- Айтарым бар...
- 07 Қараша, 2024
Шын өнерлі қыздың бәрі періште!
Мөлдір Айтбай
СЫЙЛЫҚ
Жер бетінен жыртып ап сегіз жазық берейін.
Қаламыммен шұқылап, теңіз қазып берейін.
Қыстың күнін көктем ғып жадыратып берейін.
Қасіретіңнің қамалын қаңыратып берейін.
Алтын түйнек салатын бау да өсіріп береін.
Терезеңнің алдына тау көшіріп берейін.
Оралмастай сапардан ерте қайтып келейін.
Жұмақ жайлы жан білмес ертегі айтып берейін.
Білтесіне майшамның күн орнатып берейін.
Күлтесінен раушанның түн аунатып берейін.
Даудың бетін қайтарар, Қарашашың болайын.
Ажалыңнан басқаға, арашашың болайын.
Айдың өзін алдыңда төмен етіп берейін.
«Таңдауымды» тағдырға өлең етіп берейін.
Күркіріне жасынның ән салдырып қояйын.
Ғашығыма ғасырды тамсандырып қояйын.
Шарап ішкен, серт ішкен, сезім ішкен ақындар.
Ішпей сүйген арудың сөзін іштей оқыңдар.
Сүйгенімнің меңі жоқ, мен де Бағдат, Шам да жоқ.
Тоғыз планетаны, берсем бе екен, «таңда» деп?!
КЕШЕГІ ТҮН
Жігітім, айтып жібер сағат қанша?
Жанында қала алмаймын таң атқанша.
Қолтықтап қара түнді қайтпас едім,
Қалқаңа қарап тұрар тағат болса.
Тұрғанда қуаныш боп сен келгенің,
Қайғы боп басса қайтем сергелдеңің.
Сондықтан қоштаспастан кеттім күнім,
Зарына құлақ аспай көр кеуденің.
Басылып бола алмай-ақ сағынышым,
Сезіп те тұрған шығар бәрін ішің.
Тамырын қимастықтың қидым дағы,
Қиялды қанағат қып арым үшін.
Санама ерік бермей қойды арманым,
Жалғыздық қорқытса да ойланбадым.
Себебі, қаламадым ғажабымның,
Мәңгілік азабыма айналғанын.
Ренжіме оятпастан кеткеніме,
Пәк, балғын, дақ түсірмеу көктеміме.
Тыйым көп қыз сорлыға ардың туын,
Жеткенше желбіретіп текті еліне.
Толықтай білмесем де жай сырыңды,
Сөздерің әлі есімде қайсы күнгі.
Жұлдыздар шығарып сап қайттым үйге,
Төбеме тәж қып киіп ай сұлуды.
Жүрсең де қатарыңнан көш ілгері,
Арлы арудың заңдылық шешінбеуі.
Жырыма әке болған сол түніңе,
Қамап кеткенім үшін кешір мені!
МЕНІҢ АНАМ
Қайғының да болад дейді қайыры,
Жалдан сипап қанат бітті жырларға.
Маған үлгі болар кім бар тәйірі?!
Аристотель, алтын анам тұрғанда.
Ажыратқан адамдықты тани иіс,
Қарсы тұрған жаулардан да зорларға.
Тағын тастап кетер еді «Томирис»,
Менің анам сақ сарбазы болғанда.
Алдан талай, боран, дауыл, соққан қар,
Сонда да аппақ, ашық көрген аспанын.
«Абылайлап» жауға қарсы шапқандар,
«Қазыналап» қан қылар ед қастарын.
Төле, Қазбек, Әйтекедей заңғар да,
Көсемдігі Жиреншедей шешеннің.
Сол заманда әжем жүкті болғанда,
Шаңын қауып қалар еді шешемнің?!
Сұлулығын сақтай білген және сақ,
Ай көріксіз, ол әдемі не деген?!
Қыз Жібегін Бекежанға бере сап,
Соңына еріп кетер ме еді Төлеген.
Жақсылығын бермесі хақ жеке түн,
Жасамаған жан адамға кеш құрмет.
Батылдығы анашыма жететін,
Бүгін, ертең, маған ондай ешкім жоқ.
Түйресе де жанын жалғыз түндері,
Көрген емес қиындықтан жасып ол.
Болмаса да бүгін ондай, бір мені
Туғаны үшін тарих ертең бас иер!
1515 рет
көрсетілді0
пікір