсін!
Зейін (дастарқанды əзірлеп болып):
«Ас – адамның арқауы», – дəмнен алып отырыңдар, қыздар.
Əсел: – О-о, сен бізге апаңның ауылынан дəмді-дəмді құрт, ірімшік ала келіпсің ғой! Дəм татайық, дастарқанға жақындаңдар, қыздар.
Айзере: – «Ас – иесімен тəтті», өзің де алып отыр, Зейін. (Бəрі шүйіркелесіп, дəм алып отырады. Осы кезде даладан тасыр-тұсыр жүгіріп Димаш пен Əміре кіріп келе жатады) Екеуі (айқайлай): – Зейін, сен келіпсің ғой, жүр, далаға шық. Бол, тез!
(Іштегі қыздар тосырқай қарап қалады)
Айша: Ей, достар, амандық-саулық жоқ, бұларың не?
«Əдепті бала – арлы бала,
Əдепсіз бала – сорлы бала», – дегіздіңдер-ау, тіпті.
Сафия: – «Асық ойнаған азар,
Доп ойнаған тозар.
Бəрінен де қой бағып,
Құйрық жеген озар», – деген атамыз қазақ. Мына Зейін қойлы ауылдан келді ғой, əңгімесін сұрасаңдар болмас па?
Димаш пен Əміре: – Кешіріңдер, қыздар, сендердікі жөн екен. Бізден бір білместік өтті.
– Қалайсың, Зейін? Ыңғайсыз болды-ау!
Зейін: – Ештеңе етпес, «Кінəсін мойындау да – кісілік» қой білген адамға. Қане, келіңдер, төрлетіңдер. «Ертеңгі асты тастама, кешкі асты бақпа» демей ме бұрынғылар, астан алып отырыңдар.
Бəрі (хормен): – Иə, иə «Досыңның асын дұшпаныңдай іш» дегендей, ішіп-жеп, əрі осы ұлттық тағамдарды бағалай білу де керек-ау. «Ас тұрған жерде дерт тұрмас» деген сөз бар ғой.
Айзере: – «Бал ұстаған – бармағын жалар» деп бекер айтқан дейсің бе, апалардың үйі береке ғой, шіркін!
Зейін: – Дұрыс айтасың, Айзере. Менің апамның пейілі кең, қолы ашық, өзі жомарт адам.
«Мың сіз-бізден бір шыж-быж» достарыңа ала бар, ауыз тисін» деп апам салып берген ғой.
Кеше менің базарлығымнан анам да ауылдастарға ауыз тигізіп, шай берген.
Əміре: – Қазақ қонақжай ғой, сондай кеңпейіл, жаны жомарт халықтың ұрпағы болғаным қандай бақыт десеңші! Зейін дос, «Өле жегенше, бөле жейік» дегенсің-ау (жымиып), рақмет сендей асыл досқа.
Зейін: – Менің орнымда болсаң, сен де сөйтер едің, Əміре. Оның үстіне бұл апамның сəлемдемесі, білесің ғой, апам сендерді аузынан тастамайды. Маған «балам, адамды бірге жүрген досына қарап бағалайды, сондықтан өзің де жақсы бол, жақсы ұлдармен дос бол» деп отырады.
Сафия: – Жөн сөз, Зейін, «Жақсы көргенін айтар, жаман бергенін айтар», – деген атамыз қазақ. Атаңның ауылынан не көрдің? Айта отыр, əңгіме болсын.
Зейін: – Айтсам, айтайын. «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деп, атама мал бағыстым, апамның суын тасып, үй шаруасына көмектестім. Əсіресе, бар шаруаны тындырып болып, кешке шырағданның жарығымен атам мен апамның əңгімесін тыңдау бір ғанибет. Сосын, апам киіз үйдің іргесіне атам екеумізге төсек салып береді, тəтті қиялдарға беріліп, жымыңдаған жұлдыздарға қарап жатып ұйықтап кетесің.
Əміре: – Еһ, Зейін, бəрін айт та, бірін айт, «Таяқ тайға жеткізер, тай құнанға жеткізер. Құнан атқа жеткізер, ат мұратқа жеткізер» деген бар ғой, атқа мінгеніңді айтшы, тыңдап рақаттанып қалайық.
Зейін: – Əміре, «Ат –ердің қанаты ғой», атам мені демалысқа шықса келеді ғой деп, мектепке барған кезімде «бəсіреге» берген жиренқасқа құнанымды баптап жүр екен. Күн сайын ерттеп береді, мініп алып желмен жарысқан қандай, шіркін! Ай, бір құйғытасың ғой! Көктем мезгілі, қозылар да əлі жас, «Мал – баққанға бітеді» деп, төлдерді үйден ұзатпай бағамын. Өздері тіпті ұйқышыл, қарамасаң тастың арасында қалып қояды, сондықтан кешке қораға қамарда төңіректі атам тағы бір сүзіп шығады. (Манадан бері əңгімені үнсіз тыңдап отырған Димаш сөзге араласты)
Димаш: – Зейін, нағыз демалыс сенде болыпты ғой, біз мұнда доп қуалап жүрсек. Таза ауа, көк майса, сылдыраған бұлақ! «Бие көп болса, құлын көп» деген, мына қымыздың дəмі тіл үйіреді. Желіге құлын байлаған қандай?
Зейін: – Несін айтасың, Димаш, бір керемет! Жайлаудың таңы қандай сұлу десеңші!
Құлындардың жарысып ойнағаны, қозылардың қырқаларда шапқылап жүгіргені, əй, керемет! Əсел: – «Жауар күн ыстық болады, болар бала пысық болады» деп бекер айтпаған ғой, ата-апаңа əбден көмегің тиіп, риза еткен сияқтысың.
Айзере: – Ал, Зейін, біз келгелі біраз уақыт боп қалды, «Кел демек бар, кет демек жоқ», рұқсат болса, біз тұрайық.
Зейін: – Иə, «Жақсылықты бөліссең – көбейеді» дейді, келгендеріңе рақмет.
«Қонағыңның алтынын алма, алғысын ал» деген де бар емес пе, Димаш, мұсылманның баласымыз, дастарқанға бата оқып, дəм қайыр. (Бəрі қол жаяды, бата да баланың айтуына жеңіл, лайықты тілек-өлең болуы керек. Үлкендер беретін бата балаға ауыр болады, мұны қатты ескеру керек.)
Димаш: «Құрдасыңа қуаныш бол,
Жылағанға жұбаныш бол,
Ата-анаңа аласа бол,
Татулыққа тамаша бол», əумин.
(Бұдан кейін балалар орындарынан тұрып, есікке беттейді. Осы кезде аулаға Ахмет кіріп келе жатады. Өңі сынық. Сəлемдеседі)
Ахмет: – Сəлем, достар! Барлығың осында екенсіңдер ғой.
Сафия: –Иə, өзің қайдан келесің?
Ахмет: – Үйден. Жолда Мирасты сыртынан көрдім. Бақшасында жер аударып жатыр екен.
Айша: – «Доссыз адам – қанатсыз құс» демекші, досыңды ерте келмедің бе, енді?
Ахмет: – Ол екеуміз біраздан бері сөйлеспейміз. Келісе алмай қалғанбыз. (Бəрі үнсіз, ойланып қалған Зейін тіл қатады)
Зейін: – Мирастың қолы тимей жатыр екен. Барып жəрдем берейік. «Ынтымақ – істі бітірер» демеуші ме еді, жүріңдер кеттік.
Ахмет: – Мен бара алмаймын.
Əсел: – Е, неге? «Өзімдікі дегенде, өгіз қара күшім бар. Өзгенікі дегенде, анау-мынау ісім бар», – деп тұрсың-ау, Ахмет?
Ахмет: – Жоқ, олай емес. Ондай қулығым жоқ.
Зейін: – Қой, өкпені ұмыт. Өзіңнен де болған шығар, Мирастай досыңды болмайтын өкпеге айырбастамақсың ба? «Жақсы адамның ашуы – шəйі орамал кепкенше. Жаман адамның ашуы – басы жерге жеткенше» деп бұрынғылар осындайда айтқан шығар. Сафия: – Зейін дұрыс айтып тұр, Ахмет, одан да «Ашу – дұшпан, ақыл – дос. Ақылыңа ақыл қос» деген бар емес пе, бізбен бірге жүр.
Ахмет (жадырап): – Өзім де осылай боларын білгем, бір жағы сендерге сеніп келдім. Бəрі артта қалсын, жүріңдерші. (Зейінді қаусыра құшақтай алға ұмтылады. Бəрі жарқылдасып, жол-жөнекей қалжыңдасып, Мирастың үйіне де келеді. Оларды сонадайдан байқаған Мирас қолындағы күрегін талға сүйей бере жақындайды).
Мирас: – О-о, сəлем, қыздар! Сəлем, Зейін! Қашан келдің? Мен саған сəлден кейін барып қайтам ғой деп едім.
Зейін: – Оқасы жоқ. Сенің қолың тимей жатыр ғой деп, өзіміз келдік.
Мирас: – Е-е, рақмет. «Жерді емгеннің – езуі майлы» деуші еді көкем, жер аударып, көкөніс егуге дайындық жасап жатқанбыз.
Айзере: – Мирас, біз бəріміз бір жағы саған қолғабыс тигізейік деп, бір жағы Ахмет екеуіңді келістірейік деп келдік.
Зейін: – Айзере шын айтады, «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген, Ахмет екеуің қол алысыңдар. Мен білсем, екеуің де қиналып жүрсіңдер.
Əсел: – Сөйтіңдер, «Кішіпейілділік – кісінің көркі», біз куə болайық, достасыңдар. (Екі дос қол алысып, құшақтасады. Бəрі қол шапалақтап риза болысады).
Айша: – Ал, ендеше, не тұрыс? «Ұрыс – ырысты қашырады, ынтымақ істі асырады» демекші, іске кірісейік.
Зейін: – Онда, Мирас, əкел күрегіңді. Тырмаңды, кетпеніңді бер бізге. «Сыпырғы келсе, шаң қашар», деген бар ғой, қарап тұрмайық.
Ахмет: – «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» депті атам қазақ, осы əрекетке бастамашы болған, Зейін дос, сен барда бізге қандай жамандық жоласын. Бірге болайық əрқашан.
Қыздар (жамырай): – Мирас, маған шелегіңді бер.
– Əкел, көшетіңді ұстап тұрайын.
– Жүріңдер, су əкелейік.
(Достар жүздері қуанғаннан бал-бұл жанып, жұмыла жұмысқа кіріседі).
Шымылдық
Соңы

2603 рет
көрсетілді0
пікір