• Айтарым бар...
  • 07 Қараша, 2024

БЕРДІБЕК СОҚПАҚБАЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ КЕҢЕСТІК САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ТАҚЫРЫБЫ

Биыл туғанына 100 жыл толып отырған  классик жазушы Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылық зертханасы әркімге де қызық болуы керек.  Алды тұйықталған тар кезеңде туып, өксігі өкінішпен астасқан жазушы шеберлік ұстаханасының кілтін қалдыруға мүмкіндік ала алмады. Жазушының шығармаларындағы цензурадан өткен, өтпеген кеңестік заманның шындығын көрсететін сюжеттік линияларын жаңаша зерделеуге талап ететіндей. Бердібек Соқпақпаевтың шығармаларының көпшілігі автордың өмірбаяндық деректерін негіз етеді. Бұл жазушының өмірлік кредосы болған. Шындықты жазу, өтірік қоспау шығармаларына қойған басты талабы болғаны жазушының замандастарының естеліктерінде де сөз болады. Б.Соқпақбаев шығармаларында автобиографиялық сипат басым екені байқалады. Жазушы шығармаларының ішіндегі нағыз автобиографиялық сипаттағысы «Балалық шаққа саяхат» повесі. 1924 жылы туған жазушы бала кезінде XX ғасырдың 30-жылдары аласапыранын көзімен көрген. «Сегіз жасымда шешем өліп, жетім қалдым. Колхоздастырудың алғашқы жылдары, ең бір қиын кез. Осы күннің өзінде жүрегім қарс айырыла жаздайды.  Япыр-ау, қалай тірі қалдым? Осы күнге қалай жеттім? Нағыз итжандының өзі екенмін-ау деп таңданамын» – деп жазған екен жазушы өз естелігінде. 
«Балалық шаққа саяхат» хикаятын XX  ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстандағы кеңестік жүйенің орнауымен байланысты өзгерістер тарихы бойынша деректермен салғастыра зерделегенде тарихи ахуалды тереңірек байыптауға болады. «Қостөбенің тап іргесінен шекара күзететін қалашық (застава) орнады. Қазақтар «застап» деді. Конфискациялау кезінде шекарадан қашқан байлардың қора жайлары иесіз қалған. Соларды жамап-жасқап жөндеді де солдаттарға мекенжай етті» – деп баяндалады повесте. Бір абзац хикаят жолдарында кеңестік кезеңнің біршама шындығы берілген. 1928 жылғы 23 қыркүйектегі ірі байларды тәркілеу туралы декреттің қарсаңында шекаралық аудандардың ірі байлары төніп келе жатқан дүрбелеңнен сақтанып, мал-мүлкімен шекара асып кетіп жатты. Ауа көшкен шаруалар легі тәркілеу, кулакқа жатқызу, күштеп ұжымдастыру жылдарында да толастамады. Архив деректеріне үңілсек, Қарқара ауданы партия жетекшісі Өтебаевтың мәліметтері бойынша 1929 жылдың 20 желтоқсаны мен 1930 жылдың 1 наурызы аралығында ғана Қытайға 39 түтін мал-мүлкімен көшіп кеткен. Осы мәліметте шекарадан қашқандарды түре қуған қарулы жасақ 33 жылқы, 31 сиыр, 269 қойды тартып алғаны айтылады. «Шекарашылардың көбі орыстар. Қазақша білмейді. Бірлі-жарым қазақ солдаттар бар, аудармашылық жасайды. Украин, беларус дейтін де ұттар барын қараңғы халық біле қоймайды. Түсі сарының бәрін орыс деп қарайды.» – деген хиқаяттағы жолдарда да астарлы шындық жатыр. Шекара отрядтарына жергілікті халық өкілдерінен қызметке алмау саясаты кеңестік биліктің отарлық сипатынан шығады. Белең алған аштық пен өктемдіктен пана іздеп Қытайға қашқан халықты қырып-жойған, тонаған шекара отрядтарының құрамы басқа ұлттар екені тайға таңба басқандай анық еді. Шекарашылардың   «бандаларға» қарсы «ерлігі» марапатсыз қалған жоқ. Бердібек Соқпақбаев туған Қостөбе, Нарынқол  ауылдарындағы шекара қызметінде қызмет еткендердің қатарында 1908 жылы туған Константин Черненко да болған. КСРО компартиясының болашақ бас хатшысы  1932 жылы Қорғас заставасына  атты әскер бөліміне келіп, 
1932 жылы Нарынқол заставасына атты әскер бөліміне бастық болған. КСРО сияқты алып империяның лидері деңгейіне көтерілген функционер партия қатарына осы шекара қызметінде жүріп, 1931 жылы қабылданыпты. 
«Балалық шаққа саяхат» хикаятының бір бөліміне «Мал – адамның бауыр еті» деген тақырып қойылып, малдың көшпелі жұрттың өміріндегі орны сөз болады. «Қазақтың бар өмірі малмен байланысты. Мал – тамақ, мал – киім, мал – көлік, мал – отын (отқа мал тезегі жағылмай ма?), мал – баспана (киіз үйдің бар жамылғысы малдың жүнінен жасалмай ма?) Жер-суға симай жататын малдан бұл кезде тамтық қалмаған... Қазекең мал бағудың ғасырлар бойғы азабынан «құтылған». Мал жоқ болған соң, енді әлгі аталғанның бәрі жоқ. Жеуге тамақ болмағаннан өткен аянышты не хәл бар екен? Жоқшылық тек біздің өлкеде болмаса керек. Ішкергі Алматы, Шелек төңірегінен жанбағыс іздеп, жекжат-жұрағаттарын сағалап шұбырып келіп жатқан жұрт. Түр-түстерінен кісі қорыққандай.» – деп сипаттайды. Жазушының сөздерінің арасында кеңестік  жүйеге ащы мысқыл да бар. Жазушы, әрине малсыздықтың, аштықтың азабын айтқанмен, бұл апаттың себебін тек тұспалдайды. Архив мағлұматтарына сүйенсек, 1928 жылғы 1 қазанға қарай Алматы округінде 6 миллион 148 мың 529 бас мал болса, соның 783 мың 588 басы Қарқара ауданына тиесілі болған.  1930 жылы Қазақстанда округтер жойылғаннан кейін орын алған әкімшілік-аумақтық өзгерістер нәтижесінде бұрынғы Қарқара ауданы мен Еңбекшіқазақ ауданының бір бөлігінен Кеген ауданы құрылды. Аудан орталығы уақытша Қырғызсай (Подгорное) ауылына орналасты. 1931 жылы 21 мамырда аудан орталығы Құмтекей ауылына көшірілді. 1930 жылдан Кеген ауданының экономикалық көрсеткіштерінде жалпы мал басының кемуі байқалған. 1930 жылы ауданда 658351 бас мал болса, 1931 жылы бұл көрсеткіш  92928 басқа кеміген. Ал 1932 жылы ауданда небәрі 39 926 бас қана мал қалған. Сандардың өзі айтып тұрғанындай, түрлі шаруашылық науқандарындағы қысым мен өктемдіктің кесірінен туған аштық, босқыншылық салдарынан халықтың малдан «азат» болуының деңгейі апаттық жағдайға жеткен. Бұл жағдай бүкіл Қазақстанға ортақ ахуал еді. Тарихшы Қ.Алдажұманов архив деректерінен есептеп жинақтаған мәлімет бойынша жалпы Қазақстанда 1929 жылы 44,7 миллион бас малдан 1933 жылы небәрі 4,5 миллион бас мал ғана қалған. Бұл малдың 11 миллион 356 мыңы ет дайындау науқаны барысында жойылып кеткен. Бердібек Соқпақбаевқа  аты таныс,  Қарқара ауданында Тұзкөл ауылында ауылкеңес хатшысы және басқа да жауапты қызметтер атқарып жүріп, солақай саясаттан қашып, Қытайға қашқан өңірге танымал ақын Көдек Байшығанұлының өлеңінде замана шындығы: «Ет пен сүт салығынан шошыған жұрт, Қарасу кешіп жерден ауған едің. Жазықсыз «халық жауы» атанған соң, Мекенін тастап шықты аумағы елдің. Білмеймін жайы қалай болып жатыр, Паналап Іле жаққа барған елдің», – деген өлең жолдарымен суреттелген.  Бердібек Соқпақбаевтың ғұмырнамалық шығармасында ұжымдастыру кезеңіндегі асыра сілтеулер, шолақ белсенділер де тыс қалмаған. «Сумка асынған шадыр көз Сарманов өкіл менің көз алдымнан кетпейді. Үлкен түгіл одан бала-шаға қорқып, қалтырап тұратын. Маңайындағы елді Сарманов қырып кете жаздап жүреді. Екі сөзінің бірі – жаусың! Колхоз жұмысына зиянкессің! Атам, шабам! Айдатам! Шаш ал десе, бас алатын әлгідей әпербақан өкілдерге әй, батыр, бұның қалай деп, бетіне тура қарайтын адам ол кезде санасы жаңа оянып келе жатқан ауылда сирек еді», – деп сипаттайды автор. Бердібек Соқпақбаев суреттеген уәкілдің аты Көдек Байшығанұлының да өлеңдерінде аталған. Көдектің өзіне тізесі батқан уәкіл туралы: «Дейтұғын Сарманұлы шадыркөз, Халыққа егіс жөнінен теріс келді. «Он жеті күн ішінде бітіргін» – деп, Тапсырма бригадаға алып келді», – деген өлең жолдары бар. Б. Соқпақбаевтың аталған повесінде аштық жайлаған шекара маңы шаруаларының арғы беттегі қалмақ ауылдарынан жылқы айдап келу тарихы суреттелген. Боқшабай, Жантай есімді орта жастан асқан адамдардың есімдері аталады. Жантайдың жайын суреттеп келіп автор: «Жантай сұңғақ бойлы, еңкіш. Кішірек қыр мұрынды, сұрша көсе кісі. Бір жамбасын ақсап басады. Шекара қатаймаған кезде бұл өлкеде шекарашыларға көмектесетін коммунистік отрядтар құрылған. Жантай сонда қызмет еткен. Совет өкіметі үшін басын оққа байлап, бандымен талай шайқасты бастан кешкен. Талай ерлік қимылдар жасаған. Жантайдың ақсақтығы – сол шайқастардан тапқаны – мықын сүйегіне бандының оғы тиген», – деп қайырады. Ауыл шаруашылығын кеңестік тәсілдермен қайта құру науқандары барысында ОГПУ қарулы күштеріне көмек ретінде саяси белгілер бойынша жасақталған коммунистік отрядтар құру ВКП(б) орталық комитетінің 1930 жылдың 5 қаңтарындағы ұжымдастыру туралы қаулысының аясында шешілді. Алматы округі бойынша кулак шаруашылықтарын жер аудару және орналастыру жөніндегі арнайы үштіктің 1930 жылдың 1 ақпандағы мәжілісінде комотрядтарды ұйымдастыру  ережесі туралы құпия хаты таныстырылды. Үштік мәжілісі комотрядтар шекаралық аудандарда 50 адамнан құралуы шешілді. Коммунистік отрядтар құрамына партия мүшесі, мүшелікке кандидат, комсомол мүшелері кіретін. Осы жылы 17 наурызында коммунистік отрядтарды қаруландыру үшін 14960 сом қаржы бөлінді. Кеңестік езгіден абдыраған жұртты көтеріліске бастаған тұлғалар «банды» аталды. Бердібек Соқпақбаевтың балалығы өткен өңірде халық көтерілісін Мергенбай Жаманкөзов басқарған. Мергенбай сарбаздарының басты межесі  жергілікті шаруалардың шекара асуына жәрдем беріп, қарулы бекіністерге шабуыл жасау болды. 1930-1931 жылдары белсенді әрекет жасаған қарулы жасақ 1931 жылдың көктемінде 200 сарбазбен Қазан асуы арқылы Қытайдан бері өтіп, Жаркентке шабуылдамақ болады. Мергенбайға қарсы операцияларды Нарынқол заставасының бастығы А.И.Шалдин, оның орнына келген Калоев деген қандықол басқарған. Мергенбаймен қақтығыста Сүмбе заставасы партия ұйымы хатшысы 
А.К. Волосевич, Нарынқол заставасы жауынгері 
В.И. Петров оққа ұшып, В.В. Саенко есімді қызыләскер жараланған. 1932 жылдың күзінде Ойқарағай тауымен Қытайға елді бастап өткен Мергенбай Жаманкөзов Хасан қиясынан Текес өзенінен түскен кезінде қалмақ шеріктерінің тосқауылына тап болып, жауырыннан тиген оқтан қаза тапқан. М. Жаманкөзұлы Текес өзені бойындағы Құрманжан көпірінің оңтүстік шығысындағы төбешікке жерленген. Мергенбайдың өліміне қатты қайғырған Көдек ақын батырға «Мергенбай батыр» толғауын арнаған. 
Аңғарымпаз жазушының бала кездегі үзік-үзік көріністерді дәл суреттеу арқылы заман шындығын өзгеріссіз беруі сүйсінтеді. Автобиографиялық хиякаятта «Кеңсе ана ауылда!» – деген  бөлімі бар. Голощекиндік «Кіші октябрьдің» халықты қырғынға ұшыратқаны туралы арыз-шағым Мәскеуге жөнелтіліп, 1932 жылдың 17 қыркүйегінде ВКП (б) орталық комитеті арнайы қаулысымен қазақ малшыларының жағдайын біршама жеңілдететін шешімдер қабылдауға мәжбүр болды. Қаулыға сәйкес, аштық пен бүліншілікке ұшыраған қазақ мал шаруашылығы алым-салықтан уақытша босатылып, жеке шаруашылықтары белгілі мөлшерде мал басын ұстауға мүмкіндік алды. Партия билігінің бұл қаулысы уақытында орындалмай, тек 
Ф.Голощекиннің қарасы өшіп, орнына Л.Мирзоян келгенде ғана қолға алына бастады.  Шығармада: «Қостөбеде тұрақты дүкен ашылған. Ауылсовет кеңсесіне телефон түсірілген. Жеке адамдар жаздырып алатын газет-журналдар көбейген. Сауыны, малы жоқтарға бір-бір ешкі, бұзау, тана үлестіріп берген. Біздің үйге тигені тәйпиген қоңыр құнажын. Келер жылы бұзаулауы мүмкін... Ол бұзауласа, құдай бізді жарылқайды, өзіміздің сүтіміз, айранымыз болады. Көже-қатығымыз болады. Май, құртымыз болады. Қазақтың қарны малмен ғана тоғаяды», – деген жолдар бар.  Бұған қоса, жазушы жаппай отырықшылану саясатының жүргізіліп бастап, «жаңа поселік – «төшке» салу» қолға алынып, аяқсыз қалғанын суреттейді. Архив құжаттарында Кеген ауданы бойынша 1934 жылға арналған отырықшыландыру нүктелері таблицасында  Дораты және Қостөбе елді мекендері көрсетілген. Есекартқан ауылкеңесіне қарайтын отырықшыландыру бойынша Қостөбе-Дораты нүктесінде 82 шаруашылық тұрған. Отырықшыландыру нүктелері негізінен босып келген ауа көшушілерге (откочевниктер) арнап салынған. Архивте кездескен 1934 жылдың 
