- Айтарым бар...
- 07 Қараша, 2024
Бізде Алаш арыстарының арманы бар

Амантай Тойшыбайұлы
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ «ХАБРИС СИНДРОМЫ»
Жуырда «Harvard Business Review» журналында «Эго – көшбасшылықтың ең үлкен жауы» деген мақала шығыпты. Қызықты, әрі пайдалы зерттеулерге тола мақала екен. Бұл мақалада біздің көптеген басшылар мен шешім қабылдаушыларға ортақ қателіктерді көз алдыңа кинода көріп отырғандай бейнелейді және оларды ғылыми тұрғыдан түсіндіреді.
Адамдар мансап биігіне көтерілген сайын өз эгосына тойынып ортадан алшақтай бастайтынын аталған мақалада кезең-кезеңімен түсіндіріледі.
Бастық болып бос кеңістікке (вакумға) кіріп, басқаларға сөмкесін көтертіп, жалбақай жағымпаздардың ортасына түскен кез-келген адам біраздан соң «хабрис синдромына» («hubris syndrome») шалдыға бастайды екен. «Хабрис синдромы» («hubris syndrome»), – деген бұл терминге Ұлыбританиялық невропатолог Дэвид Оуэн мен Дьюк университетінің профессоры Джонатан Дэвидсондар: «көптеген жылдар бойы лауазым күшіне арқа сүйеп, жалған жетістікке тәуелді болу», – деп анықтама беріпті.
Адамның мансабы неғұрлым жоғары болған сайын оның ықпалы да соғұрлым басым болатыны аян. Мансап иесін оның айналасындағылар мұқият тыңдайды, айтқанының барлығын дерлік қабылдайды, тіптен болсын-болмасын орынсыз айтылып қалған әрбір әзіл-мысқылына да ішегі қатқанша күлетін болады.
Ал эго-ға байланған өзімшіл бастық алдағы уақиғаларды болжау қабілетін жоғалтады, мінезіне үлкен өзгерістер кіреді және ол өз ортасының, достарының және әріптестерінің құндылықтарына қарсы келе бастайды, айналасындағы адамдарға жетекшілік ету қабілетін жоғалта бастайды, басқару тізгінін қолынан сусытып, жанындағы жарамсақтардың сөзіне ере бастайды.
Сол кезде адамның эгосы, өзімшілдігі, тәкаппарлығы және «түк көрмей, білмей жүруі» дәл нысанаға ілінген аңға ұқсай бастайды дейді. Эго өскен сайын нысана ұлғайып, қоршаған ортаға бейімделуге осалдық танытып, басқалардың жеміне айналады. Өйткені ол адамның мінез-құлқын, көзқарасын, іс-әрекетін алдын-ала болжау өте оңай болады.
Тәкаппарлар мен қозықарындылар («біздіңше лақ текелер») әрдайым өзгелердің жемі болушы эгосы арқылы өз нәпсісінің құрбаны болады екен.
Олардың арт жағында әрқашан да көзге көрінбейтін ойыншылар ойнап, эгосын басқарып, итті бауынан босатқандай оның нәпсісін біртіндеп босатып отырады.
Әсіресе олардан келетін ең үлкен қауіп – басқаларды тыңдаудан қалады. Мен ғана барлық жетістіктер мен жақсылықтардың авторымын деп ойлайтын ол адамның мінез-құлқы, қарым-қатынасы өрескел бұзылып, ерекше өзімшіл болады, айтқан сынды қабылдау түгілі тыңдай алмайтын халге жетеді, әрі бұл мінезін жанындағыларға жұқтыра бастайды.
Бұндай жағдайдағы адам басқалардың, немесе бұрынғы өткендердің қателіктерінен сабақ алу мүмкіндігін жоғалтады және өзінің айналасына тұрғызып алған қабырға арқылы ол басқаларды бағалау, құрметтеу, жақсы көру, мадақтау немесе шабыттандыру қабілетін де жоғалтады.
Сондықтан көп ұзамай өзін әлемнің орталығы екенмін деп ойлап, кез келген өтірікке сенеді. Бұл кезең мансап буының шектен шығу синдромының соңғы сатысы болып табылады және дәл осы кезеңнен бастап басқаларды қуғын-сүргінге салу, айыптау, жақтырмау және ешкімге сенбеу т.с.с «ауру белгілерін» қабылдай бастайды.
Соның салдарынан бір кезде бірге жүрген әріптестерін, достарын, қарым-қатынастағы мәдениетін, дәстүрлер мен көзқарастарын жоғалтады. Осылайша, даналық көзін шел басып соқырайған адам негізгі мәселені үлкен фонда көре алмайды, ең қауіптісі – ол өз қалағанына ғана сенеді, өзі қаламаған істің болуы мүмкін екендігін қабылдамайды.
Өте бір таныс адам көздеріңізге елестеген шығар?!
Күтпеген кішкентай жетістік, күтпеген жоғары жалақы, жақсы кеңсе, жалған күлкілері сізді бірден бұзып, сіздің сау миыңыз сіздің эгоңызға желінеді. Мұны болдырмау үшін, тезірек жағымпаздар мен жалаушылардан тезірек арылыңыз деген сөз!
Мен жетістікке жеттім деп алғаш ойлаған сәттен бастап сіз, «хабрис синдромының» («hubris syndrome») алғашқы сатысындасыз.
Жалпы Қазақстан толықтай хабрис синдромына шалдыққанымызды мойындағанымыз жөн!
ҚАЗАҚСТАНДА «ЛИБЕРИЯ СИНДРОМЫ»
Тәуелсіздіктің қадірін білмеу, ана тілінен бас тартып отаршының тілін таңдау, табиғи байлығының қызығын өзі көре алмау, трайбалистік тартыстың кесірінен тоз-тоз болу – қара құрлықтағы Либерия елінің тарихынан алатын сабақ осындай.
«Бостандық жері», «африкалық Израиль» - жергілікті негроидтік тайпалар мекендеген бұл жерге 1820 жылдары Солтүстік Америкадан құлдықтан мыңдаған репатрианттар оралады (аболиционистер қозғалысын тарихтан білеміз). Америкалықтар құрған жеке колония ресми түрде Либерия (ағылшынша liberty – бостандық) деп аталып, өзінің конституциясын қабылдайды. 1847 жылы 26 маусымда қоныстанушылар Либерия Республикасының тәуелсіздігін жариялайды. Бірақ репатрианттар өз қандастары – жергілікті негрлерге шекесінен қарайды, оларды жабайы санап, өздеріне құл етеді. Америкадан оралғандарын мақтаныш көрген кешегі құлдар ағылшынша сөйлеп, жергілікті тілден бас тартады. Мемлекеттік тіл ретінде ағылшын тілін таңдайды. Америкалық-либериялықтардың діні, салт-дәстүрі, мәдениеті, тұрмысы – бәрі америкалықтардың көшірмесі болады, тіпті туы да АҚШ туына ұқсас.
Либерия президенттік республика, америкалық үлгідегі саяси жүйесі, саяси партиялары бар. Бірақ, демократияны қаншама көшірсе де, бұл ел азаматтық соғыстан көз ашпай келеді. 1980 жылдары басталып, 2005 жылға дейін созылған Азаматтық соғыс 250 мыңнан астам адамды жалмаған, мыңдаған адам елден кеткен, таусылмайтын жанжалдан елдің экономикасы күйреген. Мемлекеттік мекемелері коррупцияға белшесінен батқан, жаппай жұмыссыздық, сауатсыздық жайлаған, ел заңсыз қару-жарақ қоймасына айналған. Адам саудасы әлі бар, «трущобаларда» тұратын жергілікті тайпалар осы күнге дейін ескі әдет-ғұрыптарымен өмір сүреді, оның ішінде адамды құрбандыққа шалу да бар.
Либерияның осындай артта қалған, жік-жікке бөлінген, «үшінші әлем» елі болып қала беруіне кешегі отаршылар да, елдегі саяси күштер де мүдделі. Өйткені бұл жер табиғи қазбаларға бай, таулы өлкесінде алмаз өндіріледі. Африка құрлығындағы тұрақсыз елдердің бірі болып отырған Либерия тұрғындары қазір негізінен гуманитарлық көмекпен өмір сүреді. Өзі 4-ақ миллион халықтың 80 проценті кедей. Бала өлімі өте жоғары деңгейде. Мемлекеттік тіл – ағылшын тілін либериялықтардың үштен бірі білмейді, себебі сауатсыз.
Міне, осылай этникалық себеппен қырық жікке бөлінген, ана тілінен бас тартқан, табиғат байлығы өзіне сор болған Либерия қазір БҰҰ-ның ерекше бақылауында өмір сүріп жатыр.
Ал бізде ше...
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ «ИВАНОВ СИНДРОМЫ»
1965 жылы КСРО Мәдениет министрлігінің шақыруы бойынша франциядан «Coco Chanel» модельдері Мәскеуге келді. Мәскеуліктердің аузы ашылып, көздері бақырайып қалады...
Модельдер еліне қайтар алдында қызыл алаңда кеңес әскери формасындағы адаммен суретке түсуді қалапты, бірақ бұл мүмкін емес деген жауапты естиді. Сосын модельдер «Олай болса қандай бір құқық қорғау органдарының формасындағы адам болса да болады», – деп мәдениет министрлігіне өтініп тұрып алса керек.
Алайда, социализмді орнатушылар үшін буржуазиялық қоғамның адамымен, оның ішінде модельмен бірге суретке түсу масқара болу деп саналатындықтан суретке түсуге ешкімнің де батылы бармапты, себебі олармен бірге суретке түссе масқара болатын еді, сондықтан олармен бірге суретке түсу мүмкін емес жағдай болатын.
Алайда министрліктің қысымымен жаңадан жол полициясына қызметке алынған Ивановқа жоғарыдан әскери бұйрық беріліп, суретке түсіруге шешім қабылданыпты. Ол: «Екі модельмен бірге фотоға түскеннен гөрі граната ұстатып неміс танкісіне қарсы жіберіңіздер», – деп жоғарыға өтініш жолдапты. Бірақ сержант Ивановқа «Бұл Ұлы Отан атынан берілген тапсырма!», – деген нық бұйрық беріліпті.
Ақыры сержант Ивановымыз амалсыз фотосессияға қатысып, ол аяқталғанша басынан аяғына дейін екі көзін тарс жұмып алып ашпай суретке түсе берген екен, тіптен фотосессия аяқталғаннан кейін 10 минуттай көзін ашпай тұрып алыпты. Онысы көзімді ашып қалған кезде жаман буржуазиялықтар байқатпай суретке түсіріп қоймасын деген сақтығы дейді. Осылайша біздің Ивановтың суреті тарихқа айналды, бүгінде оны тарихшылар «Иванов синдромы» деп атайды...
Иә, КСРО кезінде бүкіл кеңес халқы осындай қоғамда, осындай оймен өмір сүрген болатын...
Ленин құрған совет өкіметі заманында
70 жыл бойы Қазақтар «Коммунизмге тек орыс тілінде ғана жетуге болады!», – деген үстемдік құрған ұран арқылы тек тілі ғана емес, миы да орыстанған, санасы да толығымен орыстанған болатын, сол тенденция әлі сақталуда!
Тәуелсіз ел болғанына 30 жыл толғанына қарамастан, елді билеп отырған «орыс тілді» билік әлі күнге «Иванов синдромының» елесінен арылмаған кеңес билігінің сарқыншақ әулетінен екені қазақ қоғамына жасырын емес...
Оның қарапайым бір мысалы, «ҚР-ның Мемлекеттік тіл туралы» заң шығарудан әлі күнге дейін өлердей қорқып «Ивановша көзін тас қылып жұмып алып» ашпай отыр!..
ҚАЗАҚСТАНДА «МУГАБЕ СИНДРОМЫ» БОЛДЫ МА?..
Бұл оқиға әуелде өте жақсы басталыпты. 1980 жылдардың басында қазіргі Зимбабве елі Африкадағы дамыған елдердің ішінде басынан санағанда екінші орында тұрған, қуатты мемлекет болды. Зимбабвенің валютасының құны британдық фунтпен бірдей болды.
Бірақ дәл осы кезде билікке Роберт Мугабе келеді. Мугабенің бірінші бастағаны – бұрынғы ағылшын отаршыларының саясатын түбегейлі өзгерту арқылы елді толыққанды этникалық африкалық мемлекетке айналдыру болса, екіншіден, тау-кен саласын дамыту арқылы экономиканы нығайту, үшіншіден, сыртқы ынтымақтастықты жақсарту арқылы ресми серіктес елдер табу қатарлы үлкен мақсаттар қойып, жұмыс істей бастады.
Бірақ серіктес ел ретінде бізге жақсы белгілі оңтүстік көршіміз, яғни Қытайды таңдапты. Мугабе мырза Қытай мен Зимбабве өзара алыс кеңістікте орналасқан, тілдік және мәдени жағынан бір-біріне ұқсамайтын болса да түпкі мақсаты бір бауырлас елдер деп сендіреді. Сонымен Мугабе мырза елінің барлық саласын Қытаймен байланыстырып, соның ішінде саяси және экономикалық саясатын толығымен Қытаймен үйлестіре бастайды.
Ол түгілі барлық орта мектептерде қытай тілін арнайы пән ретінде кіргізіп, қытай мәдениетін насихаттай бастаған. Экономикалық ынтымақтастықтағы жарасқан «сүйікті серіктесі» – Қытай алдымен ол елдің тау-кен саласына инвестиция сала бастады.
Ал Мугабе өзгертулер мен реформалар жасай алды, енді реформа нәтижесін күтуі керек болады.
Прогресс қашан келеді?
Бірақ өзгеріс ол күткендей болмады. Ел кедейленуде, қоршаған орта ластанып, күйреуде, сыбайлас жемқорлық пен қылмыс өршіп кетті. Қытайдың Сауда министрінің айтуынша, 2008 жылы Қытай мен Африка арасындағы сауда көлемі 106 миллиард долларға жетіп қойған. Бірақ Қытай болса Африкаға жылына 5 миллиард доллар ғана инвестиция салады.
Бұл жерде қарапайым математикамен-ақ
пайда кімге, шығын кімде екенін білу оңай. Былайша айтқанда Зимбабве – Қытайдың ең көп шырын беретін сүйікті сүтті сиырына айналған.
Бүгінде Зимбабведе инфляция жүз миллион есе, тіптен миллиард есе өсіп кеткен.
Ел халқы жаппай ашаршылық, жұқпалы аурулардың, қарулы қақтығыстардың ордасына айналған.
Саяси жүйе бұрмаланып авторитарлық немесе тоталитарлық басқару нысанының қайсысында екенін өздері де ажырата алмай қалыпты...
Бүгінде Мугабенің 1 триллион ақшасы
1 долларға тең!
Халықты осы күйге жеткізген Мугабе 2019 жылы 6 қыркүйекте 95 жасында дүниеден озды. Мугабе кеткеннен кейін, халық ерекше шаттанып, көшелерге шығып, би билеп, ән салған.
Қытаймен достасқан біздің елдің болашағы не болар екен?, – деп қатты уайымдаймын...
ҚАЗАҚСТАНДА «ҚҰС АУЛАУ» ОЙЫНЫ БАР МА?..
Көшпелі жыл құстарының арасында арнайы Күзетшінің міндетін атқаратын құс болады. Күзетші құс алыс жолда шаршаған құс үйірі демалып жатқан кезде, сақтық шараларын жасап, оларды болжаусыз қауіптен сақтандырады.
Ал құс аулаушыларда сол Күзетшіні өз табынына ұстап беріп, сақтықтан айырып, сосын құстарды топ-тобымен қыратын «қара тәсіл» деген айла болады екен. Қандай тәсіл десең, алыс сапардан шаршап келіп көлге қонақтап жатқан құстар дәл демалып маужырай бастаған кезде аңшы ақырын мысықтабандап жақындап баратын көрінеді. Күзетші оны біліп құстарға хабар беріп оятқан сәтінде әлгі аңшы сездірмей жасырына қалады.
Бірінші мәрте құстар оянып жан-жағын бақылап, назар аударып, ерекше қауіп сезбегендіктен қайтадан тынышталып ұйықтайды. Дәл сол сәтте әлгі аңшы қайтадан сезік туғызып, Күзетшіні мазалайды. Күзетші қайтадан қауіп туғанын білдіріп, дабыл қаққанда аңшы қайтадан жасырына қалады. Ал табын қайта оянып, қауіп-қатер жоқ екенін біліп, тынышталып қайтадан демалып ұйқыға кетеді.
Олар демала бере аңшы қайтадан Күзетшіні мазалап, сезік туғызады. Осылайша бірнеше рет Күзетші құс арқылы табынды тәтті ұйқыдан оятып мазасын алғанда дем ала алмаған құстар шексіз ашуланып «Өтірік хабар беріп демалдырмай қойған» Күзетшіні жан-жағынан талап, жүнін жұлмалап өлтіріп тастайды екен. Осылайша қауіпсіздік дабылына маза бермей қағатын Күзетшісіз қалған үйірді топ-тобымен құртуға оңай болады екен.
Құстар үйірін аулайтын бұл технологияны дамыған мемлекеттер артта қалған елдерді отарлау саясатына да аса айлакерлікпен пайдаланады.
Отаршылардың әрекетін түсінген ұлтшылдарды, патриоттарды қайта-қайта қорқытып, үркіту, сонымен қатар оларға қауіпсіздік дабылын тұрақты қақтыра отырып, өздері өте мүләйім, сүттен ақ судан таза болып көріну, ол түгілі гуманитарлық көмек беріп жатқан кейіп көрсетіп, шынның жүзін бүркемелейді екен.
Ұлтшылдар төніп тұрған қауіп-қатер, батпан қарыз, заңсыз қылмыстар, отаршылардың ел байлығын тонап жатқан әрекеттері, жасырын ақша аудару, ми жуу, олардың басып алмақ ниеттері туралы халық мезі болғанша шуылдаса да оларға дәлел-дәйек болатын деректердің ұшын да ұстатпайды екен.
Осының салдарынан халық ұлтшыл-патриоттар туралы өтірікші популистер, ақымақ, даңғаза шуылдақтар, кеудемсоқ малғұндар деген түсінік алып, олардың сөзін ешбір елемей, жексұрындатып, шеттетіп, мазақ қылып, ол түгілі олардың өміріне қастандық жасай бастайтын көрінеді. Әрине, «бір ит көріп үреді, екі ит еріп үреді» дегендей олардың арасында шынымен де популистер, кеудемсоқ малғұндар да болады.
Кей жағдайда арнайы ондай адамдарды олардың араларына кіргізіп, бей-берекетсіздікке ұрындырып, нағыз патриоттардың атақ-абыройына нұқсан да келтіреді. Ақырында кімдікі ақиқат, кімдікі жалған екендігін айыра алмайтын халге жеткізіп, бұл жағдайдан мезі болған халық ұсақ-түйекке, ойын-сауық, той-томалаққа көбірек мән бере бастайды. Осылайша халықтың қауіпсіздік дабылын құртып тастаған соң, байлығын жалғыз күнде өзінікі болдырып, қарызға белшесінен батырып жан алқымынан алатын көрінеді.
Бірақ көбінесе бұл істі өздері арқылы жасатады. Африка және Латын Американың көп елдерінде осындай мысал толып жатыр...
Бүгінде ел экономикасының ахуалына көз жүгіртер болсақ, батыс пен қытайдың «құс аулау» технологиясы Қазақстанда жүзеге асып жатқан жоқ деуге аузымыз бармайтын секілді...
ҚАЗАҚСТАНДА «БОКАССАНЫҢ ЕЛЕСІ» БОЛҒАН ЕДІ...
Африкадағы бір кедей елдің аз уақытта басынан өткерген «күлкілі» тарихын оқып отырып, менің Қазақстаным да сол елдің кебін киіп барып, Құдай қағып аман қалғанымызға тәуба дедім.
Хош, сонымен...
Еліміз Еуразия құрлығының дәл жүрегіне орналасқан, әрі осы құрлықтың кіндігі болып табылады.
Осыған ұқсас Африка құрлығының дәл жүрегіне орналасқан, әрі кіндігі іспетті Орталық Африка Республикасы (ОАР) деген ел бар. Кедейлігінде шек жоқ, ол жағынан Аллаға шүкір, біздің елге шаңын да көрсетпейді. Соншалықты кедей ел. Ондай болудан бізді Құдай өзі сақтасын.
1961 жылы Африка құрлығын тәуелсіздендіру үшін еуропалықтар әртүрлі шаралар жасады. Соның бір бөлігі ретінде француздар ОАР-дан кетіп, оны тәуелсіз Республика деп жариялады. Былайша, тегін берілген сыйлық деген сөз.
Ел президенті етіп Дэвид Дако дегенді «сайлайды». Дэвид Дако Қара Африкалықтардың Әлеуметтік-революциялық Партиясы (ҚАӘРП) дегенді құрып, жаңа Конституция бекіткенін мәлімдейді. Сонымен қатар өзінің жақын туысы Жан Бэдэль Бокассаны Ұлттық Армияның Бас штабының басшысы етіп тағайындады. Ал бұл Бэдэль Бокасса есімді туысы ағасы Дэвид Даконың елде болмаған кезін пайдаланып 1967 мемлекеттік төңкеріс жасап жібереді де Партия Төрағасы, ел Президенті, Премьер-Министр және Парламент спикері деген төрт негізгі лауазымды бірден бір өзінің уысына алып алады.
Географиялық орналасуының маңыздылығына байланысты Франция өз әскерлерін осында орналастырып қойғанды. Сондай-ақ халқы өте аз бұл кедей елді француздар асырап отырған болатын. Несие бере береді. Елдің қарызы көбейіп, оны төлеу мүмкін емес екенін білген әлгі Бокасса Франция президенті Шарль де Голльді ресми түрде Орталық Африка елінің «әкесі» деп жариялайды. Ол кезде Де Голль де ұяттан жерге кірердей болған шығар. Бокасса билікке келе сала жұмысын Конституцияны өз мүддесіне сай өзгертуден бастайды. Ол соншалықты білімді адам емес еді, 1954 жылы француз армиясына шақырылып Вьетнам соғысына қатысқан кезінде қара танып, кіші сержант дәрежесіне дейін көтерілген болса керек.
Ол басқарған ҚАӘРП партиясы елдегі жалғыз партия болғанымен оның саяси бағдарламасы да, идеологиясы да болмады, тек қана Бокассаның елді басқару жұмысының құралы ғана болды. Партияның 1972 жылы шақырылған төртінші съезі Бокассаға «маршал» атағын беру туралы жалғыз мәселені талқылаған деп айтылады. Бокасса кез келген уақытта партия жиналысын ашады да, өзінің басты қарсыластарын бас көтертпей жаншып тастайды. Мемлекеттік министр Бонга, Кәсіподақ басшысы Сандосса, Премьер-Министр Патасселер жыл сайынғы партия жиналысында талқыланып, қамауға алынып, түрмеге жабылса, басқа да көптеген министрлер жұмбақ жағдайда қайтыс болды.
1976 жылы, яғни осы кедей ел тәуелсіздік алғанына тура 15 жыл толғанда Бокасса жоғарыда аталған төрт негізгі лауазымнан басқа, Баспасөз министрлігі, Қорғаныс Министрлігі, Сауда министрлігі, Пошта министрлігі, Тау-кен өнеркәсібі министрлігі және Ақпарат министрлігін түгелдей өз қолына алып басқаратын болды. Көп әйелдерінің бірі болған ең үлкен бәйбішесін Орталық Барлау Басқармасының басшысы етіп тағайындайды.
Оның сыртқы саясаты тіптен ерекше болды. 1970 жылы КСРО-ға ресми сапарға барғаннан кейін бұл ел өзін «социалистік лагерьдің» ажырамас бөлігі деп жариялады.
1975 жылы Францияның жаңа президенті Жескар де Эстанмен болған кездесуге жауап ретінде өз халқын француз елінің жолымен өркендейтінін мәлімдеді.
Келесі 1976 жылы мұнайға бай ел Ливияның президенті Кадаффи ресми сапармен келген кезде, ол өз елінің мұсылман болғанын жариялап, үкіметтің барлық мүшелерін сүндетке отырғызып, Исламды қабылдау рәсімін өткізді, өздеріне Мұхаммед, Ахмед т.б. ат қойып алды. Қасиетті Құранды жаңадан француз тіліне өзім аудардым деп мыңдаған данамен басып шығарып, оларды бүкіл елдегі әрбір үйге таратты. Әрине, оның араб тілі білімі туралы не айтуға болады, бірақ Каддафи де бұл ақымақ қараны ақшамен қолдамады, сондықтан Орталық Африка мемлекетінің мұсылман мемлекеті болғанын келесі жылы бүкіл әлем ұмытып кетеді. Сонымен Бокасса батыс және шығыс Германиядан, Тайваньнан ақша сұрап жалынып, Қытайдан кенеттен дипломатиялық қатынастарын үзіп, әлемді шулатады.
1976 жылы мемлекеттің 15 жылдығына орай ол елді Орталық Африканың империялық патшалығы деп жариялап, өзін император етіп тағайындады. «Итті қорқытатын ағашы» секілді бұл шешім әлгі ҚАӘРП партиясының жиналысын шақыру арқылы қабылданады. «Император партиядан жоғары болуы керек», – деп партиясынан уақытша бас тартып бұраңдайды.
Ең қызықты аттракционы Бокассаның таққа отыруы болды. Француз армиясында қызмет еткен кезінде ол Наполеонның кенеттен өз Республикасын патшалыққа айналдырып, өзі император болғанын естігені осы бір алып қара адамның кішкентай миына қатты әсер қалдырса керек. Бірақ ол Наполеонның Біріккен Еуропаға деген ұмтылысы, әлемдегі алғашқы заманауи басқару жүйесін ойлап табуы, теңдесі жоқ ақыл-ойдың иесі, керемет әскери қолбасшы болғаны туралы ешқашан естімеген сияқты. Ол Француз революциясының тарихы, Монтескье принциптері, шашыраңқы Италия, неміс империализмі, ағылшын бәсекелестігі, әлемнің көшбасшы өркениеті қатарлы ұғымдарды естісе де қабылдап түсіне алмас еді.
Сонымен әлемдегі ең кедей ел «патшасын» таққа отырғызу рәсіміне бола барлық дәулетін шашыпты. Орталық Африка Республикасында іске татитын жалғыз мүлік-гауһар тастардың аздаған қоры бар болатын. Оның өзі әлгі Бокассаның өзі толығымен басқаратын жеке біліміндегі байлық екен. Патша тәжіне екі мың бриллиант орналастырып әсемдеу сол кездің бағасымен 5 миллион долларға бағаланған. Патша тағын ұшып бара жатқан бүркіт бейнесімен жасап алтынмен аптағандықтан, салмағы екі тонна болыпты. Тақты толығымен барыс терісімен қаптапты. Киімдерін еуропалық ең жақсы ательелер тіккен. Киімнің материалдары әлемнің түкпір-түкпірінен сатып алынды. Жамылғысының өзі бес түсте жарқырайтын өте қымбат арнайы материалмен Үндістанда арнайы қолөнершілер арқылы жасалды. Бұл жамылғы туралы ол өзін ұлықтау рәсімінде қара түс мемлекеттің темір жұдырығын бейнелейді, сары түс императордың рақымшылығын білдіреді, ал жасыл түсі Орталық Африка шөлінің жасыл елге айналып, жасарып өсетінін білдіреді деп асқақтаса керек.
Барлау басқармасының басшысы болған бәйбішесін Патшайым деп, үш жасар ұлын тақтың мұрагері деп жариялайды. Туыс-туғандары ханзада, герцог, ханшайым сияқты ежелгі француз дворяндарының атақтарымен марапатталды. Салтанатты рәсімге орай жауынгерлерінің формасын жаңалап, бірнеше күн бойы жаттығу жасап дайындалған аш сарбаздар екі тонна алтынмен апталған тағында бес түрлі түспен жарқырап желбірейтін жамылғысын жамылып отырған есуас патшасының алдынан шөлдің шаңын бұрқыратып, француз стилінде парад жасапты. Онысы бұл аймақта кең таралған адамды өлтіріп сойып, етін қақтап жеудің алдында билейтін «марзан» деп аталатын биіне қарағанда әлдеқайда өркениетті көрінсе керек.
Салтанатқа қатысқан Франция және Африка елдері елшілерінің біразы қалталарын томпитып, осы мүмкіндікті пайдаланған итальян, неміс және швед кәсіпкерлері салтанатты тағамдардан ауыз толтыра асап қуанышқа бөленіпті. Бокассоның тегі адам етін жейтін тайпадан шыққан екен. Сонымен қатар, оған Інжілдегі «Соңғы кешкі ас», оны бейнелеген Леонардо да Винчидің суреті өте ұнаған екен. Сондықтан түрме басшысына хабар жіберіп, мәсіхтің «Соңғы кешкі асын» ұйымдастырады. Тойғанынша тамақтандырып, шарапқа мас қылғаннан кейін, тұтқындарды сойып, етін мұқият тазартып патшаның асханасына жібергені. Банкетте қонақтардың тамсана жеген асы осы болса керек. Кейінірек, барлық шындық анықталған кезде, қонақтардың кейбірі өзінің адам етін жегенін білгенде есінен танып, жынданып қайтыс болыпты деп те айтылды. Рәсімнің жалпы құны 50 миллион долларды құрауы осынау кедей елдің жалпы ұлттық өнімінің 50 пайызына тең қаражат екен.
Барын құртып, мемлекеттік қазынаны тықырлап тастаған патша қайыр-садақа сұрау үшін Парижге келеді. Өзі «аға» деп атаған президент Жескар де Эстанмен кездескенде қалтасынан бір уыс гауһар алып, оларды көптің көзінше тікелей ағасының қалтасына сүңгіте салыпты. «Маған ақша берсең, мен күлемін, көп ақша берсең, одан да көп күлемін» деген тарихи афоризмнің авторы болған Бокасса еді. Жескар соңынан бір уыс гауһарды мемлекетке тапсырған. Бірақ бір-екеуі қалтасының түбінде қалды деген қауесет тарағандықтан келесі сайлауда жеңіліп қалған болатын-ды.
Бокасса қоржынының түбі тесілгендіктен ақша табу үшін сан түрлі әдіс ойлап тапты.
ҚАӘРП-тің съезінде жеке меншік мүліктерін мемлекетке тәркілеу туралы шешім қабылдатты. Бұл сьезде сонымен қатар осы елдегі жалғыз мектептің барлық оқушыларына аса қымбат тұратын мектеп формасын сатып алып, сәнді киінуді бұйырды. Жалаңаяқ, жалаңбұт балаларына ата-анасы киім алатын ақшаны қайдан таппақ. Ал сол форманы тігетін фабрика патшаның жеке меншігі болатын.
Наполеонның өнерге деген сүйіспеншілігі туралы естіген Бокасса театр, ансамбль, әртүрлі зәулім мүсіндер тұрғызуға шешім шығарып, олардың барлығын сенбілік арқылы тегін істеуге бұйрық қабылдады. Жалпы, ол ештеңе түсінбесе де өнершіл, сауықшыл, әртүлі рәсімдерге, ленталарды қиюға, жиналыстарға, шерулерге белсенді болды. Екі жүз кішкентай баланы киім сатып алмағаны және ешқашан театрға келіп көрмегені үшін қамауға алып, түрмеге жабады. Сонымен қатар, оларды соя бастайды, өзінің жеке тоңазытқышын балалардың жұмсақ етімен толтырады.
Әр нәрсенің соңы болатыны белгілі...
Осы елді жауаптанып, бюджетке қаражат тауып беріп қамқорлыққа алып отырған Франция президенті Жескер «ағаның» сабыры сарқылып, 1979 жылы француз армиясының шетелдік легиондарын Орталық Африкаға жібереді. Ел қайтадан республика болып құрылып, президент болып бірнеше жылдың алдындағы төңкерісте тағынан тайдырылған бұрыңғы туысы Дэвид Дако қайта «сайланды». Ал Бокасса патша шетелге қашып кетеді де, содан қайтадан мемлекеттік төңкерісті жасау үшін 1986 жылы Кот-д’ Ивуардан жасырын түрде еліне оралды. Бұл жолы ол ұсталып, түрмеге жабылып, ақыры сонда өліп тынған секілді...
Бұл тарих күлкілі болып көрінгенімен нағыз трагедия еді. Содан бері отыз бес жылға жуық уақыт өтіпті. Ол кезде Африкада осыған ұқсас оқиғалар тек осы ғана емес болатын.
Бүгінде Африка әлдеқайда өркениетті. Мұндай жауыздар мен есуастар Африка билігіне пайда болған кезде тығырықтан шығар жолдар мүлде жабылған болатын. Біраз уақыт бойы әлем Африканы өзінің тарихы мен өмірбаянына байланысты қоқысқа тастап қойған-ды. Бірақ қазіргі таңда өркениетке бұрылып, мемлекеттік тәжірибе жинақтап, ақыл-есі кіре бастағандықтан олардың болашағынан үміт күткен әлем елдері қайтадан мойын бұра бастады.
ҚАЗАҚСТАН «ШВЕЙЦАРИЯ ТӘРІЗДІ ЕЛ» БОЛА АЛА МА?
Бүгінгі қазақтар біз үшін «Швейцария тәрізді» болу деген Алаш ардақтыларының арманын жүзеге асыруға толық мүмкіндігіміз бар. Сонымен, Швейцарияның жетістіктерінің құпияларына үңіліп көрейік.
1648 жылғы Вестфалия бейбітшілік келісімі Швейцарияның тәуелсіздігін ресми түрде мойындады. Тәуелсіздіктің 400 жылдық тарихының 300 жылында біртұтас билік, тіпті ресми астанасы да болмағаны қызық. Швейцария Конфедерациясы – 8,5 миллион халқы бар, жер көлемі 41 285 км², мұхиттарға шыға алмайтын, орталық Еуропадағы шағын мемлекет. Былайша айтсақ, жер көлемі Қазақстанның ең шағын бір облысының жеріне де жетпейді.
Юра таулары мен Альпі жоталары жерінің көп бөлігін алып жатқандықтан, табиғи ресурстары да шамалы. Швейцарияның ең ірі экспорты Шоколад екенін білсең, табиғи ресурстардың бұл елдің дамуына әсері шамалы екенін түсінесің.
Швейцарияның барлық капиталы азаматтар мен компаниялардың меншігі болғандықтан, Швейцария халқы әлемдегі ең бай адамдарға айналған екен.
Швейцариялық азаматтың орташа дәулеті 696 000 долларды құрайды және әрбір 1000 адамға 86 миллионер келеді деген көрсеткішпен әлемде көш бастап тұр.
Швейцария азаматтарының орташа айлық жалақысы 2020 жылғы жағдай бойынша 6597 долларды құрайтыны да әлемдегі ең жоғары көрсеткіш болып табылады. 2022 жылы Швейцарияның жан басына шаққандағы ЖІӨ 91 мың долларға жетіп, әлемде 4-ші орынға ие болды.
Швейцария адам өмір сүруге ең қолайлы ел ретінде бірнеше мәрте танылды.
Швейцариялық прогрестің басты құпиясы неде?
Біріншіден: Швейцария азаматтарының бай, дәулетті өмір сүруінің 3 құпиясы бар. Бұл тауар айналымы, акциялар үлесінің кірісі және жоғары жалақы. Швейцариялықтардың өте ауқатты өмір сүруінің негізі осы факторларға байланысты. Әрбір швейцариялықта қатарынан осындай үш кіріс болатындықтан бай өмір сүреді. Басқаша айтқанда, Швейцария азаматтары өздері таңдаған жұмысын істеумен қатар жоғары жалақы алады, және акция үлесі мен тауар биржаларынан мол пайда таба алады.
Екіншіден: Швейцария өнеркәсіптік революцияны жасай алған әлемдегі бесінші ел. Үш түрлі толқынды қамтыған «Бірінші өнеркәсіптік революциясы» 1712-1914 жылдар аралығында болды. Бірінші толқын 1709 жылдан 1840 жылға дейін созылды және ол тек Англияға қатысты болды. Екінші толқыны 1840-1870 жылдар аралығында болды және Франция, Германия, Швейцария, Бельгия және Америка Құрама Штаттары сияқты елдерді қамтыды.
Қазақстанда өнеркәсіптік революцияға қажетті табиғи ресурстардың барлық түрлері бар. Біз де жасай аламыз.
Үшіншіден: Швейцария елі ақша мәселесін толығымен шешкендіктен өте жоғары прогреске қол жеткізгенін бірден түсінуге болады. Бір таңғаларлығы, бұл кішкентай ел өзінің ұлттық валютасын- швейцариялық франкті – әлемдік резервтік валютаға айналдыра алғаны таңғаларлық. Швейцариялық франк 1850 жылдан 1936 жылға дейінгі 86 жыл ішінде өз құнын мүлдем жоғалтқан жоқ. Сонымен қатар 1936-1992 жылдар аралығында ең төменгі валюта бағамы бар бірыңғай валютаға айналу қабілетінің құпиясы – ол алтын стандартын тұрақты ұстанып келуіне байланысты деп есептейді. Сондықтан да бүкіл әлемге «швейцариялық алтын франк» ретінде танымал.
Жаңа Қазақстан билігі «Алтын теңге» саясатын қолдана алса, бізде де солай болар еді...
Төртіншіден: Швейцария әлемдегі алғашқы салық жұмағы болды. Швейцария құрылған 1648 жылдан бастап Швейцариядағы салықтар әлемдегі ең төмен салық деп танылып келді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Швейцариядағы салықтардың өсуімен 1960 жылға қарай жалпы мемлекеттік шығындар ЖІӨ-нің 7 пайызына, ал 1990 жылы 9,7 пайызға дейін өсті.
1999 жылы қабылданған Швейцарияның жаңа Конституциясы бойынша салық көбейіп, 2020 жылға қарай Швейцарияның мемлекеттік бюджеті ЖІӨ-нің 10,7%-ке жетіп 62,8 миллиард швейцариялық франкке теңесіп, рекордтық деңгейіне жетті. Салықтың мұндай өсуі орын алғанымен, Швейцария салығы әлі күнге дейін әлемдегі ең төмен салық болып саналады.
Осындай төмен салықтармен кез келген ел зор қадамдармен дами алады. Швейцария Конституциясында мемлекеттің билігін шектейтін және оның азаматтарының құқықтарын қорғайтын салық салуға қатысты 17 бап пен 37 ереже бар.
Жаңа Қазақстан билігі де осындай конституциялық ережелерді ұсына білуі керек.
Бесіншіден: Швейцария билігінің Қазақстан билігінен айырмашылығы, КСРО-ның құрамында болып барлық жерді, барлық табиғи ресурстарды, барлық ауыр өндіріс кәсіпорындарын мемлекеттің меншігіне алып өз халқын қайыршылық деңгейге жеткізбеген еді. Басқаша айтқанда, Швейцарияда ешқашан социалистік мемлекет болған емес.
Қазақстанда социализмді аяқтағанымызға 30 жылдан асып кетті.
Алтыншыдан: Швейцария билігі Қазақстан билігі тәрізді бағаны белгілеп еркін экономиклық дамуға тұсау жасаған жоқ. Швейцарияда еттің бағасы еуропалық еттің орташа бағасынан 2 есе қымбат. Жалпы, Швейцариядағы барлық тауарлардың бағасы әлемдегі ең жоғары бағалардың біріне жатады. Алайда, карантин кезеңінде инфляция деңгейі 3,5% деңгейінде сақталып қалды, әлі де әлемдегі ең төменгі инфляцияға ие ел болып табылады. Егер тауарлар бағасының өсуі инфляция болып саналса, онда Швейцария инфляциясы ең жоғары ел болып саналуы керек.
Жаңа Қазақстан билігінде де инфляцияны жеңе алатын жоба-жоспары болуға тиіс.
Жетіншіден: Швейцария халқы мінсіз азаматтық билік құра алды. Швейцария автономия принципі бойынша жұмыс істейтін 26 штат пен 2222 муниципалитетке бөлу арқылы мінсіз азаматтық әкімшілік құра алды. Егер оның 8,5 миллион халқы 2222 муниципалитетке бөлінсе, әрқайссын 3825 адам құрайды. Біздің елдегі бір ауылда орташа осындай халық бар. Швейцария муниципалитетінде жалпы алғанда барлық құқық бар. Жері өздерінің білімінде. Байлығы өзінікі. Мүлік өзінде. Билігі өзінде. Мемлекеттің барлық шаруашылық жұмыстарын кантон мен муниципалитет жүзеге асырады.
Швейцарияда кантондық деңгейде көшелерді абаттандырудан бастап, мектептер мен балабақшаларға қатысты мәселелер, ғимараттар салу, жолдар мен көпірлерді жаңалау және бұзу, салық салу, жерді пайдалану және т.б. сияқты барлық мәселелерді азаматтардың тікелей жиналыстары мен референдумдар арқылы шешеді. Швейцарияның жаңа конституциясы 123 бап пен 305 ереже арқылы Одақ пен Кантондардың өкілеттіктерін бөлуге, олардың міндеттерін көрсетіп, өзара үйлесімге және өзара бақылауды қамтамасыз етуге арналған.
Жаңа Қазақстанда да жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне өзгерістер еңгізуге болады.
Сегізіншіден: Швейцария Парламенті екі палаталы. Өкілдер палатасында халық өкілдерінен тұратын 200 мүше, ал Сенатта штат өкілдерінен тұратын 46 мүше бар. Швейцария Парламентінің мүшелері ретінде ерекше артықшылықтарға ие «мырзалар» жоқ. Олар тұрақты жалақы алмайды. Олардың әрқайсысының өз жұмысы бар: мұғалім, дәрігер, заңгер, инженер, банкир, фермер, Мемлекеттік қызметкер, өнер және мәдениет қайраткерлері.
Қазақстанда 2 палатасы бар парламент бар, бірақ Швейцариядан мүлдем өзгеше.
Тоғызыншыдан: Швейцарияда әділ және қуатты сот бар. Швейцарияның Женева сияқты облыстары қылмыстық істерде алқабилер сотын қолданады. Вауд, Невчатель, Цюрих, Тичино қатарлы провинцияларында кәсіби судьялар мен қарапайым азаматтардан тұратын трибуналдар жұмыс істейді.
Жаңа Қазақстан өз соттарымызды реформалай аламыз. Сотты жаңалап, өзгерте аламыз.
Оныншыдан: Швейцарияның Үкіметі де шағын. Швейцария Үкіметінде 8 министр бар. 39 мың мемлекеттік қызметші бар.
Жаңа Қазақстан Үкіметінде 21 министр, 82 мың мемлекеттік қызметкер бар. Оларды қысқарта аламыз. Қысқартулар болуы керек.
Он біріншіден: Швейцарияның ілгерілеуі бейтараптық саясатымен тығыз байланысты. Бейтарап саясат дегеніміз кез келген әскери, саяси немесе экономикалық одаққа қосылмау, соғысқа қатыспау, соғысушы тараптардың ешбірін қолдамау принципі. Егер ондай одақтарға ілесер болса, Швейцарияда міндетті референдум арқылы шешім қабылдайды. Швейцария 400 жыл бойы ешбір соғыстардан зардап шекпегендіктен әлемдік дамудың басында екенін түсінуге болады.
Қазақстан бейтарап ел бола алады. Негізінде Қазақстанды бейтарап ел деуге де болады.
Он екіншіден: Швейцария Конституциясы әлемдегі ең демократиялық Конституция ретінде дамуда. Швейцария Конституциясының жақсы Заң болуының себебі, 1848 жылдан бастап референдумдар 600 рет өткізіліп, Конституция жаңартылып қана қоймай, 1874 және 1999 жылдары референдумдар мүлдем жаңа Конституцияны қабылдауға мүмкіндік берді.
Швейцарияның 100 000 азаматы бірігіп, 180 күн ішінде қол қоятын болса, Федералды Конституцияға ішінара немесе толық өзгерістер енгізуге құқылы. Егер Швейцарияның 50 000 азаматы 100 күн ішінде бірігіп, келісімге қол қойса, олар кез-келген федералды заңдарды немесе ережелерді референдумға шығаруға құқылы.
Жаңа Қазақстанда референдум арқылы мүлдем жаңа Конституцияны қабылдай аламыз. Тіптен Швейцариядан да тамаша Конституциялық жоба жасауға болады.
Он үшіншіден: Швейцария көппартиялық жүйені өте дұрыс пайдалану арқылы саяси партиялардың озбырлығын тамаша шектей алды. 1959 жылдан бастап Швейцарияның 4 негізгі партиясы Өкілдер палатасындағы орындарды бөліседі.
Жаңа Қазақстан 30 жыл билеп келген негізгі бір партиялық жүйені жойып, көп партиялы жүйеге ауыса алады.
Егер осы 13 өзгерісті жасай алсақ, Қазақ елі Швейцариялық үлгімен өз болашағын жұмақ секілді елде тұруына мүмкіндік жасай алады.
Солтүстік Корея төрағасы Ким Чен Ын балалық шағын Швейцарияда өткізіп, сол жерде білім алған капиталистік қоғамның өнімі. Сөйте тұра өз елін әлі күнге дейін социалистік қалпында ұстап тұруы өкінішті.
Қазақстан билігінде «Болашақ» бағдарламасы арқылы АҚШ-та, басқа да дамыған елдерде білім алған жастар қамтылып жатса да, социалистік бюрократиялық жүйе әлі қалпында деуге болады. Біз өзіміз билік пен үкіметімізді реформалауға мұқтажбыз. Адамдар жүйені реформалауды «революция» деп қабылдайды. Ал біздің революциямыз саяси жүйеде, экономикалық жүйеде және құқықтық жүйеде жан-жақты өзгерістерді талап етеді. Бізде қаңтар оқиғасынан бері «Жаңа Қазақстан» атты кітап жазылып келеді. Егер біз осы мақалада сипатталған негізгі 13 түрлі саяси және экономикалық революция жасай алсақ, Қазақ елі еш кедергісіз Швейцарияға айналып, Алаш арыстарының армандарын орындай алатын болады...
ҚАЗАҚСТАНДА «ЕГЕУҚҰЙРЫҚТАР ӘЛЕМІ» ПАЙДА БОЛУДА
Тарихтағы ең біртүрлі ғылыми экспериментті доктор Джон Калун жүргізіпті. Ғалым егеуқұйрықтар қоғамының құрылымын зерттей отырып, адамзат қоғамын түсіндіруді мақсат етсе керек.
Сонымен ол азық-түлік пен жылы үй жатын орын қамтамасыз етілген егеуқұйрық жұмағын орнатыпты.
Егеуқұйрық жұмағына алдымен төрт жұп егеуқұйрықты енгізеді. Бұл жерде барлығы дайын болғандықтан, бастапқыда өсу қарқыны өте тез жүрілген екен. Бір жылдан кейін егеуқұйрықтар саны 620-ға жеткен соң, көбеюі баяулай бастады. Бұл орын 3840 егеуқұйрықтың жайлы өмір сүруіне жеткілікті болса да, олардың жалпы саны 2200-ге жеткен соң өсу нөлге тоқтайды.
Содан кейін өте таңғаларлық жағдайлар орын ала бастайды.
Еркек егеуқұйрықтар ұрғашы егеуқұйрықтармен қарым-қатынасты тоқтатады, ал аналық егеуқұйрықтардың мінезі өте қатыгез бола бастайды. Ұрғашы егеуқұйрықтарда күшіктеріне деген сүйіспеншілігі жоғалып, күшігін емшектен ерте шығару, оларды жарақаттау секілді мінездер пайда бола бастайды. Оның салдарынан «нәрестелер» өлімі күрт өсіпті.
«Сұлулар» деп аталатын жаңа еркек егеуқұйрықтар тобы пайда болыпты. Олар ұрғашы егеуқұйрықтармен ешбір қарым-қатынас жасамайды және өздерінен басқа ешкімге қамқорлық жасамайды. Бір-бірімен ойнамайды. Өзара асыр салып жағаласпайды. Өз аумағын, немесе ұрғашы егеуқұйрықтарды қорғау, қызғану секілді еркектік мінез-құлық көрсетпейді. Тек өзінің ғана жақсы жағдайына назар аударып, терісі мен шашын мұқият тазалап, жақсы тамақтанады екен. Әлгі «Сұлулар» арасында біржыныстылар қатынасы пайда болыпты.
Сондай-ақ, егеуқұйрықтар жұмағындағы азық-түлік жеткілікті болса да, каннибализм феномені пайда болып, бірін-бірі жеу де көрініс бере бастайды.
1968 жылы эксперимент басталғаннан бес жыл өткен соң соңғы егеуқұйрық өлді.
Ғалым бұл эксперимент нәтижелерін қазіргі адамзат қоғамында болып жатқан оқиғалармен салыстырыпты.
Бертінгі жылдары Жапонияда үйден сыртқа шығуға және қыздармен кездесуге баруға қызығушылық танытпайтын, үнемі компьютер алдында отыруға бейім 20-30 жастар аралығындағы ерлердің көрініс бере бастауы туралы зиялы қауым арасына алаңдаушылық туғызып, үлкен әңгіме-шу шыққанын да құлағымыз шалған еді.
Сонымен қатар Қытай үкіметі жақында әйелдерге тән имидж көрсететін эстрада жұлдыздарын теледидарға шығуына тыйым салған шешім шығарды.
Біздің елде де осыған ұқсас көріністер аз емесі жасырын емес.
Қамқорлық туралы айтар болсақ, елімізде 20-30 жас аралығында дені сау жастарды ата-анасы жақсы күтімге алып, тегін асырап, қымбат көлік алып беріп, тайраңдатып қойғанын көптеп көруге болады.
Финляндияда ер балалар 16 жасынан тәуелсіз екендігі және олар енді ешқашан ата-анасынан ақша алмайтыны айтылды. Адам өз тамағын өзі табуы керек.
Доктор Джон Калунның айтуынша, азық- түлік табу, отбасын алып жүру секілді өмір сүру мақсатынан айырылғандықтан егеуқұйрықтар әлемі жойылып кетті.
Сондықтан да жастарға жалпақшешей қамқорлық, оларға бәрін жасап беріп, мұңсыз-қамсыз бейғамдықта өсіруге деген пейілімізге де мұқият қорытынды жасауымыз керек секілді.
Қазіргі қоғамда әйелдік характерге бейім, қоғамды және ұрпағын қорғау қабілеті жоқ, өмірде мақсаты жоқ, өсек айтатын еркектер... Аналық инстинкті жоқ, шамадан тыс күйзеліске ұшыраған, ашушаң, феминистік көзқарасқа шексіз берілген желбуаз әйелдер көбейіп келе жатқаны жасырын емес.
ҚАЗАҚСТАНДЫ
ОСЫНДАЙ АДАМДАР ҚҰТҚАРАДЫ…
Жон Эдгар Гүүгер (John Edgar Hoover). Ол АҚШ-тың федералдық тергеу бюросы (ФБР)-ның басшысы қызметін үзіліссіз 48 жыл атқарды.
8 президент пен 16 мемлекеттік хатшының тұсында олардың «екі аяғын бір етікке тығып», тапжылтпаған тұлға.
Қазіргі Қазақстан сияқты, сыбайлас жемқорлық пен лауазымдық қылмыс бақылаудан шығып, елді суға батырып жібере жаздаған американдық қоғамда заңдардың қатаң сақталуын бақылауды толығымен осы кісіге міндеттеген еді. Нәтижесінде бүгінгі Америка пайда болды. Ол аңыз адам...
Ол туралы жазылғандарды түгел оқыдым. Меніңше оған осының бәрін жасай алуына бір ғана фактор әсер еткен сияқты.
Жон Эдгар Гувер соңғы демі біткенше осы қызметті атқарған, әрі ешқашан үйленбеген, балалы да болмаған.
Күнделікті үлкен тәуекелдердің арасында оның қорқатын ештеңесі жоқ, жоғалтатын ештеңесі жоқ. Көп болса мені атып өлтіреді, басқа ешкімге ештеңе де болмайды деген ойда ғана болған. Ол қайтыс болар алдын өзінің шағын ғана мүлкін көмекшісіне мұраға қалдырыпты.
Отан үшін өзін құрбан етуге батылдығы жететін осындай ерлер туса ғана халықтың өз дәулеті өзіне бұйырып, жемқорлық, сыбайластық, басқа да толып жатқан ырың-жырың түбегейлі жойылып, бір ізге түсер еді.
Бүгінгі Қазақстанда ел үмітін ұшпаққа шығаратын осындай бір ер дүние есігін ашып, кәмелетке толып, өз міндетін атқаратын сағатын тосып тұр.

2685 рет
көрсетілді0
пікір