• Айтарым бар...
  • 07 Қараша, 2024

Гендерлік саясат пен демографияны қолдау

Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап қай бағытта болмасын қарыштап алға қарай дамып келе жатыр. Сондай маңызды салалардың бірі – еліміздегі гендерлік саясат, демографиялық даму үрдісі, ана мен баланы қорғау, жастарға жаппай көпсалалы білім беру саласын жетілдіру, әлеуметтік тепе-теңдік сияқты маңызды іс-шаралар жақсы дамып келе жатыр. Қоғамның қай саласында болсын әйелдер қауымының рөлі артып келеді.
Өткен жылдардағы Жолдауларында  Мемлекет басшысы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына әйелдердің қоғамдағы құқықтары мен мүмкіндіктерін көтермелеу және ілгерілету бөлігінде өзгерістер енгізу жөнінде тапсырма берген болатын. Гендерлік саясаттың еліміздегі рөлі бүгінгі таңда жан-жақты қолға алынып, заман ырғағына сай даму үстінде. Негізгі өзгерістер әйелдердің кәсіпкерлігін қолдау, ерлер мен әйелдердің  еңбек нарығына, қаржылық және өзге де ресурстарға тең қол жеткізуі үшін жағдайлар жасау, әйелдерді инновациялық, инфрақұрылымдық, жоғары технологиялық мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларға тарту мәселелерін қоса алғанда, әйелдердің экономикалық және саяси мүмкіндіктерін кеңейтуге қатысты болып табылады. Гендер саласындағы сан қырлы күрделі мәселелерді түсіндіру үшін, оны бір жақты таяз ұғынушылықты жою үшін, ер де, әйел де өзінің құқықтарының тең екендіктерін сезіну үшін жастарға арнайы және жүйелі ұйымдастырылған гендерлік білім беру қажеттілігі туындап отыр. Ол әлемнің көптеген елдерінде зерттеліп, нақты іс-шаралар арқылы  өз деңгейінде қолға алынуда. Ал біздің еліміздегі гендерлік білім беру тек қана біржақты, шығыстық, діни сияқты парадигмаларға көзсіз еліктемей, тек классикалық негізге сүйене отырып, ұлттық таным-түсінікті басымдыққа шығаратындай болуы тиіс, яғни, оның өзіндік қазақстандық нұсқасы болуы керек және ол солай жүргізілуде.
    Бүгінгі таңда Қазақстанда құқық қорғау, әскери, қаржы, білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы ерлермен қатар аянбай тер төгіп жүрген қыз-келіншектердің үлесі артып келеді. Ал кәсіпкерліктің сан алуан саласын ұршықша иіріп, ел экономикасына елеулі үлес қосып жүрген нәзік жандыларды жүздеп, мыңдап атауға болады. Мемлекет тарапынан да оларға тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Сондай-ақ, демографияның қалыпты дамуы үшін де мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауды ерекше атауға болады.Соның бастыларының бірі – Ұлттық Қордан балаларға арнап арнайы шот ашылуын дер кезінде жасалған жаңа бастама деп айтар едім. Болашақта Ұлттық Қордан бөлінетін балалардың сыбағасының мөлшері заман талабына сай еселеніп өседі деген үміттеміз... Әрине, халық тарапынан айтылып жататын сынның басым бөлігі – жас сәбилерге бір рет және ай сайын  берілетін жөргекпұл мен жәрдемақы мөлшерінің салыстырмалы түрде тым аздығы екенін айту бізге де парыз. Бұлай айту себебіміз – Ата Заңда жазылғандай, «еліміздің басты байлығы – оның азаматтары, адам капиталы» деген сөздің сөз жүзінде ғана қалмай, нақты іс-әрекетпен жүзеге асуына деген мүдделі сол халықтың талабын жоғары жаққа жеткізу болатын. Мәселен, халық сайлаған депутат пен жас ана мен сәбиге төленетін төлемнің арасы неге тым алшақ, Қазақстан Футбол Федерациясының бас тренері, ресейлік Черчесовтың 34 миллион теңгені құрайтын жалақысы тым көп емес пе деген сауалдар жалғыз мені ғана емес, кез келген сайлау сайын алтын дауыстарын аянбай бере беретін қарапайым қазақтар мен қазақстандықтарды жиі мазалайтыны рас... Жалпы еліміздегі әлеуметтік, демографиялық саясатты қолдау үрдісіне тоқталған кезде жоғарыдағыдай тепе-теңсіздікті тілге тиек ету арқылы «Халық қалаулылары сіздерге айтамын, Үкімет басшысы сіз де тыңдаңыз» дегім келеді... «Дос жылатып айтады»... Жаңа Қазақстанды, әділетті Қазақстанды құруға әрқайсысымыз үлес қосайық.

Ж. ТОЙБАЗАРОВ
 

1512 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №8

30 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы