- Айтарым бар...
- 03 Қыркүйек, 2024
ЕЛ ҚОРҒАНЫ – ҚАРАҚҰЛ БАТЫР
Нұрлан Сәрсенбаев,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф
БЕТАШАР
ы дала тарихы – халқымыздың бізге тастап кеткен мәңгілік мұрасы. Өйткені ата-бабаларымыз өте ауыр күрделі кезеңдерді бастан өткізіп, ел мен жер тұтастығы үшін күресіп, шексіз де, шетсіз Ұлы даланы бізге аманат етіп тастап кетті.
Ескі тарихымызды ақтарар болсақ, қазақ пен жоңғар тұп-тура екі ғасырға таяу соғысты. Тарих бетінде қанмен жазылған «Ұлытау шайқасы», «Орбұлақ шайқасы», «Аягөз шайқасы», «Бұланты шайқасы», «Аңырақай шайқасы», т.б. қайғылы оқиғалар халқымыздың қасиетті қалаларын қанға бояп, ордасын ойрандап, отын өшіріп, күлін көкке ұшырған, аса ауыр зар-заманды бастан кешіріп, «мың өліп, мың тірілген» күй кешкені әлемге аян.
Әсіресе, ХVІІІ ғасырдың бас кезінде қазақ мемлекетінің ішінде хан-сұлтандардың алауыздығы барған сайын асқына түсіп, сыртқы алпауыт елдердің Ұлы даланы өз отарына айналдыру ойы жиілей түсті. Дәл осындай қиын-қыстау кездерде ел тұтастығы мен жер тұтастығы үшін еңіреген, кеудесін оққа төсеп, ата жаудан Ұлы даласын қызғыш құстай қорғаған хас батырлар ұлтымыздан көп шыққан. Өкініштісі сол, қазақ батырларының тарихы бізге жазба архив дерек түрінде емес, көбі аңыз-әңгіме желісінде ауызша жетті. Сол аты аңызға айналған Абылай хан заманында қазақ батырлары өмір сүрген дәуірді ұлы ғұлама тарихшы, саяхатшы Шоқан Уәлиханов «Қанды қырғын ғасыры», – деп өте әділ баға берген.
Халқымыздың тарихы туралы атақты Алаш арыстарының бірі Міржақып Дулатұлының «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынан өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» деген парасатты сөзі бізге терең ой салады.
Тарих біздің – анамыз, тарихты халық жаратқан. Қасиетті қара ормандай халқымыздан берісі елімізге, арысы әлемге танылған тұғыры биік тарихи тұлғалар көп шыққан. Сол тұлғалар туралы сөз қозғасақ, тарихта аты аңызға айналған Қабанбай, Қангелді, Бөгенбай, Қожаберген, Райымбек, Ер Жәнібек, Наурызбай, Өтеген, Есенгелді, Бөлек, Әжібай, Байсейіт, Малай, т.б. хас батырлармен аты қатар аталған. Солардың ішінде елін, жерін қорғаған ер жүрек батырлардың бірі – Қарақұл Татанұлы еді.
Қарақұлдың қасіретті балалық шағы
Алаш ардагерлерінің көсемі Әлихан Бөкейханов: «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады» деген.
Әр халықтың өткеніне көз жүгіртіп, аумалы-төкпелі заман тарихына саралай қарасақ, небір қиындықты бастан кешіргенін байқай аламыз. Мақалада сөз етпекші болған кейіпкеріміз Қарақұл Татанұлының балалық шағы өте қасіретті, тағдыры аса ауыр болды.
Қарақұл Татанұлы шамамен 1682 жылы жер жанаты Жетісу өлкесінде дүниеге келген. Оның балалық шағы үркіп-қорқып, атыс-шабыс, тыныштығы кеткен аумалы-төкпелі аса ауыр кезеңге тура келді. Әкесі Татан елге танымал батыр,
ақыл-айласы мол, құралайды көзге ататын мерген адам болған.
Қазақтың ежелгі ата жауы болған жоңғарлар тарихта қалмақ немесе ойрат деген атпен белгілі болған тайпалар еді. Ал ХVІІ ғасырдан бастап Жоңғар хандығы Орталық Азияның тарих сахнасынан бой көрсетті. Көшпелі мал шаруашылықпен айналысқан қазақ пен жоңғар кейде бейбіт заман өткізіп, қарым-қатынасы жақсарған жылдар да болды. Қалмақтар бір мезгіл Қазақ хандығына бағынып, алым-салық төлеп отырды. Өз кезінде Тәуекел ханның «Қазақ және қалмақ ханы» ретінде мойындалғаны тарихи материалдарда жазылған. Қазақ пен жоңғар ортасындағы бейбіт күндер ұзаққа бармады. Екі ел ортасындағы қайшылық бейбіт жолмен шешім таппай, соңы асқына түсіп, қан төгілген қырғынға да ұласып отырды.
Жоңғар хандығы құрылар мезгілде, 1627 жылы ойрат одағы құлап, Хоңырлық бастаған 50 мың шаңырақ пен 250 мың адамды құрайтын торғауыт тайпалары Солтүстік Қазақстан арқылы төменгі Еділ бойына қоныс аударған еді. Осыдан көп өтпей (1630 жылдары) Еділ бойында Қалмақ хандығын құрды. Ал Оңтүстік пен Батыс Сібір жерінде қалып қойған ойраттар мен чорыстар Батыр қонтайшының (1635–1653) басшылығымен Ертіс жағалауында 1635 жылы Жоңғар хандығын құрды. Осылай тарих сахнасынан бой көтерген Жоңғар хандығы Қазақ хандығымен ұзақ уақыт жауласты. Соның бірі – Қазақ пен жоңғар ортасындағы атышулы соғыстың айтулысы «Орбұлақ шайқасы» еді.
1643 жылдың қысынан бастап жоңғардың Батыр қонтайшысы қалың әскерін бастап, қазақ пен қырғызды қынадай қырып, аса ауыр шығынға ұшыратты. Мыңдаған адамды жазықсыз тұтқындады. Жорықтағы алғашқы жеңісіне масаттанған Батыр қонтайшы қазақ жеріне ішкерлей кіріп, Жетісу қазақтарының басына үлкен қауіп төндірді. Қазақ ханы Жәңгір жоңғарлардың қаптаған әскерінің жолын кесу үшін білтелі мылтықпен қаруланған 600 сарбазымен жорыққа аттанды. Анталаған жау әскерінің тар қысаңға кіруін пайдаланған Жәңгір хан әртүрлі амалдар мен тосқауыл қойып, 50 мың жоңғар әскерінің тас-талқанын шығарып, оларды орасан зор қырғынға ұшыратады. Бұл соғыс тарихта «Орбұлақ шайқасы» деп аталады. Жәңгір ханның аз ғана қолмен жоңғардың қалың қолын ойсырата жеңуі халқымыздың азаттық соғыс жолындағы алғашқы бетбұрыс жасаған үлкен жеңісі еді.
Қарақұлдың әкесі Татан да қазақ пен жоңғар жауласқан қиямет-қайым мол күрделі кезеңде өмір сүрді. Ел аузында Татан Қалқаманұлының батырлығы, мергендігі туралы көп әңгіме айтылады. 2022 жылы мамыр-маусым айларына Шонжының Сүмбе, Қырғызсай елді мекендеріне екі рет барып, Сауыт Әбіләшімұлы, Тұрсынбек Қайыңбайұлы, Еркін Шәденұлы, Айтмолда Меңдекеұлы, Орынбасар Арынұлы, т.б. шежіреші қарттардан Қарақұл батыр туралы дерек жинау үшін әңгіме өткізген едім. Өйткені халқымыздың тарихы хатқа түспеген, көбі ел арасында ауызша таралған, оның қауызын тастап, дәнін алып, жүйеге түсіріп жазуға тура келеді. Екі реткі сапарымда құр қайтқаным жоқ, бірталай қызықты аңыз-әңгімелерді естіп, құлағымның құрышы қанды. Мені өзіне қызықтырған шежіреші Мысыр Қатаұлының Қарақұл батыр туралы ел аузынан жазып алған әңгімесі болды. Қолжазба шежіре көне тарихтан былай сыр шертеді.
Алмағайып заманда ешқандай дайындықсыз жатқан Албан тайпасының Қоңырбөрік еліндегі Қалқаман ауылын жоңғар басқыншылары шауып алады. Қалқаман Өтейұлы аз ғана қолмен жоңғар әскерлеріне қарсы шабуыл жасайды.
Қалқаман бұл реткі соғыста ерен ерлік көрсетіп, жаудың бірнеше батырын жайратып, ұрыста ерлікпен құрбан болады. Жау қолы сан жағынан, қару жағынан басым болғандықтан ауыл қырғынға ұшырайды. Қалмақтар Қалқаман батырдың әйелін, екі баласы – Татан мен Сарқұлды барымталап кетеді.
Бір күні қалмақ ұлығы қолды болған Татанды зынданнан шығарып:
– Естуімше, сен құралайды көзге ататын мерген екенсің. Мергендігіңді сынаймын, сынақтан өтсең тұтқын болған Қалқаман ауылының адамдарын түгел босатамын, – дейді.
– Мен дайынмын, уәдеңізде тұрсаңыз болды, – дейді Татан.
– Жеті кетпеннің тесігінен садақтың оғын өткізесің, шартым осы, – дейді ұлық.
Татан бұған мақұлдық береді. Қолына садағын алған мерген бала жеті кетпеннің тесігінен жебені атып өткізіп жібереді.
Татанның құралайдың көзін ататын мергендігінен секем алған қалмақ нояны «бұл біздің ата жауымыз, атқан оғы жерге түспейтін мерген екен, түбі бізге қастандық жасайды» деген арам ой кіріп, берген уәдесінен айниды. Татанды қашып кетпесін деп қастандық жасап, оның жауырынының шеміршегін алып тастайды. Татанның шешесі қалмақ ұлығының бұл жауыздығына іштей қатты кектенеді. Десе де ол кісі өте сұңғыла, ақылды адам екен. Қалмақ ұлығының баптап жүрген атын көздеп жүреді. Орайы келген күні Татанның анасы қалмақ тұлпарын қолға түсіріп, ешкімге сездірмей екі баласын алып қашып, елге оралады.
Ел арасында айтылған Татан туралы әңгіменің жалғасы алуан түрлі болып, бірін-бірі толықтырып жатады. Татан ат жалын тартып, азамат болғаннан кейін тұрмыс құрады. Татаннан – Қарашаш (қыз), Өмірқұл, Қарақұл, Майлыбек туады.
Татан Қалқаманұлы жасаған дәуірде қазақ пен жоңғар арасындағы соғыс бірде бәсеңдеп, бірде шиеленісіп тұрды. Сахара халқы өзінің күн көрісі үшін «Сахара жібек жолы» саудасын үздіксіз жалғастырып келді. Сонау VІ–ХІІ ғасырлардағы «Жібек жолының» басты саудасы Хан, Үйсін елі дәуіріндегі сияқты ат-жібек саудасын жалғастырып келген. Сол замандағы «Тәңір тұлпары», «Киелі сәйгүлік» аталған үйсін, қаңлы жылқылары бүкіл Хан елін тәнті етіп, тамсандырған еді. Хан елінде «атың болса, әлемге жетесің» деген аталы сөз содан қалған. Әсіресе, ХVІІ–ХVІІІ ғасырлар аралығында қазақтардан керуен жүргізіп, сауда істейтін көпестер көп шыққан.