1 қаңтарындағы мәліметтер бойынша Есекартқан ауылкеңесіне қарайтын Сарыбастау колхозында 82, Тұзкөл колхозында 72 шаруашылық болған. Бұл шаруашылықтардың ішінде Сарыбастау колхозында 52 үй,  3 ауа көшуші болған. Тұзкөл колхозында 33 үй болған.  Сарыбастау колхозының стандартты үйлері 8, қазақ үлгісімен салынғаны 44, Тұзкөл колхозында стандартты үй 8, қазақ үлгісіндегісі 30 үй болған.   Тағы бір мәліметте Қостөбеде отырықшыландыру нүктесінде 23 шаруашылық бар екені, оның  Үкірші ауылкеңесіне жататыны көрсетілген. Кеңестік үлгідегі отырықшыландырудың жүргізілу барысы романда ащы мысқылман суреттеледі: «Төшкі салу жұмысы жаз бойына бәсеңдемеді. Қайта, көрші колхоздардан көмекшілер келіп, ек-үш айдың ішінде оннан аса үй тізіліп тұра қалған еді. Күндердің күнінде бұл жұмыс тоқтады. Неге екенін кім білген, қайтып қолға алынбады. Күз өтті. Көктем өтті. Жаңа үйлер сол күйде ұмыт болды. Төбелері жабылмай, есік-терезе орнатылмай, қалып қойды. Бітпеген үйлерге бірде-бір адам көшіп барып, кірмеді. Жауын езіп, жел сабалап тоздырған қабырғалардың үстіне зая кеткен мол еңбектің жоқтаушысы тәрізденіп, сұңқиып қарғалар отыратын болды. Ешқандай пайдаға аспай құрыған сол үйлерге менің күні бүгінге дейін жаным ашиды. Ат орнына адамдар жалаңаш аяқтарымен балшық кешкені, зілдей ауыр кесекті арық қабырғалары тырбаң-тырбаң етіп, қайысып қалап жатқаны менің көз алдымда...». Қағаз жүзінде мұнтаздай отырықшыландыру пункттерінің көбі іске жарамай қалған. 1934 жылдың 27 шілдедегі аудандық жер басқармасының жалпы мәліметтері бойынша Кеген ауданында 69 колхоз, 22 жер өңдеу серіктестігі, 
59 отырықшыланған ұжымшарлар  болған. Колхозға кірмеген шаруашылықтар саны 235-ті құраған. Арнайы ескертпеде ауданда отырықшыланбаған 
681 аула біріккен 10 колхоз бар екені айтылған.
Бердібек Соқпақбаевтың автографиялық сюжеттер пайдаланылған тағы бір шығармасы «Өлгендер қайтып келмейді» романы. Романда жер-су аттары ішінара өзгертіліп берілгенімен, тарихи жағдайдың сипаттамасында дәлдік сақтаған. Роман 1964 жылы «Жұлдыз» журналының 
№1, 2, 3 сандарында  жарияланған. Романға «Нелер келіп, не кетпес, Ер жігіттің басына» – деген нақыл эпиграф етіп алынған. Роман сюжеті 1938 жылдан басталады. Бас кейіпкер Еркіннің әкесі Мамырбайдың колхоз жылқысын бағатыны айтылады. Жылқы күзетінен келеді деп күткен әкесінің орнына 3-4 адам сау ете қалып, үйді тінте бастайды. Автор: «Соңынан білдік, әлгілер біздің үйге тінту жасап жатқанда, екі миллиционер Жабырда жылқыда жүрген жерінен әкемізді қамауға алып, Қарасазға айдап әкетіпті», – деп түсіндіреді. «Әкем қамалғанның соңынан: «Мамырбай халық жауы болып ұсталыпты. Қытайдағы бандамен байланысы бар екен!» деген тажалдай суық хабар дүңк ете  қалды. Мәссаған, саған керек болса! Бұл біз үшін күн жарқырап тұрғанда төбемізден шарт етіп жай түскенмен бірдей еді», – деп тарқатылады ары қарай. Басты кейіпкердің әкесі сол кеткеннен оралмаған. Мамырбайдың одан арғы тағдыры туралы келте қайырылған: «Сол кеткеннен әкем байғұс зым-зия кете барды. Қарасазға бір түнетіпті де, Жаркенттің түрмесіне әкетіпті. Соңынан бір-екі айдан соң қайта әкеп, жасырын сот жасапты. Бізді оған қатыстырмақ түгіл жолатқан да жоқ. Шешем байғұс неше күн сыртынан торуылдап жүріп, жолыға да алмай қалды. Тек: «Мамырбайға он жыл беріпті» деген хабарын бір-ақ есіттік. Құдай-ау, не үшін? Не қылмысы үшін? Кімдер куә  болыпты?». Автор басты кейіпкердің ішкі тебіреністерін бірінші жақтан бере отырып, сұрақтар қояды. Мамырбай есімді бас кейіпкердің ұсталуына орай ары қарай роман мәтінінде «..сол әкем ұсталардан үш-төрт ай бұрын, 1937 жылдың күзінде, біздің Тұйықтан Бөкей, Мәмбет деген адамдар халық жауы болып ұсталды. Бөкей ұста, ал Мәмбет еті тірі белсенділеу адам. Әртүрлі қызметтер атқарып жүретін...» – деген жолдар бар. Әкелері ұсталғаннан кейін бас кейіпкердің жанұясымен бірге көрген қорлығы жеке әңгіме. Халық жауының жанұясының басындағы жағдай: «Әкеміз қамалғаннан кейін біздің семья басынан не кешпеді. Халық жауының баласы, халық жауының қатыны деп, ит екеш итке дейін басымызға секіріп, көзімізге шұқыды. Жұрт барған жерге бара алмай, жұрт айтқан сөзді айта алмай, әбден қор болдық. Бұрын араласып-қораласып жүретін ағайын-туысқандар есігімізге бас сұғудан қалды. Қорқады. Кінәлау қиын, ол кезде жағдай солай. Жау болып ұсталғандармен бірге жүріп, бірге тұрғандар, бірге карта ойнап, тамақ ішкендер жаудың сыбайлас, құйыршығы ретінде олар да қудаланып жатқан кез», – деп сипатталады.  Автордың ішкі жан толғанысына бірдеме алып-қосу қиын. Бұлай толқыныстарды шынайы суреттегені роман сюжетінің бұл тұсының автобиографиялық негіздері бар екенінен хабар береді. «Өлгендер қайтып келмейді» шығармасының цензурадан өтпей қалған кейбір тұстары туралы сөзді жазушы Қанат Әбілқайыр қозғап, «Нұрлы өлке» газетінде мақала жариялағанын айта кету керек. Халық жауының баласы ретінде көрген қорлығының бірі ретінде өзі құралпылас баладан естіген қорлық сөзі туралы бас кейіпкер былай баяндайды: «Мына бір оқиғаны айтып берейін: әкем қамалған жыл. Жаз айы. Нүсіпбай дейтін менен екі-үш класс алда оқитын жуан білек бір бала бар. Үйі біздің үймен көрші. Бір күні ойнап-күліп Нүсіпбай екеуміз бәлдейге таласып, жанжалдасып қалдық. Нүсіпбай: – Халық жауының баласы кет! Жолама біздің үйге – деп мені ұрып, қуып жіберді.» Бұл цензура қайшысына ілінген нұсқадан. Романның кітап болып басылған нұсқасында бас кейіпкер Еркінді ашуландырып, көзі қарауытып, суық қару жұмсауға дейін ширықтырған «халық жауының баласы» деген жеккөрінішті сөз «жетім» деген сөзбен алмастырылған. Көріп отырғанымыздай, кеңестік цензура әсерінен романның сюжеттік арнасына зақым келген. Бұл кейіпкерлердің ішкі буырқанысынан туатын әрекеттерін нанымсыз ететін кілтипан екені анық. Осы жәйттер, шығарманың ендігі басылымдарында «Өлгендер қайтып келмейді» романының әу бастағы нұқасы қалпына келтіріліп, толықтырылып басылу керек шығар деген ой туғызады.   
«Өлгендер қайтып келмейді» романын оқып есейген кейінгі буын романның бұл жерлерін оқуға мүмкіндік алмаған. Роман журналдық нұсқасы жарияланып болған соң, кітап етіп шығарылатын  тұста қысқарып кеткен болуға керек. Осы арада келтірілген үзінділер бойынша жазушының шығармашылық лабораториясына үңіліп, бұл оқиғалардың тарихи негізділігіне үңіліп көрсек. «Балалық шаққа саяхат» автографиялық повесінде автор әкесін сипаттап, оның өмірінде мұндай қуғын-сүргін болғанын көрсетпеген. Дегенмен, автор «халық жауы» тақырыбын өз заманындағы, төңірегіндегі тарихи оқиғалардан алғаны анық. 1942 жылғы қараша айында сол кездегі Кеген ауданына қарасты тұрғындар саны 50-60-тан аспайтын шағын Елтай ауылынан бір түнде жеті азамат ұсталып кетеді. Олар:  мұғалім М. Құлмұханбетов,  ауылкеңес төрағасының орынбасары Б.  Сүгіров,  есепші Ә. Саудырматаев, сатушы Ә. Тұқаев,  қойшы Қ. Жұмабеков,  бригадир А. Нақысбеков,  колхозшы Н. Бейсебаевтар болатын.  Оларға «жапон тыңшысы»,  «кеңес өкіметіне қарсы астыртын әрекет ұйымдастырды»,  «елді Қытайға алып кетуге даярлық жасады»  деген айыптар тағылады.  Саржаздағы ВЧК үйінің жертөлесіне қамалған бұлар адам төзгісіз азапқа салынып,  «кінәлары мойындатылады». Жаланың құрбандарына жаза кесіледі.  Әскери трибунал шешімімен Мәлікаждар Құлмұханбетов он жылға сотталады. 1900 жылы туған, Шәлкөде өңірінде алғаш мектеп ашқан ұстаздың әр жылдардағы білім беру саласындағы қажырлы еңбегі ескерілмейді. Мәлікаждар Құлмұханбетовтың тағдырының бұралаңы көп болғаны өз алдына,  оның адам таңғаларлық ерік-жігері өлеңдерінен есіп тұр.  Мәлікаждардың пешенесіне елге 14 жылдық айдаудан аман қайту жазылыпты.  Мұның алдында айдауда жазықсыз жаза тартып жүрген ұстазының кеткеніне 12 жыл толғанда 1954 жылы оның шәкірті Жамалбек Жақсылықұлы артынан іздеп барған екен.  Он жыл кесімін өтегеннен соң  Краснояр өлкесінің Канск қаласының солтүстігіндегі тундрада Апан-Ключи,  Белотаежко городок деген жерде ағаш дайындап жүрген Мәлікаждардың шәкіртімен қауышуы тұтас бір әсерлі әңгіме. Осыған ұқсас жағдай Алматы облысы Кеген ауданы Саты колхозының мал фермасының меңгерушісі, 1895 жылы туған Нұрпейіс Нүсіпбаевтың да басына орнаған.  Архив қойнауында 1959 жылы 9 қарашада Қазақ ССР Прокурорына жазықсыз жазаланған әкесі туралы шындықты айтуды сұраған тарихшы, болашақ академик Кеңес Нұрпейісовтың арызы сақталған. Баласының арызы бойынша қылмыстық істі қадағалау тәртібімен қараған прокурор Нұрпейіс Нүсіпбаевты ақтаудан бас тартқан. 1990 жылғы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі алғашқы мемлекеттік комиссия құрамында академик Кеңес Нұрпейісовтың аянбай еңбек еткені белгілі. 
«Өлгендер қайтып келмейді» романының кеңестік цензурадан өтпеген нұсқасы туралы сөз қозғағанда шығарманың ресми қадағалау органдары құптамаған бөліктері бұл ғана емес болуы керек. Өйткені, 1991 жылдың 13 сәуірінде «Қазақ әдебиеті» газетінде романнан жұлынған тағы бір бөліктер жарияланған. Бұл жарияланған бөліктер романның әр жерінен жұлынған. Басты кейіпкер Еркін фабрика-завод училищесіне (ФЗУ) барып, ол жерден қашып соғыс жағдайында жүк поезына мінем деп сотталатын бөлігі кітап болып басылған романда белгілі бір бөлігі сақталып, жарияланған. «Қазақ әдебиетіне» жарияланған нұсқасында бас кейіпкердің лагердегі өмірден  байқағандары туралы түйіндерін кеңестік цензура өткізе қоймаған. Лагердегі тұтқындардың категорияларын сөз еткен автор бас кейіпкердің байқаулары ретінде Қылмыстық кодекстің 58-бабы бойынша сотталғандар тобын сипаттаған.  Ұзақтау болса да бұл үзінділерді бергенді жөн көрдік. Роман кейіпкері: «Лагерде кіл елу сегіздіктерден құралған бір бригада бар. Олардың түрлері де, мінез-құлықтары да басқалардан ерекше: тыңғылықты, басалқы. Соған орай көбінің тұлғалары да ірі, әрлі, әлеуетті. Аз сөйлейді. Адал ниеттерімен беріліп еңбек етуді, жұмыстан бос уақытта жайбарақат жатып демалғанды біледі. Олардың жатын орындары барақтың төр жақ бұрышында бірыңғай. Басқаларға бүйідей тиіп, маза таптырмайтын ұры-қары шпаналар елу сегіздіктерге жоламайды, олардың маңайынан жүрмейді. Оларға жоласа, жақсылық көрмейтінін шпаналар жақсы біледі. Елу сегіздіктердің ауыз бірлігі ғажап, бірі үшін бәрі, бәрі үшін бірі жан аямайды», – деп сүйсіне баяндайды. Одан әрі «халық жаулары» ретінде сотталғандардың лагердегі жағдайын тағы былай суреттейді: «Бұлар жұмыстың көкесін танытып істейтіндіктен күніне әмәнда тоғыз жүз грамнан нан алады. Оны басқалар құсап: егер қалдырсам, түнде жамбасыма басып жатсам да шпана ұрлап қояр деп, қорқып, бір-ақ жеп тауыспайды. Алған заматта тең етіп үшке бөледі де, үш мезгіл тамақпен жейді. Әкелген сорпаны, ботқаны өзара теңдей етіп бөледі. Осы себептен де елу сегіздіктер басқалардай жүдеп-жадамайды. Өздерін күтімдеп, сақтай біледі». Сібірдегі лагерде «елу сегіздіктерді» суреттеуде басты кейіпкердің оларға сүйсінісі байқалады. 
1926 жылғы РСФСР қылмыстық кодексінің 
58-бабы 14 тармақтан тұрған. Ең жиі қолданылып, интеллигенция өкілдерінің ғұмырын жалмаған 
58-баптың 10 тармағы «кеңеске қарсы үгіт-насихат жүргізу» ретінде сипатталған. 
Бердібек Соқпақбаев шығармаларының өміршеңдігінің кілті туындыларындағы шынайылық екені айтылды. Осы тұрғыда жазушының шығармашылық зертханасын, сюжеттердің тарихи контексін зерделеу –  туындылардың құндылығын арттырып, идеологиялық қапаста шектелген қаламгердің трагедиясын түйсінуге жол ашады деген ойдамыз. 

Еркін Стамшалов, 
Алматы облысы Музейлер бірлестігінің қор сақтаушысы, 
PHD-докторант 

1549 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №8

30 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы