• Айтарым бар...
  • 07 Қараша, 2024

Отан отбасынан бастау алады

Жаңабек Тойбазаров

Ендеше отбасылық құндылықтарға жан-жақты қараған дұрыс

 

  Қандай мемлекетте, қандай қоғамда болмасын отбасылық мәселелер мен демографияға, ана мен балаға баса назар аударылған екен. Ал, әкелер мен аталарға әсіресе батыс елдерінде екінші жоспармен қарау қалыптасқан. Осы мақаламда мен арнаулы сандар мен нақты фактілерді пайдаланбай, философиялық тұрғыдан ой қозғауды таңдадым.Қазақстанда тұрып жатқан жүздеген ұлттар- мен қатар жер иесі қазақ халқының ықылым заманнан бері қарай, ондаған ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлеріміз бен тек қана қазақ халқына ғана тән қаймағы бұзылмаған ұлттық менталитетіміздің ерекшелігіне бір сәт пайымдап қарап, жан-жақты талдау жасар болсақ, үлкен ғибрат алуға болады.Халқымыз сонау кеңестік дәуірде де дәстүрлі ислам мен өзінің дәстүрлі әдет-ғұрпынан бас тартқан емес. Қазақ отбасында ерлі-зайыпты адамдардың бала тәрбиесінде ата-әжелерді тұрақты түрде пайдалануы үлкен рөл атқарды.Ата-апалар тек қана немерелерді бағып-қағумен айналысып қоймай, ұл-қыздарының отбасылық өміріндегі міндеттері мен борыштарын нақтылап беріп, жас жұбайларға тамаша да мағыналы түрде үлгі көрсете білді. Сондықтан да Тәуелсіздік таңы атқан тоқсаныншы жылдарға дейін, тіпті кеңестік дәуірдің өзінде қазақ отбасыларында шаңырақтың шайқалуы мен ажырасулар өте сирек болды десем қателеспеймін. Жалпылай алғанда тіпті басқа кеңестік республикаларда да ажырасулар соншама көп болмағаны белгілі. Себебі сол өткен кеңестік дәуірдің де өзіне тән идеологиясы, тұрақтылық қағидалары болды. Ересектер де, жас буын өкілдері де болашаққа деген белгілі бір сеніммен өмір сүрді... Өйткені социализм дәуірінде бар адамдардың құқы бірдей болумен қатар, олардың бәрінің жұмыс орындары, мемлекет тарапынан белгілі бір мөлшерде адамдардың әлеуметтік өміріне кепілдік болды. Өткен тарихымызды жүз пайыз сызып тастамай, жақсы жақтарын да айту біз сияқты екі дәуір куәсі болған ұрпаққа парыз... 
Өкінішке орай, кеңестік ресейлік бодандықтан біржолата босап шыққанымызбен, еліміз де, халқымыз да орасан зор жер асты, 
жерүсті байлықтары мен ұлттық құндылықтардан айырылып қалды. Тәуелсіздік таңы атты, енді өз аузымыз өзімізге жетті деп бас киімімізді аспанға атып, хандарымызды, батырларымызды, билерімізді, алаш арыстарын тұғырына қондырып, есімізді енді жинаған отыз үш жылда, ширек ғасырдан сәл ғана асатын қысқа мерзімде көптеген кешірілмес қателіктер де орын алды. Соның бірі де бірегейі – жаппай жекешелендіру үрдісінің асығыс жүзеге асырылуы еді. Нәтижесінде ата-бабадан мирас болып жеткен жерімізден шығатын құнды қазыналар, кен орындары, ат төбеліндей алпауыттардың меншігіне айналып шыға келді.Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін айтып, ел байлығын аяусыз тонағандарды жауапқа тартатынын мәлімдеген еді. Шетелдерден жайлап болсын қайтарылып жатқан миллиардтаған доллар қаражат болашақта қарапайым халықтың игілігіне, мемлекет мүддесіне сай жұмсалады деп ойлаймыз. Президентіміз биылғы Жолдауында да осы мәселеге тоқталып, жалпы қарапайым халықтың әл-ауқатын жақсарту туралы нақты ұсыныстар айтты...
Соңғы деректерге қарасақ Қазақстанда ажырасулар мен отбасылық мәселелер, жастардың жат ағымға еруі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтар орын алғанын байқауға болады. Бұның басты себептерінің бірі – демократия атрибуттарының жүзеге асырылуында бақылаудан шығып кетуі болса керек. Жасыратыны жоқ жерімізге демократия деген сылтаумен дәстүрімізге жат діни ағымдар жаппай кірді. Соның нәтижесін енді көріп отырмыз. Қазіргі таңда бір отбасында бірнеше дін өкілдері өмір сүріп жатыр. Салафиттер мен вахабистерді сынаймыз деп дәстүрлі ислам дініне де қарсы орынсыз ой-пікірлердің айтылып жатқанын әлеуметтік желіден жиі кездестіруге болады. Қаншама қара көздеріміз Иегово куәгерлері деп аталатын христиан дінінің тармағын уағыздаушылардың соңыан еріп, сүттей ұйып отырған отбасыларының берекесі кетті. Интернеттен ватсап, фейсбук, инстаграм,  ютуб, т.б. дереккөздер арқылы  неше түрлі топтарға тарап жатқан мәні мен мағынасы шамалы «интернет қоқыстары» да кез келген адамның санасын оп-оңай жаулап алып жатыр. Әсіресе мектеп жасындағы жеткіншектер мен жоғарғы оқу  орындарында оқып жатқан жастардың да интернет арқылы келетін аралас ақпараттардың құрсауында жүретіні өкінішті.
  Болашақта елімізде арнаулы жастар ұйымы құрылып, жас ұрпақты, жас отбасыларын дұрыс жолға жетелейтін ұлттық идеология қалыптастырған абзал. Мектеп оқушыларына сатылатын смартфондарға белгілі бір қауіпті сайттарға кіруге тыйым салатын бұғаттау бағдарламаларын орнату, жеткіншектердің смартфондарына ата-ана тарапынан да бақылау болғаны дұрыс. Біле білсек, отбасын сақтау, отбасылық құндылықтарды бағалау, жас буын өкілдеріне қазіргідей өтпелі дәуірде айқын бағыт, бағдар беру әрбір қазақтың тікелей міндеті болуы шарт.
«Құрғақ қасық ауыз жыртады» демекші, мемлекет тарапынан да отбасылық құндылықтарды іс жүзінде де қамқорлыққа алу, арнаулы кешенді бағдарламалар жасап, ұзақ жылдар бойы жүзеге асыру сияқты шараларды қолға алу керек сияқты. Мәселен, жыл сайын жылт етіп, лезде жоқ болатын жастарға арналған «Алматы жастары», «Қолжетімді баспана», т.б. бағдарламалардың ауқымын кеңейтіп, еліміздегі пәтерге зәру барлық жастарды, тіпті әртүрлі жастағы азаматтарды да жаппай қамтуға лайықты кешенді тұрғын үй бағдарламаларын іске қосу керек. Бұл бағдарламалардың өзі бірнеше баптардан тұрса жөн-ақ. Сол баптардың ішінде «жалға берілетін пәтерлер» туралы айтар болсақ, жас мөлшеріне шектеу қойылмай, барлық адамдарға бірдей берілсе деген ұсыныс айтқым келеді. Бұдан мемлекет пен халықтың арқасында сағат сайын байып жатқан жекеменшік құрылыс компаниялары кедейленіп  қалмайды! Керісінше, бұл ортақ Отанымыздың ең басты байлығы – қарапайым  азаматтардың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін жекеменшік мекемелерге, қалталы азаматтарға үлгі болар еді.
Кезекті сайлау науқандары кезінде дауысыңды сұрап, есігіңді қағып тұратын билік, болашақта қарапайым азаматтарға қамқорлық жасау шаралары бойынша да кішіпейілдік танытып жатса нұр үстіне нұр болар еді.
Міне, сонда ғана отбасылық құндылықтар, демографиялық жағдай, әлеуметтік және материалдық тепе-теңдік, ұлт байлығынан аз да болса қамқорлық көру сияқты оң өзгерістер пайда болуы мүмкін. Тағы да қайталап айтамын, кезінде бір адам ұзақ жылдар бойы басқарған ескі жүйенің жіберген кейбір қателіктерінің орнын толтырып, жер иесі қазақ  халқының және өзге қазақстандықтардың тұрмыс-тіршілігін бұдан да жоғары деңгейге көтеретін кез келді. Жаңа Қазақстанның болашағы жарқын болсын. 

1508 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №8

30 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы