• Айтарым бар...
  • 07 Қараша, 2024

Адамның досы

  Қанат ҚАЙЫМ
 

1.Алабай
Есік жақтауындағы қабырғаға ілінген қақпаның телефоны  әдемі әуенімен  сыңғырлай жөнелді.  Мониторға қарап еді, бейтаныс бір жас жігіт қоңыраулатып тұр екен, «газдың есептеу құралын тексеруге келдік»  дейді. Әли қақпаны ашатын түймешені баса салды да, аяғына далаға киетін шәркейін іліп, сыртқа шықты. 
Қақпадан жаңағы көрінген  жас жігіт  және  бір қыз кірді. 
– Аулада ит жоқ па? 
– Жоқ ... ә, иә бар, бірақ ешкімге тиіспейді.
Дәл осы кезде үйдің есігі ашылды да, қолындағы табағына жуынды құйылған Мәди шығып, анадайда тұрған итаяққа тамақ құйып жатып: 
Алабай, Алабай, кә-кә, кел тамағыңды әкелдім, – деп айқайлады. 
Енді ғана алға қарай адымдай берген қыз бен жігіт кілт тоқтады. 
– Оу, бауырым-ау, жаңа ғана ит жоқ дегенің қайда? – деді жігіт қабағын түйіп. 
Оның ойына не келгенін бірден  түсіне қалған Әли, сайқымазақтана қалып, қуақылана сөйледі: 
– Ит бар деп айттым ғой. Бірақ ол мен тұрғанда ешкімге соқтықпайды, өте тәрбиелі ит, – деді. 
– Ол не, шынжырсыз, бос жүр ме? 
– Әрине, қақпа жабық, ешқайда шықпайды. 
– Әй, қой айналайын. Бар да, байлап кел анауыңды, біз шығып кеткенше. Осы кезге дейін қой аузынан шөп алмайтын Алабайды көрген емеспін. Жас жігіт шынымен жанығып алыпты. Ал қыз болса, жігіттің оң иығын қос қолымен қапсыра ұстап, сәл бірдеңе болса, қаша жөнелуге  дайын тұр. 
Соны күтіп тұрғандай Мәди тағы да: 
– Алабай, Алабай, кел тамағыңды іш, – деп айқайлады.
Тұрқы бір тұтам қарала ит қораның сыртынан шығып, тілі салақтап, Мәдиге қарай жүгіріп келе  жатты. 
– Ой, тәйірі-ай, мен де бір  басы қазандай, аяқтары бөренедей алпауыт шыға ма десем, Алабайыңның түрі мынау ма? Өзі жұдырықтай болғанымен, аты дардай дүрегей екен ғой. «Жаман иттің атын Бөрібасар қояды» деп ... – жігіт мына боқмұрынның өзін мазақ қылып тұрғанына кәдімгідей намыстанып-ақ қалған сияқты. 
Бұл итті үйге Әли мен Мәдидің әкелері Қали аға әкелген болатын. 
Қали аға кейінгі бес-алты жылда жеке көлігімен  ауылдан қалаға, қаладан ауылға адам тасып, «таксовать» етіп  жүретін.  Таң бозынан кетіп, үйге қас қарая оралады. Кейде көнетоз көлігі сыр беріп, қыңқыл-сыңқылы байқалса, бір күн, екі күн жеңіл-желпі жөндеуге бөгеледі. Әйтпесе, себеп-салдарсыз жұмысқа шықпай қалу деген болмайтын ол кісіде. Қара қазан, сары баланың  қамы ғой, машинасын мәпелеп-ақ ұстайтын. Бала-шағасын нәпақадан қағып көрген жан емес еді. 
Бірде Қали аға жұмыстан әдеттегіден ертерек оралды. Өзі бірдеңеге әбіржулі сияқты. Көлігімен аулаға кіріп тоқтай салысымен, кабинадан шыға сала машинаның артқы есігін ашып, одан осы ала күшікті құшақтап алып шықты. Үйдегілер ештеңеге түсінбей, аң-таң. Күшік жаны жоқ мақұлықтай, екі көзін тарс жұмып алған,  басы Қали ағаның білегінде сұлқ жатыр. 
Жалпы, Қали аға көлікті аса ыждахатпен, ұқыпты жүргізетін. Ал осы жолы, жөні келмегенде жел қарсы дегендей, аяқ асты оқыс оқиға болыпты.  Кезекті бір жолаушысын діттеген жеріне жеткізіп, енді тоқтай берейін дегенде анау, «сәл арырақ барайықшы» демей ме. Артқы орындықта  отырған жолаушыға бір қарап, жаңағы өтінішпен алға кілт қозғала бере, иттің «шаңқ» еткен дауысы естіледі. Міне, «қырсыққанда  қымыран іридінің» дәл өзі. Көлік тоқтап тұр деп ойлаған ит жолды кесіп өте қояйын дегенде, Қали ағаның машинасы орнынан қозғалып кеткен ғой. Иттің сол жақ артқы аяғын көлік дөңгелегі жанай жаншыпты. Жанға батар  зақымнан ит есеңгіреп қалған. Аяқ-асты болған ыңғайсыз жағдайдан абдыраған  Қали аға жолаушыны көліктен түсіре салысымен жаралы итті салып алып, үйге қарай құстай ұшады. 
Бұрындары балалары Әли мен Мәди «әке, жер үйде тұрамыз, аула кең, бір ит асырайық»  дегенде, Қали аға азарда-безер болып, ол әңгіменің  маңына маңайлатпайтын. Оның да өзіндік себебі бар екен. 
Қали ағаның әкесі Жұмағали ата ұжымның малына қарайтын зоотехник болған ғой. Баласы ес білгелі ол кісінің бірінің соңынан бірі – үш бірдей тазы ит асырағанының куәсі болыпты.  Үшеуі де ақ түсті, үшеуі де тазы тұқымдас, үшеуінің де аттары Ұшар болған  екен. 
Алғашқы Ұшар  бір қойшының отарына ілесе алмай қалып қойған ересек ит екі-үш жылдай бұлардың қолында болып, әбден қартайған шағында, жан адамның көзіне түспей бір түннің ішінде ұшты-күйлі, зым-зия жоқ болып кетіпті. «Жақсы ит өлексесін көрсетпейді» деген бар ғой. Жұмағали ата малшылардан тағы да бір тазының күшігін әкеледі. Ол да әжептәуір өсіп қалғанда, мойнындағы қарғыбауына қарамастан хайуанды ит аулаушылар атып  кетеді.  Үшінші Ұшар алдыңғы екеуінен де сүйкімді  еді. Қалидың соңынан қарыс қадам қалмай еріп жүретін. Өзі өте ақылды ит еді.  Қали екеуі бір-бірін ымнан түсінетін. Оның түбіне де көкірегінде жанашырлық, аяушылық сезімі жоқ сорлылар жетті. 
Бірде Қали көрші ауылға тұрмысқа шыққан әпкесінің үйіне қонаққа кеткен болатын. Әрине, Ұшарды өзімен бірге  алып кете алмайды, ол ауылда қалған.  Сол кезде осы күшікке  қызығып, өзінен қайта-қайта сұрап жүретін көрші үйдің Дәкенай деген баласы шұжықтың ішіне ине салып беріп, қастандық жасапты. Байғұс күшік екі  күн бойы қиналып, түйнеліп жатып көз жұмған екен. Куәгер болып, көргендерін айтқан балалардың сөздеріне құлақ аспаған Дәкенай  өз кінәсін  мойындамай қойды. 
Осы оқиғадан кейін Қалидың бойына ас батпай, апта бойы төсектен тұрмай жатып алды. Адамдардың қатыгездіктеріне қаны қарайған Қали содан кейін ешқашан ит асырамауға өзіне-өзі ант берген еді. 
Енді міне, жаралы итке аялай еміреніп, бәйектей құшақтап үйдің кіре берісіндегі шоланға апарып, астына ескі қаптарды төсеп жүр. Қолымен  иттің артқы аяғын ұстап, сипалап көрді. 
– Ә, иә, қылтадан төмен шытынаған, әлде сынған ба екен? Әли, анашыңа айтшы, дәрі-дәрмек салған қорапта новокаин бар еді, бір шприцпен бірге алып келе қойшы, – деді әкесі. 
Сөйтіп екі баланың әкелері аяқ астынан ветеринар болды да кетті. Инемен дәрі жіберген соң, сәлден  кейін ала күшік ақырындап көзін ашты. 
– Әке, енді мынау біздің итіміз бола ма? – деп сұрады Мәди. 
– Әрине, мұндай күйге түскеніне  өзім кінәлімін. Осындай мүскін қалпында көшеге қуып жібермейтін шығармыз?! 
– Онда бұған ат қояйық та. Әйтпесе,  оны өзімізге не деп шақырамыз? 
– Ә, ат қою керек дейсің бе? Онда бұл күшіктің  аты Алабай болсын! – деді Қали. – Өзі бір сүйкімді екен. 
– Ту-у, әке,  Алабай деген аю сияқты  дәу ит қой. Мынау кіп-кішкентай. – Мәди әкесінің дабырайтып қойған атын расымен түсінбей қалды. 
– Жоқ, балам, ол сен айтып отырған Алабай – иттің тұқымының атауы. Ал мына Алабай біздің қарала күшігіміздің аты. 
Осымен шаруа шешілді дегендей Қали аға күшіктің үстіне қаптың біреуін бүркемелей жауып, екі балапанын соңынан ертіп шоланнан шыға берді. 
Осыдан кейін Қали ағаның таусылмайтын бір әбігері басталды да кетті. Жұмыстан ертеректеу келсін, мейлі кеш оралса да ең алдымен айналсоқтап Алабайдың айналасынан шықпайтын болып алды. Алдымен ауладағы ескі тақтайлардан қиюластырып, шағын ғана, сүйкімді итқора жасады. Енді, екі-үш күн аралатып, сол Алабайға арнап бір қазан ботқа пісіріп қоятын болды. 
Аз уақыттан соң Алабай да аяқ-қолын бауырына алып, сылтып болса да аула ішін аралап жүруге жарап қалды. 
Кейін келе қақпаның алдына шығып, Қали жұмыстан оралғанша жол  тосуды әдетке  айналдыра бастады. Иесі күнделікті оралатын мезгілінен кешіге бастаса, қақпа алдында зыр жүгіріп, өз-өзінен үре бастайды. Ал, Қалидың көлігінің жарығын көрген бетте аулаға жүгіріп кіріп, екі баланы қақпаны ашуға шақырады. Бұған Әли мен  Мәдиді де  әбден үйретіп алды. 
Алабай, сөйтіп өте ақылды ит болып өсіп келе жатты. Айтқан сөзді айнытпай түсінеді. Адамша сөйлеп, жауап қайтара алмайды демесең, бұйрықтың бәрін бұлжытпай орындайды. 
Күндердің бір күнінде Қали аға жұмысынан әдеттегіден де жай кешіге бастады. Алабай аулаға кірмей, қақпа алдында қу жанын қоярға  жер таппай жүрген еді. 
Қаралы хабар аяқ астынан келіп жетті. Қали  аға жол апатына түсіпті. Жол апаты болғанда, қырсық қырдың астында дегендей, түн қараңғысында ойлы-қырлы жолда дөңнің арғы бетінде келе жатқан  машина  басып озуға болмайды деген белгіні елеместен  алдыңғы көлікті айналып өтпекші болып, өз жолымен келе жатқан Қалидың машинасына бетпе-бет соғылыпты. Екі көліктен де сау-тамтық жоқ. Сөйтіп, Қали аға аурухананың жансақтау бөлімінде екі сөткеге таяу уақыт ауыр халде жатып, жантәсілім етті. 
Жаназаға дүйім жамағат жиылды. Мәйітті қоятын қорым үйден соншалықты қашық болмағандықтан, оның табытын ер-азаматтар иықтарына қаумаласа көтеріп, зиратқа дейін жаяулатып алып жүрді. 
Жақын-жұрағат, туған-туыстың қайғылары айтпаса да түсінікті.  Жұртшылықты таңғалдырған көрініс, Алабайдың табыт көтерген адамдардан қарыс қадам қалып қоймай, қатарласып, еріп барғаны болды. 
Марқұмның моласына топырақ салынып, зират басындағы құран оқылып болғаннан кейін жұртшылық тайлы-тұяғы қалмай ауылға қарай бет алды. Ал, Алабай болса, жаңадан үйілген жас топырақтың жанында жалғыз өзі қалып қойды. 
Міне, содан бері аз емес, көп емес жарым жылға жуық уақыт жақындап қалды. Алабай зират басынан әлі күнге  табан аудармайды. Қоршауға құстар қонып, мола басына бейсауыт жан жақындаса шабалана үріп, шыр-пыр болып жүгіреді де жүреді.  Әли мен Мәди бірнеше мәрте үйге жетелеп, алып  келіп жүргендерімен, тұрақтамайды. Әп-сәтте қорым жаққа  қарай тайып тұрады. 
Ит әбден ішқұса болып жүр. Адалдықтың айқын айғағы демеске не шара. 
2.Итырғын

Жалпы өзі,  қазақтың ұғымында итырғын болды деген сөз – мол байлыққа,  оңай олжаға кенелді деген мағынада айтылады ғой. Ал біз болсақ,  көзді ашып-жұмғанша тура мағынасында итке «байып»,  итырғын болдық та қалдық.
Бұл енді өркениетке ұмтылып,  елдің алдына шығып,  көш басында болайық деген игі қадамымыздың алғашқы жемісі.
Шаңырағымызда бес баланың ең кенжелері,  аралары бір-ақ жас болатын екі тете ініміз мектеп жасына жеткенде әкеміз отырып:    
– Алдыңғылардың қазақша оқып қатырғандары шамалы болатын. Осы екеуін де орысшаға беремін,  – деп кесіп айтқан. Солай істеді де.
Сөйтіп Ерғазымыз Эдик боп,  Тұрғазымыз Толик боп,  үлкені – алтыншы,  кішісі – бесінші сыныпқа да келіп қалыпты. Олар үйдегілермен қазақша сөйлескендерімен,  өзара орысша әңгімелеседі. Аралас-құралас балалардың барлығының есімдері Андрей,  Саша, Паша,  Рафик,  Жума,  Макс болып келеді. Ішінде орысы,  қазағы,  шешені,  кәрісі  – бәрі аралас. Өздерінің Эдик,  Толик болғандары сияқты,  өздері құрбылардың арасынан бір де бір мұсылманша атты естімейсің.
Енді міне,  екеуінің келіп тұрғандары мынау. Екеуі есіктен ит қуған тайлақтай боп еліре кірді. Екі танаулары елп-елп етіп,  ентіктерін баса алмайды. Екеуінің қолтықтарында да домалата жиналған шуда жіпке ұқсаған бірдеңе жыбыр-жыбыр етеді. Үйдегілердің барлығы ештеңеге түсінбей,  ауыздарын апандай ашып,  көздерін атыздай адырайтып,  аңқиысып тұрғанда алдымен Толиктің,  сосын Эдиктің қолтықтарына қысқан «шудалары» бірінен соң бірі «шәңк-шәңк» ете қалысты.
Бұл – пудель деген күшіктер,  – деді Ерғазы,  – Қайыңды аллеяның ішінен тауып алдық.
Кіреберістегі аяқкиім шешетін жерге екеуін қатарластырып қоя қойып еді,  екеуі де сұр елтірілі қошақандардан айнымайды екен. Қап- қара мойылдай доп-домалақ көздері жылт-жылт жылтырап,  жүндес құлақтары салпиып,  қып-қызыл тілдерін жалаң-жұлаң еткізді. Екеуінің мойындарында әп-әдемі жылтырақ түйметемірмен шытырланған қарғыбаулары бар. Обалы не керек,  екеуі де жүзіктің көзінен өткендей сүп-сүйкімді екен.
– Қалай ғана тауып ала салдыңдар? Мойындарында  –  қарғыбаулары,  үсті бастары салтақ-салтақ емес,  мұнтаздай таза. Қаңғыбас иттер емес,  қолда бағылған мақұлықтар екендері көрініп тұр ғой. Иелерінен адасып қалған да!
– Иә,  өзіміз де солай деп ойладық, – дейді екі бала. – Қожайындары іздеп келіп қалар деп тұп-тура үш сағат бойы тапжылмай күттік. Аллеяда серуендеп жүрген адамдардан да сұрадық,  ешкім еш нәрсе білмейді.
– Енді бұларды не істемексіңдер?
– Анда-санда аллеяға барып ілулі тұрған хабарландыруларды қараймыз. Иелері табылып жатса,  қайтарып береміз.
– Ал егер табылмаса ше?
– Онда,  онда біз ... Тұрғазы тұтығып тұрып қалды.
– Жаңа Саша ата-анасынан рұқсат сұрап келемін деген,  біреуін соған береміз.
– Екіншісін қайтпексіңдер?
– Ал,  біреуін Саша алмайтын болса ше?
– Бұлар – ергежейлі пудельдер. Осыдан әрі өспейді. Өте әдемі,  сүйкімді ғой,  өзіміз қараймыз.
Үй ішіндегілер бірінің бетіне бірі жалтақ-таса қарасып,  бөлме- бөлмеге тарасып кетті.    
Енді екі баланың бар ермегі екі күшік болып алды. Екі күн өтпей жатып оларға ат та қойып үлгеріпті – біреуі Альфа,  екіншісі – Бета.
Сонымен не керек, Эдигіміз бен Толигіміз бар,  Альфамыз бен Бетамыз бар,  олардан өзге бұрынғы бес жан бар,  төртінші қабаттағы бес бөлмелі пәтерде әжептәуір өркен жайып,  итырғын болдық та қалдық.
Түнеукүні ата-анасынан рұқсат сұрауға кеткен Сашаны әлдеқашан санамыздан сызып тастағанбыз. Аллеяға барып хабарландыру қарау екі баланың қаперлеріне кіріп те  шықпайды. Қайта олар күндіз-түні интернетке итініп,  иттер туралы,  оның ішінде пудель тұқымы жайлы ақпарат іздеумен әлек.
Тұқымың өскірлердің жейтін ерекше тамақтарынан өзге толып жатқан асай-мүсейлері болады екен. Нәресте сәбилері бар үйлерде баланың ойыншықтары шашылып жатушы еді,  біздің үйде ерке екі күшіктің қоқыр-соқырына сүрініп-жығылып жүретін болдық.
Альфа мен Бета бара-бара бүкіл үйдің мәтібилеріне айнала бастады. «Шәңк-шәңк» етіп,  бірін-бірі қуалап,  асыр салып ойнап,  есігі ашық тұрған кез-келген бөлмеге емін-еркін кіріп-шығып жүре беретін болды.
Осылайша күз өтті,  қыс келді, көктем жылжып,  жаз шықты. Альфа мен Бета сол баяғы қалыптары – тұрқы да,  ойнампаздығы да,  тіршіліктері де еш өзгеріссіз. Шынында да осы шаңырақтың толыққанды мүшелері сияқты болып кетті. Үйдегілердің барлығы оларды еркелетіп,  тіпті серуенге кетіп немесе әлдеқалай көзден таса бола қалса,  елегізіп іздейтін болды. Тек үйге кіріп-шыққан бөгде біреулер,  яки ауылдан келіп қалған  ағайын-туыстардың алакөзденіп,  адырая қарағандары болмаса,  қағанағымыз қарқ,  сағанағымыз сарқ,  итырғын тіршілігімізді итшілеп өткізіп жатқанбыз.
Бірде,  аяқ астынан осындай мамыражай өмірімізге тағы да бір тосын өзгеріс енді.
Эдик пен Толик ертелете тұрып,  екі күшікті ертіп алды да,  ешкімге ештеңе айтпастан кетіп қалған болатын. Түс ауа келіп тұр. Алдымен есіктен Эдик сығалады. Арғы бетте Толиктің төбесі қылтияды.
– Қайда жүрсіңдер?
– «Тастаққа» бардық ...
– Күшіктерің қайда?
– Бір күшік ...
– Тағы біреуі қайда? Жоғалтып алдыңдар ма?
– Жоғалтпадық. Бірақ,  енді бір күшік болғанымен,  породасы – екеу.
– Бір күшік,  екі порода деген не ол?
– Доберман-пинчер.
Эдик қарғыбауынан тартып,  Толик бөксесінен итере демеп,  мұрыны сүп-сүйір,  құлақтары тіп-тік,  құйрығы шолақ,  шоколад түстес бір күшікті ішке кіргізді.
Альфа мен Бетаны қосақтап беріп,  осы мақұлыққа айырбастап алыпты.
Бартер,  – деп қояды ақырзаманның балалары. – Зато,  тұқым-тұқиянының бәрі жазылған құжаты бар.
О заман да,  бұ заман,  иттің құжатын қолына ұстап көрген кім бар екен. Құдай-а тоба,  расымен әкесі,  шешесі,  ата-бабасы түгел тізіліпті. Атамзаманнан келе жатқан қазақтың шежіресінде еркеккіндіктілер ғана аталушы еді,  мына хайуанның құжатында шешесі,  шешесінің шешесі,  оның шешесі – бәрі-бәрі хатталыпты. Бүкіл тұқым-тұқиянымен шетінен чемпиондар,  грамотадан грамота,  медальдан медаль – құтты бір «Халық қаһарманының» алтын жұлдызы ғана жетпей тұр-ау,  деп қаласың. Түрі-түсі,  биіктігінің,  шоқтығының өлшемдеріне дейін түгел жазылған.
– Аты – Гафур,  – деді Эдик.
– Гафуры несі,  адамның есімі ғой?
– Құжатта солай деп толтырылған...
– Алла сақтасын,  бұлар немене соншалықты?! Иттеріне баттитып тұрып Гафур,  Мұхтар деген аттарды еншілеп бере салады. Есімдері елді елең еткізетін адамның атына құмар боп өліп бара жатса,  Пушкин,  Лермонтов деп неге қоя салмайды екен.
Қысқасы,  не керек,  азын-аулақ жүргізілген «дипломатиялық келіссөздерден» кейін Альфа мен Бетаның орындарын Гафур басып,  біздің итырғынға үйренген үйімізге ол дағы тастай батып,  судай сіңіп кетті.
Залда адам жоқ кезде төрдегі диванда жататын төреміз сол. Бір тәуірі,  майлап қойғандай жып-жылтыр жүнінен бір қылшық түспейді. Қолымызға газет-журнал ұстап,  телевизор көру үшін залға кіре қалсақ,  зиялылығын танытып,  ешқандай ескертусіз бос креслоның біріне үн-түнсіз ауыса қояды.
Ал енді Гафурдың ас мәзірі дегеніңіз өз алдына бөлек әңгіме. Үйреніп қалған тағамы – макарон,  ең мықтағанда ет болатын қазақтар,  оның үлесіне қарап екі қолдарын төбелеріне қойып,  безіп кетеді. Айран,  ұйыған қатық,  шикі балық,  көк-сөк,  жеміс-жидек – алма,  алмұрт,  қызылша,  сәбіз,  қырыққабат,  ботқаның қарақұмық,  сұлы,  күріштен дайындалатын небір түрі. Қойшы әйтеуір,  толып жатыр. Осының бәрі интернетте жазылыпты.
Гафурымыз бес-алты айда тайынша-торпақтай демей-ақ қояйық,  кішігірім бұзаудай болып қалды. Былайғыда мазасыздық танытпаса да,  есіктің қоңырауы дыз ете қалса болды,  елден бұрын босағаға жетіп,  арсалаңдап үріп береді. Алдында арғы бетте тұрып,  кейіннен табалдырықтан аттаған адам әлгіндегі әупілден соң,  тізгінін  тарта қалып,  кіргеннен бастап шыққанға дейін сүтке тиген мысықтай болып отырады.
Бірде қала маңындағы ауылдардың бірінде тұратын Әлимансұр деген ағайынымыз үйге келе қалды. Оны әдеттегідей Гафурдың әупілімен қарсы алып,  есіктен кіргізіп алдық.
– Мынау не сұмдық! – деді Әлимансұр. – Атам қазақта жоқ үрдіс,  асылзада итті төрлеріңнің төбесіне қойып отырғандарыңа жол болсын.
– Енді мына балалар қыңқылдап қоймаған соң ...
– Қыңқылдай ма,  мыңқылдай ма білмеймін,  қазақ деген итті үйде ұстамаған. Керемет қастерлі құмай тазының өзі кіре беріс шоланның табалдырығынан ары аттамайды. Астына бөстегін тастап,  алдына итаяғын қойып,  сол жерде ұстаған.
– Енді мұны не істейміз?!
– Ештеңе істеудің қажеті жоқ. Маған,  ауылға әкеліп салыңдар. Бізде де өздерінше елден ерек болуды ұнататын байшікеш-бишікештер баршылық. Солардың бірінің гаражында жатады да ...
Мектепте көктемгі каникул енді ғана басталып еді. Эдик пен Толик Саша,  Пашаларының бірінің қала маңындағы саяжайына демалуға кеткен болатын.
– Жата-жастана көрерміз,  – деді әкеміз.
– Сонымен әңгіме тәмам болған.
Арада екі-үш күн өткенде есіктің қоңырауы тағы да безілдеп ала жөнелді. Қалалықтар сияқты бөліп-бөліп баспайды,  ауылдан келгендер осылайша саусақтары қоңырау түймесіне жабысып қалғандай,  есікке адам жақындағанша зар қақсатып тұрып алады.
Әдеттегідей елден бұрын елпілдеп Гафур жетті есікке. Зор даусымен екі рет «әуп» етіп еді,  біреу барып электр сымын жұлып  алғандай безілдек дыбыс қалт тиылды.
Құлыпталмай тұрған есіктің тұтқасынан ұстап,  ішке қарай тартып қалсам,  айтқаным айдай келіп,  босаға сыртында Шелектегі жамағайын Жолтай аға тұр.
– Астафиралла,  бұлардың үйіне ит кіріп кеткен бе деп жүрегім тас төбеме шықты емес пе,  расымен мұнда ит жүр ғой?! – дейді.
Екеуміз қауқылдасып,  аман-сәлем жасасып,  аяқкиімін шешкізіп боламыз дегенше Гафур біздің жанымыздан жоқ болды. Әкеміз әдетте мұндай мезгілде залдағы диванда жатып газет-журнал қарайтын.
– Сіз былай қарай өте беріңіз,  мен қазір дастарқан әзірлеп жіберейін, – деп Жолтай ағаға залды нұсқап жібердім де,  өзім ас бөлмесі жаққа өтіп кеткенмін.
– О,  тоба,  тоба,  тоба! Мыналар үйлерінің бәрін итке толтырып қойғаннан сау ма? – деп жан ұшырған Жолтай аға шоқша сақалы шолтаңдап менің соңымнан іле-шала ас үйге жүгіріп келіпті. – Ана жерде,  диванда әлгі макұлұқтың тағы біреуі жатыр ғой?!
Әкем аздап көз шырымын алайын деп өз бөлмесіне кеткен болуы керек. Үй ішіндегілерден ешкім болмағанда залдағы диван Гафурдың иелігінде.
– Ол жаңағы өзіңізді қарсы алған ит қой. Диван бос болса,  сол жерде жатады.
– Сонда қалай,  төсек орындарыңда алдымен иттерің,  сосын өздерің жатасыңдар ма?
Әкем орнынан тұрып,  туысқанымен қауқылдасып амандасып болған соң дастархан басына отырдық. Кез келген тақырыпта басталған әңгіме айналып ит төңірегіне оралады.
– Бұл енді өзі сондай асылтұқымды,  ерекше жаралған ит,  – деді әкем. – Небір түрлі жарыстарға қатысып,  медаль,  диплом,  кубок дегендерді бірінен соң бірін әкеліп жатыр. Қарағандыда,  Бішкекте,  Орынборда болып қайтты...
– Әй,  қайдам,  «байтал шауып бәйге алмас» деген сөз айтылатын еді. Ал енді итін жарысқа қосып,  жетістігіне мақтанған қазақты сенен көріп отырмын – деді Жолтай аға.
– Өзі сондай кірпияз,  аса таза хайуан,  бір тал қылшығы бір жерге жұқпайды ғой...
– Бәсе,  сол екен ғой,  төреңдей ғып төріңе шәнитіп қойғаның. Түнде қойныңа алып жатарсың,  бәлкім?
– Әй,  сен де бір өзі,  тырнақ астынан кір іздеп қалған бірдеңе екенсің. Ол иттің тұла бойы тап-тұйнақтай,  тап-таза. Ішкен-жегені адал ас. Тіпті аяқ-табағына дейін өз алдына,  бәріне белгі соғып қойылған...
Жолтай аға аспен апарған қасықты аузынан суырып алып,   бір айналдырып қарады да,  табақтың шетіне етбеттете сүйей салды. Сөйтті де шайы толық ішіліп болмаған кесенің бетін алақанымен жауып:
– Хош,  әбден тойдым,  көп рақмет! – деді.
– Жарайды,  олай болса,  ана бөлмеге барып аздап тынығалық, – деп әкем де екі алақанымен бетін сипап,  қонағын залға қарай бастады. Алдымен өзі барып отырып,  бір қолын диванның арқалығына артты да:
– Кел отыр,  енді ауылдың әңгімесін айт,  – деді.
Залға кірген беттен-ақ екі танауы едіреңдеп тұрған Жолтай аға әкем отырған диванға осқырына қарап алып:
– Анау Сағындықтың біреулерге беріп жіберген сәлемдемесі бар еді. Жеткізіп бермесем,  үлгермей қалармын,  – деді де,  қоштаспастан бұрылып алып,  есіктен шығып жүре берді.
Жаңағы ыдыс-аяқты жинастыра салайын деп ас үйге кірген мен бірден Жолтай аға тамақ ішкен ас қасыққа жармастым. Масқара! Қасықты аударып жіберіп қарасам,  ас алатын шұңғылына шегемен тырнап тұрып «Гафур» деп бадырайтып жазылыпты. Жазуды залда отырған әкеме алып келіп көзінің алдына жақындаттым.
Мұндай итырғынның итырықтатқан шегі дәл осы жерге дейін ғана келіп жеткен болуы керек,  әкем аяқ-асты шарт ете қалды да:
– Әкет,  ана Әлимансұрға! – деп сұқ саусағымен итті нұсқап,  бірақ кесті.
Балалар әлі саяжайдан қайтып оралған жоқ еді. Бірауыз сөзге келместен Гафурдың тұмсығына тұмылдырығын кигізіп,  төртінші қабаттан түсе бердік...
 

1528 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №8

30 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы