• Айтарым бар...
  • 03 Қыркүйек, 2024

Ата Заң – аталар аманатының кепілі

Қазақстан Республикасының тарихы тым тереңнен бастау алады. Сонау қазақ хандықтары,  патшалы Ресейге өз еркімен қосылуы, Кеңестер Одағының құрамындағы жылдар, тәуелсіздік бесігінде тербетілген жылдар – біздің төл тарихымыздың ажырамас бір бөлігі болып саналады.  Ғасырлар бойы аттың жалында, түйенің қомында жүріп, ұлт бостандығы үшін талмай күрескен аталар аманаты, аға ұрпақ арманы еліміз 1991 жылы 16 желтоқсанда нағыз тәуелсіздік алған сәттен бастап біржолата орындалды. Мемелекетіміздің шекарасы шегенделіп, Елтаңба, Әнұран, Ту бекітілген соң, 1993 жылы алғашқы Ата Заңымыз  қабылданды. Өтпелі кезеңде өз міндетін атқарып шыққан алғашқы Ата Заңның орны, рөлі ерекше еді...
1995 жылы 30 тамызда  екінші Ата Заңымыз – еліміздің  Конституциясы қабылданып, бұл күн «Қазақстан Республикасының мерекелері» заңына сәйкес мемлекеттік мерекелер тізіміне енген болатын. Осылайша, Республика Конституциясының күні – барлық  Қазақстан халқы мерекелейтін жалпы мемлекеттік мейрамға айналды. Ата Заңымыздың назар аударатын басты ерекшелігі – бұған  дейінгі конституциялар өкілдік органдар арқылы қабылданған болса, 1995 жылғы 30 тамыздағы Конституция халықтың тікелей қатысуымен референдум арқылы қабылданды. Осылайша еліміздің халқы өзінің және келер ұрпақтың болашағын айқын белгілеп берді.  Еліміздің Ата Заңы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді. Конституциямызда адамдардың табиғи құқықтары мен бостандықтары, билік институттарын демократиялық жолмен қалыптастыру және дамыту, Қазақстанда азаматтық қоғам құру туралы дүниежүзі таныған прогрессивті идеялар бекітілді. Ең жоғарғы заңдық күші бар Қазақстан Конституциясы Республикадағы қолданылатын және қалыптасып жатқан құқықтық жүйенің нормативтік бастауы бола тұра, қоғамдық және мемлекеттік құрылыстың маңызды жақтарын реттейді. Ол – ел  тәуелсіздігінің, мемлекеттігінің негізгі тірегі, саяси-құқықтық төлқұжаты.
Ата Заңымызда Мемелекетіміздің барлық азаматтарының құқықтары, міндеттері, мемлекет тарапынан көрсетілетін кепілдіктер айқын жазылған. Заман талабына сай Ата Заңымыз 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары бірнеше рет елеулі өзгертулер мен түзетулерге ұшырады... Бұл өзгертулер сол кезеңдер үшін қаншалықты маңызды болды, оны тарихшылар мен саясаткерлердің, уақыттың еншісіне қалдырайық...
 Елімізде өмір сүріп жатқан барлық ұлт өкілдерінің бір атаның баласындай ауыз бірлікте, татулықта, теңдікте ғұмыр кешуіне еліміздің 
Конституциясы кепілдік береді. Нәсіліне, ұлтына, ұлысына, сенім-нанымына қарамастан барлығына тең қарайтын Қазақ Елінің Ата Заңы әрқашан да өз биігінде көрінетіні сөзсіз.
Сонымен, осыдан жиырма тоғыз жыл бұрын, 30 тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басты. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата Заң – мемлекет  пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды.
Әлемде 200-ге жуық мемлекет болса, солардың Ата Заңдары қаншалықты ерекшеліктері бар, әртүрлі екені даусыз. Біздің  Ата Заңымыз да өтпелі кезеңдерде мемлекетіміздің, сол мемлекетте тұрып жатқан жер иесі қазақ ұлты мен өзге ұлт өкілдерінің мүддесіне сай жазылғанын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Көп векторлық саясатты, ұлтаралық толеранттықты  ұстанатын еліміз әлемдік көш-керуенде шалыс баспай, өркениетті елдер қатарынан көріне білді. Демек, аталарымыз аңсаған тәуелсіздік бесігінде тербеле отырып, ішкі, мемлекетаралық, ұлтаралық саясатта да салқынқанды, бейтарап бағыт ұстанудың арқасында не бір түрлі кикілжіңдерді айналып өтіп, мамыражай қоғам орната білдік. Әрине, көш жүре түзеледі демекші, Ата Заңымыздың кейбір тармақтарына енгізілген түзетулер мен толықтыруларды алдағы жылдарда тағы да бір рет жан-жақты талқылап, мұқият саралап шығу керек шығар деген ойға қалдым... 
Азат рухты, айбарлы еліміздің еркін өркендеуінің ерен тетігі – Ата Заңымыз. Неліктен Ата Заң деп айтамыз? Өйткені, Қазақстан Республикасының Конституциясы  бір күнде пайда болған жоқ. Бұған дейін бірнеше мың жылдық тарихы бар Ұлы Далада Әз Тәуке ханның «Жеті жарғысы», Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы» сынды заңдар жиынтығы халқымыздың өмір сүру құқын белгілеп отырды. Бұдан шығатын қорытынды – Конституциямыздың  Ата Заң аталуы тегін емес. Қарға тамырлы қазақ баласы қашан да «Атам қазақ» деп сөйлеген. Яғни, қандай іс қылса да өткенге сүйеніп, болашаққа бағдар жасаған. Сондықтан, Ата Заңымыз – ата-бабамыздан келе жатқан бұлжымас сара жолдың жаңа заманғы нұсқасы, жалғасы. Қазақстанды демократиялық, зайырлы және құқықтық ел ретінде айқындайтын басты құжат. Барлық құжаттың қайнар көзі, бастауы болып саналады. Замана көші алға қарай жылжыған сайын  Ата Заңымыз да мемлекетіміз бен оны мекендейтін жер иесі қазақ ұлты  мен басқа ұлт өкілдерінің мүддесіне сай кепілдік беретін құрал ретінде жасай беретіні сөзсіз. Олай болса, әлемдегі 200-ге тарта мемлекеттің арасында жер көлемі 9-шы орынды иеленетін, Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-ғайыр даланың төсінде көк байрағын желбіреткен  Қазақ Республикасының Ата Заңы күні құтты болсын! «Мың өліп, мың тірілген» ұлы қазақ халқының болашағы жарқын болсын. Тауларды аласартпай, Ұлы даламызды асқақтата берейік!

Жаңабек Тойбазаров
Алматы қаласы.

 

2136 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №8

30 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы