• Шежіре
  • 16 Мамыр, 2013

Қайтқанда

Иманжүсіп Құтпанұлы кім еді? Ол – азаттық аңсаған азамат, осы жолда күн мен түн ат жалын құшқан есіл ер. Қара жолда көрген ел қайғысы оның көкірегінен ән болып құйылды, зорлыққа қарсы күреске шықты. «Қазақ әдебиеті» энциклопедиясындағы «зорлыққа қарсы күреске шықты» деген бір ауыз сөз оның күрескерлік рухы мен шығармашылық болмысын алға тартып тұр. «Бар қатыны Қыпшақтың ұл туса да, Тумайды енді қайтіп Иманжүсіп» деп шырқап кеткен оның өлеңдері ҚР ҒА кітапханасының сирек қолжазба қорында сақтаулы. 150-ге толып отырған бабамыздың қуғын-сүргінге толы өмірінің бір көрінісін бейнелейтін новелланы назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

 

Міне, кіндік қаны тамған топыраққа қайтып келеді. Оу, сол жер көз алдынан бір кеткен жоқ, тілінен бір түскен жоқ. Ыңғайы кеп қалса Ерейменнің топырағы мен ата-баба аманатын айтпай кеткен кезі жоқ. Ол аманат – адалдық пен иман, адам боп өмір сүрсең адамзатқа адал бол, иманыңды алға сал деген тәмсіл. Сол аманаттан аттаған да жері жоқ. Құдай біледі, алпыстың бел ортасына келген жасына дейін Әке мен Ел аманаты оң бүйірінде бүлкілдеп жатты. Енді, міне, қайтып келеді. Қасиетті Сыр өңірінде еркелеп, ентігін басқысы кеп еді, маңдайынан сыйпап, ешкім еркелете қоймады. Арқа төсінде әкімқара қуғынға ұшыратып, соңына түсіп еді, ата-баба қонысында да ағайын ала көзімен қарай бастады. Өзі шырқаған ән, айтқан әзіл, тартқан домбыра – бәрі жандарына инедей қадалды. Түрмеге де түсті, адалдығын алға сап қайта шықты.

 

Абылай аспас арқаның сары белі,

Қуандық пен Сүйіндік жайлайды елі.

Қырық мың жылқы су ішсе ылайланбас,

Нияздың Аюлы мен Қаракөлі.

 

Бұғылы мен Тағылы бүркіт салғам,

Ұйпалақтап баурыңнан түлкіңді алғам.

Есіл, Нұра, Ереймен, Қара ойтас,

Көзімнен бұлбұл ұшты дүние жалған.

 

Күйгенжарды ауылым жанай қонды,

Әкем Құтпан кешегі қандай болды.

Қазы-қарта жемейтін қайран басым,

Түрменің қара наны балдай болды.

 

Қыран едім қор болдым торға түсіп,

Аспаныңа шығармын бір күн ұшып.

Бар қатыны Қыпшақтың ұл туса да,

Тумайды енді қайтып Иманжүсіп... –

деп, іштегі шерді сыртқа шығарды. Сөзін сөйлеп, өнеріне бас игендер жазаланып, Иманжүсіпке қарай иілгендер жақсы сөз естімеді. «Әкем Құтпан болғанда ағам Шоңай», «Ішім өлген дүние-ай, құр сыртым сау», «Қысырақтың үйірі жирен ала» деп ызамен әндетіп, жігерін жаныды, соңынан қара-құра ерді. Тағы да күңкілдеп, сыртынан саусақ шошайтқандардың әрекетіне көрекөзге шыдай алмай ата-баба қонысына бет алды. Ақбоз атқа ер салып, қасиетті Сыр өңірі – Шиелімен қоштасып, Жаңақорғанды басып өтіп, Түркістанға кеп тәу етті. Киелі Қожа Ахметке тұмсық тіреп, оның ұстазы Арыстанбабтың басына барып Құран бағыштағасын Қожа Ахметке қайта келіп түнеді, киелі құдыққа тиын тастады. Осының бәрін соңына түскен сырт  көз аңдуда еді. Түркістаннан асқасын еріге өңгерген домбырасын қолға алып, өзін қоршаған қара-құраға ән бағыштады, күй шертті, бір жағынан ыстық топырақты қия алмаған әсершіл сезім де тұлабойын баурап, алға асықтырмады. Осының бәрін жергілікті әкімқараларға жансыздар жеткізіп тұрды. Ақыры, Таразға тұмсық тірегенде тұтқындап, түрмеге қамады. Мойынқұмнан өте бергенде-ақ алдынан да, артынан да шабармандар шыға бастады. Сөйтіп, алыстан аңдыды. «Мен  бұларға не істедім, қарғам-ау!». Ән айттым, күй шерттім, халықтың көңілін көтердім, ескі заманның жандайшаптарын әшкереледім, енді жаңа заман, жаңа адам емеспіз бе?» деп таңғалды. Не де болса Ерейментауға бір жетіп жығылсам деп алға ұмтылды. Бірақ, адымын Адам ұзартпады. Таразға жете бере-ақ қалың жасау қоршап, домбырасын күшпен алды, қынабындағы қанжарына да кол салды, сөйлесеміз деген сылтаумен тас түрмеге әкеп жапты. Бір жыл тас түрмені мекен ғып, 31-ші жылдың ерте көктемінде қақ жүректен көздеп атты.

Ол қайтар жолда атамекеніне асықты. Тәтті өмірден біражола баз кешерін білгендей сол топыраққа табан тигізгенше жаны төзбеді. Киелі Шиеліге де өкпесі жоқ, жастығын, серілігін өткізіп, ән-жырын әуелетті. «Адам болсаң көре алмайды, болмасаң бере алмайды»-ға осы жерде көзі жетті, Адам адамға дұшпан деген танымның тереңіне сүңгіді. Осының бәрін ол қайтар жолда ойлады. Біртүрлі қоштасқандай құмшауыт даланы ат тұяғымен асыға басып, қоңыр салқынды құшырлана жұтты. Алға асықты. Ерейментауға жетіп жығылсам деп арман етті. Ешкіммен қоштаспай аттанды. Тараздың тұсына жеткенше жан-дүниесі алай-түлей болды.

Тастүнекке түскесін ешкімді  көре алмады, басқалар да атын атауға батылы бармады.

Иманжүсіп қайтқан жол – киелі соқпақ еді. Шиеліден Тараздың тұсына дейін ат тұяғына жалт-жұлт еткен алтын сәуле ілесіп келді.

Бұл – Иманжүсіптің ең ақырғы сапары, ол мінген ақбоз аттың  кие боп қалған тұяқ ізі еді.

Ақырғы сапар ауыр.

Қуандық Түменбай 

 

 

428 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы