- Айтарым бар...
- 07 Қараша, 2024
Құмар ойындардың құрсауы
Күн сайын жүздеген, мыңдаған азаматтар құмар ойындарының арбауына түсіп, тағдырларын құрдымға бағыттап жатыр. Бұған себеп: елімізде күн сайын қанатын кеңге жайып, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап келе жатқан букмекерелік конторлар, автомат, лотерея ойындары, шағын казинолар, түнгі клубтар т.б. атауға болады. Ірі казиноларды Щучинск пен Қапшағай қалаларына көшіргені, ол жаққа ірі байлар мен орташа қалталылар ғана барып құмар ойындарын ойнайтыны белгілі. Олар туралы әңгіме бөлек...
Соңғы кейбір мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі құмар ойыншыларының жалпы саны миллион адамнан асып кеткен екен. Мұның көпшілігі спорттық ойындарға бәс тігуді арнайы ұйымдастырып қойған букмекерлік конторлар арқылы жүзеге асуда. Белгілі бір футбол, басқа команданың немесе спортшының жеңісіне бәс тігушілердің дені жастар, мектеп оқушылары мен студенттер екені белгілі. Ал олардың қалталарын қағып, сағат сайын байып жатқан мекемелерге ешкім ешқандай ескерту жасай алмайды. Себебі бәрі де заң жүзінде жүзеге асырылады. Бұған түнгі клубтар мен шағын маркеттердің кіре берісінде орналасқан ойын автоматтары мен түрлі лотерея ойнатушыларды қосыңыз.Міне, капиталистік қоғамның белгілі бір атрибуттары осылар. Ойын ұсынушылар ешкімді күштемейді, ал ойнаушылар, ұтушылар мен ұтылушылар өз еріктерімен шешім қабылдайтын саналы азаматтар. Бұл арада ешкімді де нақты кінәлай алмайсың. Демократия заманы. Ой еркіндігі, таңдау еркіндігі, соларды жүзеге асыру құқы деген сияқты жалғастырып айта беруге болады. Сонда жастарымыздың құмар ойындардың құрсауына түсіп, құрдымға кете беруіне көз жұма қарап отыра береміз бе? Жоқ, жастармен, жалпы азаматтармен түсіндіру, талдау жасау жұмыстарын жүргізетін арнайы мемлекеттік және жекеменшік мекемелер құрылып, психолог мамандар жоспарлы жұмыс істеулері керек. Сондай-ақ, ұлттық идеологияның қайнар көзі болып саналатын отандық теледидар, радио, интернеттік ресурстар, әлеуметтік желілер сияқты ақпараттық құралдарда құмар ойындарының жарнамаларын беру туралы тиісті нормативтік заңнамалар қабылдау қажет сияқты.Мәселен, белгілі бір құмар ойындарын наихаттайтын жарнаманың соңында «Назар аударыңыз: Құмар ойындарына берілу – Сіздің болашағыңыз үшін өте қауіпті» немесе «Құмар ойындарының құлы болмаңыз!» деген сияқты ескертулерді беруге міндеттеу керек сияқты. Сонда саналы азамат үшін осы бірауыз сөздің өзі жеткілікті болар еді!
Бірде мен Оңтүстік Кореяда жиі болатын танысымнан құмар ойындарына ол жақта қалай қарайтынын сұрағанымда алған жауабыма таңғалдым. Мәселен, Оңтүстік Кореяда да казинолар, букмекерлік конторлар, т.б. құмар ойындарын жүзеге асыратын мекемелер мыңдап саналады екен. Бірақ, құмар ойынға қалтасында артық ақшасы болған азаматтар ғана, соның өзінде шектеулі сомаға бәс тігеді немесе ойнайды екен. Яғни, корейлердің дені құмар ойындарына салқынқанды қараса керек... Бұдан шығатын қорытынды: құмар ойындарға біздің елде де салқынқанды қарайтын азаматтар аз емес. Құмар ойындарының зиянды жақтарын насихаттайтын, қысқа да нұсқа видеороликтер, хабарлар, әлеуметтік желілер арқылы жүйелі түрде көптеп насихатталуы керек. Ал, мектеп, жоғарғы оқу орындарында құмар ойындарының залалы мен кері әсері туралы арнаулы тәрбие сағаттарын оқыту бағдарламасын қосу қажет. Сонда еліміздің болашағы болып саналатын жастардың саналарында салауатты өмір салтына бастайтын оңды өзгерістер пайда болатыны сөзсіз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – талабы қатал капиталистік қоғамның түрлі қоқыстарынан азаматтарымыздың санасын арашалап, дұрыс идеологиялық бағыт-бағдар бере білейік. Келешек үшін бәріміз жауаптымыз.
Ж. Шүкірханұлы,
Алматы
1516 рет
көрсетілді0
пікір