- Айтарым бар...
- 03 Қыркүйек, 2024
САРЫ ЖЕЙДЕ
Айжамал Жолдасқызы
– Алас! Алас! Бар бәледен қалас! Тілдегеннің тіліне, көздегеннің көзіне, қараңғы түнмен кетсін, аққан сумен кетсін! Бұлар ауырғанша, мен ауырайын, бұлардың табанына кірген тікен, менің маңдайыма кірсін. Уа, Жаратқан ием! Балаларымды алғанша мені ал!..
Үстінде сары жейдесі алқам-салқам болған әкем, қолындағы бір уыс тұзымен, ауырып жатқан менің бүкіл тұла бойымды айналдырып аластап жүр. Әлсіреп жатқан мен малшына терлеп, үстімдегі жамылғыны теуіп жібердім. Бұл ыстық пен тердің қысқанынан емес, әкемнің «...мені ал» деген сөздерінен шошынғандықтан еді. Әкемді сондай қатты жақсы көрдім.
Үйелмелі-сүйелмелі құдайдың берген он баласының ішіндегі сегізіншісі, әрі жеті қыздың ішіндегі әкемнің ең сүйікті қызы, алтыны – менмін. Мен «Қосапан» деген құмдағы қойлы ауылда, кәдімгі қараша киіз үйдің ішінде дүниеге келіппін. Ақпан айы болғанымен жаңбыр жауып тұрған деседі. Қойлы ауылдағы әйелдер анамды босандырып, солардың ішіндегі жібек мінезді – Жібек атты әйел менің кіндігімді кесіпті. Ол болса, аңқылдаған, ылғи жарқырап езуі жиналмай күліп жүретін, өзі ғана емес төңірегін де күлдіртіп жүретін әйел болған екен.
Бір күлсем менің де күлкіні күлкіге жалғап, тоқтамай кететін әдетім бар болатын. Шешем: «Жібектен айнымай қалуын-ай, Алла-ай!» – деп, өзі де таңғалып отырушы еді. Сол күлегештігімді ұрсып жүріп қойдырды-ау. «Осыраққа шыбын өш, күлегешке жігіт өш»десе, тосылып, қызарақтап қалатынмын. Күле беру қыз балаға жат қылық екенін, осындай сөздер осып тұрып түсіндірді ғой. Сол сөздің тура мағынасы тікелей миыма жетпесе де, күлегеш қыз-жігіттер үшін қолайлы ма, алданғыш па, әйтеуір сондай мағынада қабылдайтынмын. Бірте-бірте ол қылығым басылды.
«Мынау сені босанғанда әкеңнің маған жасаған сыйлығы болатын» – деп, шешем шоқтай қызыл гүлі бар көк матадан тігілген көрпені көрсететін. Осы матаның бес-алты метрін қойнына тығып, қуанып келіп еді, жарықтық. Ееее, өмір-ай! Жатқан жерің жайлы болсын, қайтейін...» Әкемді осылай есіне түсіріп, тостағын бір жуып алушы еді. Жылауға әлде бізден қысылып, осы көрпені сылтау қып жылайтын шығар, кім білсін? Сол матадан тіккен көрпесі мұндаға дейін болды.
Әкем тентек судан ішіп келгенде, қалтасындағы қалған ұсақ тиындарын маған ешкімге білдіртпей беретін. Басқаларға қарап ұрысып тұрғандай болатын да, маған ақырын тиындарын бір-бірлеп лақтырып қоятын. Бұл техникасын менен басқа ешкім білмейтін. Өзімізге аядай тар үйіміз кең сарайдай болып көрінуші еді.
Қыстың қысқа күндері мен ұзақ түндерінің өзі адамдарды бір жақсы нәрсеге тәрбиелейтіндей ме? Таң атпай шешем байқұс аппақ қып ақтап қоятын пештің күлін бұрқыратпай шығаратын. Ескі сүлгіні дымдап алатын да, күл шығаратын шелегінің бетіне жауып, ақырын күлді қолдан жасалған темір қалақпен алып, шелектің ішіне жайлап аударатын. Күлдің дауысы да, өзі секілді жұмсақ. Гүмп етіп, беті жабулы шелектің ішіне жеткенше асығатындай еді. Әкемнің білегіне қысып әкеліп берген отынын, күлгін күлден тазаланған ақ ошағының ішіне қаттап қойып, қайыңның жұқа қабықтарын отынның астына салып тұтандыратын. Ол жалындап біраз жанғанда, пештің көздерін жіңішке шұқығышымен ашып, қисық шелектегі көмірін аудара қоюшы еді. Дереу пештің домалақ көздерін жауып, үш көзін ғана ашық қалдырып, үстіне дәу шәйнектің бірін қоя салатын. Күлдің астында қалған шоқ бар болса, тіптен жақсы, үстіне қаттап қойған отынның өзі лаулап кететін. Тамызық керек емес. Отынның иісі шықса болды, үйдің іші басқаша жайнап кететіндей еді. Шешемнің шапшаң қимылы өте әсем болатын. Оттың шыртылдап жануы, үстіндегі сары, ақ шәугімдердің пысылдап дауыс шығарып барып, сақырлап қайнауы, сақырлағаннан тасығанда пештің беті быж-быж етіп, ұрысқақ әйелдей бажылдап кетуші еді. Астында жанып жатқан от та жалаңдап, қып-қызыл шоққа айналып, бір пәсте шәугімдердің бәрі қайнап, кешке сауылған ақ сиырдың сүті де көпіріп пісіп, сүт пен ыстың әдемі иісі үйдің ішін мол берекемен бейнелеп қоятындай.
Осылай үйдің ішіне жылу таратып, әкем мен шешемнің шай ішіп отырғандарының өзі сондай әдемі көрініс еді. Әкем жастықты шынтағына қойып жантая жатып, шешемнің құйған қою күрең шайын рақаттанып ішетін. Жылқының іш майына жасалған жентті таңлайына салып, қолындағы кесесін түбінен ұстап, шайқап-шайқап шайын асықпай ұрттайтын. Үйдегі болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістер дәл осы кезде айтылып, талқыланатын.
– Жолдас, ақша бітті, нанды немен аламыз? – деп қысыла-қысыла жоғын баяу даусымен сұрайтын шешем. Әкем амалы жоқтай үнсіз ойланып қалатын. Неге екені белгісіз, ол кезде нанды дүкеннен сатып алушы едік қой, ұн жоқ па, соны әлі түсінбеймін. Айлық уақтылы берілгенімен, айлық айлыққа тек бізде ғана емес, бәрінде жетпей қалатын. Қорада қой-ешкі, сиыр малы, жұмыртқа туып беретін тауықтар да бар. Тамақтан таршылық жоқ. Бірақ, сол нан жағы қиындау болатын. Екеуі осылай жоқтарын түгендеп, уайымға салынып отырғанда, бұлардың бағанадағы айтылған әңгімелерінің бәрін естіп жатқан мен, өзімше төсегімнен тұрамын да, шашым жалбырап, жалп етіп шығып, жинап жүрген тиындарымды түйіншегіммен бірге алдарына тастаймын ғой.
– Бұл қайдан шықты? Қызым, қайдан алдың? – деп, шешем байқұс әкем екеуі таңданыстарын жасырмайтын. Дәл сол кез олардың не ойлағандарын білмеймін, әйтсе де, жүздерінен ризашылықтың табы сезіліп, жүздері сондай күлімдеп қалды.
– Әке, өзіңіздің маған беретін тиындарыңыз ғой, мен ештеңе алмай жинайтынмын, – деймін танауым делдиіп.
– Ой, айналайын қызынан! Өзі кіп-кішкентай бола тұра сондай сезімтал, – деп менің мақтауымды аспанға бірақ асырып тастайтын. Сенсеңіз, сол тиын біраз күнге нан сатып алуға жарайтын. Мен табан астында осындай ерлік жасап тастайтынмын. Әрине, бұны ерлік деп айта қоюға болмас, бірақ мендей жасы сегіздегі қыздарының бұл тірлігін әкем мен шешем ерлікке балап, мәз боп қуанысып қалатын. Мен де іштей оларды қуантқаныма сондай риза болып, шаттанатынмын.
Кезінде бухгалтерлік оқуды бітірген әкем, белгілі себептермен бертін келе колхоздың қойын бағатын шопан боп шыға келген еді, бұл бөлек әңгіме. Шешем болса қант қызылшасын егетін, сол жақта ауыл әйелдерімен бірге істейтін. Азаңғысын бидай төгетін колхоздың қоймасы бар, сол жерге жиналады. Пұшық автобус бәрін сыйдырып, ауыл шетіндегі қызылша алқабына алатын да кететін. Кешке, бәрі үсті-бастары шаң-шаң, қолдары да кірлеп, күні бойы тынбай бейнеттенгендеріне қарамастан, тойдан қайтқандай әндетіп қайтушы еді, еш шаршауды білмейтін, қайран аналар-ай!
Әкем төсек тартып жатып қалғалы алтыншы айға кетіп барады. Өзін қараған дәрігер Ұлтарақов «қарашаның алтысы күні алып келіңдер» деген болатын. Сүйтсек, ол дәрігер әкемнің қай күні қайтыс болатынын нақты білген екен ғой. Тура қарашаның алтысы күні ертеңгі сағат он бірлер шамасында біздер әкемізден айырылып қалдық. Артында аңырап қырықтың төртеуіне енді шыққан шешем және оң-солымызды тани қоймаған біздер қалдық. Әкемнің қазасы, әсіресе, маған өте ауыр тиді. Өйткені мен сол он бір жасыма дейін әкемнің қасында жататынмын. Сүйекшілер әкемнің денесін көтеріп кеткенде дүйім елді сай сүйегін сырқыратып жылатқаным есімде. Жоқ, жоқтау айтып емес, «енді маған кім әке болады?» деп... Сонда мені үлкендер жұбатқан еді «саған осы отырған жұрттың бәрі – әке болады» деп. Бірақ үлкендер де алдайды екен. Әкелік мейірімді іздегенде, әкемді аңсағанда, есебімді шығара алмай қиналғанда, шешем оңашада жылағанда, қатарларым әкесімен мақтанғанда, сақалының түктері бетіме батып мені ешкім сүймегенде, беторамалын жууға бермегенде, жатарда бәрімізді аластамағанда, үйден оның дауысы шықпағанда, көрші орыс әйелге «Дося-ау, с праздником» демегенде, азанда жұмысқа кетіп, кешке болдырып жұмыстан келмегенде...мен әкемді қатты іздейтінмін, сонда ешбір үлкен ер адам менің басымнан сыйпаған емес еді. Мен үлкендердің осылай өтірік айтатынын бала кезден түсінген едім.
Бірде әкем менің түсіме кірді. Қыс мезгілі болатын. Үстінде сол сары жейдесі, аяғы жалаң аяқ, шұлығын екі қолына киіп алыпты. Өзі жататын пеш жағатын, шай ішетін аядай бөлменің терезесіне шынтақтап қисая сүйеніп, бізге қарап үнсіз тұр екен. Жақындағым келеді, бар күшімді салам, бірақ басқа бір күштің әсерінен жақындай алмаймын. Сүйтіп жатып оянып кеттім. Таң атқан екен. Шешеме аңырап көрген түсімді баяндап, жылап жатырмын. «Әкем жаурап жатыр екен. Жаурағандықтан шұлығын шешіп, аяғына киіп алған ғой» деп, егілемін. «Анашым, ол шынымен жаурап жатыр ма?» – деп, шешем байқұстың есін шығардым. Шешем сасқанынан мені бауырына қысып, тұтас бетімді жуған жасымды сүртіп, жұбата алмай әлек: «Жаурамайды, үйден шыққанда көрдің ғой, бетіне киіз жауып алып шыққанын, сол киізі бар» – дейді мені қалай тоқтатарын білмей.
«А-а, сол киіз әкемде ме?» – деп кәдімгідей иланып қалатынмын. Оным «сол ақ киіз болса жаурамайды, соған бірдеңе қып оранады ғой», деген ойым болса керек.
Өлім емес, өмірдің өзінен бейхабар басым сол кезде өлген адамдар жай ғана жер астына түсіп, содан сол жақтан шықпай өмір сүреді, солай болуы тиіс деп ойлайды екенмін. Әлде, өлген адамның жаны ұшып кететінін, жер астына түскенде сол жаны қайта тәніне кіреді дегенді естіп алғанмын ба, есімде жоқ. Бертін келе, сана мен есім толыса бастағанда, өңімдей болған сол бір көрген түсім ойыма жиі оралып мазалайтын. Тірісінде де киіп жүретін сары жейдесімен түсіме де кіргені – сары уайымның түсі екенін, қолындағы киіп алған шұлығы – қолым қысқа, сендерге ештеңе қалдыра алмадым деп, аяғының жалаң аяқ болуы – артымда ізімді басар ұрпағым қалар ма екен, деп қабырғасы қайысқаны екен ғой, – деп, басымдағы тауықтың миындай миыммен ойлап, жылап алатынмын. «Әруақтар жақындары қиналғанда қасында желеп-жебеп жүреді» дегенді де көп еститінмін, бізге олар көрінбейді, бірақ. Тек, түсімізге аян болып кірмесе...
Содан бері қаншама жылдар өтіп кетті. Ал менің есімде, балалықтың елінен қалған санамда мәңгі өшпейтін – сары жейдесі алқам-салқам әкемнің бейнесі әлі жаңғырып тұр. Бұдан кейін әкем менің түсіме мүлде кірген емес. Әкемнен маған қалғаны осы түс. Мен сондықтан да шығар, сары түсті жақсы көретінім.
Осы саналы уақытыма дейін түсінгенім: адамның аузынан қандай сөз шығады, соны иығында отырған періштелері «әумин» деп, расымен де жазып қояды екен. Оған дәлел, осы әңгімем. Әкем, бізді қолындағы бір уыс тұзымен аластап жүріп, құдайына бар дұғасын жасап қойған екен. Ал екі періште оның сөзін құдайға жеткізген ғой.
Алас! Алас! Бар бәледен қалас!..
2094 рет
көрсетілді0
пікір