Татан мен Тама аталас жақын туыс еді. Тама өз заманында атағы Албанға тараған өте бай, дәулетті кісілердің бірі болған. Тама би жаз айларында жолаушы ең көп жүретін тоғыз жолдың торабына алты қанат ақ боз үй тігіп, бие байлап отырады екен. Қазірге дейін ел арасында «Таманың сабасында мың үйрек жүзген» деген сөз әлі айтылып келеді.
Тама байдың қолдауында Татан Жетісу өлкесінің Хантәңірі баурайында керуен жүргізіп, ат саудасымен шұғылданатын. Қасына бірнеше сенімді серіктерін ертіп, Қытайдың Іле өңіріне дейін барып, ат саудасын жасап, қайтар жолында алтын, күміс, айна-тарақ, шәугім-шәйнек, тәтті-тәмелек, жібек кездеме және алуан түрлі өндірістік құрал-жабдық алып қайтатын. Ол заманда қыр қазағы арасында «бақалшы» немесе «мәліш саудагер» деп аталатын көшпелі саудагерлер болды. Татан саудагер досы Қожағұлмен бірлесіп Қытайдан, Түркістан, Ташкент қалаларынан әкелген тұрмыстық бұйымдарды қазақтар жиі қоныстанған елді мекендердегі бақалшыларға өткізіп, ырғын пайдаға кенеліп, ауыл-аймақты тұрмыстық қажетінен шығып отырды.
Татанның ел ішіндегі беделі күннен-күнге артып, байлығы шалқып, тасының өрге домалап бара жатқанын өз көзімен көрген қалмақ ұлығы Қожағұлға астыртын адам жіберіп, мол алтын, күміс сыйлап, оны өлтіруге тапсырма береді. Қалмақ ұлығының мол мал-мүлкіне қызыққан Қожағұлдың ішіне жын кіріп, жатса-тұрса Татанды өлтіруге астыртын әрекет жасайды. «Іштен шыққан жау жаман» дегендей Қожағұл досы Татанның ішкен асына у салып өлтіреді. Жамандық жерде жатсын ба, Қожағұлдың Татанды қастандықпен өлтіруін бірте-бірте ел біле бастайды.
Әкеден ерте айрылған Қарашаш он жасқа толмай шешесі қайтыс болып, екі бауырымен қасірет арқалап қала береді. Қарашаш екі бауыры Өмірқұл мен Қарақұлды тәрбиелеп өсіріп, қатарға қосады, бірақ екі бауыры үшін өзі тұрмыс құрудан бас тартады. Арада бауыры Өмірқұлды үйлендіріп, өз алдына отау етіп бөліп шығарады. Өмірқұл көп өтпей аурудан қайтыс болып, әйелі Таңсұлу аяғы ауыр жастай жесір қалады. Қарақұл содан кейін аталас туысы атақты Тама байдың баласы Сейітқазы бидің тәрбиесінде өседі.
Қарақұл он төрт жастан асқан кезде ауылдағы бір көршісінің баласымен төбелесіп қалады. Көршісінің баласы қатты таяқ жесе керек. Таяқ жеген баланың шешесі Қарақұлға:
– Ой, қаңғыған жуәрмек, менің баламды сонша сабағанша, құнсыз кеткен әкеңнің дауын дауласаң болмай ма? – деп қатты зекіп тастайды.
Үйіне ашулы оралған Қарақұл әпкесі Қарашаштан әкесі Татанның қалай өлгенін сұрайды. Зерек те, зерделі Қарашаш бауырына бар шындықты жасырмай айтады.
Қарақұл:
– Әкемнің қару-жарақ, сауыт-сайманы мен мал-мүлкі қайда? – деп сұрайды.
– Әкемнің қару-жарақ, сауыт-саймандарын мен сақтап қойғанмын, мал-мүлкі Сарқұл әкеңде, – деп жауап береді.
Әкесі Татанды саудагер досы Қожағұлдың өлтіргенінен хабар тапқан Қарағұл ата жауынан кек алуды ойлайды, арада бірнеше күн өткеннен кейін Қарақұл Сейітқазы биге барып, әкесін өлтірген Қожағұлдан қалай кек алу туралы кеңес сұрайды. Қарақұлдың айтқанынан қайтпайтынын білген Сейітқазы би арнайы адам дайындап, Қожағұлға елші жібереді.
Қарақұл әкесінің сауыт-сайманын киіп, қару-жарағын асынып, ел ішінен жасақ жиып, соғысуға сақадай сайланады. Бұл туралы ақын, шежіреші Мазақ Сапақұлы Кәрібозов жазған «Қарақұл батыр» атты дастанында:
Әкемді неге өлтірдің, құн аламын,
Қолыма Қарақұл деп ту аламын!
Егерде сені жеңбей кете алмасам,
Қалайша жерді басып жүре аламын.
Алтын, күміс еш нәрсе керегі жоқ
Әкем үшін басыңды мен аламын! –
деген өлең шумағынан Қарақұлдың ата жауынан кек алуға әбден дайындалғанын аңғартады.
Сейітқазы бидің жіберген елшілері Қожағұлға Қарақұл батырдың сәлемін жеткізеді. Қожағұл қатты үрейленіп, ел-жұртын жыйып, ақыл-кеңес сұрайды. Сонда ауылдың көпті көрген ақылман ақсақалдарының бірі: «Қалың Албан сенен кек алмай тынбайды. Сол үшін көп құн төлеп, бір-екі қызыңды қоса беріп құтыл, өйткені қазақтарда «Судың түбін шым бекітер, даудың түбін қыз бекітер» деген аталы сөз бар, олар дәстүрден аттамайтын халық», – деп ақыл айтады.
Қожағұл ауылы Қоңырбөрік еліне келіп, кешірім сұрап, ат-шапан айыбын төлеп, келісімге келуге елші жібереді. Арада Сейітқазы бидің дәнекер болуымен саудагер Қожағұл жалғыз қызы Қалбикені және бір күтуші қызын қосып беріп, қазақтың ата заңы бойынша 100 жылқы құн төлеуге келіседі.
Бұған екі жақтың би-шешендері бірауыздан мақұл болып, мөрін басып, дау әділ шешімін табады.
Қарақұл батыр туралы аңыз бен ақиқат
Ат басына күн туса,
Ауыздықпен су ішер.
Ер басына күн туса,
Етікпенен су кешер.
Халық даналығы
Қарақұл Татанұлы ХVІІ ғасырдың соңынан ХVІІІ ғасырдың соңына дейін өмір сүрген жан әрі жоңғар шапқыншыларына қарсы күрескен қазақтың хас батырларының бірі. Қарақұл батырдың жоңғарға қарсы көкірек керіп елін, жерін қорғаған ерліктерінің көбі бізге ауызша тарих арқылы жеткен. Батырдың туған жылы туралы ел арасында әртүрлі айтылып келеді. 1999 жылы шежіреші Құдайберген Жылқыбайұлы мен Мазақ Сапақұлы құрастырған «Қарақұл батыр» атты кітапта «Қарақұл Татанұлы шамамен 1697 жылы туған» (6-бет), – десе, Қарақұл ұрпақтары «Қарақұл батыр 1692–1784 жылдары жасаған», – деп тұрақтастырған әрі Сүмбе ауылына орнатылған батыр ескерткішінің басына ұрпақтарының айтуы бойынша осылай жазылған. Қарақұл батырдың шынайы өмір сүрген жылдарын дұрыс жазу үшін соңғы дерек біршама шындыққа жақын деп қараймын.
Қазақ пен жоңғар ортасындағы соғыс бірде бәсеңдеп, бірде өршіп, сахарадағы мал шаруашылықпен шұғылданған екі елдің де берекесін қашырды.
Ал, Жоңғар хандығын билеген Қалдан Бошақ (1670-1697) келуіне байланысты қазақ даласына деген шапқыншылық қайта күшейе түсті. Цеван Рабдан билеген тұста (1697-1727) қанды жорықтар, шарықтау шегіне жетіп, 1698, 1711, 1712, 1714, 1718, 1725 жылдардың арты-артынан жеті рет ең үлкен шабуыл жасап, ешқандай дайындықсыз жатқан қазақ халқын қатты қырғынға, ауыр апатқа ұшыратып, қаралы күй кештірді, тірі қалғандары торғайдай тоз-тоз шығып, ата мекендерінен босқын болды.
Қарақұл батыр Әз-Тәуке хан (1626-1718), Әбілмәмбет хан (1690-1771), Жолбарыс хан (1690-1740), Абылай хан (1711-1781) заманында жасаған адам. Әз-Тәуке билік құрған кездерде елдің іргесін аман сақтап қалуда сыртқы саясатта өте білгірлік танытып, анталаған көп дұшпанды қазақ жеріне аттатпады. Сонымен бірге ел ішін реттеп, өз төңірегіне ұлы жүзден Төле би, орта жүзден Қазыбек би, кіші жүзден Әйтеке би, қырғыздан Көкім би, қарақалпақтан Сасық би секілді білімді, абыз адамдарды жинап, мемлекеттің келелі істерін ақылдасып шешіп отырған. Сол үшін Тәуке хан билеген кез – халық есінде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тыныш заман болып қалған. Тәуке хан өзі тіке басшылық етіп, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сияқты адамдармен келелі кеңес құрып, «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» негізге алып, «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деген атқа ие ел басқарудың ең кемелді заңдар жинағын жаздырып шыққан.
Тәуке хан Түркістан қаласын Қазақ хандығының астанасы етіп ел басқарды. Ол сыртқы жағдайды тұрақты ұстай білумен бірге елбасына күн туған жаугершілік заманда өзінің қолбасшылық дарыны мен батырлығын да таныта білді. Өйткені Тәуке хан кезінде қазақтар мен қалмақтар арасындағы соғыс толастаған емес. Аумалы-төкпелі қиын замандарда Қабанбай, Қангелді, Бөгенбай, Қарақұл, Жәнібек, Қожаберген, Өтеген, Наурызбай т.б. батырлар соғыс шебінде өзара иық тіресіп, ата жауға қарсы ерен ерлік көрсетіп, халық құрметіне бөленіп, есімдері күллі қазақ даласында аңызға айналды.
1711 жылы Жоңғар ханы Цеван Рабдан тағы бір рет қазақ даласына тұтқиыл шабуыл жасайды. «Жау жағадан, бөрі етектен алған» дәл осындай ел басына күн туған кезде Қангелді Сырымбетұлы Жетісудағы Албан, Суан, Дулат елінің басын құрап, соғысқа аттанады. Қангелді батыр басшылық еткен осы реткі соғыста Қарақұл, Найманбай, Жәнібек секілді үш батыр қарсыласқан ата жаудың талай сардарларын жер жастандырып, бетін қайтарған екен.
1718 жылы Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін үш жүздің ішкі ынтымағы ыдырай бастайды. Хан-сұлтандар арасында алауыздық басталып, өз алдына әрқайсысы хандық құрып, қазақ мемлекетінің қуаты әлсірей бастайды. Сол заманда Ташкент қаласында тұрып, ұлы жүзді Төле би басқарған екен. Кейін ұлы жүздің төбе биі Төле Әлібекұлы мен Албан Қангелді батыр Жолбарысты ақ киізге отырғызып, ұлы жүзге хан сайлапты. Жолбарыс 1720 жылдан 1740 жылға дейін ұлы жүзге хан болған. Жолбарыс хан болған кезде Төле би мен Қангелді Сырымбетұлы оның белді уәзірі болып қызмет атқарған.
Әйгілі батыр, көрнекті жырау Қожаберген Толыбайұлының (1663-1763) «Елім-ай» атты дастанында:
Төле менен Қангелді,
Бірі – батыр, бірі – би.
Жолбарысты хан сайлап,
Тіккен арнап оған үй, –
деген өлең шумағы Төле би мен Қангелді бірлесіп, Жолбарысты хандық таққа отырғызғандығының айқын дәлелі.
Қарақұл батырдың өмірінің көп бөлігі ат үстінде өткен. Қарақұл батыр туралы зер сала ізденіс жасар болсақ, «Қарақұл Татанұлы (туған, өлген жылдары белгісіз) – ұлы жүз құрамындағы Албан тайпасының қоңырбөрік руынан шыққан батыр. Туған жерін қалмақ басқыншылықтарынан азат етуге қатынасып, отанын қорғады. Батыр өзінің тапқырлығымен, шешендігімен ел басқару қабілетімен, жауынгерлігімен беделді әрі ауқатты адам болған» (Жәлел Айдарханұлы. «Албандар», Алматы, «Ан Арыс» баспасы, 2012 жыл, 609-бет) деген деректерге ие боламыз.
Қарақұл батырдың балалық шағынан ат жалын тартып, азамат болып, жорық жолындағы ерліктерін ауылдың әңгімеші ақсақалдарының аузынан жиі естиміз. «Қарақұл Шымкент өңірін отыз жыл мекен етіп, ұлт-азаттық қозғалысқа белсене қатынасқан. Қарақұл және оның ұрпақтары қатынасқан ұрыстардың ішіндегі ең қасіреттісі, әрі қайғылысы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бөген аумағында болған бір шайқас деседі. Шайқас ұзаққа созылады, жаудың күші де, әскері де басым болып шығады. Қан судай ағып, екі жақтан адам шығыны көбейеді. Екі күн өткен соң қалмақ елшілерінен «Қоршауда қалдыңдар, тізе бүгіңдер!» деген хабар жетеді. Қазақ жасақтары ақылдаса келе, «Қасықтай қанымыз қалғанша шайқасамыз», – деп, жауап қайтарады. Осылайша сұрапыл шайқас басталады. Қайта қанды қырғын болады. Қарақұл батыр Елдес, Шотан батырлармен жаудың шабуылдаған легін талқандап, ұрымтал сәтті пайдаланып, қоршауды бұзып, құтылып кетеді. Сол ұрыста Қарақұлдың он жеті ұлы ерлікпен қаза тауып, қисапсыз елі мен әскерінен айрылыпты» («Қарақұл батыр», Шонжы, 1999 жыл, 9-бет).
Тарихи деректерде айтылуынша Жоңғар хандығы ХVІІ ғасырдың соңы мен ХVІІІ ғасырдың орта шеніне дейін қазақтың жер-суын басып алу мақсатымен талай-талай жойқын шабуыл жасады. Сол шабуылдың ең айтулысы қазақ халқының мәңгі естен кетпейтін 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқа көл сұлама» аталған қайғылы, зарлы оқиғаны ерекше сөз етуге тура келеді. Бұл соғыста қазақтар қатты жеңіліс тауып, шаңырағы ортасына түсіп, торғайдай тозып, ата жұртын тастап, босқынға ұшырады. Сол тұстарда елім деп еңіреген Қабанбай, Қангелді, Бөгенбай, Барақ, Наурызбай, Райымбек, Өтеген, Аралбай, Жәнібек, Есенгелді, Қарақұл, Байсейіт қатарлы халқымыздың жаужүрек батырлары елін, жерін қорғау жолында ерен ерліктер көрсетті. Бірақ қазақтың хан-сұлтандарының алтыбақан алауыздық, берекесіздік, дәрменсіздігінен халық ауыр жеңіліске ұшырады. Атамекенінен айрылған халық «Елім-айлап», зарлы да мұңлы әнін салып, көкірегіне қайғылы шер байланды. Атамекенінен айрылып, баспанасыз қалған, сергелдең болған халық көз жасын көлдетті.
ІІ
Қазақ ұлты ерте заманнан ауызша айтылған аңыз-әңгімелерге ерекше мән беріп келе жатқан халық. Ел ішінде кең таралған ауызша тарихты халық қастерлеп, «Шежіре» деп атаған. Татар халқынан шыққан әйгілі тарихшы, шежіреші Құрбанғали Халидтің 1910 жылы Қазан қаласының «Өрнек» баспасынан шыққан «Тауарих хамса» («Шығыстың бес тарихы») атты еңбегінде «Қазақ халқы кітап көрмей, оқып, жазбай-ақ, тек ауыздан- ауызға айтылып келген естіген сөздерін ұмытпай келе жатқандарына дәлелдер көп. Сол үшін бұлардың көне хабарларына қашан да құлақ асу керек. Тарихын, нәсілін білмек болғандар олардың хикаяларына, аңыз-әңгімелеріне сүйенуі керек» («Тауарих хамса», Алматы, 1992 жыл, 304-бет), – деп өте дұрыс айтқан.
Ұлтымыз ұзақ заманғы тынышсыздық, алуан түрлі табиғи апаттың, босқындықтың салдарынан көп тарихымыздан көз жазып қалдық, шежіре, тарих біледі деген көне көздердің көбі әлдеқашан о дүниеге аттанып, білетіндерін өзімен бірге қара жер құшағына жасырып ала кетті.
Қарақұл Татанұлының ерліктері мен батырлығы жазба тарихқа түспегендіктен, оның өмір жолындағы ұлт-азаттық күрес жолындағы ерліктері халық арасында әлі де алуан түрлі аңыз-әңгіменің арқауы болып келеді. Олай болса, ел аузында аңызға айналған Қарақұл батырдың жорық жолындағы ерліктері туралы ізденіс жасап көрейік.
2004-2005 жылдары Іле Қазақ Автономиялы облыстық саяси-мәслихаттың кеңесінің тарихи материалдар комитетінде қызмет істеп жүрген кезде Көдек Маралбаевтың мұраларын жинау үшін Текес, Моңғұлкүре, Чапчал аудандарына барып, елді мекендерді араладым. «Ел іші – алтын бесік» дегендей, ауылдың дуалы ауызды ақсақалдардан тарих-шежіреге қатысты тың деректер мен Көдек ақынның баспа бетінде жарияланбаған көптеген мұраларын жинадым. Осы ретте ел ішіндегі сапарымда кезіндегі ұстазым, атақты ақын Көдектің ұлы Айтуған (1928-2007) ақсақалмен бірнеше рет әңгімелестім. Ол кісі тарих-шежіреге келгенде алдына жан салмайтын мол білімді адам еді. Ұстазым Айтуған Көдекұлымен өткізген сұқбатымда Қарақұл батыр туралы мынандай тың әңгіме айтқаны әлі есімде. Ол кісі тамағын қырнап алып, әңгіме желісін былай ағытты.
– Қазақ пен жоңғар қатты жауласқан заман. Жоңғар қонтайшысы ауық-ауық әскер жіберіп, Жетісудағы Албан елінің елді мекендерін тұйықсыз басып алып, малын барымталап, тынымдық бермеген. Қалмақ қонтайшысының тізесі қазаққа қатты батыпты. Мұндай елді қорлауға төзбеген қызылбөрік Найманбай батыр ауылдың мықты жігіттерінің басын құрап, түнделетіп жорыққа аттанған. Қалмақ қонтайшысының малын барымталап, ата жауына тынымдық бермепті. Найманбайға қатты өшіккен ұлық арнайы күзет қойып, қазақ барымташыларын аңдытыпты. Айласын асырған қалмақтар Найманбай батырды қолға түсіріпті. Найманбай батыр қолды болғаннан кейін қалмақ қонтайшысы оны түйенің терісінің ішіне салып, тігіп тастайды.
Бұл хабар бүкіл Жетісудағы елдің құлағына жетеді. Албан елінің басшыларынан Қангелді батыр, Әлмерек би қатарлы ел адамдары жұртты жыйып, Найманбай батырды жау қолынан қалай аман құтылдыру ісін ақылдасады. Ол заман жоңғар күшейіп, қазақ әлсіреп тұрған кез еді. Қарақұл батыр қалың жиналған елдің алдына шығып, Қангелді батыр мен Әлмерек биге қарап:
– Рұқсат болса, ешқандай қан төгіссіз Найманбай батырды мен құтқарайын, – дейді. Бірақ ол оны қалай құтқарудың жолын айтпайды.
Албанның би, батыр, жақсы-жайсаңдары Қарақұл батырдың бұл талабына мақұлдық береді. Қарақұл батыр сол күні түнделетіп екі шабарманын қырғыздың Ыстықкөлде тұратын Белек батырдың ауылына қарай аттандырады. Белек ауылына барған екі шабарман Қарақұлдың қалмақтардың қолынан Найманбай батырды құтқару туралы айтқан сәлемін жеткізеді.
Белек қырғыздың Бұғы руынан шыққан көкжал батырлардың бірі еді. Қарақұл батырдың сәлемін естіген Белек батыр екі шабарманмен бірге Қоңырбөрік еліне тізгін ұшымен жетеді. Қарақұл қырғыз батыры Белекті астына ат мінгізіп, үстіне жібек шапан жауып, ерекше құрмет көрсетеді. Ел жатар оңаша кезде Қарақұл Белек батырға:
– Қазақ пен қырғыз ежелден бері ауылымыз аралас, қойымыз қорласа көрші өткен туысқан халықпыз, бұрыннан құда-жегжат, ілік-шатысымыз бар, «Албан мен Бұғы бір туған енелеспіз» деген аталы сөз тектен-тек айтылмаған. Қалмақ қонтайшысымен де барыс-келісің қою, досыңа да, жауыңа да басым адамсың. Найманбай батыр екеуің төс соғыстырып, дос болып, «тірі болсақ бір төбеде, өлсек бір шұңырда боламыз» деп ант беріскен едіңдер, бір құтқарса батырды сіз құтқарады деп үміт артып отырмын, – деді төтесінен.
Белек батыр біраз ойланып:
– Айтқаның дұрыс, батырым, бұл заман «Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады» дегеннің кері болып тұр, «Өгізге туған күн бұзауға да туады» деген аталы сөз бар, бүгін қазақ батырының басын алмақшы болған қалмақ, ертең қырғыз батырының да басын алуға дайын тұр. Бір шартым бар, Қарақұл батыр, қалмақ қонтайшысына менімен бірге бармайсың, – деді үзілді-кесілді.
– Қалайша жалғыз барасыз? – деді Қарақұл батыр.
– Қонтайшы Найманбай батыр елінің адамы екеніңді әбден біледі, сен менімен бірге бармай-ақ қой, ұлық сені көріп, қаны басына шапшиды, – деді Белек.
Белек пен Қарақұл осылай келіседі. Белек батыр қасына екі атқосшысын ертіп, қалмақ қонтайшысының ақ ордасына аттанады. Белек батыр сыйға тартқан мол алтын, күмісті көрген қалмақ қонтайшысы ашуы басылып, сабасына түсіп, келген қонағын қызу қарсы алады.
Қалмақ қонтайшысы Белек батырға:
– Батыр еке, атбасын бұрып, құдай айдап ауылға өзің келіп қалдың, бұйымтайың болса, айта отыр, – дейді.
– Алдияр тақсыр, «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген сөз бар. Найманбай батыр үшін алдыңызға келіп кешіріп сұрап отырмын, оның қасықтай қанын, шыбындай жанын қия көріңіз, – деді Белек батыр ұлыққа өтініш етіп.
Сонда қалмақ ұлығы біраз үнсіздіктен кейін:
– Маған Найманбайдың ызасы әбден өтіп еді. Сол үшін оны түйенің терісінің ішіне салып, тігіп тастаған едім, сен сұрап келгеннен кейін амал жоқ, берейін. Өзі де өлуге айналған болу керек. Сен оны тірілтіп алып кет, бара сала оны түйенің тіккен терісінен шығарсаң, ол тез жан үзеді. Сен кеш батқанша теріге аздап су бүркіп, аунатып отыр, тері кеңейе-кеңейе оның қаны жүріп, есі кіреді. Аузына тақыл-тақыл сүт тамызып тұрсаң болды, ол қалпына келеді, – деді қонтайшы. Белек батыр осылай Найманбайды ауылына аман-есен алып келеді. Қарақұл батыр айлалы, ақылдылығымен араға қырғыздың батыры Белекті салып, Найманбайды ата жау қалмақтың қолынан аман құтылуына себепкер болған екен.
Атақты жыр алыбы Көдек Маралбаевтың «Бұғы мен Албан» атты толғауында:
Бұғы мен қатар жатқан Албаным-ай,
Құлаштап татыраңға салғаның-ай.
Белек батыр, Найманбай батыр өткен,
Ол заман бұл заманның ар жағында-ай.
Найманбайды құтқарған Белек еді,
Қонтайшының ілінген қармағына-ай.
Дауға, жауға бірлікте аттанатын,
Екеуі тізе қосып парланып-ай.
Жайшылықта өрісі араласып,
Өркендеп сауық-сайран салмады ма-ай.
Бұл күнде қырғын менен қуғын көріп,
Тұрғаның заман тетір айналып-ай! –
деген өлең шумақтарынан қазақ, қырғыз халқы ел басына қиын күн туғанда мұңдас-тілеулес, тағдырлас ел екенін аңғартады.
Райымбектің туын ұстаған Қарақұл
Қазақ елі алмағайып заманда, қилы-қилы тар заманда, тар жол, тайғақ кешулерді, қанға боялған қырғыншылық соғысты, ашаршылық жайлаған алапатты тарихты бастан кешірген ержүрек халық.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев ел басына түскен ауыр заманды «Райымбек. Райымбек!» атты дастанында:
«Қара таудың басынан көш келеді,
Қара жорға шайқалып бос келеді».
Қара күнді жамылып, қара қазақ,
Қара түнді басынан кешкен еді.
Қара қайғы көрсетпей ештеңені,
Қара жауы қанатын кескен еді.
Шылғау болып қыздардың кестелері,
Талай қара шаңырақ өшкен еді.
«Қара таудың басынан көш келеді!!!»
Қара жұртта бықсыған шала қалған,
Аталардан ес кеткен, бабалардан.
Талда таппай қармауға жағалаудан,
Ақыл қашқан адыра бабалардан.
Қандай қарғыс атты екен қайран елді?!
Қайда барып тығылар паналауға?! –
деп, босқын болған қайғылы елдің ауыр тағдырын тектен-тектен жырлаған жоқ.
Ел арасында қазірге дейін айтылып келе жатқан аңыз-әңгімелерде Қарақұл батырдың бас қолбасшы Райымбектің туын ұстағаны туралы көп айтылады.
Көне аңыз-әңгімелер мен шежірелерде баяндауынша, ХVІІІ ғасырдың алғашқы жартысынан кейін Райымбек батыр Албан тайпасындағы ру ақсақалдарымен ақылдасып, әрбір рудың таңба, ұрандарын белгілеп берген екен. Райымбек қолбасы ортаға қойған мәселеде Албан тайпасындағы қосынның туын кім ұстауы жөнінде көп талас-тартыс болған.
Мен арғы беттегі қасиетті Хантәңірі етегінің Өртекес сахарасының Ақдала деген ауылында дүниеге келдім. Бала күнде ел ішінде танымал шешен, шежіреші атам Сәрсенбайдан көп әңгіме естігенмін.
Біздің ауылдағы елді аузына қарататын шежіреші-жыршы Мызырап Бағыбайұлы деген кісі болған. Ол кісі 1897 жылы қазіргі Райымбек ауданында дүниеге келген. Әкесі Бағыбай би болған адам. Мызырап 1932 жылдары қолдан жасалған ашаршылық кезінде Қытай жеріне қоныс аударған. Ол кісі жас кезінде әйгілі ақын әрі молда Асан Барманбекұлынан арабша сауатын ашқан, ел ішінде танымалы қиссагер де болатын. Ол «Қобыланды батыр», «Қыз Жібек», «Нүсіпхан», «Шәкір-Шәкірт», «Әсет пен Ырысжанның айтысы» т.б. айтыс, қисса, дастандарды жатқа айтумен бірге Қангелді, Әлмерек, Райымбек, Мұсылманбай, Тазабек, Саурық, Бөден, Диқанбай, Жәмеңке, Ұзақ қатарлы би-болыс, батырлар туралы да таңды-таңға жалғап, әңгіменің майын тамыза айтатын өте сүңғыла кісі еді. Бала кезде басымызды әкемнің тізесіне қойып, Мызырап атамыздың айтқан әңгімесін көп естігенмін, кейде тыңдап жатып ұйықтап қалатынмын. Мызырап 1980 жылдары Өртекестің Ақдала ауылында қайтыс болды. Шежіреші ақсақалдың Қоңырбөрік Қарақұл батыр туралы айтқан әңгімесін қағазға түсіріп жазып алған едім. Сол естіген әңгімемді өз қалпында желісін бұзбай оқырмандарға баяндай кетейін.
Аты аңызға айналған даңқты қолбасшы Райымбек қасына Қарақұл, Қаракісі, Байсейіт, Әжібай, Малай, Түлкібай, Бекбау, Қаржау, т.б. батыр сарбаздарын ертіп, жоңғар шеріктерімен Көкпек жазығында қиян-кескі айқасқа түседі. Осы ретте сұрапыл шайқаста ерен ерлік көрсетіп, ата жаудың бірнеше батырын жайратып, жер жастандырған Қаракісі Әлмерекұлына қалмақ сарбаздарының улы жебесі тиіп, қаза табады. Атақты ту ұстаушы, кеңесші батырынан айрылған елдің сарбаздары мен жауынгерлерінің рухы төмендеп, жігері жасып, қатты қайғырады.
Дәл осындай қиын-қыстау кезде бас қолбасшы Райымбек сарбаздары мен әскерлерін жыйып, шұғыл кеңес өткізіп, қосынын реттеп, жасағын қайта жасақтайды. Кеңесте туды кім ұстау туралы көп талас-тартыс болады.
Қазақ дәстүрінде ту ұстаушы батыр елін, жерін қорғайтын, аса жауапкершілігі бар тұлғалардың ішінен таңдалатын, кез келген батырға ту ұстаушы мәртебесі берілмеген. Ту ұстаушы батырды соғыс кезіндегі ерліктері мен ақыл-айласы, адамгершілік, адалдық ерекшеліктерін көпке таныстыру арқылы ең батыр адамға ғана жүктелген. Ол заманда соғыс кезінде ту жығылса, ата жауынан жеңілген болып есептеледі. Албан қосынының батырлары мен сарбаздары бұл реткі кеңесте ту ұстаушы батыр туралы бір бекімге келе алмады.
Бұл реткі келелі кеңесте бас қолбасшы Райымбек сарбаздары мен жауынгерлерін тәртіпке шақырып:
– Елі мен жерін ата-бабасынан қорғап келген, ұзақ жыл ат үстіндегі жорықта жүріп, жоңғарлармен айқаста көп рет жеңіске жеткен, өз өмірінде отыз ұл тәрбиелеп, қатарға қосқан, оның ұлдарының он жетісі жоңғарлармен соғыста ерлікпен қаза тапқан, елім деп еңіреген қарт батыр Қарақұл Татанұлы Албан қосынының туын көтерсін, – деп айналасына көз тастады.
Бас қолбасшы Райымбектің бұл әділ шешіміне разы болған сарбаздар мен жауынгерлер Қарақұл Татанұлын Албан қосының ту ұстаушысы, кеңесші батыр етіп қоюға бірауыздан қосылыпты. Осы келелі кеңесте бас қолбасшы Райымбек Албан елінің әрбір руына ұран, таңбаларын белгілеп, өріс-қоныстарын бөліп берген екен.
Ұлтымыз тарихын зерттеуде ауызша айтылған аңыз-әңгімелердің орны аса ерекше маңызды. Сан ғасырғы халық тарихында ауызша тарих айту ұлттық дәстүрге айналып кеткенін ешкім жоққа шығармайды. Мызырап ақсақал айтқан Қарақұл батыр туралы ауызша тарихты басқа да шежіреші кісілердің аузынан көп естідім. Әңгімедегі оқиға желістері бір-бірімен сәйкес келіп, бірін-бірі толықтырып жатады.
«Қаракісі Әлмерекұлының (1690-1747) туған жерін ешкім білмейді, ал өлген жері қазіргі Бартоғай су қоймасының шығысы. Зират Бортағайдан Алматыға шығатын қара жолдың оң жақ қапталында. Қаракісі жұлдыз жорамалшысы және асқан мерген адам болыпты. Аңшылықтың арқасында бұл өлкенің жер жағдайын жетік білген. Кейіннен Қаракісі жасының ұлғаюына байланысты жоңғар соғысында білікті қолбасшылардың қасында болып, ақыл айтар ел ағасы, әрі кеңесші болған. Көбінесе Райымбек батырдың алдағы болатын жорығын жоспарлап, ұтымды айтып отырған. 1747 жыл Торайғыр мен Бұғыты тауларының ортасындағы Көкпек жазығында жоңғарлармен қатты шайқас болып, екі жақтағы сарбаздардың мәйіті екі үлкен төбеге қатар жерленіпті. Бұл жер әлі күнге дейін «Ойрантөбе» деп аталдып келеді. Көкпекті жазығындағы жан алып, жан беріскен шайқаста Қаракісіге оқ тиеді. Батыр қайтыс болып, сонда жерленген» («Албан шежіресі», 1202-1205-беттер). Осы деректе Қаракісі Әлмерекұлы Көкпектегі шайқаста қайтыс болады. «Ойрантөбе» шайқасында Қаракісі қайтыс болғаннан кейін қолбасшы Райымбектің келелі шешім жасаумен Қарақұл Татанұлы Албан қосынының ту ұстаушысы, кеңесші батыр болғаны туралы ел ішінде айтылған ауызша шежірелік аңыз-әңгімелер дәлелдейді.
Жинақтап айтқанда, Қарақұл Татанұлы ұзақ жыл ұлт-азаттық күреске қатысып, сан ретті ұрыстарда «Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» ұлан-байтақ қазақ даласын қорғау жолында қанды көйлек жолдастарымен бірге елін, жерін қорғап, елдікті сақтап қалған Алашқа аты танылған хас батырлардың бірі. Оның ел мен жерді қорғаған ерліктері ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тарих болып айтылып, халық жүрегінен мәңгі орын алған.
3099 рет
көрсетілді0
пікір